«ЖАС ҰЛАНҒА» – БІР ЖЫЛ

«ЖАС ҰЛАНҒА» – БІР ЖЫЛ

«ЖАС ҰЛАНҒА» – БІР ЖЫЛ
ашық дереккөзі
213

Бiлiм және ғылым министрi Бақытжан Жұмағұлов 2011-2012 оқу жылынан бастап жалпықазақстандық балалар, жастар ұйымдарын құру жөнiнде ұсынысын енгізген болатын. Барлық орта бiлiм беретiн мекемелерiн қамтитын «Жас ұлан» ұйымына жақсы және үздік оқитындар өте алады.

Бір сөзінде министр бұл ұйымдардың тез арада құрылып, аяғынан тiк тұруы үшiн жергiлiктi әкiмдiктерден қолдау күтетiндiгiн жеткiздi. Бұл бәз-баяғы октяб­рят, пионер, комсомол ұйымдары сияқты оқушылардың жас ерекшелiгiне қарай топтастырылатын көрiнедi. Айталық, 1-4 сыныпта оқитын оқушылар (6-10 жас) «Жас Қыран» ұйымына кiрсе, ал 5-11 сыныптың оқушылары (11-16 жастағы) «Жас Ұлан» құрамына енедi.

2011 жылғы 6 шілдеде Елбасының бастамасымен құрылған «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы Республикалық қоғамдық бірлестігіне бір жыл толып отыр. Қазіргі кезде «Жас Ұлан» қатарында 700 000-нан аса оқушы бар.

Бүгінгі таңда «жасұландықтар» – респуб­ли­камыздағы балалар қозғалысы дамуындағы Елбасының белсенді көмекшілері. Бір жыл ішінде олар ұйымды да қалыптастырып, сонымен қатар, еліміздің барлық өңірлерінде өз жұмыстарын бастап үлгерді. «Жасұландықтар» алғашқы туған күндерін ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен, І Республикалық «Жас Ұлан» көшбасшылар Форумы Щучинск қаласында өткізіліп жатқан «Балдәурен» оқыту-сауықтыру орталығында атап өтті.

6 шілдеде Оқушылар сарайында Астана күніне орай Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов үлкен қамқоршы ретінде, балалар ұйымдарының көкейтесті сұрақтарына жауап беруге, олардың жаңа бастамаларын тыңдауға және болашақ жос­парларын қолдау үшін арнайы келіп, балалар мен жасөспірімдер қозғалысының көшбасшыларымен кездесу өткізді. Ол осы күні «Жас Ұлан» қатарына қабылданатын республикамыздың ең үздік оқушыларына салтанатты түрде галстук тақты. Олардың қатарында облыстық «Жас Ұлан» слеті қорытындысы бойынша іріктелген елі­міздің барлық өңірлерінен келген 300 үздік «жасұландықтар» бар.

Форум қатысушыларына арналған арнайы бағдарлама дайындалып, 15 күн бойы тренингтер, дебаттық турнирлар, спартакиада, тақырыптық күндер, шығармашылық кештер, белгілі қоғам, мәдениет және өнер қайраткерлерімен, «Болашақ» бағдарламасының түлектерімен кездесу өтеді. Осы туралы ақпараттар мен қызықты жайттарды форум газеті «Жас Ұлан» хабаршысы егжей-тегжейлі жазатын болады.

Динара ДҮРМӘН

Серіктес жаңалықтары