ОРАЗА АЙЫ ҺӘМ ОТАНДЫҚ ТЕЛЕАРНАЛАР

ОРАЗА АЙЫ ҺӘМ ОТАНДЫҚ ТЕЛЕАРНАЛАР

ОРАЗА  АЙЫ ҺӘМ ОТАНДЫҚ ТЕЛЕАРНАЛАР
ашық дереккөзі
228

Өркениеттi ғасырдың адамын ақпараттық технологияларсыз елестету қиын. Күнделiктi тұрмыс-тiршiлiктiң көп иiрiмi заманауи ақпарат құралдарымен бiржола жымдасып, астасып кеттi. Ақпараттық заманның адамы қалта телефонның шырылымен ұйқысынан оянып, намаздың уақытын бағдарлайтын, электронды ақпараттық технологиялардың көмегiмен дiни сауатын ашатын болды.

Енді ақпараттық технологиялар да адамдардың діни-рухани қажеттіліктеріне қаншалықты сай екендігімен бағалануы да мүмкін. Сөзіміздің дәлелі ретінде жер-жиһанның ғаламторын жаулаған Google компаниясын мысалға алсақ, жеткілікті болар. Бұл компания биылғы Рамазан айында интернет-тұтынушыларға YouTube арнасы арқылы Меккеден тікелей көрсетілім ұсынып отыр. Әлемдегі миллиондаған мұсылман Мекке қаласындағы жамағат намазды тікелей желіде тамашалауға мүмкіндік алмақ. Қасиетті Рамазан айында мұсылман қауым интернет арқылы Меккені өз көзімен көргендей әсер алып, бір-бірімен пікірлесе алады.

Бұған қоса Google компаниясы «YouTube Ramadan» деп аталатын жаңа арнаны іске қосқан. «YouTube Ramadan» арқылы көрермендер қасиетті Рамазан айына арналған 50-ден астам телебағдарламаны тамашалай алады.

Интернеттің алпауыты «Google+» фир­малық әлеуметтік желісі арқылы, соның ішінде Hangouts бейне-кездесу жобасы арқылы белгілі аспаздарды, дәрігерлерді, өнер жұлдыздарын сұхбатқа шақырып, онлайн-кездесулер өткізуді мойнына алған. Бұл сұхбаттар Рамазан айында күн сайын ұйымдастырылады.

Ал Мысыр елінде биылғы Рамазан айының алғашқы күнінен бастап мұсылман әйелдердің спутниктік телеарнасы жұмыс істей бастады. Басқа арналардан басты айырмашылығы – онда жұмыс істейтін әйелдердің бәрі нихаб киюге міндеттелген. Екінші бір ерекшелік – бұл телеарнада ер адамдардың жұмыс істеуіне рұқсат жоқ және онда ер азаматтың бет-жүзі көрсетілмейді. Нихаб киген әйелдердің тұрмыс-тіршілігі туралы күн сайын алты сағат хабар тарататын телеарна «Мәриям» деп аталады.

Мұның бәрін сарапқа салғанда, жаһандық ақпараттық салада әлдебір өзгерістердің болып жатқанынан ойлы оқырман өзі де аңғаруға тиіс.

Осы орайда, тұрғын халқының сексен пайызынан астамы (Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының мәліметі) мұсылман жамағатына жататын біздің елдегі телеар­налардың Рамазан айындағы көрсетілім кестесінде өзгерістер бар ма?

Бұл орайда, «31 арна» жаһандық өзге­рістерге сергектік танытты. Телеарна қа­сиетті Рамазан айына арнайы дайындық жасапты. Телеарнаның баспасөз қызметі таратқан мәліметке жүгінсек, «бір ай бойы халыққа мейірімділік пен қайырымдылықты, ақылдылық пен парасаттылықты, сабырлылық пен батылдықты насихаттайтын қазақ және орыс тіліндегі туындылар ұсынылады».

«31 арнадан» өз көрермендеріне ораза айында «Айна – рухани өмір», «Біз мұсылман баламыз», «Иман гүлі», «Иман нұры», «Нұрланған жүректер», «Таным және тағылым» атты ақпараттық-танымдық бағдарламалар топтамасын, бұған қоса мұсылман дінінің пайда болуы мен пайғамбардың өмірі туралы «The Message» («Үндеу») фильмін ұсынған.

Арнаның балаларға ерекше көңіл бөліп отырғаны қуантады. Мұсылман әлемінде аты аңызға айналған Саладин батыр туралы мульт­фильмдер желісі, «Құрандағы жануарлардың таңғажайып оқиғалары» мультхикаясы балғын көрермендердің көкірек көзін ашуына ықпал етері сөзсіз.

Бірақ «31 арна» ұсынған сый-тартудың «әттеген-айы» да бар. Рамазан айының алғашқы күні көрсетілген «Үндеу» фильмі түнгі уақытта берілгеніне қарамастан, қайта-қайта жарнамамен бөлініп, көрерменнің ығырын шығарды. «Тым құрығанда, осы фильмді тамашалайтын екі сағаттың ішінде мазасыз жарнамаларды тықпаламай қоя тұруға болмас па еді?» деп «31 арнаның» үстінен шағым айтып, редакциямызға хабарласып жатқан көрермендердің назы бұл.

Оның үстіне, барша адамзаттың асыл пайғамбары туралы көркем дүниені сыраның (мейлі, алкогольсіз деп жазылса да), «Always» т.с.с. жарнамасымен бөлудің астарында не бар? Қасиетті айда игі бастама көтеріп, мазмұнды бағдарлама жасаған телеарна басшылығының бар еңбегін осындай «ұсақ-түйек» жоққа шығарардай.

Телеарна бұл фильмді ораза айы бойында бірнеше рет қайталап көрсетуді жоспарлап отырғандықтан, келесі көрсетілімдерде көрермен пікірін елеп-ескерсе деген тілек бар.

Ал телеарнаның Қазақстанның әр айма­ғында ауызашарға қанша уақыт қалғанын көрсететін сағат «ілуі», әлем таныған ойшыл­дардың ұлағатты сөздерін эфирде «жазып қоюы» көңіл құптарлық іс.

Ауқымды контент-анализ жасамай-ақ, республикалық белді телеарналардың қасиетті Рамазан айына көңіл бөлуі әлі де кемшін түсіп жатқанын байқау қиын емес. Оның үстіне, қасиетті айда зорлық-зомбылықты, ұрлық-қарлықты т.б. күнә істерді насихаттайтын фильм­дер беруді тоқтатып, оның орнына ізгілікке үндейтін, отбасы құндылығы туралы көркем фильмдер көрсетудің қажеттілігін кейбір телеарна басшылары әлі сезіне алмай жүргендей.

Қазақстанда Ислам дінін ашық уағыздауға арналған «Асыл арна» телеарнасы бар, бірақ кабельдік желі арқылы хабар тарататын болғандықтан, базалық пакеттегі отандық телеарналарды ғана тамашалайтын қарапайым көрерменге оның үні жетуі екіталай. Оның үстіне, еліміздің аймақтарына түгел таралатын республикалық телеарналар халықтың рухани қажеттілігіне жауап беру, сұранысына орай хабар әзірлеу керектігін есте ұстағаны ләзім. Соңғы жылдары арзан күлкі, ойын-сауыққа құрылған хабарларды көптеп дайындауға ойысқан отандық телеарналардың жалпы бет-бейнесіне талдау жасауды бұл мақалада мақсат қылмадық, біздікі – Рамазан айына арнайы көңіл бөлу қажеттігіне телеарна ұжымдарының назарын аудару ғана.

Әдетте, 31 желтоқсан – Григориан күнтізбесі бойынша жылдың аяқталу сәті мен жаңа жылдың басталу оқиғасы бір ай бойы мерекелік бағдарламалармен, сапалы фильмдермен, танымдық хабарлармен, тіпті эфирдің арнайы безендірілуімен (логотипке «шәпкі» кигізу сияқты) ерекшеленеді. Енді жылына бір келетін отыз күн Ораза айын да сол деңгейде ұлықтауға біртіндеп бейімделгеніміз абзал сияқты.

Бұл Қазақстанды ғана емес, ғаламды жаулаған бетбұрыс болмақ.

Қадір түнін тікелей эфирде күтіп аламыз

Нұржан МҰХАМЕДЖАН,

«Қазақстан» РТРК АҚ Басқарма төрайымы:

– «Қазақстан» телеарнасынан Рамазан айының берекесі мен игіліктері туралы «Иман айнасы» атты телехабар тұрақты түрде беріліп келеді. Бұл хабар – ораза айының мән-мағынасын айшықтап, халыққа уағыз-насихат жүргізудің, көпшіліктің көкейінде жүрген сауалдарына жауап алатын телебағдарлама. Бұған қоса, тамыз айының 14-інен 15-іне қараған түні – қасиетті Қадір түнінде арнамызда тікелей эфир ұйымдастырылады. Алматыдағы Орталық мешіттен түні бойы діни уағыз, салиқалы сұхбаттар ұйымдастырылады. Қазіргі уақытта Қадір түнінде Астанадағы Хазірет сұлтан мешіті мен Түркістан қаласын да тікелей желіге қоссақ па деп жоспарлап отырмыз. Техникалық жағынан дайындық сай болса, тікелей эфирге бас қаламыз бен рухани астана да қосылмақ.

Осы рамазан айында «Даналардың ізімен» атты он екі сериалы деректі фильм желісін көрермен назарына ұсынып отырмыз. Тирмизи, Яссауиден бастап ұлылардың жүріп өткен жолы, өнегесі туралы сыр шертетін фильмдер желісі көпшілікке ой салар құнды дүние болады деп ойлаймын.

Тағы бір айта кететін нәрсе, биылғы Рамазан айына Лондондағы олимпиада ойындары тұспа-тұс келді. Осыған орай, біз қазақстандық спортшылардың, оның ішінде кеше ғана алтын алып, елін сүйсінткен жеңімпаздарымыздың мерейін асырып, ұлттық рухты көтеруді мақсат еткен роликтер түсіріп, көрермен назарына ұсынып отырмыз.

Телеарнамыздан күніне төрт дүркін берілетін жаңалықтар қызметі осы айда жер-жерде өтіп жатқан ауызашар рәсімдері, қайырымдылық шараларынан репортаждар ұйымдастырып, халықты имандылыққа ұйытатын оқиғаларды насихаттауға көбірек көңіл бөліп жүр.

Бұл мәселеде бейтараптық сақтаған жөн

Арман ШОРАЕВ,

«КТК» телеарнасының Бас директоры:

– «КТК» телеарнасында Рамазан айына «Жаңалықтар» қызметі арқылы көңіл бөліп отырмыз. Одан басқа арнайы ұйымдастырылған ерекше хабарлар жоқ. Өзіңіз де білесіз, бізде дін мемлекеттен бөлек, сондықтан да біз бүгін мұсылмандар дініне баса назар аударсақ, ертеңгі күні христиандардың мерекесін айшықтап, одан соң буддистердің сиыну рәсімдерін көрсетуге мәжбүр боламыз. Сондықтан біз бұл жерде бейтараптық сақтағанды жөн көріп отырмыз. Бұл тұрғыда «Асыл арна» телеарнасы бар, рамазан айын насихаттау – солардың ісі деп ойлаймын.

Әрине, Рамазан – сабыр айы, бұл айда ренжісуге, жанжалдасуға болмайды, бірақ күнделікті болып жатқан оқиғаларды қалайша айтпаймыз? Кеше ғана болған лаңкестік оқиғаны қалайша көрсетпейміз? Сондықтан біз «Жаңалықтарымызда» бір жағынан Рамазанды насихаттап, екінші жағынан лаңкестік оқиғалар туралы хабар-ошар беріп отырмыз.

Гүлбиғаш Омарова

Серіктес жаңалықтары