ОРАЛМАНДАРДЫ ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ
ОРАЛМАНДАРДЫ ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ
Жақында Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Қазақстанның әлеуметтiк жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында: «…Әлеуметтiк әрiптестiктi белсендi дамыту, елдiң мемлекеттiк емес секторын, бiрiншi кезекте, әлеуметтiк саланы жаңғыртуға қатысуын кеңейту үшiн жағдай жасау маңызды», – деген едi. Осы мақсатты ұстанған Алматы қаласы Әкiмдiгi Iшкi саясат басқармасы Халықаралық «Жанашыр» қоғамдық қоры жанынан Оралмандар орталығын ашуға қолдау көрсеттi. 19 шiлде күнi «Жанашыр» оралмандарды қолдау орталығының тұсаукесер рәсiмi өттi. Орталықтың мақсаты – Отанға оралған қандастарымызға бағыт-бағдар берiп, құқықтық көмек көрсету. Сондай-ақ, тiл үйретiп, олардың жаңа ортаға сiңiсiп кетуiне жағдай жасау. Елбасымыз: «…Менiң назарымдағы басты мәселе – әр қазақстандыққа қамқорлық көрсету. Және бұл қажеттiлiк болып табылады, өйткенi әлеуметтiк мәселелердi шешуге елiмiздiң барлық азаматтарының өмiрi мен күн сайынғы өзiн-өзi сезiнулерi тәуелдi», – деген едi.
Орталық тек оралмандардың әлеуметтік мәселесін шешумен шектелмейді. Мұнда әртүрлі секциялар мен үйірмелер жұмыс істейтін болады. Қордың жанынан жастар, әйелдер, спорт істерімен және сондай-ақ, өнер, оның ішінде, проза, поэзия, айтыс ақындары, компьютерлік сауаттылық, құқықтық көмек көрсету тәрізді жиырма шақты секция ашылып, қала аумағына қоныстанған оралмандармен тығыз қарым-қатынас орнатпақ. Бұған қоса, осы орталықтың жанынан тіл үйрену, этнография, халық ауыз әдебиеті, медициналық көмек мәселелерін кейінгі толқын оралман жастарға үйрететін арнайы үйірмелер жұмыс жасамақ. Оралман қандастарымыз жергілікті халыққа шет тілдерін үйретіп, қолөнерге баулиды. Осылайша орталық арқылы оралмандардың бойындағы мүмкіндіктерді елдің ортақ игіліне пайдалану көзделген.
«Жаңғыртудың табыстылығы үшін әрбір азаматтың өз Отанына пайдалы болуы өте маңызды. Жаңғырту барлық қазақстандықтарға қажет. Осындай түсіністік жағдайында ғана кең көлемді қоғамдық консенсус пен табысқа қол жеткізуге болады» деген Елбасы сөзі Орталық жұмысының түпқазығы болмақ. Отанға оралған қандастар үшін бағыт-бағдар, құқықтық көмек және т.б жол сілтейтін әртүрлі кітапшалар шығарып таратуды да орталық қолға алмақ. Оралмандардың толғағы жеткен проблемалары мен үлгі боларлық игі істерін паш ететін үлкен форум қазан айында Алматы қаласында өтеді деп жоспарлануда.
Осы мәселелерді сөз еткен Орталық ұйымдастырушылары «Баспалар үйі» баспасөз клубында журналистерге арнап баспасөз мәслихатын өткізді.
Орталықтың ашылуына Түркия, Қытай Халық Республикасы, Иран Ислам Республикасы, Сауд Аравиясы, Ресей, Өзбекстан сияқты елдерден келген қандастар қатысып, көптен күткен ойларының жүзеге асқанына өз ризашылықтарын білдірді.
Орталықтың атқарылған шаралары, өмір тіршілігі жайлы материалдар мен бағыт бағдар беретін сілтемелер, ақпараттар осы күні тұсауы кесілген www.Zhanashyr.com сайтында жарияланып, әр елден келген ағайындар сайт арқылы бір-бірімен ақпараттық байланыста болмақ.