ӘДIЛ ЕҢБЕК ЖАЙЛЫ АЛҚАЛЫ СӨЗ
ӘДIЛ ЕҢБЕК ЖАЙЛЫ АЛҚАЛЫ СӨЗ
Осыдан бiр ай бұрын Елбасының мерзiмдi басылымдарда жарияланған «Қазақстанның әлеуметтiк жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласынан туындайтын мiндеттердi талқылау үшiн Мәдениет және ақпарат министрлiгiнде арнайы жиын өттi. Жиынға министр Дархан Мыңбай төрағалық еттi. Аталмыш жиынға Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау, Бiлiм және ғылым министрлiктерiнен де арнайы өкiлдер келдi.
Елбасының «Қазақстанның әлеуметтiк жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» деп аталатын бастамасы бұқара халықтың жалпы қолдауына ие болуда. Осы орайда жалпы жұртшылық тарапынан түрлi ұсыныс-тiлектер де айтылып жатыр. Жиында баяндама жасаған Мәдениет және ақпарат министрi Дархан Мыңбай: «Жаһандық тұрақсыздық жағдайында Қазақстан қоғамы қандай болуы керек, бiздiң игерiлмеген қорларымыз бен мүмкiндiктерiмiз қандай, сондай-ақ тағы да не жасауға болады деген сұрақтарға жауап iздеу барысында және әлеуметтiк саясат нық әрi жасампаз болуы үшiн Елбасымыз Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына өту идеясын ұсынды. Бұл ретте Президент масылдық психология, аз жұмыс iстеп, көп ақша табу һәм ауадан ақша жасауға қатысты өткiр ойларын ортаға салды. Жалпы, бұл психологияға әдiлдiкке негiзделген шынайы еңбек қана қарсы тұратынын ескерсек, қоғам мүшелерiнiң еңбек сiңiруiнен бастап оның марапатқа жетуiне дейiнгi жолы ел алдында өтуi тиiс. Әдiл еңбек адам бойындағы толайым рухтың көрсеткiшi. Дәл сондай рух қана ерiк, жiгердi тәрбиелеп, күштi жанып, отаншылдық сезiмiн қалыптастырады. Бiз бұған мысалды алыстан iздеп жатпаймыз. Кешегi Лондон Олимпиадасындағы қыз-жiгiттердiң ерлiгi, еңбегi елге үлгi етуге тұрарлықтай», – дедi министр.
Қазақ халқы «ерiнбей еңбек еткеннiң, тiленбей қарны тоятындығын» жиi айтады. Әрине, Президенттiң Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына өту идеясы осы негiзден туындап отыр. Сондай-ақ, жиында министр Елбасының министрлiктiң алдына тапсырма етiп қойған отандық бұқаралық ақпарат құралдарын жаңғырту мәселесiне де айрықша тоқталып өттi. Халық пен билiктiң арасындағы алтын көпiр саналатын отандық БАҚ-тың Елбасы мақаласындағы әрбiр тақырыпты ашып көрсетуi керектiгiн тiлге тиек еткен министр осы орайда мұндай басқосулар өңiрлерде де жалғасын тауып жатса деген ұсынысын жеткiздi. Мәдениет және ақпарат министрi Сингапур мемлекетiнiң тәжiрибесiнен де мысал келтiре кеттi. Өз кезегiнде министр: «Сингапур шағын болғанымен, табысты мемлекеттердiң қатарында. Мұнда 100 мыңнан аса миллионерлер бар екен. Елде 33 iрi трансұлттық компаниялардың филиалдары жұмыс iстейдi. Сингапур – бiлiмнiң, инновациялық технологиялардың, мұнай-химиялық кәсiпорындардың, фармацевтиканың, қаржылық қызмет көрсетудiң, сондай-ақ көптеген басқа да қызмет түрлерiнiң орталығы. Халық саны 7,5 миллион дейтiн болсақ, iшкi жалпы өнiмнiң құны әр адамға шаққанда 30 мың АҚШ долларынан асып түсiп отыр. Тұрғындар аптасына елу сағат еңбек етедi (Бiзде 45). Демалыс күндерi де еңбектенедi. Дәл қазiргi таңда бұл ел Тынық мұхиты аймағындағы жұмақ мекен болып табылады», – дедi. Осы орайда Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай қадам басу барысында негiзгi бағыт-бағдары бiздiң мемлекетiмiзбен қарайлас елдердiң тәжiрибесiне сүйене отырып жұмыс iстеудiң артықшылығы жоқ екенiн де айта кеттi. «Елбасының Үкiметке 2013 жылдың 1 сәуiрiне дейiн Қазақстан Республикасын әлеуметтiк дамытудың Жалпыұлттық тұжырымдамасын жасауды тапсырғаны белгiлi. Мұнда әлеуметтiк заңнамаларды жаңарту, әлеуметтiк-еңбек қатынастарының тиiмдi моделдерiн, өмiр сапасының қазақстандық үлгiсiн қалыптастыру, әлеуметтiк жаңғыртудың ақпараттық-мәдени құрамдасын дамыту және әлеуметтiк үдерiстердi мемлекеттiк басқарудың тиiмдi жүйесiн жасау бағыттары қамтылған. Осы бағыттардың арасында бiзге қатыстысы ақпараттық-мәдени құрамдас дейтiн болсақ, бұл орайда, Үкiметке «Ақпараттық Қазақстан» мемлекеттiк бағдарламасын жасап шығу жүктелдi. Мемлекет басшысы БАҚ қызметi Журналистiк этика кодексiнiң нақты стандарттарына негiзделуi тиiс екендiгiн қадап айтты. Сондай-ақ бiздiң министрлiкке журналистердiң қоғамдық бiрлестiктерiмен бiрге Журналист этикасының жаңа кодексiн дайындау тапсырылды», – дейдi министр. Журналист этикасының жаңа кодексiн дайындау мақсатында бүгiнде Қазақстан Журналистер одағы мен елiмiздегi бас редакторлардың клубы бұл құжаттың негiзгi параметрлерiн талқылап жатқанын тiлге тиек еттi министр.
Ал жиынның Елбасының Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын құру мәселесiне орай өткiзiлiп отырғаны белгiлi. Ал осы орайда БАҚ беттерiнде түсiндiру жұмыстарын ұйымдастыру мәселесi қалай жүрiп жатыр? Бұл мәселе жиыннан да тыс қалмады. «Мақала жарияланғалы берi бiр ай өттi. Бұқаралық ақпарат құралдарында азаматтар үн қосуда, арнайы айдарлар бойынша мақалалар жариялануда, телеарналарда бағдарламалар берiлiп жатыр. Әйтсе де, бiз бұған қатысты ақпараттық жұмысты нақты жүйелеп алуымыз керек» деген Дархан Мыңбай мырза осыған орай нақты қандай шаралардың жүзеге асырылып жатқанына тiкелей тоқтала кеттi. Президент Әкiмшiлiгi Мемлекеттiк хатшының қаулысымен бекiтiлген Ақпараттық-түсiндiру жұмыстары бойынша iс-шаралардың арнайы жоспары да дайын тұр. Алдағы уақыттарда «Хабар» және «Қазақстан» телеарналарында жыл соңына дейiн арнайы роликтер мен журналдар дайындалмақ. «Бұл роликтер мен журналдарда Мемлекет басшысының реформасы қарапайым халыққа ұғынықты түрде насихатталып, құжаттың мән-маңызы ашылуы керек. Екiншiден, еңбек адамы әрi оның кәсiби жетiстiктерi үлгi етiлуi тиiс. Ол бизнесмен, инженер, кәсiпорын жұмысшысы, тiптi студент болуы да мүмкiн. Ең бастысы, ол адам өзi үшiн, отбасы үшiн тыным таппай еңбек етедi. Жаңадан бiрдеңе үйренедi, кәсiби шеберлiгiн шыңдап отырады. Сол арқылы елдiң дамуына септiгiн тигiзедi. Бұл орайда мерзiмдi басылымдарда тиiстi айдарлар ашылса құба-құп. Үшiншiден, барлық бұқаралық ақпарат құралдарында Елбасы мақаласының негiзгi басымдықтары, яғни еңбек қатынастары, жастар саясаты, тұрғын үй саласын реформалау, т.б. көрiнiс табуы керек. Осы басымдықтардың әрбiрiне арналған материалдар мен сұхбаттар шығып тұру керек. Төртiншiден, БАҚ пен қоғамдық бiрлестiктер әрдайым қарапайым халықтың мүддесiн қорғауы тиiс. Мемлекет басшысының тапсырмасының орындалуы тұрғысынан қоғамдық бақылаушы қызметiн атқаруы шарт. Елбасымыз 3 шiлде күнi телекөпiрде сөйлеп тұрып адам құқының тапталуы туралы факт келтiрген едi. Онда жұмыс берушi бiр әйелдi жұмысқа алғанда бiрден екi өтiнiш, бiрiншi жұмысқа қабылдау туралы, екiншi, жүктiлiгiне сәйкес жұмыстан босату туралы өтiнiш жазғызып алғанын айтып едi. Мұндай фактiлер қоғам назарынан тыс қалмауы керек. Бесiншi, БАҚ жұмыстарына жаңашылдық қажет. Ақпаратты жаңаша тәсiлмен берудi ұйымдастыру барысында радионың мүмкiндiгi тиiсiнше пайдаланылмай отыр. Табысты адамдардың, өз кәсiбiн сүйетiн адамдардың, еңбек ерлерiнiң қатысуымен радио-конференциялар ұйымдастыруды тапсырамын. Бұл адамдардың айтары да, халықпен бөлiсер ойы да бар. Алтыншы, жергiлiктi БАҚ-қа ерекше мiндет жүктеледi. Бүкiл зерттеулердiң қорытындысы бойынша елiмiздiң тұрғындары негiзiнен жергiлiктi бұқаралық ақпарат құралдарына сенiм артады екен. Ендi осыны облыстық және аудандық БАҚ пайдалануы тиiс. Мемлекет басшысының тапсырмаларының орындалу барысын қадағалап, нақты мысалдар бойынша ақпараттық науқан ұйымдастырып отыруы қажет. Мысалы бiлiмiн жетiлдiруге мүмкiндiк алған, пәтер алған, жұмысқа орналасқан жастарды көрсетiп отыруға болады. Тек жастарды емес, дәрiгер, мұғалiм, кәсiпорын басшысы сияқты адамдарды насихаттай бiлу тапсырылады. Жергiлiктi БАҚ өкiлдерiне ең маңызды тапсырма ретiнде ақпараттық-тәжiрибелiк бағыттағы жұмысты атар едiм. Мұнда жергiлiктi бұқаралық ақпарат құралдары өзiнiң еңбек құқығын қалай қорғау керек, бiлiмiн қалай толықтыруға болады деген сауалдарға жауап iздеген адамдарға кеңесшi рөлiнде қызмет атқарады. Жетiншiден, үкiметтiк емес ұйымдардың өкiлдерiне жеке тоқталғым келiп отыр. Бүгiнгi күнде бұл салада жарты миллиондай адам жұмыс iстейдi және жиырма мыңдай ұйым бар. Үкiметтiк емес ұйымдардың өкiлдерi – бұлар жақсы сарапшылар. Халық бұл топтың адамдарына да сенедi. Сiздер қарапайым халықтың әрi көмекшiсi, әрi кеңесшiсi болуға және қоғамдық бақылаушы болуға мiндеттiсiздер», – деп нақтылай кеткен министр БАҚ басшыларына арнайы үш мiндеттiң жүктелетiнiн де айта кеттi.
Мiндеттердiң бiрi – Олимпиада чемпиондарына қатысты. Лондон төрiнде қазақтың көк байрағын желбiреткен чемпиондарды өз дәрежесiнде насихаттай бiлу. Ал, екiншiсi 27-29 тамызда өтетiн халықаралық конференцияны кең тұрғыда көрсету болса, үшiншiсi – Конституция күнiне орай өтетiн халықаралық конференцияның мақсатын, мәнiн халыққа жеткiзу мәселесi.
Елбасының Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына өту идеясын әрбiр қазақстандықтың санасына сiңiру үшiн БАҚ өкiлдерiнiң қызметi қажет екенi белгiлi. Сондықтан бұқара халыққа Елбасы идеясын жеткiзу үшiн баспасөз беттерiнде, телеарналарда Еңбек Қоғамы туралы тұшымды ойлар, нақты тәжiрибелер көрсетiлгенi абзал. Осы орайда, баспасөз де, телеарналар да тыңғылықты дүниелер жасағаны жөн. Бұл жарияланымдар халықты жалқаулықтан арылтады, еңбек сүюге үйретедi, тiрлiк етуге талпындырады.
Гүлзина Бектасова