«САЯСИ ИФТАР»

«САЯСИ ИФТАР»

«САЯСИ ИФТАР»
ашық дереккөзі
239

Рамазан айында ораза ұстау мен қайырым жасаудың сауабы туралы әр мұсылман хабардар. Ал ораза ұстаушылардың басын қосып, дастархан жаюдан басқа дiн өкiлдерi қаншалықты сауап жинары бiзге беймәлiм. Дегенмен де соңғы он шақты жылда АҚШ бастаған алпауыт елдерде ифтардан дiни сауап болмаса да, саяси ұпай жинауға деген ниет бары байқалады. Бұл бiр жағынан, саяси шараға көбiрек ұқсаса да, екiншi жағынан әлемдегi ислам дiнiнiң ықпалы артып келе жатқанының жанама дәлелi болуы да мүмкiн.

ИСЛАМ ДIНI НАСИХАТЫ КҮШЕЮДЕ

Кей деректерге қарағанда, қазiргi таңда Америкада 7 миллиондай мұсылман тұрады. Соңғы жиырма-отыз жылда олардың санының күрт артуы байқалады. Елдiң қарулы күштер саласында ислам дiнiн ұстанатындар да баршылық. Осындай себептермен бе, әлде басқа саяси астары бар ма, әйтеуiр, Рамазан айы басталысымен, АҚШ Қорғаныс министрлiгi Пентагонда ауыз­ашар ұйымдастырған болатын. Салтанатты ифтарға 129 адам шақырылған. Олардың iшiнде мұсылмандар, америкалық әскери шенеунiктер бар. Осы елдiң қорғаныс министрi Леон Панетта сол ифтарда: «Бiздiң ұлтымыз бен бiздiң қарулы күштер барлық сенiм-нанымдағы америкалықтардың, оның iшiнде мұсылман америкалықтардың арқасында бұрынғыға қарағанда күшейе түстi», – дедi.

Осы орайда, АҚШ президентi Барак Обаманың екi жыл бұрынғы ауызашарда сөйлеген сөзiн еске түсiрудiң ретi келiп тұр. АҚШ президентiнiң айтуынша, Ақ Үйде осыдан 200 жыл бұрын бiрiншi рет ауызашар берiлген көрiнедi. 1805 жылы 9 желтоқсанда президент Джефферсон Тунис елiнiң елшiсi Сиди Солиман Меллимеллидi арнайы ас-су әзiрлеп, күн батқан соң қонақ қылған екен.

Тiптi 1765 жылы президент Джефферсон ағылшын тiлiндегi екi томдық Құран кiтабын өзiнiң жеке кiтапханасына сатып алған деседi. 1815 жылы құрылған Конгресс кiтапханасының негiзi осы кiтаптан қаланғаны айтылып жүр.

Ал бiзге белгiлiсi, Ақ Үй бұрынғы президент Джордж Буштың кезiнен берi тұрақты түрде жыл сайын кемi 200 адамға ауызашар ұйымдастырып, Рамазан айына құрмет-iзет бiлдiрiп жатады. Былтырғы ауызашар рәсiмiнде Барак Обама былай деген болатын: «Барлық америкалық миллиондаған мұсылмандар үшiн және әлемдегi миллиардтан астам мұсылмандар үшiн Рамазан – ойлану мен ыждақатты құлшылық етудiң уақыты. Бұл достар мен туыс-туғандармен бiрге өзiнiң санқырлылығымен, әдiлеттiлiкке және барлық адамдардың бойындағы iзгiлiкке үндейтiн дiни сенiмдi ұлықтаудың мүмкiндiгi. Сiздерге және сiздердiң отбасыларыңызға – Рамазан карим!».

Президентi Iнжiлдi ұстап тұрып ант беретiн елде Рамазан айын мемлекеттiк билiк өкiлдерi америкалық патриотизмдi насихаттау үшiн, халықты бiрiктiру үшiн ұтымды пайдалануға тырысады. Былтыр 10 тамызда өткен ауызашарға дипломатиялық корпус мүшелерi, Конгресс мүшелерi (оның iшiнде екi мұсылман конгресмен – Кит Эллисон мен Андре Карсон да болды) қатысты.

Былтырғы ифтардың 2001 жылғы трагедия құрбандарына арналуы да сондықтан. Сонда Обама бұл екi оқиғаның арасындағы байланысты былай деп түсiндiрген едi: «Бұл жылы да, одан әрi де, жылдан жылға бiз өзiмiзге мынандай сұрақ қоюымыз керек: бiз ол патриоттарды – қаза тапқандарды да, тер төгiп, еңбек етiп жүргендердi де қалай ұлықтауға тиiспiз? Осы еске алу сәтiнде берiлетiн жауап осыдан 10 қыркүйек бұрын айтылған жауапқа ұқсас. Бiз әлi де олар өмiр сүрген Америка, олар өмiрiн қиған Америка, олар құрбандығын арнаған Америка болып қала беруiмiз керек. Бұл Америкада әр түрлi нәсiл мен дiн иелерiне төзiммен қарап қана қоймайды: бұл Америкада бiздiң әрқилылығымыз бiздi одан әрi байыта түседi» деген ой айтты.

«РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ИФТАР» – 16 ТАМЫЗДА

Жақында ғана Кремльде Ресей Мүфтилер кеңесiнiң төрағасы шейх Равиль Гайнутдин РФ президентi жанындағы дiни бiрлестiктермен ықпалдастық жөнiндегi кеңес отырысына қатысқан. Ресей президент әкiмшiлiгiнiң жетекшiсi Сергей Ивановтың басшылығымен өткен жиында шейх Гайнутдин түрмелерде отырған молдалардың азаматтарға кездесiп, уағыз-сұхбат өткiзу үшiн көптеген кедергiлерге тап болатынын айтып, шағымданды.

Осының өзi Ресейдегi ислам дiнiнiң кеңiнен қанат жаюына тосқауыл бар екенiнiң бiр дәлелi сияқты. Гайнутдин «Тәрбие-рухани жұмысын жақсарту үшiн Федералды түзету жүйесiнде жұмыс iстейтiн имамдарымызға белгiлi бiр ресми статус берiлуi керек деп санаймыз» деп мәлiмдедi сол жолы.

Кремльде болмаса да, Ресейдiң көптеген аймақтарында тұрақты түрде ауызашарлар өткiзiлiп жатқаны туралы хабарлар бар. Мысалы бiр ғана Нижегород облысында Мұсылмандардың дiни басқармасы Орталық мешiтте күн сайын 40 шақты адамға арнап дастархан жайып, ауызашар ұйымдастырады.

Көршi елдегi оразаның берекетi Татарстан Республикасында айрықша аңғарылады. Бұл аймақта жыл сайын Республикалық ифтар өткiзiлiп жүр. Соңғы мәлiметтерге қарағанда, биылғы Республикалық ауызашар 16 тамыз күнiне белгiленiп отыр. Бұл ифтарға 3000-дай адам жиналады деп жоспарланған. Былтырғы ифтарға мыңнан астам адам жиналған, соған қарағанда жергiлiктi басшылық ифтарды ауқымды қоғамдық оқиғаға айналдыруға ниеттi сияқты.

ХРИСТИАНДАР ДА АУЫЗ АШАДЫ ЕКЕН…

Ифтар жылдан жылға жаһандық саясатта астарлы мағынаға ие болып келе жатқандай. Мысалы Нигерияда Сұлтан мешiтiнде биыл Рамазан айы бойы ауызашар рәсiмiн христиан дiнi өкiлдерiмен бiрге өткiзуге уағдаласқан. Ұйымдастырушылар береке мен рақым айы екi дiн арасын жақындатып, адамдар арасындағы түсiнiстiктi тереңдетедi деп сенедi. Статистикалық мәлiметтерге қарағанда, Нигерия тұрғындарының 55 пайызы мұсылман дiнiн ұстанса, 40 пайызға жуығы – христиан дiнiнде.

Осыған ұқсас талпыныс Американың өзiнде де бар. Мысалы жақында ғана (27 шiлдеде) Калифорния штатында қалалық мұсылман орталығында жергiлiктi шiркеу мұсылмандарға арнап ифтар ұйымдастырған. «Христиандар ас-су әзiрлеп қана қоймай, бiзбен бiрге ауыз ашады, одан соң бiзбен бiрге құлшылық етедi», – дейдi сол жердегi мұсылмандар өкiлi.

Ал Ұлыбританияда жергiлiктi мұсылман­дар ауызашарды өздерi ұйымдастырып, оған қадiрлi қонақ ретiнде Британ сыртқы iстер министрлiгi қызметкерлерiн шақырған. Алистер Берт пен Эндрю Митчелл атты ағылшын шенеунiктерi Islamic Relief үкiметтiк емес ұйым ұйымдастырған ифтарға қатысып қана қоймай, ағылшын үкiметiнiң мұсылман ұйымы мұрындық болған қайырымдылық акциясына да атсалысатынын мәлiмдеген. Осы акция аясында жиналған қаржыға Пәкiстан мен Бенгладеш сияқты аймақтардағы мұқтаждарға, жетiм балаларға көмек көрсету жоспарланған.

АҚШ ХИДЖАБ КИЮДI ҚОЛДАЙ МА?

Египеттiң президентi Мұхаммед Мурси 29 шiлде күнi Қарулы күштер клубында өткен ифтарға арнайы барып, әскерилермен ауызашарда бiрге болды.

Бұлардан бөлек, Францияның сыртқы iстер министрлiгi де биыл арнайы ауыз­ашар рәсiмiн ұйымдастырғаны жөнiнде хабар бар. Бұған дейiн мұсылман әйелдердiң киiмiне байланысты дау-жанжал шыққан еуропалық елдерде Рамазан айының мән-мағынасын iштей болса да мойындаудың көрiнiсi сияқты.

Айтпақшы, тамыз айының басында АҚШ Мемлекеттiк департаментi 2011 жылдағы әр түрлi елдердегi дiни бостандықтың жағдайы туралы баяндама жариялады. Бұл баяндамадағы бiр жаңалық – дiни наным-сенiм бостандықтарын аяққа таптаған елдердiң қатарында АҚШ бұл жолы Ресей, Қытаймен қатар Еуроаймақтың кейбiр елдерiн де атайды. Бiр сөзбен айтқанда, Вашингтон Франция мен Бельгияны мұсылман әйелдерге қоғамдық ортада хиджаб, нихаб киюге тыйым салғаны үшiн айыптап отыр.

Вашингтонның НАТО-дағы өз одақтастарын «азаматтардың дiни наным-сенiм бостандықтарын аяққа таптауда» деп айыптауы – жақын болашақта жаһандық саясаттағы исламға деген көзқарастың өзгеруiнiң басы болуы мүмкiн бе?

ҚАЗАҚ ШЕНЕУНIКТЕРI

АУЫЗАШАР ӨТКIЗЕ МЕ?

Соңғы жылдары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан Алматы қаласы әкiмшiлiгi арнайы ауызашар өткiзiп жүр. Былтыр А.Есiмов ұйымдастырған ауызашар дастарханына Алматы қаласының зиялы қауымы бастаған 400-ден астам адам жиналған едi.

Биыл Астанада Елбасы ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти шейх Әбсаттар қажы Дербiсәлi, Астана қаласының бас имамы Қалижан қажы Заңқоев бастаған имамдарды және лауазымды тұлғалардың басын қосып, ауызашар өткiздi. Бұл дастарқанды Елбасы елiмiздiң мұсылман жұртына көрсетiлген құрмет деп қабыл алуды, ата-бабамыз ұстанған салт-дәстүрiмiзге сiңген асыл дiндi кеңiнен насихаттауды, «изм» тiркестi ағымдарға тосқауыл қою қажеттiлiгiн баса айтты.

Бұл орайда, Қазақстан мұсылмандары дiни басқармасы бастап жергiлiктi мешiттерде, Алматы мен Астана қалала­рын­дағы барлық мешiтте күн сайын ауызашар дастарханы жайылып, дiни уағыз, рухани әңгiме айтылатыны көңiл жұбатады.

Бiрақ Президенттiң өнегесiмен, дамыған елдердiң үлгiсiмен қазақ шенеу­нiктерi, министрлiктер Рамазан айында ресми ифтар өткiзе ме? Әзiрге тек қазақ шенеунiктерiнiң iшiнде Мәдениет және ақпарат министрi Дархан Мыңбайдың Алматы қаласындағы зиялы қауым, өнер қайраткерлерi мен республикалық БАҚ басшыларын дастархан басында жинап, әруақтарға Құран оқытып, игi ниеттi iс тындырғанынан хабарымыз бар. Д.Мыңбай мәдениет және ақпарат салала­рында атқарылар болашақ жос­парлар туралы әңгiмелеп, оны iске асыру барысында аға буын өкiлдерiнiң өмiрлiк, кәсiби тәжiрибесi аса қажет екенiн қадап айтты.

Тамыздың басынан берi Үкiмет мүшелерiнiң кезектi еңбек демалысына шыққаны белгiлi. Дегенмен де жер-жиһандағы мұсылмандарды рухани бiрiктiрген айда бiр рет ресми ифтар ұйымдастыру мемлекеттiк саясатқа қайшы келер ме едi? Әлде бұл азаматтық ұстанымға тәуелдi жайт қана ма?

Гүлбиғаш Омарова

Серіктес жаңалықтары