ЖАСТАР ҚӘМ ДІН
ЖАСТАР ҚӘМ ДІН
Жастардың санасын қалыптастыруда және дұрыс тәлім-тәрбие беруде, әсіресе, діннің алатын орны бөлек. Өйткені әркім бозбала шағында шын мен жалған, өлім және өмір, бақи мен фәни, сондай-ақ, «жан ажалсыз ба?», «бір Құдіретті Жаратушы бар ма, әлде бұл дүние өздігінен пайда болған ба?» деген мәңгі сұрақтардың жауабын іздеген толғанысты кезеңді өткереді. Бір сөзбен айтқанда, жас буынның тәрбиесі әрқашанда әлемдік ірі проблеманың бірі болып келді және бола да бермек.
Қазақстан сияқты көпдінді елде радикалдық діни көзқарастар мен экстремистік ағымдардың таралуына жол бермеу аса маңызды мәселе. Бүгінгі ІТ-технология қарыштап дамыған ақпараттық заманда студенттер мен оқушы жастардың дін атын жамылған топтардың торына түсуі оңай. Оның алдын алу қамында мемлекетіміз біраз шараларды қабылдап үлгерді. Соның бірі – 2011 жылдың 15 қазанында қабылданған Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңының 7-бабы болып табылады. Онда діни жораларды атқаруға «білім беру ұйымдарының аумағында және ғимараттарында жол берілмейді» делінген.
Осы бапқа сәйкес еліміздің оқу орындарында намазханалар жабылғаны рас. Мемлекеттің бұл шараға баруы оңайға түскен жоқ, оның әлденеше аспектісі бар.
Біріншісі, жастар өздерін толғандырған, мәселен, иман, тағат, Хақтың жолын тану сияқты теологиялық сұрақтарға мешіттер тарапынан толымды жауапты ала алмай жатады. Өйткені бір жағынан, дәстүрлі дін (ислам, православие) өкілдері көбіне өздерінің ұстанымдары және канондары негізінде ғұрпылық тұрғыдан ұғындырумен шектеледі. Екінші жағынан, діни-рухани білім беру – бүкіл оқу-ағарту мекемелері мен зиялы қауымның жұмыла кірісуін күткен мемлекеттік іс. Сонымен, жастарымыздың діни сауаттылық деңгейі бүгінгі күнгі білімді талап ету, ілімді кез келген бұлақтан алу талабына сәйкес деуге қиын. Ал өзіне керектіге, шын ақиқатқа көз жеткізе алмай сенделген жастар қашанда теріс жолға түсуге бейім тұрады. Дәстүрлі емес жат ағымдардың жетекшілері, әрине, мұндай кемшінді қапысыз пайдаға асыруда. Олар киелі кітаптың беделіне сүйене отырып, бірақ ондағы астарлы сырды өздерінің мақсатына сәйкес бұрмалап жеткізеді. Сөйтіп, жер-жаһанды жайлаған рухани қуаңдық пен жалған ілімдер отанымыз Қазақстанды да айналып өткен жоқ. Діни сауаттылық таяз, шынайы ілім ортайған ахуалда төзімділік пен сүйіспеншілік сезімді қатігездік пен қиянаттың ығыстыра бастағаны бой көрсете бастады. Мемлекет, әрине, оған жол бере алмайды, Заң күшіне сүйенуге тура келеді.
Екіншісі, кез келген зайырлы мемлекет діни тәрбиенің ұлттық, отбасылық тәрбиеге кіріге өрілуіне және оның жалпыадамзаттық құндылықтарға үйлес келуіне мүдделі. Өйткені дәстүрлі қоғам үшін құндылықтың қай қайсы да маңызды. Соңғы жылдары әлем елдерін ислам ішіндегі ағымдар, атап айтқанда, салафистік топтар алаңдата бастады. Неге? Себебі, салафизм идеялары ешбір құндылықтармен санаспайды, салафизм өкілдері діни мәдениетті этномәдениеттен жоғары санап, тіпті оларды өзара соғыстырып қояды. Мәселен, қазақтың салт-дәстүр, әдет-ғұрпының көпшілігін «ширк» деп түсіндіріп, асыра сілтеу орын алуда. Шындығында әр елдің халықтық әдет-ғұрыптары болатыны анық, Ислам оларды тыймайды. Қазақ халқының ұлттық әдеп-ғұрыптарының арасында үлкенді сыйлау, шыншылдық пен әділет сияқты құндылықтарға негізделмегені жоқтың қасы, демек, исламға сәйкес. «Нұр Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университетінің ректоры, араб ғалымы профессор Махмұд Фахми Хиджази осылай деп мәлімдейді.
Сонымен әлемдік діндердің түпкі мақсаты – адамға рухани білім беру арқылы оның ішкі әлемін байыту, Хақтың жолын таныту. Сондықтан діннің рухын қатаң догмаға тықпалаудың немесе сыртқы формамен шектеудің қай түрі де жақсылыққа апармайды. Зайырлы мемлекет жастардың діни сенімі тағатты ғана емес, бір Құдірет бар деген иман ұғымын тірек еткенін қалайды.
Діннің рухани және ғұрпылық жақтары дегеніміз не? Осыған келейік.
Қазақ даласында әлемдік мәселенің толымды жауабын берген адам – данышпан хакім Абай Құнанбайұлы екені хақ. Ол діннің рухани (иман) және ғұрпылық жақтары (тағат) бар деп біліп, оларды айыруды халыққа жеткізуге, үйретуге күш салды.
Ғұлама өзінің әйгілі «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» өлеңінде үш сүю (Алланы, адамзатты және әділетті) туралы айта келіп:
Осы үш сүю болады имани гүл,
Иманның асылы үш деп сен тәхқиқ біл.
Ойлан-дағы, үшеуін таратып бақ,
Басты байла жолына, малың түгіл, –
дейді. Көріп отырмыз, бұл арада жаңашыл Абай иманның үш асылы деп жаңағы үш сүюді айтқан. Сонымен, шын иман – үш сүю. Оған ғұрпылық төрт шартты (ораза, намаз, зекет, қажылық) қосатын болсақ, Абай іліміндегі иманшарт саны – жетеу. Жастарға «Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс (аталған жетеуін де)» деп кеңес береді данышпан. Өйткені:
Бастапқы үшін бекітпей, соңғы төртті,
Қылғанменен татымды бермес жеміс.
Сөйтіп, адам болу шарты Абайша «бастапқы үшті бекітуге», яғни терең рухани білім алуға, мінезді түзеуге тірелмек. Ол үшін керегі – пайда ойламай ар ойлау, «дүниеде түпкі мақсатың өз пайдаң болмай» көпке, еліңе «шапағат, жақсылық тигізбек мақсатың болуы». «Құдай жолы» деген ұғым Абайша міне, осы.
Абай, Шәкәрім ілімінен анығы – адам баласының көкірек көзін ашуға, әсіресе, жастардың санасын өсіруге керегі – үш қасиет (ғылым, мейірім және әділет). Ғибадаттың ең үлкені – ар-ождан тазалығы, мейірімділік, әділеттілік. Құдайға шын көңілмен ғибадат қылған адам дабырасыз, құпия қылады.
Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігі
«Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау
орталығының» жетекші ғылыми қызметкері