БІР АДЫМ ІЛГЕРІ, ЕКІ АДЫМ КЕЙІН

БІР АДЫМ ІЛГЕРІ, ЕКІ АДЫМ КЕЙІН

БІР АДЫМ ІЛГЕРІ, ЕКІ АДЫМ КЕЙІН
ашық дереккөзі
484

Осыдан жиырма үш жыл бұрын «Қазақ тiлi» қоғамын құру жөнiндегi республикалық құрылтайға қатысып, содан көп ұзамай оның Ақтөбе облыстық ұйымын ұйымдастыруға ұйытқы болған екеудiң бiрi ретiнде және төрағаның қоғамдық негiздегi орынбасары қызметiн ұзақ жылдар бойы атқарған маған оның кешегi де, бүгiнгi де жай-күйi азды-көптi белгiлi деуге хақым бар деп есептеймiн.

Тілдің тағдырына алаңдау аға буынға жататын біздің басымызға ғана тиесілі парыз емес, ол ұлтымыздың кешегі таңдаулы перзенттерін өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарынан мазалаған толғақты мәселе екендігі белгілі. Еліміздің алаштық азаматтары қатерлі уақыттың оты мен суын кешіп жүріп, бастарын қауіпке байлаумен кейінгі буынға таршылықта аяқтай алмаған арман-мақсаттарын аманаттап өтіп еді. Біз келістіре алатын емеспіз. Бұрынғыдай қауіп жоқ, қатер жоқ, бүкіл тарихымызда кездесіп көрмеген тұтастыққа, шынайы мемлекеттілікке жетіп, тілімізге мемлекеттік статус берілген жайлы уақытта нәтижелі ісіміз аз, ал құр дабыра айқай-шуымыз көбейе түсуде. Рас, тіл туралы Заңда шалалық көп, екі бірдей бағдарлама орындалған жоқ. Бірақ осы жиырма жылда жаңадан қазақ тілінде 970 мектеп ашылып, оның ұзын саны 3830-ға жеткен, 1178 балабақша жұмыс істейді екен, солардың басым бөлігі қазақ тілінде. Ұлтымыздың тілінде ана тілі мен әдебиетті оқытатын мұғалімдер есебі – 18574. Тек соңғы 8 жылда 1 млн. 200 мың оқушы тест тапсырған. Сонда тәуелсіздік жылдарында, шамамен, 3 млн.-ға жуық қазақ жастары мектептен түлеп ұшты.

Бүгінде дамыған елдерде бір миллион тұрғынға 1-6 жоғары оқу орындары келсе, небәрі он алты миллион шамасы Қазақстанымызда басқа оқу орындарын есептемегенде, тек университеттердің өзі 149, 200 ғылыми кеңестер тіркелген. Осылар негізінен қазақ тілінде. Өз қызметтерін ұлт мүддесімен байланыстыратын қоғамдық қорлар мен бірлестіктердің көп есебі өз алдына. Республикада жарық көретін бұқаралық ақпарат құралдары 6700-ге жуықтады. Солардың 260-ы қазақ тілінде. Он алты миллион қазақстандықтар (оның тек 9 миллионы қазақтар) үшін осылар аз ба? Аз десеңіз, жиырма екі жылдан бері құрамында сан мыңдаған мүшелері бар Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамын қосыңыз. Билік жұртшылықтың талап-тілектерін ескерумен, қалыптасқан жағдайда қажет деп тапқандықтан, облыстарда тілдерді дамыту комитеттерінің бірыңғай жүйесін құрып берді. Осы сала бойынша тілдерді дамыту мен қолдануды жақсарту ісіне бюджеттен бөлінген қаржы отыз есеге (!) дейін өскен. Мемлекеттік тілді дамытуға 2010 жылдың бір өзінде Алматы қаласы бойынша 176 106 000 (жүз жетпіс алты миллион жүз алты мың) теңге қаражат жұмсалған екен. Бұл кімді болсын ойландыратын мәселе. Мәселен Президент Н.Ә.Назарбаевтың 2008 жылғы 31 мамырда: «Егемен Қазақстан» газетіндегі «Ұлттың ұлы мұраты жолында ұйысайық» деген мақаласындағы: «Мемлекет тілді дамытуға 2005 жылы 133 млн. теңге бөлсе, 2006 жылы 560 млн. теңге, ал 2007 жылғы қаржы көлемі 3 миллиардтан асып кетті. Ал, биылғы 2008 жылы тілге бөлінетін қаражат 5 миллиард теңгеге жетіп отыр. Бұл – қыруар қаржы. Орнымен пайдалана алсақ, осы қаржымен талай іс тындыруға болады. Басқа шығындарды шектесек те, тілге бөлінетін қаржыны қысқартпайтынымыз анық. Қазақ тіліне деген мемлекеттің қамқорлығы одан әрі артып отыр деп айтуға болады», – деген еді.

Тарихи-мәдени, танымдық-тағылымдық, әсіресе тіл саласында ерекше маңызға ие «Мәдени мұра» бағдарламасы жүйесінде атқарылып жүрген сан-салалы игі істерді қазақ рухани өмірі бұған дейін көрген жоқ. Осылайша бұған дейін көрмеген, көрінбеген осыншалық көлемді жұмыстар жүруде, «жатырмыз», «атырмыз», «отырмыз» секілді есеп саудамен есепсіз сөйленетін жиналыстардың есебі жоқ. Бәрі де қалыпты, бәрі де келісті секілді. Ендеше, неге елде қазақтар тарапынан ұлттық тілдің дамитынына тек шүбә емес, түңілу азаймай тұр? Себебі бұл реттегі қызметтер елде, әйгілі лениндік терминмен айтқанда, «бір адым ілгері, екі адым кері» жағдайда. Жоғарыда санамалаған шаралар, сөз жоқ, бір адым ілгерілеу, ал олардың «нәтижесі» – екі адым кейін кетудің көрінісі. Мысал жеткілікті, тіптен оларды тізбелеп тауыса алмайсың.

Филология ғылымының докторы Бақыт Кәрібаеваның сөзіне («Қазақ әдебиеті». № 5. 2011 ж. «Интеллектуалды ұлт жайлы толғаныс») назар аударсақ, тіл мәселесін тек саясатқа ғана көлденең тартып, оның ыңыршағын айналдырып жауыр аттай мезі еттік… Әлі де оны ат қылу, ас қылу пиғылы үстемдікте отыр… уақыт алып келген тарихи жаңғырып-жаңаруға психологиялық-моральдық тұрғыда даяр еместігіміз байқалады… нан мен сүт сұрау үшін, есік көзіндегі жарнаманы қазақша оқу үшін барды салып, бақан сайлау күлкілі… Тіл «жанашырлары», әдебиет «білгіштері», тарих зерттеушілері қане? Білімділерге берілетін «кілтті» қасақана (астын сызған мен – И.А.) білімсіздерге беріп, құндылықтарымызды бүлдіріп, қиратқан болатынбыз».

Филолог ғалымның материалынан алынған бұл пікірлерге қарсы дау айту ойда жоқ. Пікір тек келісе кетуді сұранып тұр. Келіссек, жоғарыда баяндалған әртүрлі үкіметтік, қоғамдық деңгейдегі көп істеріміздің рәсуа екендігіне де көз жетуі тиіс. Осы пікірлерді тарқата айтып көрсек, «тіл мәселесін тек саясатқа ғана көлденең тартып, оның ыңыршағын айналдырып, жауыр аттай мезі еттіктің» өтірігі бар ма? Тіл туралы алғашқы дүрбелең, әуелгі айқай-шу егемендіктің алдындағы қайта құру саясатының лебімен басталып еді, сонда мәселеге терең үңіле алмағандықтан барлық деңгейдегі басшылықта тек қазақ ұлтының өкілдері отыруы тиіс, тіліміз сонда ғана қалпына келеді деген таяз талап қойылды. Бүгінде мемлекеттік қызметтерде, билік басындағы қазақтардың үлесі 97 пайызға жеткен. Бұдан ниетті бұрыс пайдаланған саяси ойын ұтты, бірақ ұлттық саяси мақсат ұтылған болып шықты, оны күнде көріп жүрміз. Тілді «ат қылу, ас қылу пиғылы үстемдікте» екені туралы пікір, ендеше ешқандай талас тудырмайды.

Енді қазақ тілін күн сайын үздіксіз жеткізетін бұқаралық ақпарат құралдарына келейік. Бүгінде ресми және ресми емес қазақтілді БАҚ бұрын-соңды болмаған жағдайда көбейді. Күні кеше дейтіндей жылдарда Ұлттық университеттегі филология факультетінің шағын бөлімі ретіндегі журналистиканы тәмәмдайтын небәрі жиырма бестің бірқатары кейін бұқаралық ақпарат құралдарында ойдағыдай жұмыс істеуге жарамайтын, өйткені журналист оқып-үйренумен емес, етікші секілді азды-көпті туабітті қабілетімен қалыптасатын кәсіптің қатарында. Бірқатары сол себепті басқа қызметтерге кететін де, ал қалғанының бұқаралық ақпарат құралдарына орналасуы, БАҚ-тың аздығынан көп жағдайда, қиямет еді. Бүгінде елімізде жиырма алты жоғары оқу орындары БАҚ кадрларын даярлайтын көрінеді. Не деген «батпан құйрық». Өзге баршамыз ұдайы тыңдайтын, оқитын, тіліміздің тізгінін тапсырып қойып отырған БАҚ-тың осыншалық қаптаған қалың қызметкерлері тілдік нормаларды сақтаудың, қорғаудың, жетілдірудің тіректері болуы керек еді. Болатын түрі көрінбейді. Тіл комитеттері қызмет аясы айқындалмағандықтан, қоғамдық бақылаудың жоқтығынан, қазақ тілін өсірудің емес, өлтірмеудің ғана амалымен отырған, сапалық құрамы келіспегендіктен, өз қызметтерін әлгі айтылғандай жетілдіре алмай келе жатуы рас, ал мына көбейген қазақтілді ақпарат құралдарындағы жағдайлар қазақ тілін жаппай шұбарландырушыларға, бүлдірушілерге, сөйтіп қадірлі ұлтымыздың қайран сөзін қақыратушыларға айналғандығы өкінішті.

Мен газетте қырық жыл қызмет еткен адаммын. Бүгінгі қаптаған мерзімдік басылымдарда, электронды құралдарда жұмыс істеп жүргендер жасы жағынан балаларымыз, немерелеріміз. Енді солардың қызметтерін сырттан бақылап, пайымдайтын біздің буын кейінгі ұрпаққа қазақ сөзінің қадірін ұғындырардай үлгі бере алмағанға ұқсаймыз. Мүмкін, өзіміздің де келістіргеніміз көп емес шығар. Қаңғыбас, маскүнем, бұзық адам қылмыспен ұсталса «азамат ұсталды», автоавариядан қаза болғанды «көз жұмды», «тасбақа қайтыс болды», жігіттер мен қыздар деуді мүлде өзге мағынадағы «қыз-жігіттер», кездейсоқ қатерлі оқиғаға тап болуды «бақытсыздық жағдай», қазір, не осы сәтте деуді «дәл қазір», «отырық», «тұрық» деуді, өрге сүйреуді «өрге домалату»… деуді «үйретіп» жүрген ұзын саны 3830 қазақ мектептері ме, әлде тек университет атаулының өзі 149 жоғары оқу орындары немесе ата жасындағы біз бе екенбіз деумен аң-таңмын. Адам әдетте, көргенін үлгі етеді, білігін қайталайды, сонда жұрттың күнде көз алдындағы БАҚ не сөз ұсынып келеді?

Елдегі 2695 БАҚ-тың 84 пайызын құрайтын мемлекеттік емес газет-журналдар, телерадиокомпаниялары ненің, кімнің мүддесін қорғаса да, ұлттық тілде шаруасы жоқ екен. Ал оның қалған 16 пайызын құрап, қазаққа тиесілі дейтіндей түрлерінің тілі әлгідей. Оларда оқырманды тартатындай талдау, таңдау, тақырыптар, өзекті мәселені ойлы түрде сөз еткен, ұрыс-керіс, біреуді біреуге айдап салатын, кекесін сөздер мен кері кеткен пиғылдарды тықпалайтын емес, байсалды да пайымды қоғамдық, елдік салмағы бар пікірталастар тудырып тартымды ететіндей материалдары өте сирек, не жоқтықтан тиражы аз, таралуы қысқа, білікті автор тартуға ықыласы жоқ, өз буларына өздері пісумен күн өткізіп жатқандар. Біз секілділердің сөзі, сырт көздіктен, бедел де емес шығар. Ал Қазақстан журналистері академиясының президенті С.Қозыбаевтың: «Қазақ басылымдары таралымы жағынан орыстілді газеттерге қарағанда көш бойы артта қалып келеді. Сондықтан бюджет тендер бөлу кезінде қазақ газеттеріне көбірек мән берсе… Бұрынғы кезде журналистиканың жауапкершілігі жоғары еді. Ал қазір сауатсыз жазатындар көп. Себебі жастар кітап оқымайды» («Қазақ әдебиеті», № 34, 03.2010 ж.) немесе газеттің осы санында Қазақстан Журналистер одағының төрағасы С.Матаевтың: «Бізде қазір тіпті ауылдың әкімін де сынамайтын газеттер бар», – деп айтқандары әлгі пікірлерді айғақтайтын, қазақтілді газеттерге берілген ресми баға деп ойлаймын. Солай, айтса айтқандай, қазір нарықтың, меншіктің, бизнестің айқай-шуында бұқаралық ақпарат құралдарының тілмен, яғни оймен байланысты сауаттары төмен, Қозыбаевтың «жазарман» қазақшасын орысшаға аударсақ, «писакалар» қаптап кетті. Бір кездегі одақтық басылымдарды бастап жүрген әйгілі «Известия» газетінің есімдері әлемдік журналистикаға мәлім шеберлері авторлығымен осыдан екі-үш жыл шамасы бұрын «Журналистикой покончено. Забудьте» деп аталған кітап жарық көрді. Бұл тақырыпты да көп соза беретіні жоқ, расы сол – журналистиканың күні еңкейді. Қазіргі қарекеті – тек «иесіне» қызмет етіп күн көрудің амалы. Тілі де сол амалдың тілі. Шығыны шаш етектен мерзімдік басылымдар қаламақы төлейтін мүмкіндігі жоқтықтан әр саланың мамандарын тарта алмайды, сырт авторлар материалдарын ақы төлеп жариялатуы керек. Бұл БАҚ-тың бағы емес, соры, қалың оқырманмен, әсіресе, оның ойлы бөлігімен байланысты үзгендігінің айғағы. Сонда, мемлекеттік емес, өз жарасын өзі қасумен тірлік етіп жатқан БАҚ-тың әңгімесі басқа, ал бюджеттің, яғни халықтың қаржысы есебінен шығатын БАҚ-тың қалың бұқарадан қол үзуі қалай? Неге мен өзіммен байланысы жоқ газет шығу үшін оған жазылуым керек? Үкімет халқына осыны не деп түсіндіреді?

Газеттерде тіл мәселесі қалай қозға­латындығына ортақ мысал болатындай тағы бір дерек келтіре кетейін. Еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстан» қаңтар айының 22-күнгі кезекті санында Асан Омаровтың «Тіл тұтас болса, ел тұтас» деген материалын жариялады. Өзіме ұнайтын да, ұнамайтын да материалдары жетерлік «Егеменді…» сынайын деп отырғаным жоқ, мысал мәселеге қатысты екендіктен айтамын. Осында автор: «Әңгіменің қоғамның мінезіне қатысы болғандықтан оны сана мен тілге анықтама беруден бастайын», – деп жиырма жыл бойы тілдің «анықтамасын» тықпалаумен бір-бірімізді мезі еткен жауыр түсініктерді тағы қайталайды. Оның осылай екендігін: «айта-айта жауыр болған мысал» деп өзі де мойындайды. «Мемлекеттік тілдің ғылымдағы және ұлтаралық қатынастағы роліне қарның ашады», «Тіл мен сананы бір-біріне кіріктіріп, олардың бөліп-жаруға келмейтін тұтас архитектурасын, үйлесімін табудың уақыты жетті». Қисыны келісіп тұрғаны да шамалы, дегенмен, жобалап түсінуге керек осы ұсыныстар қалай, қашан, қандай жағдайда кім, не арқылы жүзеге асырылады? Ол жағы беймәлім. Тіл туралы арғы-бергі жайдан көпірте, көсіле сөйлей аламыз, мәселе қоюды білеміз, адресі жоқ әлдекімге, әлденеге міндеттеуге ақылымыз бар, сөйтіп әрқайсымыз сол тегін, бос сөздің буына пісіп, осылайша білгішсініп отыруымыз керек.

Тіл мәселесі тек тілдерді дамыту­ ко­митеттерінің, бұқаралық ақпарат құрал­дарының ғана қызметтерімен шешілетін болса, онда әлгідей кемшіліктерді түзету бас ауыртатындай күрделі жағдайға түспес еді. Мәселенің ауқымы, әрине кең және олар бір-бірімен өзара тығыз байланыстағы сан алуан тармақтардан тұрады. Солардың бір өзектісі деп есептелетіні – білім беру саласы. Мәселенің бұл жағы да ойсырап тұрғаны куәні қажет етпейді, оның қазіргі жайындағы дау-шарғы аз емес. Күні кеше – 2009 жылы 1381 оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдардың жартысына жуығы «жарамсыз» болғанының өзі көп нәрседен хабар бергендей. Мектептерде қазақ әдебиеті мен тілін, тарихын оқытудың сын көтермейтін жайы баршаға белгілі деп ойлаймын. Мен айтпайын, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің психолог-магистрі Айгүл Сахабаева айтсын («Қазақ әдебиеті», 04.02.2011 ж.): «Университеттегі кейбір ұстаздар қазақ тілінде білім бермек түгілі, мемлекеттік тілде дұрыстап сөйлей білмейді. Жарияланған еңбектерін түсіну қиын». Қазақтың білім ордасы – қара шаңырағы, ұлттық мәдениет пен әдебиеттің, өнердің, ғылымның талай саңлағын тәрбиелеп шығарған қасиетті оқу орнының жағдайы осы болғанда өзгелерден не дәметеміз? Бұл соңғы он жылда білім беру ісіне бөлінген қаржы 7 есе өскендегі жағдай. Өсіруге мүмкіндік жасаған үкіметтің қаншалықты кінәсі бар, ол үкімет енді әр оқытушыны, әр мұғалімді қадағалауы керек пе? Білім министрлігі, әртүрлі деңгейдегі білім беру бөлімдері, ректорлар, директорлар… немен айналысады?

ХІІ ғасырда ағылшын-нормандар Ирландияны жаулап алды. Отарлаудың жайы мәлім, алдымен елдің рухани тамырына балта бағыттауы тиіс. Халықты кектендіріп, қарсылыққа шақыратын ашу-ыза да осы. Ирландықтардың сол отаршылдықпен сегіз ғасыр соғысқандағы негізгі талабы – тілін сақтау болатын. Сегіз жүз жылға жуық ұдайы шайқастың елеулі екі тұсында халық екі есеге дейін азайды. Рухпен жігерленген ирландық қару тек ХХ ғасырда ғана отарлау­дан азаттық алудың соңғы нүктесін қойып тынған. Халық, сөйтіп тәуелсіздігін алды, еркін де дербес елге айналды, егемендікке қажеттіліктердің бәрін қайтарды, бәрін, тек кельт тілінің ирланд ұлтына ұйтқы болған гойдель тармағын қалпында қайтара алмады. Дербес мемлекет болудың, оның экономикасын жақсартып, шаруасын жолға қоюдың дүниеде тәжірибесі көп, оған қайрат пен жігер жұмсаса жеткілікті. Ал ғасырлар бойы тапталған рухтың еңсесін көтерудің өнегелі тәжірибесі дүниеде жоқтың қасында екен, олар тәңірі таңдаған сирек перзенттерінің жаны, жүрегі де, ақылы, ойында орнығып, топырақ астында нұр мен ылғал күтіп жатқан өсімдік секілді ұдайы бұғып жатады екен. Ғасырлар бойы тапталып, тілдің ұлттық қадір-қасиетін сақтайтын көрнекі ұрпақтардың қуатты сирек легінен айрылып қалған Ирландия сегіз жүз жыл қырғыннан ақырында жеңіспен шығып, елін дербес мемлекет жасады, алайда халқының 98 пайызы ирландықтар болып табылатын сол ел 3 миллион тұрғынның бүгінде небәрі 500 мың шамасы ғана өз тілінде сөйлейтін мүсәпірлік халде. Әлемдік әдебиет пен мәдениетке, саясатқа ағылшын тілімен енген Майн Рид, Джонатан Свифт, Р.Шеридан, О.Уайльд, О.Голдсмит, Бернард Шоу, Дж.Джойс, Кеннедилер әулеті секілді тұлғаларды берген жұрттың өз тілінен осыншама жұтауы, сөз жоқ, ойландыруы тиіс.

Ойланатын түріміз көрінбейді. Жиырма жылдан бері тілдің мәні мен мағынасы туралы бір-бірімізге ақыл айтумен келеміз, салдары бар да, себебі жоқ әңгіме. Сосын біз ақыл айттық қой деумен бәрін де билікке ысырып тастап, «біз қайтейікпен» отырған жұртпыз. Оны бірсыпырамыз сезетін де сияқтымыз. Республика Парламенті Мәжілісінің депутаты, жазушы жуықтағы бір сөзінде, осы тіл мәселесі жөнінде: «Біз неге бәріміз мемлекеттен жағалап жүріп қолдау сұрай беруіміз керек? Біздің азамат ретіндегі парызымыз, жұрттың алдындағы қарызымыз, елдің алдындағы жауапкершілігіміз қайда», деді. Орынды сөз дейік. Бірақ «біздер» деген кімдер, азамат ретіндегі парызды қалай түсіну керек, ол не парыз, билікті жағалай беру жақсы емес шығар, сонда өзіміз нақты не істеуіміз керек – айтылуы айтылғандай-ақ, әлгі сөздің сонда түйіні қане? Депутат та, бәріміз де жоғарыда айтылғандай, мәселе қоюды жақсы білеміз, ал оның қалай жүзеге асатынын не білмейміз, не үркіп айта алмаймыз. Тіл насихат пен үгітке, ақыл айтуға мүлдем қатысы жоқ рухани сала. Оған тек әркім тікелей қызмет етуі қажет. Ал, үкімет болса өзіне тиесіліні артық-кем орындаудан бас тартқан жоқ. Тіл – биліктің емес, ұлттың тілі. Билік протоколдық жаттанды кеңсе тілімен өмір сүретін орган ғана. Швейцарияда 4 тіл, Канадада 2 тіл, Индияда 20 тіл – мемлекеттік статусқа ие, осы үш мемлекеттің дамудан кемдігі жоқ.

Сонымен, мемлекеттік тілді көркейтеді, ықпал етеді деген негізгі буындар: тіл комитеттерінің, білім беру ісінің, бұқаралық ақпарат құралдарының, заңдар мен бағдарламалардың жайы өздерінің дәрменсіздігін 20 жыл бойы дәлелдеумен келеді. Турасын айтқанда, тіл комитеттері кеңсе тілі, негізінен, іс қағаздарын жүргізудің мәселесімен айналысатын, ықыласы барларды қазақша сөзге үйрететін оқу орталықтарымен жұмыс істейтін, белгілі заңдық негіздер аясындағы ғана шенеуніктік мекеме ғана. Ондай мекемелерде кімдердің отырғаны, мысалға келтірілген, ғалым Ботагөз Сүйерқұлдың пікірінде айтылды. Мемлекетте тілді дамытуға бөлінген қаражат соңғы он жылда 33 рет өсіп, «сөйтудеміз, бүйтудеміз» деумен өз буымызға өзіміз пісумен жүргенде, «Стратегия» қорының социологиялық зерттеуінің мәліметтері таза қазақ тілінде ел тұрғындарының небәрі үштен бірі, ал төрттен бірі қазақ және орыс тілдерінде, сосын жартысына жуығы тек орыс тілінде сөйлейтіндігі туралы дерек береді («Время», 03.03.2011 г., Д. Әшімбаев. «Национальные ценности и патриоты»).

Елде, шүкір, республика экономикасы біршама өсті, бұл – материалдық игіліктерді өндіруге, дамытуға жұмсалатын еңбек пен шығындар қабілет, білім, ғылым, үйрену, тәжірибе арқылы қайтарым беретіндігін көрсететін мысалдар. Қазақстан бұрын өзгеге артық үлгісі жоқ жұрттан менеджментті игерген, менеджерлікке қабілеті, бәсекедегі дүниеге өзінің де үйретері бар есептегі белгілі мемлекетке айналды. Бірақ экономиканың ықпалды күші – сол менеджменттіктің де, менеджерліктің де рухани салаға тікелей қатысы жоқ болып шықты. Барған сайын қарыштап дамыған техникалық прогрестің міндетті туындылары: адам – машина, адам – компьютер, адам – робот, адам – ақыл, адам – тетік, бірақ адам – ақын, адам – жазушы, адам – имандылық болмай шықты. Осы жағдайда адам өзінің негізгі қауымдық, тәрбиелік, үлгілік, саналылық, эстетикалық, этикалық негіздерінен айрылып, бірыңғай тұтыну тұрғысына көшкен, сөйтіп, жалпы мәдениет рухани өзегінен айрылып, дағдарысқа түсулі. Ол қазақы ұлттық мәдениетті де аттап кеткен жоқ. Мәдениет – өте кең ұғым. Ол ән айтып, би билеу, әртүрлі шоу секілді бірауық көңіл көтерудің көріністерімен есептелмейтіні белгілі. Онымен шектелсек, соңғы кездері жиі-жиі шетел асып, ойын-сауық өткізіп жүрген өнерпаздарымыз аз емес, осы заманғы үлгідегі өнер шаралары өзімізде де жиі өтеді. Олар бірақ адамды адам еткен, жұртты ынтымақты қоғам еткен мәдениет атаулы қадірлі ұғымның тұтастығын сипаттамайды, оның элементтері, жекеленген тармақтары ғана. Республика Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының ғылыми жетекші қызметкері Тимур Козырев «Время» газетіне берген сұхбатында (24.02.2011 ж.) «Қазақ тілін өркендетуге не кесел?» деген сұраққа: «Барша қазақ мәдениетінің дағдарысында» деп жауап бергенде, әрине, мәдениетті тұтас түсінік тұрғысынан қарады. Себебі мәдениет, әлгі айтылғандай тек әйтеуір көңіл көтерудің шараларынан әлдеқайда жоғары, мәні мен мазмұны терең түбегейлі мәселе екендігін түсінуіміз жоқтың қасында секілді. Қазақтың фольклорлық әдебиеті бағзы замандардан басталып, Сыпырада жалғасумен бүгінге жеткен өлең-жырларымыз, күйлеріміз бен әндеріміз елдік сананың ажырамас құрамдас бөлігі болумен құнды болған жоқ па?! Енді осыларды еске ала отырып, діл мен діндегі бүгінде жалпыға мәлім келеңсіздіктерді талдап көрсек, қазақ мәдениетінің терең дағдарысын көру қиындық туғызбайды. Біз кешегі «Қаратаудың басынан көш келедімен» де тұтастығымызды сақтап, көп заманға бүтінделе келдік, ал бүгінгі мән жоқ, мағына жоқ айқау-шу, «көршінің қызы керемет еді, әкесі оның жақсы адаммен» қай бағыт екені бәймәлім жаққа бос ыржаңда кетіп барамыз. Ділі келіспегеннің тілі қалай келіседі

Адамзаттың бүкіл тарихында рухтың мәселелерін, оның негізі тілді күш тәсілімен пайдаланудың мысалы жоқ. Ол – ықыластың, ынтаның, оған деген сүйіспеншіліктің, адамгершілік пен азаматтықтың биік, өте биік тәжірибелері арқылы қалыптасады. Оған рухани, философиялық, категориялар ретінде қазіргі қоғамымыздағы жайына талдау жасалды ма? «Біз кімбіз?», «Қазақ қандай халық?», «Біз қайда барамыз?» сияқты сұрақтарды тақырып етіп алып, соларға жауап қайтарамыз деумен әртүрлі саланың әрқилы өкілдері бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тарихты, этнографияны, этнологияны, социологияны, археологияны ара-тұра әңгімелеп келеді. Асылы, ұлт туралы ұғымға бас-аяғы осы еді деп нүкте қойылмайды, ол ұдайы дамуда болатын феномен, жалғасады, заманына қарай өзгерістерге түседі. Бүгінгі қазақ айналшықтаумен шықпайтын сақ, ғұн, түркі дәуірлеріндегі жұртқа қай нүктеде жолығатынымызды бір Құдай ғана біледі, олар түгілі, жақынырақ Абылай хан тұсының қазақтарына да ұқсамаймыз. Абылай дейміз-ау, мәңгілік құндылығымыз Абайдың қазақтары да біз емеспіз.

Тарих ғылымында есімдері ерекше құрметпен аталатын француздық екі оқымысты Фернанд Бродель мен Марк Блоктың екеуара бір әңгімесі еске түседі. Бродель: «Францияның тарихы…» дей бергенде, Блок: «Франциянікі дейтін тарих жоқ, Европанікі бар…» деген. Сонда Бродель: «Европаның тарихы деген жоқ, дүниежүзінікі бар» деген екен. Бұл – Францияның екі көрнекі тұлғасының нигилизмге кетіп, ұлтынан, ұлтының тарихынан қашуы, не мойындамауы емес, жалпы адамзат тарихының қай ұлтқа да ортақ адами құндылықтар арқылы қалыптасатындығы, оның жиынтық атауы – мәдениет екендігін аңғартатын түсініктер еді. Ал, мәдениет атаулыны ұлттың бүкіл адамгершілік қасиеттерін бойына жинақтаған таңдаулы, сирек перзенттері, пайғамбарлары, әулиелері, ғұламалары, іс пен өнердегі теңдесі жоқ шеберлері, көсемдері, шешендері, билері жасайды. Енді осылар жоқта немесе тапталған жағдайда «Ит жоқта шошқа үретін» болады, адамгершіліктің арқауы үзіледі.

Қоғамымыздың бүгінгі келбетінде осы соңғы суреттер көлбеңдейді. Елдің экономикалық қуаты өсіп, Қазақстанды әлем танып, мойындаған, бүкіл тарихымыздың өн бойында кезікпеген осыншалық дамуда, парадокс, ділге негіз болған жалпыұлттық мәдениетіміз көтеріле алмай қалды.

Тарихымызда өткен ғасырдың тоқырау атауымен қалған 60-70 жылдар еске түседі. Қоғамның экономикалық дамуының жалпы барысы сол тұста тоқыраса тоқыраған шығар, алайда тағы да парадокс, қазақ мәдениетінің орасан зор өрлеуі де осы тұс болғаны қайран қалдырады. Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов бастаған алыптардың үлкен шоғыры қазақ әдебиетін биік деңгейге жеткізіп, кейінгі лекке жалғастырып кетті. Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан секілді ғұламалардың есімдерін әлемдік ғылым құрметпен атайтын. Қазақ мәдениетінің қамқоршылары, әйгілі қайраткерлер Нұртас Оңдасынов, Ілияс Омаров, Жұмабай Тәшенов, Өзбекәлі Жәнібеков жарқырап көрініп, музыка, театр, көркемсурет өнері қанат жайған жайсаң уақыт еді. Осы есімдер барша жұртымыздың аузында болатын. Ол заманда «біз кімбіз?», «қайда бара жатырмыз?», «қазақ қандай халық?» сияқты мектептік сұрақтар жоқ-ты, тек ұлт ретінде өсудің, өрлей түсудің мұраттары болған-ды. Елдің әйгілі перзенттері ерекше құрметпен аталатын. Ғабит Мүсіреповтің жетпісінші жылдарда тіл туралы жасаған баяндамасын жалпы жұрт көркем әдебиет секілді оқып-үйренгені ұмытыла қойған жоқ. Қазақ сөзі кемеңгерінің сол баяндамадағы сыни пікірлерін ана тілімізде өріп кеткен, бұқаралық ақпарат құралдары катастрофалық жағдайға тіреген қазіргі жағдаймен салыстырсақ, бүгінгі буын жасамыс жазушының сонда неге қиналғанын түсінбеуі әбден мүмкін. Ұлттың үлкенді-кішісі болмайды, олар көрнекі перзенттерін қай заманда да зиялылығы үшін қастерлеп, кие тұтқан. Себебі зиялысы ұлттың рухани болмысын бейнелейтін тұлға екенін таныған. Ұлт өсейін, өрлейін десе ілгерілеудің үлгісі – зиялыларын тануы, құрметтеуі тиіс. Танығысы келмесе, құрметтей алмаса, «жақсы орын бос тұрмайды» – дарынсыздар, алаяқтар, пысықайлар қаптап шыға келеді. Тілімізді, ділімізді ойсыратып тұрған тіпті де, заңның әлсіздігі емес, билік те емес, нақ осылар. Не істеу керекті, кім кінәліні нақ осы пысықайлар айтып, билік жасайды. Оларға тілдің керегі жоқ, ондайларға «ат қылу, ас қылу үшін» таусылмайтын айқай-шу керек. Маңдайы жарқырап Мұхтар Әуезов, кербез басып Ғабит Мүсірепов, маңғаз қозғалып Қаныш Сәтбаев көрінгенде – әр қазақ қазақ болып туғаны үшін риза болатындай еді. Кейінгі Өзбекәлі қазақтың тұтас мәдени кеңістігін бейнелеген тұлға емес пе еді?! Олар өмірден өтіп кетті, енді ұлт ретінде осымен біткеніміз дейін деп отырғаным жоқ. Зиялы тұлға да табиғаттың туындысы – шөптесін өсімдік секілді, құнарына кезіккенде қаулап шыға бермек.

(Жалғасы келесі санда )

Идош АСҚАР,

журналист

Ақтөбе қаласы

Серіктес жаңалықтары