ҒЫЛЫМҒА ЖЕТЕЛЕЙТIН БАЙҚАУ
ҒЫЛЫМҒА ЖЕТЕЛЕЙТIН БАЙҚАУ
Балалардың жазғы демалысын тиiмдi әрi қызықты өткiзуге сеп болған бағдарлама табиғат пен қоршаған ортаны аялауға үндейдi.
Қазақстанда алтыншы рет өткiзiлген Республикалық «Балалардың экология бойынша тұрақты дамуға арналған бизнес жобалары» атты байқауда жеңiмпаз атанған отандық оқушылар жазғы демалыс кезiнде өздерi дайындаған жобаларын жүзеге асыруда. «Жастардың жетiстiгi» Балама бiлiм беру орталығының ҚР Бiлiм және ғылым министрлiгiмен, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық бiлiм академиясымен бiрге ұйымдастырған. Жобаның қаржылық демеушiсi – «Шеврон» компаниясы. 2012 жылы Қазақстанның 11 аймағындағы 14 балалар ұжымы өз жобаларын жүзеге асыруға мүмкiндiк алыпты. Грант сомасы – 100 мың теңгеге дейiн. Мектептегi жоспарлар пәндерiнiң интеграциясы мен бiлiм саласына қатысты барлық ұғымды бiртұтастыққа негiздейтiн бұл байқау экономика мен экологияны терең зерттеуге, шешендiк өнердi жетiлдiруге, ақпараттық технологияларды қолдануға, денсаулық сақтауға мүмкiндiк беретiн технологияны есепке алуға жағдай жасайды. Оқушылар қауымы мұғалiмдерiмен бiрлесiп, өз аймақтарындағы экологиялық проблемаларды зерттемек. Осының нәтижесiнде қиындықтан шығар жолды көрсетедi. Ең бастысы, балалар уақытты үнемдi пайдалану, тиiмдi iстермен шұғылдану және жат әдеттерден аулақ болуға үйренедi.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, балалар байқауын өткiзу барысында (6 жылда) қазақ және орыс тiлдерiндегi 643 жоба әдiлқазылар назарына ұсынылса, оның 76-сы «Шеврон» компаниясы тарапынан қолдау көрсетiлiптi. Ресми мәлiметтерге сүйенсек, барлық жобаның 40 пайызы әлi күнге жалғасын тауып келе жатқан көрiнедi. Оқушылар бастамасын жергiлiктi әкiмдiктер, демеушiлер қолдау көрсетуде. Олар жобаның белгiлi бiр бөлiгiн өз жауапкершiлiгiне алады екен. Жетiншi рет ұйымдастырылған байқау жеңiмпаздарын марапаттау салтанаты сәуiр айында Алматыда өткiзiлiптi. «Жастар жетiстiгi» орталығының атқарушы директоры Сандуғаш Құдайбергенова байқаудың басты мақсаты ғылыми шаралардың дәстүрлi жолын қазiргi өмiрге жақындата отырып, балаларға өз бастамаларын жүзеге асыруға мүмкiндiк беру екендiгiн жеткiздi: «Байқауда әрбiр қатысушының жекелеген қарым-қабiлетi ашылады, бiрге жұмыс iстеу тәжiрибесi, серiктестердi сыйлау, ортақ пiкiрге келу секiлдi жақсы қасиеттер түзiледi. Ал жобалардың идеяларының адами құндылықтарға толы болғаны соншалық тiптi ересектердiң өзi үлгi алуға тұрады». Жыл өткен сайын балалардың жұмыстары анағұрлым мәндi бола түссе, ғылыми және танымдық ақпараттарға толы көрiнедi.
Биылғы жеңiмпаздарға келсек, Қарағанды облысындағы Пионерское ауылының жетiмдер үйiнде тәрбиеленетiн балалардың «Қазақстан жерiнiң алтыны» (ауылдағы әлеуметтiк ахуалы төмен отбасыларға сеп болатын игi iс – көкөнiстер мен гүлдердi өсiру тәсiлi) жобасы, Астанадағы №62 мектеп-лицейдiң шәкiрттерiнiң «Экотуристiң соқпағы» (Қазақстанның қорықтық аймақтарындағы тұмса табиғат сұлулығын сақтау үшiн экологиялық соқпақтарды қалыптастыру және жүзеге асыру) жобасы, Ақмола облысына қарасты Шағалы қыстағындағы мектеп оқушыларының «Жергiлiктi жердiң ауа райын бақылау» (мектеп ауласынан географиялық алаңқай құрылысын салу, осылайша табиғат пен экологияны бақылап, ауа райы құбылысын қадағалау) жобасы, сондай-ақ Алматыдағы №71 мектеп-лицейi, №166 лицейi, Шығыс Қазақстан облысындағы Шалабай ауылындағы орта мектебi, Тараз қаласындағы «Дарын» мектеп-интернаты, Павлодар облысы Ақсу ауданындағы дарынды балалар мектебi, Қарағанды облысына қарасты Шахтинскiдегi гимназия, Солтүстiк Қазақстан облысындағы Дәуiт ауылының орта мектебi, Оралдағы «Жас эколог» қоғамдық бiрлестiгi т.б. тәлiмгерлерi жеңiске жеттi. Балалар байқауының ұйымдастырушылары шараның идеясы мен оны жүзеге асырылуы қазiргi заман балалары мен жасөспiрiмдерiне аса қызық әрi өз мүмкiндiктерiн компьютермен және ойын-сауықпен өткiзумен шектелмей, пайдалы да қоғамдық мәнi бар iс-шаралармен уақыт өткiзуге жетелейдi. Бұл балалардың болашаққа жоспар құруына, өмiрлерiн ұтымты ұйымдастыруға және басқаруға сеп.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ