ЖАЛПАҚШЕШЕЙЛІК ПЕ, ЖАУАПСЫЗДЫҚ ПА?

ЖАЛПАҚШЕШЕЙЛІК ПЕ, ЖАУАПСЫЗДЫҚ ПА?

ЖАЛПАҚШЕШЕЙЛІК ПЕ, ЖАУАПСЫЗДЫҚ ПА?
ашық дереккөзі
478

Таяуда «Қазақстан тарихы» атты кітап қолыма түсті. Авторы – Есенғазы Қуандық.Кітаптың соңғы мұқабасында суреті, өмір­баяны беріліпті. Тарих ғылымының докторы, профессор.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен шығарыл­ған жоғары оқу орындарында несие жүйесі бағдарламасымен оқитын студенттерге арналған оқулық екен. Алғашқы бетінде осылай көрсетілген. Мұнан кейінгі 2-беттегі «Пікір жазғандар» – Н.Мұқаметханұлы – тарих ғылымының докторы, профессор; С.Өзбекұлы – ҚР Заң ғылымдары академиясының президенті және академигі, заң ғылымдарының докторы, профессор, Абай сыйлығының лауреаттары екен. Бұны арнайы көрсетіп отырғанымыз, кітап авторына жол-жоба көрсететін солар ғой… Енді солардың есімдерінің астына, яғни аннотацияда тағы да мынадай анықтама берілген: «Оқу құралы жоғары оқу орын­дарының студенттеріне, магис­трант­та­рына, тарихшы-оқытушыларға және жоғары оқу орындарына түсуші талапкер­лерге арналған». Енді осындай аса жауапты, 490 бетке жуық тарих кітабына пікір жазушылар қара әріппен терілген «Жоғары оқу орындарында несие жүйесі бағдарламасымен оқитын студенттерге арналған оқулық» па, әлде «Жоғары оқу орындарының студенттеріне, магистранттарға, тарихшы-оқытушыларға және жоғары оқу орындарына түсуші талапкерлерге арналған оқу құралы ма?» – деген сұраққа не дер екен? Бәлкім, Е.С.Қуандық мырза оқулық пен оқу құралының айырмашылығын онша білмейтін болар, ал сіздер қалайша бұндай кітапқа жылы да жұмсақ пікір жазғандарыңызды «Түркістан» газетінің ойлы оқырмандарына уақыт тауып, түсіндіріп беретін боларсыздар деп үміттенемін. Себебі «оқулық» – ұлт кітабы – белгілі бір бағдарлама бойынша міндетті болады да, «оқу құралы» тек өз еркіңмен пайдалануға ұсынылады емес пе?! Кітап, жалпы 9 лекциялық үлгідегі тақырыптан тұрады. Бірақ неге екені белгісіз, біреуі қысқа қайырылады, есесіне енді бірі ащы шектей шұбатылады. Мәселен «ХХ ғасырдың басындағы Қазақ елі» – 50 бет. «Бірінші дүниежүзілік соғыс жылдары мен ақпан буржуазиялық-демократиялық революциясы кезеңіндегі және одан кейінгі Қазақ елі» – 15 бет. ІІ-бөлім. Қазақстан КСРО құрамында.Тоталитарлық жүйенің қалыптасуы – 20 бет, «20-жылдардың 2-ші жартысы мен 30-жылдардағы Қазақстан» – 83 беттен 277 бетке дейін созылады. (Жалпы көлемі 194 бет). «Қазақстан Ұлы Отан соғысы және соғыстан кейінгі бейбіт өмірге көшу жылдарында (1941-1950 жж.) – 21 бет, ІІІ бөлім. Қазақстан әміршіл-әкімшіл жүйенің күшейген кезеңінде – 36 бет, «Кемелденген социализм» қағидасының тұйыққа тірелуі.Қазақстан әміршіл-әкімшіл жүйенің күйреу кезеңінде» (небәрі 11 бет), «Қазақстан қайта құру мен демократия жолында (1985-1991) (16 бет), – V бөлім. «Қазақстан – тәуелсіз мемлекет» (34 бет). Бұл жердегі пікір жазғандардан сұралатын әңгіме мынада, (лекцияның 4-тақырыбы) «20-сыншы жылдардың 2-жартысы мен 30-жылдардағы Қазақстан» бөліміне кітаптың тең жартысы – 231 беттей неге арналған?! Әлде «Қазақстан тарихының» ең шешуші сәті осы ма?! Біздің тарихымыздың ең жарқын беттері «Қазақстан – тәуелсіз мемлекет» деп аталатын 9-тақырыпқа бар болғаны 34 бет арналыпты. Бұның құпиясы неде? «20-жылдардың екінші жартысы мен 30-жылдардағы Қазақстан» тақырыбына 231 бет жазылған­да, Тәуелсіздіктің 18 жылына айтар тұшымды пікір болмағаны ма?! Жарайды, «Қазақстан тарихын»­ тү­ген­деуші тарих ғылымының докторы, профессор Қуандық Есенғазы Сләмғазыұлы, бәлкім бұны байқамаған болар, ал кітапқа пікір жазғандар, ауырлау айтқанда «ай қарап» отырған ба? Бұл жерде айтарымыз, «Қазақстан тарихы» деген тақырып, ұғым елдің тұтас тарихы емес пе еді?! Мысалы, Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың: «…Мемлекеттің тізеге салған зорлықшыл саясаты халықтың ашу-ызаға толы қарсылығын туғызбай қоймады. Жұртшылықтың арасында режимге қарсы бой көрсетуден тайынбайтындар көбейе түсті. 1929-1931 жылдарда шаруалардың 380 рет бұрқ ете қалған бүлігі мен көтерлісіне 80 мыңға жуық адам қатысты. Солардың ең ірілері: СОЗАҚ, ЫРҒЫЗ, АҚСУ, АБРАЛЫ, АДАЙ, ҚАРАҚҰМ және басқалар еді. Бәрі де Қызыл Армияның қарулы әскерінің күшімен аяусыз басып жаншылды…» («Қазақстан тәуелсіздігі: Тарих тағылымы және қазіргі заман». «Егемен Қазақстан»,1996 жыл, 17 желтоқсан. Тәуелсіздіктің 5 жылдығына арналған салтанатты жиында жасаған баяндамасынан) – дейтін ресми сөзі неге тарих кітабын жазғанда қаперге алынбаған? Бұл ұлы оқиғалар дәл осы «Қазақстан тарихы» кітабы қозғаған уақыт кезеңінде болып өтті емес пе?! «1986 жылғы Желтоқсан көтерлісі» деген тақырыппен мәселе қозғалғанда, Елбасымыз қадап тұрып айтқан 380 көтерлістің бір де бірінің түсі түстелмей, ұмыт қалуын не деп түсінеміз?! Қарапайым халықтың басын күрделі сұрақтармен ауыртпай-ақ қояйық, әлгі пікір жазған, шынымен-ақ өздері қол қойып, «сәт сапар» тілеген кітапта «Осы жылы 10 желтоқсанда ғарышқа тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров ұшты», – деп көрсетілгенге шынымен-ақ сене ме екен? «Ақиқат» журналының 1991 жылғы қараша, №11 санында 33-40 беттерде «Арқадан ұшқан ақиық» атты очерк жарияланған. Авторы журналдың арнаулы тілшісі С.Жәмеков. Ол былай дейді: «1991 жыл. Қазанның 2-ші жұлдызы. Бүкіл әлем тағы да ғарышқа көз тікті. Бұл күні өз еліндегісі бар, басқасы бар, жұмыр жердің бетіндегі 10 миллион қазақтың жүрегі қуаныштан дүрс-дүрс соқты. «Т-13» кемесі Жер нысанасынан ұшып шығып, сонау ғарыш биігіндегі «Мир» станциясына бет алды.Әлем өркениетінің алғы шолғыншысындай зымырап бара жатқан ғарыш кемесінің тізгінінде қазақ ұлы – Тоқтар Әубәкіров. Бет қатталып жатқанда (10 қазан күні). Тоқтардың аман-есен қонғанының да куәсі болып үлгірдік. Қазақтың тұңғыш ғарышкерін шын жүректен құттықтаймыз!» – дейді. Сонда Сіздер қол қойған, мақұлдаған кітаптағы 1991 жылдың 10 желтоқсанында ғарышқа ұшқан қай Тоқтар Әубәкіров?! Бәлкім, «сыңары» (дублер) болар. Әлде ол ағамыз 2 рет ұшты ма?! Ал шындығына келетін болсақ, ғарыштық уақытты 1 секундқа оздырсаңыз, Тоқаң тура қазақ жеріне емес, Тундраға топ ете қалуы мүмкін. Бір ғажабы, автор халқымыздың тарихындағы ірі тарихи оқиғаларды, тұғырлы тұлғалардың өмір тарихын, ерлік істерін де нақты білмейтін сияқты. Е.Қуандық «оқулығының» 323-бетіне даңқты батырымыз Бауыржан Момышұлына Кеңес Одағының Батыры атағы 1991 жылы берілді деп жазса, оған не деуге болады? Ал Бауыржан Момышұлына Кеңес Одағының Батыры атағын беру туралы Жарлық 1990 жылы 11 желтоқсанда жарияланғаны белгілі. Сондай-ақ 14-бетте «1906-1911 жылдары премьер-министр болған осы П.А. Столыпиннің…» деген сөз тіркесі кездеседі. Бұл – қате. Өйткені патшалық Ресейде «премьер-министр» деген лауазым болған емес. П.А. Столыпин «Министрлер кеңесінің төрағасы» болған. Оны «премьер-министр» деп шатастыруға болмайды. 17-бетте «1906 жылы жұмысшылар қозғалысы одан әрі өрістеді. … Ол қозғалыс­ты ұйымдастыру жолында Семейде Ә. Бөкейханов, Торғайда А. Байтұрсынов, Жетісуда М. Тынышбаев белсенді қызмет атқарды» – делінген. Бұл пікір шындыққа жанаспайды. Өйткені жоғарыда аталған қазақ қайраткерлері 1906 жылы жұмысшылар қоз­ғалысына мүлдем қатыспаған. 31-бетте Ж.Аймауытов «1924-1926 жылдарда Ташкентте шығатын «Ақ жол» газетінің редакторы» деп беріледі. Біріншіден, бұл жылдары газеттің редакторы И.Тоқтыбаев болса, екіншіден, газет 1925 жылдан бастап Ташкентте емес, Шымкент қаласында шығарылған. Бір өкініштісі, автор жан жарамыз – Желтоқсан жайында жазғандарын да жан-жақты зерделемеген секілді. Біріншіден, болып өткен тарихи оқиғаның желісі дұрыс құрастырылмаған. Автор: «17 желтоқсан күні мыңдаған қазақ жастары өздерінің ұлттық намысын қорғау үшін көтерілгенде оларға қарсы ең бірінші болып республиканың Бас прокуроры Ғ.Елемесов шығып, қорқыта сөйледі», (402-бет) – дейді. Бұл, әрине, шындыққа келіңкіремейді. 1987 жылы мамырдың 23-інде өткен Қазақстан Жазушылар одағының пленумында белгілі қаламгер Сафуан Шәймерденов былай деді: «Сол күні, яғни 17 желтоқсан күні, кешкісін Жаңа Алаңдағы шерудің куәгері болғанымды жасыра алмаймын. Мен алаңға жақын тұрамын. Және күн сайын кешкілік серуенге шығу менің әдетіме айналған.Сол бір қаһарлы күні, әдеттегідей қамсыз алаңға келдім. Алғашында, 16 желтоқсанда Орталық Комитет пленумы болып өткеннен кейін, бәлкім, жаңа бірінші хатшы митингі ұйымдастырып, сөз сөйлеп жатқан болар деген ой келді. Бір милиционерге келіп, «Не боп жатыр?» – деп сұрасам, үндемейді. Екіншісі мен жақындағаннан-ақ сырт айналып кетті.Үшіншісі «өзіміз де ешнәрсе түсінбей тұрмыз!» дегендей, иығын қиқаң еткізді. Сол кезде Камалидиновтің даусын естідім. Ол: «Тоқтаңдар! Жатаққа кетіңдер! Әйтпеген күнде қару қолданамыз!» деді. Оны менің көзімше қолданды да. Жүзге жуық, қолдарында қалқандары, резіңке таяқтары мен сапер күректері және иттері бар солдаттар мінбердің оң жағынан ілгері жылжи бастады. Тыныш, бейбіт тұрған халық қайта серпілді.Олар қозғалысқа келгенде, шынымды айтсам, бойымды солардың аяқ астыларында тапталып қаламын ба деген үрей биледі. Тайып кетсем болды емес пе, кәрілік құтқарсын ба?! Сол сәтте қатқыл үн шықты: «Мен Елемисовпін. Мен республиканың прокурорымын. Тарқаңдар! Ұят болады! Жатаққа кетіңдер! (Тағы да «жатақ»). Мен күш қолданамын. Сендерді алаңнан қуыңдар деп жарлық беремін! Мен республиканың прокуроры Елемисовпін!» – деді. Оны кім тыңдасын! Біріншіден, халықтың бойында ол үрей сезімін туғызды. Екіншіден, өзінің фамилиясын қазақша дұрыс айта алмаған адамнан не күтуге болады. Елемис емес, Елемес қой..!» Енді тарихи деректер бұлардан да бұрын сөйлегендердің барын айтады: «…Бұл кезде (сағат күндізгі 10-11 шамасында) Қазақстан КП Орталық Комитеті үйінің алдындағы мінбердің маңайынан да қара-құраң адамдардың сұлбасы көрініп, дыбыс күшейткіш арқылы жастарды сабырлылыққа шақырып, алаңнан тарауларын талап етіп, зілмен, бұйрықпен ықтырып тастамақ болып, өкімет басшылары бірінен соң бірі сөз ала бастады. «Жастар, тараңдар!», «Жатақханаларыңа қайтыңдар!», «Тараңдар!», «Қайтыңдар!» деген бірсарынды сөздерден басқа мандытып ештеңе айтпады олар» (Әділғазы Қайырбеков. «Ардакүрең», 108 бет. Алматы. «Дәуір», 2008 жыл). Сіздер, мұнан бөлек, кітап авторының көбіне «жауырды жаба тоқитынын» да аңғармай қалыпсыздар. «Қ.Рысқұлбековті ең жоғары жазаға – атуға,Т.Тәшенов пен Т.Тайжұмаевты 15 жылға, Е.Көпесбаевты 4 жылға, Хасен-Қожа-Ахметті 4 жылға бас бостандығынан айыруға Жоғарғы соттың мүшесі Е.Л.Грабарник үкім шығарды» – дейтін анықтама бар. (402-бет) Бұл жердегі қателік – Хасен-Қожа-Ахметте болып тұр. Өйткені 1987 жылы маусым айында Желтоқсан оқиғасына қатысқан бес жігіттің соты болды. Іле-шала сол сот процесінен түсірілген фотосурет «Жетісу», «Огни Алатау», «Коммунизм туғи» газеттерінде жарияланып кетті. Суретті даярлаған КазТАГ болып шықты. Олар түгел жазаланды. Ал сот залында қасқайып тұрғандар, негі­зінен, бесеу болатын: (Суретте­ солдан оңға қарай) – Алматы сәулет-құрылыс институтының 1-курс студенті Е.Көпесбаев, «Алматыотделстрой» тресіндегі №39 құрылыс-монтаж басқармасының балташысы Т.Тәшенов, Алматы энерге­ти­калық-құрылыс техникумының 3 курс студенті Ж.Тайжұмаев, сонан соң Қ.Рыс­құл­беков (Алматы сәулет-құрылыс институты) және «Алмаатапромстрой» тресіндегі №40 құрылыс-монтаж басқармасының электрмен дәнекерлеушісі Е.Күзембаев. Тарихшы Есенғазы Қуандық мырза, негізінен осы фотосуреттің ізімен келе жатады да, Е.Күзембаевқа келгенде, шындықтан шығандап шығып, фотосуретте қасқайып қарап тұрған әлгі бесеуден Е.Күзембаевты алып тастап, Хасен-Қожа Ахметті қосады да жібереді. Рас, Хасен-Қожа-Ахмет те сотталған, бірақ мына тағдыры талан болған бестіктің ішінде емес, басқа топта. Жалпы сотталғандар өте көп, Тоқтар Ермеков, Жармұхамбет Тілегенов (соңғысы қазақша балабақша жоқ дегені үшін 5 жылды арқалап кете барды) сияқтылар… Мұнан бөлек тарихшы Есенғазы Қуандықтың жасаған «батыл да батыр» кейбір өзіндік ой қорытындыларының, тұжырымдамасының мемлекеттік мүдде тұрғысында әлі де қайта қарауды талап ететінін, пікір иелеріне ескерткенді жөн көріп отырмын. «Кеңес Одағының Ұлы Отан соғысы, көп ұлтты алып Отанымыздың тарихындағы сұрапыл да қаһармандық кезең болып табылады» (317-бет), – дейді Есенғазы Қуандық. Әйтсе де ол ойынан табанда айнып, былай дей салады: «Ал шындығына келер болсақ, бұл соғыс қазақ халқына қатысы жоқ еді, шын мәнісінде ол фашизм мен қызыл империя арасындағы империалистік сипаттағы әлемдік зұлымдық мақсаттағы дүлей қақтығыс болатын. Ал Қазақстан Кеңестік империяның қоластындағы республика болғандықтан соғысқа тартылды» (318-бет). Біздің Сіздерден сұрайтынымыз, дәл осы тұжырым біздің мемлекеттік саясатымызбен қабысады деп айта аласыздар ма?! Шынымен-ақ Сіздер қолдаған, қолпаштаған автордың жазғанындай, «бұл соғыс қазақ халқына қатысы жоқ па?!» Онда неге мемлекеттік дәрежеде «Жеңіс» күнін тойлаймыз, сол күнді неге мереке деп жариялаймыз? Неге ауыл-ауылда, Алматының төрінде, Астанада ескерткіштер самсап тұр?! Неге Ұлы Отан соғысының ардагерлерін ардақ тұтамыз? Рас, бұндай пікірлерді жеке адам ретінде айтуға, бұқаралық ақпарат құралдарында жазуға, пікір білдіруге болатын шығар… Бірақ «Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі» анықтамасымен шыққан тарих кітабының ортасынан ойып тұрып орын беруге кім рұқсат берді?! Оқулық немесе оқу құралын шығару үшін бекітілген ереже бойынша оның авторы кафедрадан, университеттің ғылыми кеңесінен қалай аман-сау өткен?!. Ішкі және сыртқы саясатқа телінген басқа талаптары да бар. «Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министірлігі» деген жазылым болу үшін міндетті түрде аса құзырлы органның рұқсаты болу керек. Олай болса, неге мемлекеттік лауазымдағы азаматтар мұншалықты көз сүрінер қателіктерге қарамаған деген ой келеді көкірекке… Мұнан бөлек, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ішкі саясат бөлімі бұған не дейді?! Ал енді көптеген азаматтардың жан жарасына айналған Желтоқсан жайлы анықтамасында «Қонаев орнынан алынғаннан кейін бұл мәселенің байыбына жете алмай отырған жастардың ортасына әлдекімдер «от тастап» жіберді. Сезімге берілген жастар алаңға ұмтылды», – деген сөздерімен автор не айтпақшы?! Бұл жердегі «кілтипан» «әлдекімдер «от тастап» жіберді деген сөзде. Сонда «от тас­тап» жіберген «әлдекім» кім?! Тарихшы ғалым, оны біліп тұрса, неге айтпайды?! Неге көкірекке күдікті ой тастайды… Сонда, негізінен Ұлы Желтоқсанның «қозғаушы күші» «от тастап» жіберген «әлдекім» боп шығады емес пе?! Сонда аса мәртебелі халық «от тастап» жіберсе, лау ете қалатын қау (құрғақ шөп) ма?! «От тас­тап жіберсе» болды, алаңға ұмтылатын жастар «әлдекімнің» ойыншығы ма?! Халық қаһары, ашу-ызасы қайда қалады?! Тағдырдың тартуы болар, сол Желтоқсанды өз көзіммен көрген жағдайым бар еді.Шындығында, онда тек студент жастар ғана емес, көптеген ересек азаматтар, оның ішінде әйел балалары өте көп болды. «От тастап» жіберген ешкімді де кездестірмегеніме куәлік ете аламын. Тағы есте болатын бір нәрсе бар, ол жұрттың әлденеге елеңдеп топ-топ болып жиналуы 16 желтоқсанда-ақ қара көрсеткен болатын. Олар сол күні бейбіт тарап, кешкісін жатақханаларда, үйді-үйде бас қосып, 17 желтоқсан күні алаңға топтасқан түрде шыға бастады. Бір өкінішті нәрсе – осы айтылмыш­ кітап­тың редакторы болған Жұмаш Кенебайдың (Көк бөрі) өзі Желтоқсан оқиғасына бастан-аяқ қатысып, жыр толғап жүріп, мынадай кемшіліктерге назар салмауы болды. Кітапта Қазақстан тарихына қатысты көптеген аяулы азаматқа теріс көзқарас қалыптастыратын сөздер бар. Санамалап көрелік: «Қазақ әдебиетіндегі біз атаған екінші алып тұлға – С.Мұқанов болса, ол саяси жүйенің алдамшы идеологиясының жетегінде кете барды, оның айтқанынан шықпай «жан-тәнімен беріле» қызмет етті. Тіпті, С.Мұқанов А.Байтұрсыновты да менсінбей, «Ахметті тек букварь (әліппе) құрастырғаны үшін ғана бағалауға болады. Әйтпесе қазақ еңбекшілеріне ол ешқандай да қымбат емес» дегенге дейін барды» (208-бет). «Кеңестік жүйеге беріле қызмет еткен С.Мұқанов сияқты қуғын-сүргіннен аман қалған жазушылардың тағы бірі – Ж.Саин болды» (217-бет) т.т. Егер сіз «ХХ ғасырдың басындағы өлкенің әлеуметтік-экономикалық ахуалы. Қоныстандыру саясаты» және «Қазақ елі 1905-1907 жылдардағы орыс буржуазиялық-демократиялық революциясы кезеңінде», сондай-ақ «Бірінші дүниежүзілік соғыс кезеңіндегі қазақ елі. 1916 жылғы халық көтерілісі, оның ошақтары» (11-35 беттер) атты тақырыбын марқұм, белгілі тарихшы-ғалым Ж.Қасымбаевтың орта мектептің 9 сыныбына арналған «Қазақстан тарихы» (Алматы: Рауан, 1997 ж.) оқулығының «ХХ ғасырдың басындағы өлкедегі жалпы ахуал» және «Қазақстан реакция және революциялық өрлеу кезеңінде» (180-197 б.б.) деген тақырыптардағы мәліметтерін салыстырып қарасаңыз, ойланып қаласыз. Бірден келетін ой, «кім-кімнен көшіріп алған?» Әрине, біз білетін белгілі ғалым Ж.Қасымбаев оқулық еңбегін 1997 жылы жарыққа шығарған. Рас, бұл қазір «жаңа буын оқулықтары» дәуірінде қолданыстан шығып қалды, әрі ол ағамыз марқұм боп кетті… Автор, мұнан бөлек, қазақстандықтардың майданға қатысуын баяндай отырып, бірнеше мәрте «түзету» енгізеді. 318-бетінде «Бұл соғыста 350 мың қазақ азаматы елге оралмады» десе, 320-бетте «Ал тікелей соғыс қимылдарына қатысқан 371 мың қазақ азаматы опат болған», 323- бетте «Демографиялық деректерге сүйенсек, тікелей майданға 500 мың қазақ азаматы аттанған. Солардың 300 мыңы, яғни, 70 пайызы соғыста қазаға ұшыраған», – деп жазады. Оқулықтың 12-ші бетінде «1902 жылы Қазақ жерінде 8887 өндіріс орындары болып, онда 25392 жұмысшы еңбек етті» – дейді. Сонда әр өндірісте 3 адамнан боп шығады. «Оның ішінде 18095 жұмысшы 197 кен өндірісінде істеді», – деп жұмысшылар мен өндіріс орындарының санын қалай болса, солай бере салады. Мысалы, 25392 жұмысшысы бар 8887 өндіріс орындарынан 18095 жұмысшысы бар 197 кен өндірісін алып тастасақ, онда 8690 өндіріс орындарында 7297 жұмысшы қызмет жасаған болып шығады. Егер осы өндіріс орындарының әрқайсысында бір жұмысшыдан қызмет жасады десек, сонда «артылып қалған» 1393 жұмысшы қайда еңбек етуі мүмкін?! 16-бетте 1905-1907 жылдары «Перовск революциялық комитеті» деп қате берілген. Шындығында «Перовск теміржолшылар комитеті» деп аталады. 23-бетте «Ахмет Байтұрсынов 1873 жылы 15 қыркүйекте туылған» деп көрсетеді. Ал шындығында А.Байтұрсынов деректерде 1872 жылы 5 қыркүйекте дүниеге келген. Осы бетте А.Байтұрсынов «… «Алаш» партиясы мен «Алаш Орда» мемлекетін негіздеп, құрушы қоғам қайраткері» делінген пікірі де қателікке бой алдырған. Себебі Отан тарихында «Алаш Орда» мемлекеті болған емес. Кітаптың осы бетінде А.Байтұрсынов «Ауыл мектебінен сауат ашып, Торғайдағы екі кластық «Учительская школаны» 1895 жылы тәмамдаған…», –деп тағы да қателеседі. Оның себебі Торғайдағы 2 сыныптық орыс-қазақ мектебі мұғалімдер дайындайтын оқу орны болған емес. Ал А.Байтұрсынов болса 1895 жылы Орынбор училищесінің мұғалімдер дайындайтын мектебін аяқтайды. 32- беттегі «Ә.Бөкейханов Дума жұмысына қатыныса алмады. Өйткені, ол Дума жұмысы кезінде генерал-губернатордың негізсіз жарлығымен сот тергеуінсіз үш ай Павлодар абақтысында отырған еді. Ол абақтыдан босатылып, Петерборға барғанда І Дума патша үкімімен таратылып жіберілді» делінуі де бұрмаланған. Біріншіден, Ә.Бөкейханов абақтыдан 30 сәуірде шығады. Екіншіден, ол І Мемлекеттік Думаға 15 маусымда сайланады. 33-бетте автор 1906 жылы 9 шілдеде өз қызметін тоқтатқан І Мемлекеттік Думаны 1906 жылы 8 маусымда таратылған деп тағы қателікке бой алдырады.. 41-бетте оқырманға мүлдем түсініксіз сөйлемдер де кездеседі. Мәселен, «1919 жылы Кейкі батырды қызыл әскер комиссары А.Токарев атып өлтірген», « Аңдығандар оны қапылыста 1923 жылдың наурыз айында Жыланшық өзені бойындағы Жалаулы жайлауында қолға түсіріп, қолын бұтарлап, басын кесіп алып…», – дейді. Осылайша Кейкі батыр екі рет ажал құшады. 46-бетте «1917 жылы сәуірден бастап Қазақ елінің жер-жерінде «Алаш» партиясының съездері өте бастады» деп қателікке тағы да жол береді. Бұл жерде облыстық қазақ съездерін әлі дүниеге келмеген «Алаш» партиясымен шатастырып алғаны байқалады. 47-бетте «1917 жылы 21-26 шілдеде Орынборда жалпы қазақ съезінде ұлттық саяси-демократиялық «Алаш» партиясы құрылды» дей салады. Оның бұл қате пікіріне жауапты М.Қойгелдиевтің «Алаш қозғалысы» атты монографиясындағы 303-беттен табуға болады. Онда былай делінген: «…Бірінші жалпықазақ съезі қазақ саяси партиясын құру туралы шешім қабылдағанымен, күзге дейін ол партияның түрлі деңгейдегі ұйымдарын құру ісімен ешкім де айналыса қоймайды». «Қазақстан тарихы» кітабынан «Жұмекеңнің әйелі Майнұр Ғалиқызы Чакабаева 1907 жылы 6 қазанда туған, 1965 жылы қайтыс болған. Әкесі Ғали Тобықты руынан» (341-бет), «Әйелі ( Қонаевтың) Зухра Шәріпқызы 1990 жылы қайтыс болды» (410-бет) және де т.б. «деректердің» «Қазақстан тарихы» кітабына неге кіргенін түсіне алмадым. Өмірбаяндық жеке кітапқа жарайтын шығар, жоғары оқу орнында оқитын студенттерге ұсыну қалай болар екен… Ол – ол ма, философия ғылымдарының док­торы, профессор ҚР Әлеуметтік Ака­де­­миясының корреспондент-мүшесі, М.Тынышбаев атындағы көлік және коммуникация Академиясының кафедра меңгерушісі, Мырзалы Серік мырзаға әл-Фараби атын­дағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры Ғабитов Т.Х және философия ғылымдарының докторы, Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университеттің кафедра меңгерушісі, профессор Сәбит Мұрат ақжол тілеген. Енді соны талдалық. М.Тынышбаев атындағы Қазақ Көлік және коммуникация академиясы және әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің оқу-методикалық кеңестері шешімімен баспаға ұсынылған «Философия» оқулығы да қателіктерден таза емес. Бұл «оқулық баспа» (мұның не мағына беретінін түсіне алмадық) Алматы қаласынан 2008 жылы басылып шығыпты. Белгілі тәртіппен баспаның аты мұқабаның алғашқы бетіне жазылмаған.Әйтсе де оқулықтың соңында «Полиграфсервис» ЖШС баспаханасы деп беріліпті.Телефоны көрсетіліпті. Мұнан кейін Серік Мырзалы былай деп тұжырым жасайды: «Сопылардың ойынша, Шариғатты терең игеріп, оның талаптарын бұлжытпай орындау – ол Құдайшылдықтың бірінші сатысы ғана». «Құдайшылдыққа өтудің екінші сатысында адам осы екі ортада ешқандай қайшылықтар болмау үшін іс-әрекеттер жасау керек. Ол Алла тағаланың алдындағы ең жоғарғы адалдық дәрежеге көтерілуі қажет.Ол үшін адам өзіндік сана-сезіміне өне бойы тереңдей түсіп, оны Жаратушының Құдіретті күштеріне бейімдеуі қажет. Бұл – адамның екінші сатыдан – Тариқаттан өтуімен тең». «Сонда ғана адам Құдайға, яғни үшінші саты –Ақиқатқа көтеріліп, Алла тағаланы жүрекпен сезініп, онымен қауышады». Мұндағы басты қателік – айтылып жатқан әңгімелер жай адамға емес, сопылық ілімге бас қойғандарға арналғанын аңғармау! Екіншіден, әлем әдебиеті, діни қағидаттар сопылық ілім 3 (үш) сатыдан емес, 4 (төрт) сатыдан тұратынын әлдеқашан айқындап қойған. Олар мыналар: ШАРИҒАТ, ТАРИҚАТ, МАҒРИПАТ, АҚИҚАТ! Әрине, мұндайда ғылым докторлары, академиктер, оқулық авторлары неге түпнұсқаны оқымайды ойланатының бар. 441.Құл Қожа Ахмет, шариғатты қолға алғыл, 442.Тариқатта, хақиқатта жолға кіргіл. 443.Мағрипатта ғайып болып, топырақ болғыл, 444.Топырақ болып дарғаһына (алдына) бардым мен-ә (түпнұсқадағы мәтін) 441.Кул Қожа Ахмад, шариғатни қолға алғыл, 442.Тарихатда, хақиқатда иолға кіргіл. 443.Мағрифатда фана болып, тупрақ болғыл, 444.Туфрақ болып даргаһина бардум ман-а… «Хазірет сұлтан Ахмет Яссауи». Хикмет.Алматы. «Жалын» баспасы, 2002 жыл, 43-бет. Алғашқы сөз болған кітаптың («ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫ») 488-бетінде: «Аталған кітап туралы пікірлеріңіз болса, мына телефон арқылы хабарласуыңызға болады» деген ескертпе бар екен, әйтсе де, ойымды былайғы ел де білсін деген мақсатпен бұқаралық ақпарат құралы арқылы білдіргеніме кешірім өтінемін.
Жарылқасын БОРАНБАЙ, Жазушы

Серіктес жаңалықтары