ДИНАМОЛЫҚТАР ДҮБІРЛІ ДОДАҒА ДАЙЫН
ДИНАМОЛЫҚТАР ДҮБІРЛІ ДОДАҒА ДАЙЫН
Санаулы күндерден кейiн Лондонда жалауы көтерiлетiн ХХХ Олимпиадалық ойындарға күллi әлем жұртшылығының назары ауатыны белгiлi. Қазiргi күнi оған қатысу жолдамасы сарапқа салынып бiттi және онда өнер көрсететiн спортшылардың да есiмдерi белгiлi болды. Төрт жылда бiр рет әлемнiң ең мықты спортшыларының басын қосатын бұл дүбiрлi додаға елiмiзден 115 спортшы аттанғалы отыр және олардың 63-i динамолықтар.
Жалпы, динамолық спортшылар алға қойған мақсатты орындап, алпыстан аса жолдаманы ұтып алды және спорттың 15 түрінен сынға түсетін болады. 2008 жылы Бейжіңде өткен ХХІХ Олимпиада ойындарына да 63 динамолық қатысып, нәтижесінде 11 спортшы жеңіспен оралған еді.
«Динамо» дене шынықтыру спорт қоғамының спорт басқармасы бөлімінің басшысы Николай Князев биылғы спортшылардың әлеуеті өзге жарыстарға қатысушыларға қарағанда анағұрлым жоғары екендігін айтады.
« – Бұл спорт ойындары болғандықтан оған алдын ала болжам жасап, анау алтын алады, мынау күміс алқа иеленеді деп айту қиын. Спорттық ойындар әрқашанда тартысты өтетіндіктен түрлі жағдайлар орын алуы мүмкін. Яғни спортшылар аяқ астынан жарақат алып қалу қаупі де бар. Сондықтан кімнің оза шабатындығын спорт алаңы көрсетеді», – дейді Н. Князев.
Сондай-ақ биылғы Олимпиадалық ойындардың ашылу рәсімінде еліміздің байрағын көтеріп шығатын Нұрмахан Тінәлиевтің динамолық спортшы екендігін мақтанышпен айта аламыз. Сонымен қатар Лондонда еліміздің намысын қорғайтын Алмат Кебісбаев, Дархан Баяхметов, Гузель Манюрова, Жұлдыз Ешімова – Туртбаева (күрестен), Илья Ильин, Зульфия Чиншанло, Майя Манеза, Светлана Подобедова (ауыр атлетика), Иван Дычко, Әділбек Ниязымбетов, Данияр Елеусінов, Марина Вольнова (бокс), Максим Раков, Сергей Лим, Ислам Бозбаев (дзюдо) сынды саңлақтарымыз динамолық спортшылар.
Динамолық спортшылар ешбір сайыстан құралақан қайтып жүрген жоқ, керісінше ел мерейін асқақтатып, биік тұғырлардан көріне білуде. Олай болса, спортшыларымыз осы жолғы Олимпиадалық ойындарда да жақсы өнер көрсетіп, үлкен жетістікке қол жеткізеді деген үміттеміз.
Әділет МҰСАХАЕВ,
«Динамо» ДШСҚ
баспасөз қызметінің жетекшісі