«ЖАСЫЛ ЕЛ» ЖАСАҒЫ ІСКЕ ЖҰМЫЛДЫ
«ЖАСЫЛ ЕЛ» ЖАСАҒЫ ІСКЕ ЖҰМЫЛДЫ
2005 жылы Елбасы тапсырмасына сай «Жасыл ел» республикалық еңбек жасақтары штабы құрылған болатын. Сол жылы Қызылорда облысында бұл бастамаға 5 мыңдай адам тартылып, олардың 2600-ін аудандардан келген жұмыссыз жастар, қалғанын жоғарғы және орта оқу орындарының студенттері құраған еді. Әдепкі бастамада осы жасақтардың жұмысын ұйымдастыруға 2,7 млн. теңге бөлінген. Ал биыл бұл қаржы 7 млн. теңгеден асып отыр. Жалпы, осы жылы «Жасыл ел» жасағына 350 жұмыссыз жастар мен 150 студент қатысады. Олар «Көркейту» және «Ыбырайхан және К» компанияларының нысандарында жұмыс істейді. Жуырда Қызылорда қалалық мәдени және демалыс паркінде осы еңбек жасақтарының жаңа маусымдық жұмысына кірісуіне орай акция ұйымдастырылды.
– Мақсат – қала мен аудан және елді мекендерде тазалық жұмысын жүргізіп, көркейту, көгалдандыру істерін жүзеге асыру. Бұл ретте осы кезге дейінгі тәжірибелерді жетілдіруге де үлкен мән беріледі. Еңбек жасақтарының жалақысы бюджет есебінен төленеді. Ал оны облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы үйлестіріп отырады,– дейді «Жасыл ел» құрылыс жасақтарының менеджері Сәуле Әбілдаева. Бүгінде облыста қоршаған ортаны қорғау мен экологиялық ахуалды жақсарту ісімен 7 үкіметтік емес ұйым айналысады. Соның бірі – «Жасыл ел» студенттердің еңбек жасақтары. Олар күнделікті өздеріне бекітілген аумақта көркейту және көгалдандыру әрі тазалық шараларын жүргізеді. Айта кету керек, «2010-2014 жылдарға арналған жасыл даму» бағдарламасы шеңберінде үстіміздегі жылы облыс пен аудандар орталығында «Жасыл жапырақ – Зеленый лист» республикалық акциясы өткізілген болатын. Бұл шараға 30 мыңнан астам адам қатысып, 60 мыңнан астам түрлі ағаш көшеттері отырғызылды.
Қызылорда облысы