«БIЗДIҢ МАЙЯ – ОЛИМПИАДА ЧЕМПИОНЫ!»
«БIЗДIҢ МАЙЯ – ОЛИМПИАДА ЧЕМПИОНЫ!»
Төрткүл дүниенiң назарын жаулап, 4 жылда бiр айналып келетiн айтулы спорт додасы да санаулы күндерде өз мәресiне жетедi. Тұманды Альбион елiндегi ХХХ Жазғы Олимпиада ойындарында елiмiздiң қоржыны олжалы десек, артық емес. 302 медаль топтамасын сарапқа салған бұл ойынға әлемнiң 200-ден аса елiнен 10 мыңнан аса спортшы қатысуда. Қазақ елi де бұл дүбiрлi бәсекеге күнi кеше 116 спортшысын үкiлеп аттандырған едi.
Осыған дейiн екi дүркiн әлем чемионы атанған, университетiмiздiң 3-курс студентi Майя Манеза олимпиадаға жолдама алғалы берi, оқу орнының профессорлық-оқытушылар құрамы мен студенттерi «тақымдарын қысып», арман-тiлектерiн Майяға сырттай бағыттайтын.
31 шiлде күнi түнде осы арман-тiлектердiң ақталған сәтi аса толқыныспен өттi. Дүние жүзi көз тiкккен байрақты бәсекеде университеттiң ғана емес, елiмiздiң үмiтiне айналған Майя Манеза спорттың ауыр атлетика түрiнен қоржынымызға үшiншi алтынды салды. Қазақстанда қуанбаған жан қалмаған шығар!
Майя Манеза – Қазақ мемлекеттiк қыздар педагогикалық университетiнде «Денешынықтыру және спорт» мамандығы бойынша күндiзгi бөлiмде бiлiм алып жүрген студент. Университетiмiздiң мақтанына айналған даңқты спортшымыз Майя Манезаны Лондондағы ХХХ Жазғы олимпиадалық ойындардың ауыр атлетика сынындағы тамаша және өте айқын жеңiсiмен құттықтау мақсатында «Майя Манезаның жеңiсi – Қыздар университетiнiң жемiсi!» атты қолдау шарасы өткiзiлдi.
Майяның әлемдiк жеңiс тұғырын бағындыруы бiрiншi рет емес. Ол осы кезге дейiн де 2009 жылы Оңтүстiк Кореяның Гоянг қаласында өткен ауыр атлетика жарысында әлем чемпионы, 2010 жылы Түркияның Анталья қаласында өткен Әлем Чемпионатында 63 кг салмақ дәрежесiнде қатысып, екi дүркiн Әлем чемпионы атағына ие болып, әлем рекордын жаңартқан болатын. Сондай-ақ 2010 жылдың қараша айында Қытайдың Гуанчжоу қаласында өткен «Гуанчжоу – 2010» XVI (16) Жазғы Азия ойындарында алтын медаль жеңiп алды. 2011 жылы қазан айында Париж қаласында топ жарып, алтын медальға негiзгi үмiткер болып тұрса да, әдiлқазылардың бұра тартуымен, жанкүйерлерiн «әттеген-ай» дегiзiп, күмiс жүлдегер атанған-ды. Дегенмен «алмас қылыш қап түбiнде жатпайды». Алтын қыздың еңбегi мен талантына лайықты алтын жүлде әлемдiк олимпиада төрiнде оның мойнында жарқырады. Майяның әрбiр жеңiсi университетiмiздiң абыройын асқақтатып, өзiнiң бiрге оқитын құрбыларына, осы оқу ордасының әрбiр шәкiртiне үлкен жiгер, соны серпiн сыйлады деуге болады. Майя 2011 жылы Қазақстан Республикасының VI (6) Жазғы Универсиадасына қатысып, Қазақ мемлекеттiк қыздар педагогикалық университетiнiң қоржынына 1 алтын медаль салған болатын.
Шынымен де, Лондондағы Жазғы Олимпиада ойындарының чемпионы «Майя Манезаның жеңiсi – қыздар университетiнiң жемiсi!» деп, университеттiң оқытушылары мен студенттерi жазғы демалыста жүргенiне қарамастан, бiрауыздан Майяны құттықтап, қолдауға жиналды.
Салтанатты жиын университеттiң бiрiншi проректоры Алдабек Нұржамал Әбдiразаққызының құттықтау сөзiмен ашылып, «Педагогика және психология» факультетiнiң «Дене шынықтыру және валеология» кафедрасының меңгерушiсi, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Д.Абдықадырованың лебiзiмен жалғасты. Майя Манеза униерситетiмiздiң мақтанышы ғана емес, елiмiздiң де абыройы екенiн айтып өттi.
Университеттiң бұл орасан зор қуанышын бұқаралық ақпарат құралдары да бөлiстi. Майяның рухани қолдаушысы әрi ұстазы, университет спорт клубының төрағасы, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Шыңғысбаев Сәдуақас Махашұлы бұл жеңiс басқа студенттерiмiздi де жiгерлендiрiп, құлшындыратындығын айтса, «Денешынықтыру және спорт» мамандығының 4-курс студентi Арнагүл Асылханқызы спортшы құрбысының ерлiгiне деген мақтанышын жеткiздi.
Университеттiң профессор-оқытушылары риясыз көңiлден құттықтауларын бiлдiре отырып, Майя Манезаның өз мүмкiндiгiн сарапқа салуына мемлекет тарапынан қолдау көрсеткен Елбасына алғысын жолдады. Ал, жеңiмпаз, «алтын» қызымызға «Қазақстандықтарды бұдан әрi де спорттағы жарқын жеңiстерiңмен қуанта бер!» деген игi тiлекпен жиынды қорытындылап, әрiптестерi мен достары, жалпы қауым зор ризашылықпен, қуанышпен тарқасты.
«Педагогика және психология» факультетiнiң студентi Майя Манезаның спорттағы жеңiсiн қолдауға арналған iс-шаралар әлi де жалғасуда. Осылайша, қазақ спортына өз үлесiн қосқан Қазақ мемлекеттiк қыздар педагогикалық университетi Олимпададағы елiмiздiң спортшыларына сәттiлiк тiлейдi! Жеңiстер жалғаса берсiн!
Қазақ мемлекеттiк қыздар педагогикалық университетi,
«Педагогика және психология» факультетiнiң деканы