ҒАБЕҢНІҢ КІТАБЫ

ҒАБЕҢНІҢ КІТАБЫ

ҒАБЕҢНІҢ КІТАБЫ
ашық дереккөзі
268

Қазақ әдебиетінің алыбы Ғабит Мүсіреповтің туғанына – 110 жыл. Осы айтулы күнге орай, сөз зергерінің қара шаңырағында «Ғабит Мүсірепов. Таңдамалы шығармалары» атты туындының тұсауы кесілді. «Әдебиет әлемі» сериясымен жарық көріп отырған бұл кітап «ҚазАқпарат» баспа корпорациясынан шығып отыр.

«Қаламгердің 110 жылдық мерейтойы елеусіз қалып жатқан жоқ. Әркім шама-шарқы келгенше тойлап жатыр десем, артық болмайды. Еліміздің тұс-тұсында өткізіліп жатқан ірілі-ұсақты іс-шаралардан-ақ халықтың жазушыға деген ілтипатын, құрметін аңғаруға болады. Сөз шеберінің мұражайында да айтарлықтай жұмыстар атқарылып жатыр. Ғабеңнің мерейтойына орай, түрлі кездесулер өтікізіп, жүзден асқан ақындарымыздың арнау өлеңдері топтастырылған кітапты жарыққа шығардық. Енді міне, Мәдениет және ақпарат министрлігінің арнайы бағдарламасымен, «ҚазАқпарат» баспа корпорациясының қолдауымен тамаша еңбектің тұсауы кесіліп жатыр. Бұл – бүкіл Алаш жұртшылығы үшін ақ түйенің қарны жарылған, қуанышты күн. Шыны керек, бұған дейін дәл осындай көлемде жазушының кітабы жарық көрген емес. Ішінде қолжазбалары, жүзден аса суреттері, ірі туындылары бар. ХХ ғасырда өмір сүрген классиктің шығармалары ХХІ ғасырда да маңыздылығын жоймай, жарыққа шығып жатқаны көңіл қуантады», – дейді кітаптың құрастырушысы, С.Мұқанов пен Ғ.Мүсірепов мемлекеттік әдеби-мемориалдық мұражай кешенінің директоры Әділғазы Қайырбеков.

«ҚазАқпарат» баспа корпорациясының президенті Қонысбек Ботбай: «Әдебиет әлемі» сериясымен осыған дейін Мұқағали Мақатаевтың таңдамалы шығармалары жарық көрген болатын. Ғабеңе арналған бұл кітаптың тұсаукесері 110 жылдық мерейтойына дөп келіп отыр. Мұқағалидың кітабын оқырман қалай жылы қабылдаса, жаңа тұсауы кесілген қаламгердің бұл кітабын да жұрт дәл солайша таласа оқиды деген сенімдемін», – деді.

«Әдебиет әлемі» сериясымен алда әлі де бірқатар кітаптар жарық көрмек. Олардың арасында Қалижан Бекхожин мен Бердібек Соқпақбаевтың да кітабы бар.

Жиынға жазушының туысы Әмір Мүсірепов пен қызы Гүлнәр Мүсірепова қатысып, өздерінің алғыстарын білдірді. Аталмыш кітап төңірегінде «Қазақ газеттері» ЖШС-нің бас директоры Жұмабек Кенжалин «әр қазақтың төрінде тұратын кітап» деген баға берген еді. Расында да, Ғабеңдей ұлы жазушының бүкіл шығармалары еніп отырған бұл кітапты «Әр қазақтың төрінде тұратын кітап» деуімізге негіз бар.

Г.БЕКТАС

Серіктес жаңалықтары