БАСПАНАСЫН «БОРДЕЛЬГЕ» АЙНАЛДЫРЫП...
БАСПАНАСЫН «БОРДЕЛЬГЕ» АЙНАЛДЫРЫП...
Тарихтан аз-маз хабары бар адам қоғам өркениеттілікке бірден жете қоймағанын түсінеді. Десек те, байқап жүргеніміздей, өркениетті қоғамның зинақорлықты құрықтауға шамасы әлі де жетер емес. Тіпті өрши түскен. Бұл әсіресе діни сенімі берік емес, ұлттық мәдениеті мұндаймен күресуге қауқарсыз, көп жағдайда сол зинақорлықтың өзін әспеттеуге әуес батыс елдерін шырмауықтай матап тастаған.
Әріге бармай-ақ қояйықшы, өз еліміздегі ахуал да оңып тұрған жоқ. Қыры кеткен тәрбиенің кесірі ме, әлде жаһанданудың салдары ма, әйтеуір бейәдептіліктің неше атасын көріп жүрміз бүгінде. Күн ұялып ұясына батқан замат көше-көшелерде тәнін жалтыратып тұра қалатын «натуральный» жезөкшелердің қатары азайды десек те, сауналар мен моншаларда, арзанқол, қымбат қонақүйлерде тәнін сататындардың қатары еселеп артқан. Еліміздің қай түкпіріне барсаң да табыла кететін сатылымдағы қыздар қашан да қолжетімді.
«Қазақы дәстүрдің қаймағы бұзылмай сақталған» делінетін оңтүстікте де жылдан жылға тән ләззаты қызметін ұсынатын орындар көбейе бастаған. Білетіндердің айтуынша, Шымкентте жүздеген сауналар мен моншалар бар болса, соның көпшілігінде сатылатын қыздар топ-тобымен жүр. Полицейлер анда-санда рейд жүргізіп, бір-екі жеңгетайды көз қып ұстап жататыны бар. Дегенмен тән саудалаушылар бұдан әсте сескеніп, тайсақтап отырған түгі жоқ. Сонау бір жылдары Шымкенттің бас мешіті – Қошқаратаның жанындағы жабайы моншаларды жезөкшелер қаптап, ондаған жыл бойы олардың көзін құртуға ешкімнің шамасы жетпей келген еді. Сол маңда тұратындардың айтуынша, полицейлер жеңгетайлардың «крышасына» айналған екен. Кейін Құдайдан қорықты ма, әлде билік тарапынан қатаң қадағалау жасалды ма, әйтеуір Алла үйінің маңы тазаланған-ды. Дегенмен шымкенттік тұрғындар қазіргі кезде тағы бір сорақылықтың куәсі болып жүр.
Шымкенттің орталық бөлігінде орналасқан 8-шағынаудандағы көпқабатты үйлердің тұрғындары түнге қарай тыныш ұйқтай алмай қалдық деп зар қағады. Айтуларынша, әрбір үйде ондаған жалдамалы пәтерлер бар. Барлығы бірер сағатқа немесе бір күнге ғана жалға берілетін көрінеді. Қараңғы түсе әлгі пәтерлерді «клиенттер» сатып алып, жынойнаққа айналдырады екен. Гүлнәр есімді әйел 8-шағынауданға осыдан 12 жыл бұрын көшіп келгенін айтады. Сол кездің өзінде-ақ бұл маңда тәуліктік пәтерлер өте көп болыпты. «Он жылдан бері пәтер иесі күнде ауысып жатады, түнімен айқай-шу, төбелес, небір қорқынышты дауыстарды естіп келеміз. Балаларымыздың тәрбиесіне кері әсер етер ме екен деп қатты алаңдаймыз», – дейді Гүлнәр.
Полицейлердің дерегі бойынша, 8-шағынауданда 400-ге жуық пәтер әлгіндей тәсілмен жалға беріледі екен. «Кешкі сағат 6-дан бастап пәтер саудалаушылардың жұмысы қызады. «Квартира», «квартира бар» деп айқайлаған дауыстары жер жарады. «Клиент» іздеп Нариманов көшесінің ортасына дейін шығып кеткендерін көресің. Қараңғы бата тіпті қызады. 1 бөлмеліні 2 мың, 2-3 бөлмеліні 4 мың теңгеге сатады. 1 сағатқа алсаңыз 500-1000 теңге аралығында. Келетіндердің қатары сиреп көрмеген. Ылғи осы, қайнайды да жатады. Пәтер саудагерлерінің кейбірі егде жастағы қариялар. Пайда табам деп Құдайын ұмытқан осындай міскіндерді жер қалай көтеріп жүр екен?!», – деп жергілікті тұрғындар жыларман болуда. Нұрғали есімді азамат жақында ғана «орталық қой» деп осы ауданнан пәтер сатып алғанын, артынша өкініп қалғанын айтты. Сөйтсе ол тұратын подъездегі 25 пәтердің тек төртеуінде ғана тұрақты тұрғындар бар екен. Қалған 21-і түгел бір күндік пәтерлер. «Жап-жас қыздар мен жігіттердің таң ата сол пәтерлерден шығып келе жатқанын көреміз. Бір күндік пәтерде қыз бен жігіт не бітіреді дейсіз? Әрине, зинақорлыққа барады. Талай мәрте учаскелік полицейлерді шақырдық. Олардың айтатыны – «біздің елде секске тыйым салынбаған». Назар аудармай, қызғанғанша қыз тауып алыңыз» деп, мазаққа айналдырады», – дейді. Ақыры білмейтін біреуге пәтерін сатып құтылыпты. Олай істемейін десе бой жетіп қалған қызы, мектепте оқитын баласы бар.
Осы аудандағы 63-ші үйдің тұрғыны Алексей өзі тұратын үйде 50 пәтер бар болса, соның 27-сі бір күнге сатылатын пәтерлер дегенді айтады. Сондай-ақ біраз жайттың бетін ашып бергендей болды.
Алексей, 8-шағынаудан тұрғыны:
– Пәтер сататындар өздерін бүкіл үйдің қожайындарындай санайды. Қашан қоясыздар мынадай масқараны деп талай айтқанбыз. Сөйтсек бұлар ұялудың орнына айқайдың астына алады. Қолдарыңнан келгенді істеңдер, біз Абай аудандық полиция бөлімін, салық, учаскелік полицейдің бәрін түгел сатып алғанбыз, қолдарыңнан түк те келмейді деп мазақ қылады. Ай сайын билік органдарына ақша үлестіріп кететін көрінеді. Сосын олар тиіспейді. Бұлардың осылайша қорықпай тайраңдап жүруінің тағы бір себебі, естуімше, бұл жағдайға қатысты елімізде қылмыстық жаза туралы заң жоқ екен. «Пәтер саттың» деп соттата алмайды екен заң орындағылар. Тек қана аз-маз айыппұл салатын болса керек. Бүгіндері тұрақты тұрғындардың көбісі әлгілерге пәтерлерін сатып, бұл жерден қашып кетті десе де болады.
Сәкен, 8 шағынаудан тұрғыны:
– Осындай тәуліктік пәтерлер желісінің бір қожайынын сыртынан жақсы танимын, аты – Мадина. Тегін айтпай-ақ қояйын, әкесінің аты Рүстем. Кезінде сот болып істеген, қазір отставкідегі подполковник. Бұлар беретін жердің бәріне ақшасын беріп, былайша айтқанда пәтерлерді жаулап алған. Мұндайлардың әрқайсысында кемінде 20 тәуліктік пәтерден бар. Барлығы шетінен дөкейлер. Осыдан кейін барып бұлармен қарапайым тұрғындар қайтып күрессін, шамалары қайдан жетсін».
Марина есімді орыс келіншек осы мәселені алға тартып, үш жылдан бері әртүрлі сайттарға, Парламентке, Сенатқа хат жазып жүргенін айтады. Жоғары жақтағылар естіп, рейд жүргізіп, әртүрлі шаралар жасайтын шығар деп ойлапты. Рейд жүруін жүрген-ау, бірақ полицейлердің бірі «сіз пәтер жалға берушілерін көре алмайсыз» деп келеке етіпті. Сондай-ақ, полицейлердің жаңағы пәтер иелерімен әңгімесін де естіп қалыпты. Әлгілер прокуратураға, басқа да орындарға шағым береміз, үстеріңнен қара бұлт төндіреміз деп қоқан-лоққы жасаса керек. Құқық қорғаушыларымыз болса оларды тыныштандырмақ боп: «Бір ай ғана шыдаңыздаршы, содан кейін бәрі бәз-баяғы қалпына қайта түседі. Себебі бұл мәселеге қатысты заң әлі ойлап табылмаған. Бізге де әр қабатқа жүгіріп, әр пәтердің есігін қағу оңай дейсіздер ме? Тек бізге бұйрық келді, соны орындауға мәжбүрміз», – деп мүләйімсіген көрінеді. Осыған қарап-ақ жастар мен егде жастағылардың өзін бұза бастаған бұл қиын мәселемен күресуге құқық қорғаушылардың зауқы жоқ екенін байқамау мүмкін емес.
«Рейд жүргізуге қыруар қаржы бөлініп жатыр екен, енді сіздерден үлкен нәтиже талап ететін шығар», – деп полицейлерге айтсақ, «бұл тек ақша жымқыру үшін жасалып жатқан көзбояушылық» деп қысқа жауап берді. Қоғам қайда кетіп бара жатыр өзі? Біздің тыныштығымызды сақтауға кім көмектесер екен?» – деп жыларман болады Марина.
Шымкентте пәтерді қысқа уақытқа жалға беретін мекен жалғыз бұл емес екенін де айта кеткен жөн. Осы маңнан сәл әріректе жатқан Айбергенов, Жангелдин көшелерінің бойында, одан қалса теміржол вокзалының алдында, 17, 18-шағынаудандарда осындай саудагерлерді топ-тобымен көруге болады. Кеш қылаң беріп, қараңғы батар батпас «квартира», «квартира» деп қызыл кеңірдек болған сатушылар тіпті қолдарына «квартира» деген жазуы бар тақтайшалар да ұстап алатын болған. Бұл маңның да тұрғындарының түн тыныштығын осы жалдамалы пәтерлердің «клиенттері» әбден ұрлап бітіпті. «Бармаған жер, баспаған тауымыз қалмады. Бұлардың жолын кесуге биліктің мүлде шамасы жетпейтін болғаны ма?» – деп күйінеді жергілікті халық.
Ашынған жұрт бұл бассыздық тыйылмайтын болса, Елбасыға барып шағымданамыз деп бел буып отыр. «Мәселені шешу тек сол кісінің ғана қолынан келеді. Ақырғы үмітіміз сол ғана», – дейді. Расында да жергілікті биліктің бұл жағдаймен күресуге дәрменсіз болып отырғаны қынжылтарлық. Мыңдаған құқық қорғаушылар, әкімшілік, сот орындары жабылып жүріп шеше алмайтын бұл не деген күрмеуі тоқсан мәселе екені белгісіз. «Суточный квартира» бизнесінің шешімін таппауы, тыйылмауы сол құқық қорғаушылардың, биліктегілердің өздері де бұл бизнестен пайда тауып отырғанын байқататын сияқты. Әйтпесе терроризм, басқа да аса қауіпті қоғамдық мәселелерге қарағанда бұны шешу заң орындары мен билік үшін түкке тұрмайтын шаруа болуы керек еді. Себебі бұл қадағалауға көнетін-ақ мәселе. Тек жауапты кісілердің бел шешіп кіріспеуінен күрмеулі күйде қалып отыр.
Өкінішке қарай, елдегі үшінші қала мәртебесіне ие болып отырған Шымкент шаһарында осындай ұлт бетіне салық боларлық сүйкімсіз көріністер толастамай отыр. Жас өскіндер үшін теріс тәрбие болатын мұндай сорақылықтар қашан тыйылары әзірге белгісіз. Елбасы айқайлап, қамшы баспайынша қозғалмайтын жергілікті ақтамінерлердің мұндай күрделі мәселелерді өздігінен шеше саларына жұрт та сенбей отыр. Әйтеуір не де болса, сең қозғалса екен дейміз. Елбасының тапсырмасынсыз да мәселе шешуге болады емес пе? Өйткені қала тыныштығын сақтау мен облыс орталығы үйлерінің «бордельге» айналып кетуі құқық қорғаушыларды айтпағанда, бірінші кезекте қала басшыларының атына кір келтіріп, ұятына, істеп жатқан қызметіне селкеу түсіруі ғажап емес. Ең басты құндылық – халықтың тыныштығы екендігі рас. Дегенмен Шымкенттің тыныштығы, әбүйірі осылайша бұзылып тұр.
Оңтүстік Қазақстан облысы