Ата Заңды ұлықтау – ұлтты ұлықтау

Ата Заңды ұлықтау – ұлтты ұлықтау

Ата Заңды ұлықтау – ұлтты ұлықтау
ашық дереккөзі
325

Конституциямызға биыл – 17 жыл толып отыр. «Конституция» деген ұғымның өзі латын тілінен аударғанда «құрылыс» деген мағынаны білдіреді екен. Бұл дегеніміз, Тәуелсіздігіне 20 жылдан асқан Алаш жұртының ел-жұрт болып бірігіп, өркениетті мемлекет болып құрылғанына – 17 жыл толды деген сөз.

Конституция – осыдан 17 жыл бұрын бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданған еді. Оған дейін, яғни Қазақ жұрты тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы 28 қаңтарда өзінің алғашқы Ата Заңын қабылдады. Өкінішке қарай, бұл Конституция ескі әкімшілік, әміршілдік ережелеріне сүйенген, әсіресе кеңестік демократия қағидаларына негізделіп жасалғандықтан, жаңа Қазақстанның өмір сүру талаптарына толығымен жауап бере алмады. Өйткені онда адам құқықтары мен бостандықтары, оларды жүзеге асыру қағидалары, басқару саласындағы демократиялық институттардың қызметі жете көрсетілмеген болатын. Сол себепті де, екі жылдан кейін Қазақстан өзінің жаңа Конституциясын қабылдаған еді. 1995 жылдың 30 тамызында қабылданған Конституция күні – бүгінде мемлекеттік мерекеге айналған. Еліміздің Ата Заңы жүздеген жылдар бойы қалыптасқан адамзат баласының жалпы құндылықтарын өз бойына сіңірді. Конституциямызда адамдардың табиғи құқықтары мен бостандықтары, билік институттарының демократиялық жолмен қалыптасуы мен дамуы, Қазақстан аумағында азаматтық қоғам құру туралы дүниежүзі таныған прогрессивті идеялар негізі бекітілді. Бұл елімізде сан алуан идеологиялық, сенімдік, ұлттық, азаматтық ұжымдар мен топтардың бірлесіп бейбіт өмір сүруін қамтамасыз етуге бағытталған. Еліміздің Ата Заңының 3-бабының 1-тармағында мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық делінген. Халықты жоғары биліктің иесі деп тану халық суверенитетінің көрінісі деп тануға болады. Бұл құжат өзінің нормалары мен принциптерінің көмегімен ғана емес, бекітілген идеялары арқылы да қоғамды өркениетті елдердің қатарына жетелейтіні анық. Ендеше, біздің бүгінгі басты міндет – жеке тұлғалардың, қоғамдық ұйымдардың және мемлекеттік органдардың Республика Конституциясына деген дәстүрлі құрметін дамыту болары сөзсіз. Ел-жұрт өзінің Ата Заңын құрметтей білсе, ардақтай алса, онда Қазақ мемлекетінің алдыңғы қатарға шыққаны деп қабылдағанымыз абзал. Конституцияның 10 бабында – Қазақстан Республикасының азаматын ешқандай жағдайда азаматтығынан айыруға болмайды делінген екен. Конституцияның 11 бабында адам құқықтары мен бостандықтары әркімге тумысынан жазылған, олардан ешкім айыра алмайды деп те көрсетілген. Адамның құқықтары туралы жалпы декларацияның негізгі талаптарына сәйкес Негізгі Заңда адамның өмірге, жеке бостандыққа, өзінің жеке басын сыйлауға, жеке өміріне қол сұқпаушылыққа, отбасы құпиясын, ары мен намысын, қадір қасиетін қорғау құқығын көрсететін бірқатар басқа баптар да бар. Ең бастысы, Ата Заңымызда қаралған нормалар, тірлігі мен татулығы жарасқан барлық ұлттардың Қазақстан атты үлкен шаңырақтың астында алаңсыз ғұмыр кешуін қамтамасыз етіп отыр. Бүгінгі таңдағы әлем таныған Қазақстанның экономикасының өрлеп, үлкен табыстарға жетуі де – негізгі заңымыздың сарқылмас мазмұнының дәлелі дер едік. Тарихтан белгілі, Тәуке ханның тұсында «Жеті жарғы» дүниеге келген еді. Тәуке хан өзінің «Жеті жарғысы» арқылы қазақ хандығының ішкі әкімшілік, соттық, әскери, құқық салаларына кешенді реформа жасай білді. Оның реформасының да үлкен жемісі – билер кеңесі қабылдаған «Жеті жарғы» заңнамасы болған. Осы заңнама арқылы сол кездегі қазақ қоғамының бүкіл тыныс-тіршілігі, ерекшеліктері ескерілді. Осының арқасында, Тәуке хан есімі халық арасында әділ, парасатты патша ретінде сақталып қалды. Әрі Тәуке ханның өз дәуірінің алғышарттарына сай жүргізген реформасы, елдің бірлігі мен тыныштығын ғана қамтамасыз етіп қойған жоқ, сол кездегі Қазақ халқын бірнеше рет жұтып жіберуге дайын тұрған жоңғар аждаһасының қанды тырнағынан құтқара білді. Сол арқылы, елдік сақталды. «Жеті жарғы» елдің дамуының бас­ты алғышартына айналған еді. Ал бүгінгі қазақ елінің негізгі заңнамасы болып саналатын – Ата Заң да мемлекеттің тәуелсіздігі мен біртұтастығының басты кепілі. Сол себепті де, біз Ата Заңның қадіріне жете білуіміз керек Ата Заңды қадірлеу арқылы мемлекетшілдік сана мен тәуелсіздік ұғымын қастерлей білген жөн. Себебі, қазақ халқы Тәуелсіздікке бірден қол жеткізген жоқ. Бұл жолдарға жету үшін Алаш жұрты талай қасіретті, азапты жылдарды бастан өткерді. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айрылды. Қасықтай қаны төгілді, шыбын жанын құрбан етті. Бүгінгі ұрпақтың тарих қойнауына терең бойлап, ұлт пен мемлекеттің қалыптасуына ата-бабаларымыз бастан өткерген азапты жылдардың қандай болғанына баса мән бергені абзал. Мемлекеттік мерекеге айналған Констиуция күні жыл сайын еліміздің түкпір-түкпірінде сан алуан ірілі-ұсақты мерекелік шаралар өтетіні белгілі. Осы күні Ата Заңды қастерлеу – ерекше сипатқа ие болу қажет. Өйткені Кемелді Конституция – елімізді мекендеген ұлттар мен ұлыстардың ұдайы бірлікте болып, берекелі өмір сүруінің басты кепілі. Адамзаттық құндылықтарды қастерлей отырып, бірлігі жарасқан, ынтымағы бір мемлекетті қалыптастыру оңай емес. Қазақ халқы тәуелсіздіке қол жеткізген жиырма жылда талай белестерден, талай-талай асулардан өтті. Бүгінде Алаш жұртын барша әлем таныды. Қазақстан – өзінің экономикасын дамыту арқылы бүкіл әлемге жол ашты. Қазақстан спорттық белестерде де үлкен жетістіктерге қол жеткізе білді. Оның көрінісі – күні кеше ғана Лондон төрінде өткен ХХХ жазғы Олимпиада кезінде 12- орынға табан тіреуі еді. Қазақстанның бүгінгі Конститу­циясы еліміздің әрі қарай дамуы үшін мықты іргетас қалайды, бәрінен бұ­рын ол азаматтардың құқықтары мен бос­тан­дықтарының кепілдігінің күшеюіне бағытталған. Сондықтан бұл күні – жас ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеу үшін Қазақ елі жүріп өткен жолды саралай отырып, жеткен жетістіктерімізді еске алу, жақсылықтарымызды көрсету – әрбір азаматтың парызы болмақ. Өйткені елдің жеткен жетістігі – ол барша Алаш жұртының жеткен жетістігі деп білеміз.

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары