679
САРЫБАЙ ҚАЛМЫРЗАЕВ
САРЫБАЙ ҚАЛМЫРЗАЕВ
64 жасқа қараған шағында, өзiнiң ұзақ жылғы жемiстi қызметi арқылы елiмiздiң әлеуметтiк-экономикалық дамуына, Қазақстан мемлекетiнiң құрылуына және нығаюына қомақты үлес қосқан талантты ұйымдастырушы және басшы Сарыбай Сұлтанұлы Қалмырзаев қайтыс болды.
С.С.Қалмырзаев 1949 жылы 10 маусымда Жамбыл облысындағы Шу ауданының «Жаңа жол» ауылында туған. Мәскеу экономика-статистика институтын бітіргеннен кейін оның еңбек жолы еліміздің халық шаруашылығы кешенімен тығыз байланысты болды. Ол экономистен Қазақ КСР Статистика жөніндегі мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасарына дейінгі еңбек жолынан өтіп, кейіннен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы, Жамбыл облысының әкімі, Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (қаржы полициясы) төрағасы болды. Оның Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы, кейіннен Мемлекет Басшысының Іс басқарушысы қызметтерін атқарған кезеңі айрықша жемісті болды. С.С. Қалмырзаевтың басшылығымен еліміздің Президент Әкімшілігін Ақмолаға көшіріп, толыққанды қызмет жүргізуге бейімдеу қысқа мерзім ішінде қамтамасыз етілді. Ол жаңа астанамыздың құрылысын жүргізуге, маңызды әкімшілік және әлеуметтік нысандар салу ісіне белсене атсалысты. Мол тәжірибе, білім мен кәсібилік, тапсырылған іске зор жауапкершілік оған қоғамда лайықты бедел әкеліп, құрметке бөледі. С.С.Қалмырзаевтың еңбегі жоғары мемлекеттік марапаттармен: «Парасат», «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев» ордендерімен, көптеген медальдармен атап өтілді. Өзінің барлық күш-жігерін, білімі мен тәжірибесін еліміз бен халқымыздың игілігіне жұмсаған ол Қазақстанның нағыз патриоты болды. Сарыбай Сұлтанұлы Қалмырзаевтың жарқын бейнесі біздің жүрегімізде әрдайым сақталады.
Қазақстан Республикасының Үкіметі
Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігі