«ҮЙ БОЛМАЙ — КҮЙ БОЛМАЙДЫ»

«ҮЙ БОЛМАЙ — КҮЙ БОЛМАЙДЫ»

«ҮЙ БОЛМАЙ — КҮЙ БОЛМАЙДЫ»
ашық дереккөзі
320

Қазақ: «Үй болмай – күй болмайды», – дейді. Қазір кез келген ірі елді мекендер мен қалалардан басында баспанасы жоқ жандарды кездестіресіз. Халық санының өсіміне қарай олардың саны да артып келеді. Солардың көпшілігінің үй не пәтер сатып алатын жағдайлары жоқ. Үкімет алғашқыда бұл мәселенің түйінін ипотекалық тәсілмен шешпекші болды. Алайда үй құрылысының қымбатқа түсуіне байланысты қалталылардың болмаса, қарапайым жандардың мұндай үйлерді сатып алуға шамалары келмеді. Қазір қалаларда салынған бірнеше қабаттан тұратын сәнді үйлердің қаншама пәтерлері бос тұр. Бұл – ел бюджетіне орасан зор шығын әкелуде. Ал халыққа үй керек.

Жыл басында Республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған биылғы Жолдауында бұл мәселеге ерекше тоқталды. Халыққа қалайда қолжетімді бас­пана салу өзекті мәселе екенін алға тартып, Үкіметке «Қолжетімді баспана – 2020» жаңа бағдарламаны жүзеге асыруды ұсынған болатын. Ол: «…Біз жаңа тұрғын үй құрылысы бағдарламасын іске асыруға кірісіп кеттік. Елімізде жыл сайын 6 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілуде. Алайда біз жарты миллионнан астам жас отбасын жеке баспанамен қамтамасыз етуге тиіспіз. Бұл үшін жалға берілетін тұрғын үй алаңын 1 миллион шаршы метрге жеткізу қажет. Ұзақ мерзімді жалға беруде сатып алынатын және сатуға жатпайтын екі түрлі жолды қарастыру қажет. Оған қоса жалға алынғаны үшін жасалатын төлем әл-ауқаты орташа отбасы мүмкіндігіне сай болуы тиіс. Мұнымен бірге отандық құрылыс саласы үшін жаңа мүмкіндіктер туады. Соның бәрін жаңа «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасында анық көрсету керек. Мемлекет бұл бағдарламаны тиісті қаражатпен қамтамасыз етеді. Аталған құжатты Үкіметке осы жылдың 1 шілдесінен кешіктірмей жасап, қабылдауды тапсырамын», – деді.

Үкімет 2013 жылдан бастап бұл бағдарламаға бюджеттен қомақты мөлшерде қаражат бөле бастайды. Қазір сол бағдарлама бойынша «Қазақстан ипотекалық компаниясы» ұйымдастыру жұмыстарын қолға алып, алдағы жылдан бастап бағдарламаны жүзеге асыру жолында еңбек етуде. Компания Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігімен бірлесіп, 2020 жылға дейін есептелген бұл бағдарламаны сол кезден бастап әзірлеуге кіріскен еді. Агенттік басшысы С.Нокиннің мәліметі бойынша өткен жылы тұрғын үй құрылысына барлық қаржыландыру көздері бойынша 417,1 млрд. теңге жұмсалған. 6,5 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Жалпы көлемде алғанда, оның 55 пайызы жеке үйге (3,6 млн. шаршы метр) тиесілі, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 13 пайызға артық. Бағдарлама шеңберінде мемлекеттік тұрғын үйді беру жөніндегі негізгі көрсеткіштер де жүзеге асырылған.

Жалпы, бұл бағдарламаны біздің мамандарымыз тыңнан ойлап тапқан жоқ. Оның негізгі моделі Америкадан алынып отыр. Тек өз ерекшеліктерімізге байланысты ішінара өзімізге бейімделген өзгертулер енгізілген. Ол қандай бейімдеу? Пәтерлерді жалға алып, уақыт өте келе жекешелендіруге болады. Яғни сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй болып табылады. Біздің халыққа осы тәсіл тиімдірек. Америкада бұл бағдарлама талай жылдан бері қолданылып келеді. Ондағы халықтың көбі пәтерлерді жалға алып тұруға әбден бейімделіп те алған. Олар кез келген уақытта жалға тиесілі ақшасын төлеп, басқа қалаларға қоныс аудара береді. Сондықтан да осындай өмір салтын өздеріне қолайлы санайды. Ал бұл тәсіл бізге енді жетіп отыр. Әрине бұған қалыптасу үшін де біраз жылдар керек.

Компания мамандарының айтуына қарағанда, бағдарламаның алғашқы кезеңінде 250 мың шаршы метр үйдің құрылысын жүргізіп, пайдалануға бермекші. Ал келешекте оның жалпы көлемін 500 мың шаршы метрге дейін жеткізу көзделініп отыр. Үкімет пен компания мамандары мәселенің тиімді жолдарын жан-жақты қарастыра келіп, пәтерлерді халыққа 15 жыл мерзімге жалға бермек және осы уақыт аралығында сатып алуларына қолайлы жағдай туғызуда. Жалпы «Қолжетімді баспананың» жалпыға бірдей мынандай талаптары бар:

1. Сатып алу құқығымен тұрғын пәтер 15 жылға жалға беріледі. Осы кесімді уақыт біткен соң, үй жалға алушының жекеменшігіне өтеді;

Жалдаушы пәтерге қоныстанар алдында міндетті түрде ең алдымен алты айға жалдауға тиесілі жалдау ақшасын төлеуі тиіс;

Жалдаушы жалға берілген пәтерді 10 жылдан кейін қалған сомасын бірден төлеп алуларына да болады;

Жалдаушының табысы жеткіліксіз болған жағдайда жақын туыстарының да айлығы есептелініп, олардың да көмектесулеріне болады;

Жалдаушы қаржылық жағдайына байланысты тұрып жатқан пәтерін үлкен не шағын шаршы метр көлемдегі басқа пәтерлерге ауыстыруға толық құқығы бар. Мысалы жалға алушы әуелгі кезде айлық жалақысы жоғары болып, төрт бөлмелі үйде тұрса, алайда кейін тұрмыс жағдайы күрт өзгеріп, ай сайынғы жалдау төлемақысын толық төлей алмайтын болса, оның өз ыңғайына қарай екі бөлмелі пәтерге ауысуға құқы бар;

Бағдарламада жалдаушының жалға алу құқығын үшінші тұлғаға беру мүмкіндігі де қарастырылған. Біреулер отбасылық жағдайына байланысты басқа қалаға қоныс аударуы мүмкін. Мұндай жағдайда жалға алған үйдегі төлемдері күйіп кетпес үшін оны компания арқылы басқа адамдарға өткізуіне құқы бар.

Жалға берілетін пәтерлердің жайлылығы 3-4 класты әрі тұрғын үйлердің аумағы 35 пен 75 шаршы метрден тұрады. Бастапқы кезеңде құрылыстың бір шаршы метрінің орташа құны 100 мың теңгені құрайды. Бұл баға тұрғын үйдің тұрған ауданына, сондай-ақ сейсмикалық ерекшеліктеріне байланысты өзгеруі мүмкін. Сонымен пәтерді жалға алушы 15 жыл бойына ай сайын бір шаршы метр үшін 1 мың теңге көлемінде жалға алу төлемін төлеуге тиіс. Қазір екінші деңгейлі банктерден ипотекалық несие алып жатқандардың мөлшері 30-15 пайызды құраса, ал компанияның бастапқы жарнасы орта есеппен алғанда 5 пайыздан аспайтын алты айлық төлем мөлшерін құрайды. Бұл жалдаушылар үшін тиімді мүмкіндік.

«Қолжетімді баспана» бағдарламасын тек компания мен Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі ғана жүзеге асырмайды. Оған «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры және Бағдарламаға енген әр қаланың әкімшіліктері де өз үлестерін қосады. Қала әкімшіліктері компанияға тұрғын үй салынатын жерді тегін беруге және бүкіл инженерлік коммуникация жүйесін (жылуын, жарығын, газын, ыстық және суық суларын) жүргізуге тиіс. Жалға берілетін тұрғын үйлерге мұқтаж жандардан құжаттар қабылдау мен оларды тізімге алу да жергілікті әкімдердің мойнында. Сол тізімге алынған адамдардың төлемдік қабілетін компания мамандары қарайтын болады. Егер жалға алушының айлық жалақысы жетпейтін болса, онда оның жақын туыс­тары көмектесе алады. Алайда мамандар олардың да жалақыларын есептеп, төлемдік әлеуеттерін алдын ала сараптаудан өткізеді. Ал олардың та табыстары жетпей жатқан жағдайда үміткерді тізімнен шығаруларына тура келеді. Өйткені компанияға қаражатты үкімет бөлген соң жұмсалған қаржының қайтарымы болуы керек.

Жыл сайын 1 миллион шаршы метр тұрғын үй салу міндетінің жартысы «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорына, ал қалған 500 мың шаршы метрлік межені Құрылыс істері және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық агенттігіне жүктеліп отыр. «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры төрағасының орынбасары Қуандық Бишімбаев: «…Қазіргі уақытта Астана мен Шымкент қалаларына арналған 2 пилоттық жоба жасалынды. Ол бойынша 2012 жылы – 200 мың шаршы метр, 2013 жылы – 55 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Жалпы бағдарлама бойынша рес­публикада 2013 жылы – 200 мың шаршы метр, 2014 жылы – 300 мың шаршы метр, ал 2015 жылдан бастап 2020 жылға дейін жыл сайын 500 мың шаршы метр тұрғын үй бой көтермек. Құрылыс жұмыстары негізінен Астана қаласы мен Ақмола облысында, Алматы қаласы мен Алматы облысында және Шымкент пен Ақтөбе қалаларында жүргізілмек. Салынатын пәтерлер жайлылығы жағынан 3 клас­ты санатқа жатқызылады», – дейді. Сонымен Шымкентте «қолжетімді баспаналардың» алды осы жылдың соңына таман пайдалануға беріле бастайды екен.

Компания қол жетімді пәтерлердің шар­шылық көлемін 1,2,3,4 бөлмелерге жос­парлап отыр. Барлығының орташа аумағы 50 шаршы метрден болады. Әр шаршы метрді 100 мың теңгеден есептер болсақ, бұл 5 миллион теңгені құрары хақ. Оны бір жылдың он екі айына бөлсек, 50 мың теңгеден келеді. Осы қаржыны ай сайын төлеп тұрған жалға алушыға 15 жылдан соң жекеменшігіне беріледі. Айта кететін тағы бір жайт, жалға алушының табыстық әлеуеті жетіп жатса, он бес жыл күтпей-ақ 10 жылдан соң қалған жылдар құнын мерзімінен бұрын өтеуіне де әбден болады. Бір, екі, үш бөлмелі пәтерлердің жалдық төлемдік құндары да шаршы метріне байланысты есептелінеді. Тұрақты жұмыс орны бар, жалақысы жан бағу деңгейінен жоғары жандарға ай сайын 50 мың теңгеден төлеп тұру аса қиындыққа соға қоймасы анық. Қазір нарықтағы бағаны есепке алар болсақ, Алматы мен Астанадағы пәтерлердің ай сайынғы жалға алу бағасы 200-250 мың теңгені құрайды. Ал «Қазақстан ипотекалық компаниясының» бағасы 120-140 мың теңгені құрайды екен. Бұл жалға алушы үшін көп жеңілдік. Дегенмен компания мамандарының айтуына қарағанда пәтер төлемақысы жайлылығына байланысты сәл өзгеруі мүмкін. Компания негізінен 4 класты пәтерлерді көп салуды қолға алып отыр. Оларда домофон жоқ, санитарлық торап бірге болады, пәтерлердің әрленуі де 3 класқа қарағанда төмендеу. Егер 3 класты пәтерлерге сұраныс түсіп жатса, оның да санын арттыратын болады. Үш класты пәтерлердің ауданы үлкен, төбесі биік, санитарлық тораптары да өз алдына, домофон орнатылған, әрлеуі де бүгінгі күн талабына сай жасалынған. Ең бастысы жалдаушының төлемақыға қабілеті болуы керек.

Компания жалдаушыдан не үшін алдын ала алты айлық төлемақыны талап етіп отыр? Оның мәнісі мынада. Отбасында неше түрлі жағдайлар болады. Жалға алған отағасы науқасқа шалдығып немесе осы тақілеттес басқа жағдайларда, сол алдын ала берілген алты айлық төлемақы есебінен ұсталып отырады. Компания басшылары жалгер жағдайын айтып, себебін дәлелдесе, төлем мерзімін одан да ұзартуға мүмкіндік жасай алады. Сондай-ақ жалгер күтпеген жерден өмірден озып кетсе, оның мұрагері жалға алу төлемін жалғастыра беруіне болады. Егер ондай жандар төрт бөлмелі пәтердің жалдық құнын төлеуге шамалары жетпесе, компания оларды үш не екі бөлмелі пәтерлерге ауыстыру мүмкіндігін жасайды.

Компания мамандары мына мәселеге де қатты көңіл бөлген. Кейбір қала әкімшіліктері «Қолжетімді баспана» бағдарламасына ілігу үшін азаматтың кем дегенде бес жыл тіркеуде тұруы керек дегенді шығарып жүр. Ал компания мамандары мұны түбірімен жоққа шығаруда. Олардың талабы бойынша осы ел азаматы ретінде тіркеуде тұрса болды, соның «Қолжетімді баспана» бағдарламасы бойынша өздері қалаған көлемдегі пәтерлерді жалға алуға құқы бар. Бұл мәселе билік және заң шығарушы органдарда әбден талқыланып барып бекітілген.

«Қолжетімді баспана» бағдарламасына баланысты интернет сайттарында әрқалай пікірлер бар. Күнделікті шығатын ақпарат құралдарында да талқылануда. Жуырда ғана «Жас қазақ» газетінде өткен пікірталаста газет қызметкері Серікбол Хасанның: «40 мың айлық алатын адам бұл бағдарламаға қалай іліге алады?» деген сұрағына «Рас, біздің алатын айлық пен үйдің бағасы аспан мен жердей. 2005 жылы адамдардың алатын айлығы 30-40 мың теңге болатын. Соған қарамастан, 150 мың доллардың үйлерін несиеге алды ғой. Қарап отырсаң, ол адам өмірбақи айлығын несиеге ғана төлеуі керек. Кейін алыпсатарлар көбейді де, баға өсіп кетті. Егер қалта көтермейтін болса, жалға берілетін пәтерлер жүйесін пайдаланып көруге болады ғой. Жалға берілетін үйлерден жиналған ақша Үкіметке түседі. Мемлекетке түскеннен кейін ол ақшаны қайтадан үй салуға жұмсайды. Осы мүмкіндікті неге пайдаланбасқа?», – деді «Алматы тұрғын үй» МКК директорының орынбасары Әлжан Дүйсенбай. Ал пәтер бағасына келер болсақ «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының белгілеген тәртібі бойынша жалға алушы жыл сайын пәтер бағасының 10 па­йыздан аспайтын мөлшерін төлеп отыруы тиіс. Егер сіз 90 шаршы метрлік 3 бөлмелі пәтерге өтініш берсеңіз, онда он жыл бойына ай сайын 90 мың теңгеден төлеп отырады екенсіз. Егер 50 шаршы метрлік 2 бөлмелі пәтерге тапсырыс берсеңіз он жылға шаққанда ай сайын 50 мың теңгеден түседі екен. Бұл тұрғын үйге мемлекеттің қойып отырған бағасы. Демек «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры мен «Қазақстан ипотекалық компаниясы» қойып отырған бағалар арасында айырмашылық жоқ.

Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі бастығының орынбасары Салауат Дембай жас отбасылар пәтерлері үшін биыл бюджеттен 8 млрд. теңге бөлінгенін жеткізді.

Бұл күндері банктерден аз мөлшерде кредит алатындар саны өсіп келеді. Солардың кейбірі несиенің қайтарымына келгенде шамалары келмей жатқандары да бар. Компания мамандары да олардың жалдық пәтер алу өтініштерін қарайды. Егер ондай жандардың банктерге берешек төлемақысы аз мөлшерде болса ғана өтініштерін қабылдайды. Ал ірі мөлшерде қарызы барлардан бас тартады. Несиеге үй алғандардың «Қолжетімді бас­пана» бағдарламасына кіруге құқы жоқ. Бағдарламаның ең басты талабы, жалға алушының басында баспанасы болмауы шарт. Өйткені үйі барлар жалға алған пәтерлерін басқаларға жоғары бағаға жалға беруі әбден мүмкін.

Компания қазір «Тұрғын үй құрылысы корпорациясын» құру үстінде. Компания қаржыландыратын құрылысты сол корпорация құрылысшылары жүргізетін болады. Кейінгі кезде әр қалалардағы сапасыз салынған тұрғын үйлер жөнінде қоғам жақсы хабардар. Компания осы келеңсіз жағдайларды болдырмау үшін де құрылыс сапасына баса назар аударуды жөн көрген. Құрылыс корпорациясының әрбір атқарған ісін оның құрылысты жүргізу нормалары мен талаптарының сақталуын Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық агенттігі қатаң бақылайтын болады. Айта кететін тағы бір жайт, құрылыс қарапайым адамдарға қолжетімді болуы үшін компания отандық құрылыс материалдарын көптеп пайдалануды қолға алуда. Мұның қыруар қаржының шекара асуына да үлкен тосқауыл болары хақ.

«Қолжетімді баспана – 2020» бағ­дар­ламасын «Нұр Отан» халықтық демокра­тиялық партиясы да қызу қолдауда. Олар халықты баспанамен қамтамасыз етудің бірден бір тиімді тәсілі осы бағдарлама деп біліп, өз мүшелері арқылы оның дер кезінде жүзеге асуына қолдау көрсетуде.

Көлбай Адырбекұлы

Серіктес жаңалықтары