ҰЛТТЫ ҰЙЫСТЫРА АЛДЫҚ ПА?
ҰЛТТЫ ҰЙЫСТЫРА АЛДЫҚ ПА?
Қазақта «халқым қандай десең, салтымнан сұрап бiл» деген орынды ой бар. Бұл тегiн айтылған сөз емес. Қарап отырсақ, қазақ қазақ атанғалы берi сан ғасырлар қатпарлы тарихтың қойнауында бүгiлiп, бүгiнгi ұрпақ парақтар тәлiмi мол шежiреге айналған екен. Жалпы ұғымымда, әрбiр халық өзiнiң салт-санасымен, дәстүрiмен, рухани құндылығымен мың жасайды. Дәстүр, салтқа деген сый-құрмет сақталса ғана, халықтың ара-жiгi ажырамайды, көзқарасы қожырамайды. Ең бастысы, бүгiнде жаһанды жалмап отырған «жаһандану» атты ұғымға салмақты, салиқалы түрде қарсы тұра бiледi. Бiз – «мың өлiп, мың тiрiлген халықпыз».
Бірақ қазақтың саны кемігенмен, ой-рухы тозған жоқ. Белгілі бір дәрежеде өз салт-дәстүрімізді берік ұстанып келеміз. Иә, дәстүршілікті сақтауда кездесетін кедергілер жоқ емес. Меніңше, оны озған заманнан да, жаңарған заңнан да көруге болмайды. Барлығы адамның жеке басына, тәлім-тәрбиесіне, сана-сезіміне байланысты. Мысалға біз әлі күнге өзімізге тиесілі ұлттық құндылықтарымызды меншіктей алмай отырған жайымыз бар. Айталық, «Наурыз көже» неге біздің ұлттық брендіміз болмасқа?! Қарап отырсақ, бұл ұлт пен ұлысты ұйыстыратын тағам түрі ғой. Наурыз көже ғана емес, басқа да ұлттық құндылықтарымызды ұлықтай білуіміз, қадіріне жете білуіміз керек деп есептеймін.
Жалпы кез келген халықтың тілі, ділі, рухы оның арғы тарихынан терең тамыр тартады. Санаға серпіліс туғызатын, қоғамдық ой-пікірге қозғау салатын да, сайып келгенде тағылымды тарих. Алаш жүріп өткен тарих ақтаңдаққа толы. Біз дәл қазір қазақтың тарихын өз ішімізде ғана танытпай, әлемге де жария етуіміз керек. Өзіміздің толайым тарихымыз арқылы халқымыздың толағайлығын, сұлу табиғатымызды, ата-бабадан қалған аста төк қазына байлықты, әлемдік маңызды тарихи ескерткіштерді, басқа құндылықтарды адамзат баласына кеңінен паш етуіміз қажет. Бұл бір жағынан жарнамаға жатады. Бірақ азғын жол емес, қайта адал жол. Мәселен басқаны былай қойғанда, өзіміздің мұсылман бауырларымыздың Сауд Арабиясындағы Мекке қаласына жылына миллиондаған адам барады. Израильдегі Иерусалим қаласы да көпшілік Құдайға құлшылық етіп, табынатын қасиетті мекендердің бірі. Қойнауында талай сыр бүгіп жатқан, қасиет пен құдыреті бар мекендер – Арыстан баб кесенесі, Яссауи кесенесі, Маңғыстау қойнауындағы 362 әулиенің жатқан жері және тағы басқалары бізде де жетіп артылады. Соларды жалпы түркі жұртының пір тұтар орталығына неліктен айналдырмасқа?
Жасыратыны жоқ, отаршыл саясаттың кесірінен қазақтың қоғамдық-саяси, әлеуметтік-тұрмыстық өмірінде кереғар жағдайлар болды. Біз, белгілі бір дәрежеде, оның ішінде мәдени тұрғыдан дамуға келгенде едәуір кешігіңкіреп қалдық. Тіршілік тұрмысымызда болған өзгерістер, тіпті кәрі тарихымыздан көз жазып қалуға дейін әкелді. Шүкір, қазір ешкімге тәуменді емеспіз. Ықпалдан да, жаутаңдап қараудан да құтылдық. Сондықтан тарихи бастауларымызды жаңғыртуда одан сайын жоғары серпінмен қолға алып, ұлттық құндылықтарымызды қастерлей білуге тиіспіз.
Советтік шекпеннен шыға алмай отырғанымыз жасырын емес. Арамызда сол бір келмеске кеткен дәуірді аңсайтындар да аяқ аттаған сайын кездеседі. Шыны керек, біздің қоғамға бір сілкініс қажет тәрізді. Бұл сілкіністің өзі «урашылдықпен» емес, ақылмен жүргізілуі керек деп ойлаймын. Ұлттық құндылықтарды ұлықтауды ұрпақ тәрбиесімен бірге жүргізген жөн. Егер бүгінгі жас ұрпақтың бойына жаңаша тәрбие сіңдіріп, қазақилыққа негізделген отансүйгіштікті өрістетсек, ұлттық құндылықтарымызды дәріптей білуге үйретсек, олар ешқашан ешкімге тәуменді болмайды. Шынын айтсақ, қазіргі кейбір шенеуніктердей дүниенің құлына айналып, құлқынын толтыру қамына кіріспес те еді. Көпшілік те куә, қазіргі шенеуніктеріміздің біразы шала қазақ. Мұндайлар ана тіліне, салт-дәстүрге биліктен қарайды және оларға мұндай ұғым керек те емес.
Біз ұлт ретінде әлі ұйыса алмай жатырмыз. Жүзге, руға бөлінгеніміз былай тұрсын, қазіргі күні тіл мен дінге келгенде көзқарасымыз қайшылыққа түсіп, шақшадай басымыз шарадай болып отырған жайымыз бар. Мұның ең басты бір себебі, шынайы құндылықтарымызды анықтай алмай жатқанымызда секілді. Негізі ұлт пен мемлекет деген егіз мәселе ғой. Біз осы екі ұғымды қабыстыра алмай отырған сияқтымыз. Ал ұлт болып ұйысу үшін сөзсіз ортақ идеология керек. Бұл идеология байсалды, бірлескен, тындырымды әрекеттер жасағаны жөн. Ол қандай? Біріншіден, ұлтты тұтастыру үшін айыртілді мемлекетті тек қазақ тілінде сөйлейтін елге айналдырсақ, бұл біздің ең басты жеңісіміз болар еді. Оған қалай қол жеткіземіз? Бұл тұрғыда қазақ тіліндегі БАҚ – радио, теледидар, газет-журналдар қазақ халқының мәдениеті, дәстүр-салты, әдет-ғұрпы, адами қасиеттері туралы әрқалай мәліметтерді көптің құлағына үнемі құя беруі маңызды. Екіншіден, қазіргі қоғамда «қазақ мемлекет құраушы ұлт ретінде өзінің жауапкершілігін әлі де болса сезіне алмай отыр», не болмаса «қазақты өзге ұлттар мойындағысы келмейді» дегендей біржақты пікірлер бар. Мен мұнымен келіспес едім. Жалпы, мойындату мен күштеуді айыра білуіміз керек. Қазақ мемлекет құраушы ұлт ретінде елімізде тіршілік етіп отырған жүздеген ұлыс өкілдерінің татулығын сақтап, ортақ мақсатқа ұйыстыра білсе ғана мемлекеттің қабырғасы қатаяды.
Мемлекетіміз әлі жас, буыны бекігенмен үлкен өмірге енді-енді аяқ басты. Содан да шығар, біздің қоғамда әлі де болса түйіні тарқатылмаған мәселелер көп. Бірақ «көш жүре түзеледі» емес пе?! Меніңше, біз ең алдымен осы 20 жыл қазақтың болмысына қаншалықты әсер етті деп ой түйгеніміз дұрыс сияқты. Қарап отырсақ, біз тар жол, тайғақ кешуден өткен екенбіз. Ал алдағы уақытта бүгінгіден де жоғары жетістікке жету үшін айтқандай қазақтың мемлекет құраушы ұлт ретінде толағай тұлғасын қалыптастыра білгеніміз жөн. Яғни қазаққа қарап біздің жерімізді мекен етіп отырған ондаған ұлт өкілдері ой түзеуге, бой түзеуге тиіс.