32-НIҢ ОПАТЫ
32-НIҢ ОПАТЫ
Заманның заңғар жазушысы Шыңғыс Айтматовтың романдарында адамды есiнен, жадынан айырудың жан түршiгерлiк технологиясы туралы аңыз келтiрiледi. Оқырман қауымға кеңiнен таныс бұл шығармаларда жау қолына түскен тұтқындардан ақыл-естен жұрдай, тек жұмсауға ғана көнетiн құлдық сананың иесi – мәңгүрттер даярлау операциясы туралы жазылады. Аңыздан туындайтын түйiнге келер болсақ, өзiнiң тарихи өткенi мен рухани тамырынан ажырап, әлеуметтiк-мәдени есiн жоғалтқан мәңгүрттер өзiнiң шығу тегi мен ұлттық-мәдени бiтiм-болмысынан да, өзiндiк санадан да, азаттық атаулыдан да ада болады. Жеке адам ғана емес, тұтастай халықтар мен ұлттардың, мәдениеттер мен ұлыстардың қатаң қанаушылық пен отаршылдық салдарынан тарихи жадынан айрылып, жойылып тынғаны да тарихтан белгiлi.Қазақ халқының тарихындағы қаралы беттердiң бiрi – осы отаршылдық тұсындағы табиғи жұттан емес, адами қолдан жасалған ашаршылық.
Бiрнеше ғасырларды қамтыған отаршылдық барысындағы рухани күйзелiстен кейiн тәуелсiздiгiне қол жеткiзген қазақ халқы өткен ғасырдың 80-жылдарының соңы мен 90-жылдарының басында ұлттық және тарихи сананың жаңғыруын бастан кешiрдi. Жетпiс жылғы тоталитаризм дағдарыс пен тоқырауға келген кезеңде, яғни горбачевтiк қайта құру заманында ұлттың тарихи өзiндiк санасы қайта оянып, тәуелсiздiк қарсаңында еркiндiктi көксеген идеялар бiрiнен соң бiрi бой көрсете бастады. Кеңестiк тоталитарлық тұтастықтың қабырғасын сөккен «Желтоқсан-86» көтерiлiсiнен кейiн iле-шала бейресми қоғамдық ұйымдар құрылып жатты. Ұзақ жылғы бодандықтың тымырсық ауасынан кейiнгi тәуелсiздiктiң самал лебiн сезiнгендей «Желтоқсан», «Азат», «Жерұйық» қоғамдық ұйымдарының елдегi демократияны дамытуға, тәуелсiздiктiң түбегейлi алынуына қосқан үлесi зор болды. Сондай-ақ бейресми халықаралық ұйымдар – «Невада-Семей», адам құқықтары жөнiндегi Хельсинки одағы, одақтық көлемдегi «Мемориал», «Чернобыль» ұйымы және т.б. республиканың саяси-әлеуметтiк өмiрiне белсене араласып кеттi. «Азамат», «Алаш», «Халық конгресi», «Қазақстан мұсылман әйелдерiнiң лигасы», «Аманат», «Қазақ тiлi» және т.б. партиялар мен қозғалыстар, бейресми шығып тұрған газет-журналдар тәуелсiздiк таңын жақындатты.
Мәскеу қаласында 1988 жылы сталиндiк қуғын-сүргiн құрбандарының есiмдерiн ақтап алу мақсатында құрылған «Мемориал» қозғалысы1989 жылы Алматыда «Әдiлет» тарихи-ағарту қоғамын құруға түрткi болды. Қазақстанда 1930 жылдары орын алған ашаршылықтың ақиқатын ашу С.О. Жандосов басқарған бұл қоғамның бағдарламасындағы негiзгi мәселелердiң бiрi болды. Осы бiрлестiктiң басқармасының мүшесi, тарихшы-мұрағатшы Марат Хасанаевтың аты шықты. Жалпы осы бiр кезеңдегi қоғамдық санада орын алған түбегейлi өзгерiстер тарихи тағдырдың тәлкегiмен ұмыт бола жаздаған ұлттық дәстүр мен мәдениеттi, тiл мен тарихи өткендi қайта жаңғыртумен сипатталды.Төл тарихты, елдiк дәстүр мен халықтық тағдыр-талайымызды танып-бiлуде тарихшылар қыруар жұмыстар атқарды. Осыған дейiн тыйым салынып келген архив құжаттары мен дерек көздерi ғылыми айналымға енгiзiлдi. Әсiресе Т. Омарбеков пен М. Қойгелдиевтiң есiмдерi сол кездегi оқырман қауым мен студент жастар арасында қуғын-сүргiн құрбандары болған қазақ зиялылары туралы шындықты мұрағат деректерi негiзiнде жариялаған тарихты жаңғыртушылар ретiнде есте қалды.
Бiздiң буынның жалындаған жастық шағы дәл осы буырқанған, жаңарған, өзгерген кезеңге тап келдi. әл-Фараби атындағы (ол кезде әлi С.М. Киров атында болатын) Қазақ мемлекеттiк университетiнiң 1-курс студентi болып жүрген кезiмiзде, яғни 1989-90 жылдары тарихи ақтаңдақтардың қайта қарала бастаған тұсында ұстазымыз, тарих ғылымдарының докторы, профессор Қамбар Атабаев «32-жыл» деп аталатын үйiрме құрды. Үйiрменiң мақсаты Қазақстанда осы отызыншы жылдары болған ашаршылық жайлы ащы шындықты бiлу, соған қатысты көзi тiрi адамдардан мәлiметттер, деректер жинау және жиналған деректердi жiктеп, жүйелеп, жариялау болатын. Үйiрменiң жұмысына шабыттана кiрiскен бiздер сауалнамалар құрастырып, диктофонмен, қаламмен қаруланып, мотоциклге мiнiп алып, жазғы каникулда ауыл-ауылды аралап мәлiмет жинағанбыз. Бүгiнгi күнi жиырма жылдың жүзiнен асқан уақытта сарғая бастаған бұл парақтар осыдан сексен жыл бұрынғы зобалаң заманнан сыр шертедi.
Бұл қиын-қыстау күндердi, ашаршылық пен қуғын-сүргiндi, сұрапыл соғысты бiздiң ата-әжелерiмiз, әке-шешелерiмiз бастарынан өткiздi. Аумалы-төкпелi сол заманның жаңғырығын бала күнiмiзде әжелерiмiзден еститiнбiз: «арпа-бидай ас екен, алтын-күмiс тас екен» деген заман болған, «елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» деген осы деп отыратын. «Қырық күн аш болғаннан ақыл сұрама», «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледi», – деп немерелерiнен көз жасын жасырып, әрi күрсiнiп, әрi құдайға шүкiршiлiк етiп отыратын. Бiз оған балалықпен мән бермеппiз. Кейiнiрек, жоғарыда аталған «32-жыл» үйiрмесiне қатысып, көнекөз қариялардан алынған сұхбаттардың барысында көп нәрсеге қанықтық. Мен сол кездерi Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданының кейбiр ауылдарын аралап, деректер жинап өткiздiм. Өзiмде осы 1990 жылы жиналған кейбiр мәлiметтер сақталып қалыпты: 1902 жылы туылған Сунақата ауылының тұрғыны Бекжұман Сәрсенбайұлы, 1903 жылы туылған Төменарық қыстағының тұрғыны Ермахан Сүттiбайұлы, 1903 жылы туылған Қожамбердi ауылының тұрғыны Көбен Құдияров, 1910 жылы туылған Жұлдыз қыстағының тұрғыны Құлабек Нарботаев, 1912 жылы туылған Қожамбердi ауылының тұрғыны Зөкен Мұсабаева сынды ата-әжелерiмiз халқымыздың басынан өткен бұл азалы күндердi өзектерi өртене отырып әңгiмелеген едi.
Бұл кәрия кiсiлердiң барлығы дерлiк қуғын-сүргiннiң де, ашаршылықтың да зардабын тартқан. Мысалы орта шаруалы Сүттiбаев Ермақан 300 қойынан, 10-нан астам iрi қарасынан айрылды, екi ағасының бiрi сотталып, Қарағандыда өлген, өзi кәмпескеленiп, Жаңақорған, Шымкент түрмелерiнде отырған, iстi болған жерiнен Алматыдан бiр татар жiгiтi уәкiл болып келiп, босатып жiберген. Екiншi мәрте сотталудан қорқып және аштықтан Тәжiкстанға қашып бас сауғалаған. Үш жыл Ұлы Отан соғысына қатысқан. Бекжұман Сәрсенбаев 12 жыл ауылнай, 15 жыл басқарма болған, Ұлы Отан соғысының ардагерi, КПСС мүшесi, ескiше де, жаңаша да сауатты болған. Парторг кезiнде аштарға ара түскенi үшiн, әйелiнiң қоймадағы астықтан алғаны үшiн сотталып, аудандық бiрiншi хатшы Байқановтың жаласымен Түркiстан түрмесiне қамалған. Мәскеуден келген Боровых деген орыс мұны ақтап алып, ауылына қайтып оралған бұл өзен жағасынан екi жерден шығыр орнатып, су шығару арқылы тары егiп, ол бiтiк шыққан, кейiннен басқарма болған. Құдиярұлы Көбеннiң әке-шешесi орта шаруа болғандықтан «кулак» деп айта ма деп Тәжiкстанға көшiп кеткен. Ал өзi ұжымдастыру жылдарында бригадир болған, бiрақ 1931 жылы екi адам болып, Сауранға дейiн жаяу, одан ары пойызбен қашып, әйел-баласымен Сталинабадта (Душанбеде) тұрады. Соғыста болмаған. 1910 жылы туылған Нарботаев Құлабек ауылдастарының барлығы ауып-көшiп жатқанда, бар малдан айрылса да, өз жерiнде қалған. Диқаншылықпен айналысқан әкесiнен қалған шағын дәулет өздерiне жететiн, оның үстiне өзi мерген аңшы болып, әулеттi асырай бiлген. МТС-та тракторшы, механик болып жұмыс iстеген. Зөкен әже де аштық жылдары ешқайда көшпеген, колхоздың жұмысында болған. Әкесi орташа болғанымен, 1933 жылы үйiнде еш мал қалмаған. Жұмыс iстегендерге атала берген. «Шалым екпiндi болып, аталаға тоқ болдық» дейдi. Бiрақ әке-шешесi мен екi сiңлiсi сол кездерi өлген.
Бiздiң сұрақтарымыз олардың әлеуметтiк әл-ахуалы, ұжымдастырудың қалай жүзеге асқаны, қандай шаруашылық бiрлестiктердiң болғаны, ашаршылықтың қай жылы және қалай болғаны, оның барысы мен себеп-салдарлары, белсендiлер мен өнерлi беделдi адамдардан кiмдердiң болғандығы, бас көтерулер мен ол жайлы өлең-жырлардың бар не жоқ екендiгi төңiрегiнде болды. Бiз бұрынғы қатаң цензураның босаңсыған тұсында қариялардың осы ашаршылық пен қуғын-сүргiн туралы өз пiкiрлерiн бiлуге де тырыстық. Бұл кiсiлер де тартынған жоқ, уақыт өрнек салған әжiмдi жүздерiндегi ойлы жанарының астарынан бұлдыраған сағымдай, алыстан талып жеткен бейнелер түйдек-түйдегiмен сөз болып ағытылды.
Қарттардың айтуынша, бұл өңiрде 1928-29 жылдары iрi байлар кәмпескеленiп (конфискация, мал-мүлкiн тәркiлеу), орташаларға салық салынған, бас тартқандар жазаланған. Жазалауға iлiккендердi «қара тiзбе» деп атаған (Құлабек ақсақалдың айтуынша). Жәнiбек, Бидаш деген байлардың мал-мүлкi кәмпескеленiп, өздерi Оралға жер аударылған. Атақты Төлеу әжiнiң баласы Сапарбай Ауғанстанға ауып кеткен.
Жер-жерлерде белсендiлер бас болып, 15-20 адам қосылып артель, ТОЗ, МТС, серiктестiк, мойынсерiк, кейiнiрек колхоздар құрыла бастаған. Амандық, Әрiп, Әбсемет (бiрқұлақ), Бердеш, Iпән, Нәдiр, Нысанамбет, Ортай, Сейiлбек, Тайлан, Тойлыбек деген белсендiлер болған, жалпы «бұрынғы кедейдiң баласының бәрi белсендi болды» дейдi. Бұл төңiректе сол кездерi «Ленин», «Екпiндi», «Майшы», «Қандыарал», «Горняк», «Жайылма» деген колхоздар болған. Көпшiлiгi мақта егумен, кейбiрi темекi егумен айналысқан. Өмiр бойы малмен күнелткен халықтың бар малын сыпырып алғаннан кейiн, бұл шаруашылықтардың астық тектес өнiмдердi екпей, мақта немесе темекi еккенi де сол кездегi солақай саясаттың салдарынан болса керек. Оның үстiне, аштық жылдары көп адамдар мақтаның улы дәнi – шиiттен өлгендер де көп болған көрiнедi.
Сол маңдағы колхоздарда 12 бригада болған көрiнедi. Ұжымдастыруға дейiн көпшiлiгi орта шаруалы болғанымен, 1932 жылға қарай мүлдем малсыз қалған. Мал алынып, жұрт егiн еге бастаған. Жаппай ұжымдастыру мен индустриаландыруды жүзеге асыру үшiн «заготскот» (мал дайындау), «заготзерно» (астық дйындау), «живсырье» (шикiзат) деген салықтар салынып, әр үйге бiр сиырдан ғана қалдырған, кейiн оны да сауып отырған жерiнен тартып алатын болған. «Белсендiлер қолдарына үштiк темiр алып, үйдiң, пештiң iшiн, қаптарды тiнтiп, бар астықты ерiксiз тартып алып, қоймаға өткiзетiн. Қара тiзiмге iлiкпеу үшiн кейбiреулер астық орнына түйе бергендер де болған» (Құлабек ата). 5 келi астық тапса, оның 4 келiсiн тартып әкетедi екен. Тiптi ақыр соңында текеметiңдi түтiп, жүнiн өткiз деп қинайтын болған. «Майшы», «Қандарал» колхоздарында бригадалар құрылып, мақта егу үшiн жыңғыл, сексеуiлдi қолмен отаған, «ол кездiң тракторлары томарға сүрiнiп, жығылып қалатын», – дейдi Зөкен әже. «Жердi әркiмге бөлiп берiп жұмыс iстеткен, тазартқан жердiң томарын өздерiне отын қылып беретiн. Белсендiлер әбден құтырған, бәрiн жұмысқа жеккен, намаз оқығанды жалқаусың, жұмыс iстемейсiң деп сөккен». Жер қатты, егiн егу үшiн соқаға қосатын ат-көлiк болмаған.
Ауылнай болып қызмет iстеп, ақырында қудаланған Бекжұман ақсақалдың айтуынша, 1928 жылы 10-20 үйден артель ұйымдастырылған, 1929 жылы ел жаппай колхозға көшiрiлген, 1930 жылы заготскот желеуiмен халықтың қолындағы бар малды сыпырып алған, 1930-31 жылдары су деңгейi төмендеп егiн шықпаған, нәтижесiнде 1932 жылы жаппай ашаршылық болған.
Осы кезден бастап-ақ ауып көшiп кету (Ауғанстанға, Өзбекстанға, Тәжiкстанға, Түркiменстанға) басталған, сондай-ақ осы Жаңақорған өңiрiне басқа жерлерден, Арқадан, Торғайдан («Қарабатпақ», «Қарлай», «Батпаққара» деген жерлер айтылады) ауып келгендер болған. «Кiшi жүздiң Тамалары көшiп келiп, коллектив боламыз деген соң қайта ауып кеткен» (Көбен ата). Одан ертеректе «сiрә, бәлшебек пен Мекалайдың арасы болса керек, арқадан наймандар ауып келген» (Зөкен әже). Бұл ауып келгендердiң көпшiлiгi аштан қырылып қалған. Ал Тәжiкстан жақта тойыншылық болса керек, онда әр 10 бау бидай орғанға, 1 бауын бередi екен.
Халықтың бiршамасы күнкөрiс iздеп, кейбiреулерi балаларын тастап, оңтүстiкке қарай босқан. Тәжiкстан мен Өзбекстанға барып жан сауғалаған қазақтар елге тек 1960 жылдары ғана оралды. Аштық әрбiр қазақ отбасын жалмаған, сол маңайдағы басқа халықтар осыншалықты аштыққа ұрынбаған. Жолшыбай нәр татпай, қалжырап өлгендердiң мәйiттерiн көмусiз қалдырып кете берген осы дүрмектiң қатарында бiздiң аталас туыстарымыз да болған. Орта шаруалы болған атам Сәдiршiн барлық малынан айрылса да, егiн егiп туыстарын асыраған. Сонда да қуғын көрiп, аштан өлмес үшiн жердi ұра қылып қазып, iшiн өртеп, астық көмiп, өздерi Түркiстан маңындағы Қаратау бөктерiндегi Майдамталға қашқан. Астығын түнделетiп, есекпен тасып алатын болған. Ақырында өзi сол жерде өмiрден озып, әжемiз Ырысалды, әкем Меңлiбек, оның ағасы Маңлыбек Тәжiкстанға, Қорғантөбеге ауып кетедi. Меңлiбек те, Маңлыбек те сол жерден соғысқа аттанды.
Аштық жылдары адамдар даладан қыбырлаған жәндiк пен торғайдың тұқымын iздеп кезiп кеткен. Аң аулап, тұзақ салумен бiрге, есек етiн жеп, шөп терiп кеткендер де болған. «Пәлен жерде» (мысалы Аққұмда, 27-разъезде) адам етiн жептi деген хабарлар болған. Жұрттар кепесiнде жатып, Шиелiге барам деп, жолда қаңғырып кеткендер де өле берген. Үкiметтен ешқандай көмек болмаған. Қыста өлгендер көмiлмей, көктемде қар ерiп, тоң жiбiгенде топырлатып тоқтыша көмiле салған. Жаңақорған маңайындағы «Секретарь төбе», Алмалы маңындағы «Бала әулие» деген жерлерде осы жаппай аштықтан қырылғандар жерленген.
Мұндай жерлер тек осы өңiрде емес, аштық болған Қазақстанның басқа да жерлерiнде бар шығар. Бүгiнгi күнге дейiн осындай жерлерге ескерткiш-белгi қойылмай отыр. Бұл жан түршiктiрер айғақтар қоғамдық сананы қозғап, осы мәселелерге мемлекет мойнын бұруы тиiс. Ащы шындықтар айтылып, лайықты бағасын алуы керек. Ашаршылық құрбандарына арнап ас берiлiп, жаппай көмiле салған жазықсыз құрбандардың басына тас қойылуы қажет.
Бұл аштықтың шығу себебi неде деген сұраққа бiз сұхбатқа тартқан ақсақалдардың өзi дөп басып жауап берiп жатты. 1925 жылы Қазақстандағы билiк басына келiп, «кiшi қазан» науқанын ұйымдастырған Голощекиндi барлығы бiрдей «басты дұшпан» дейдi.
«Бәрi белсендiлерден қорқып, тыпыр етпейтiн, сол кездегi елеулi оқиға Қаратаудың терiскейiндегi, Созақтағы аққалпақтар көтерiлiсi едi. Маңқытай, Саңғыл, Көшей, Ақбике халықтары аштықтан өлгенше деп көтерiлдi, бiрақ арты қатты жазаланды», дейдi Ермахан ақсақал. Бұл кiсi Ақсүмбеден шыққан Сұлтанбек Қожанов, Қызылордада бастық болған Елтөре баласы Аралбаев сынды қуғынға ұшыраған азаматтарды мақтап, белсендiлердi даттап, мынадай екi ауыз өлең айтты: «Рүстемов, Абылаев – екпiнiң сенiң жауратқан, Аралбаев, Қожанов – ерлерiм шықты Қоңыраттан».
Халқымыздың тағдыры мен талайы бұралаң жолдан өткен тарихының қайғы мен қасiретке толы парақтары толығымен ашылып, тарихи әдiлеттiлiк орнықты деп айта алмаймыз. Осындай ақтаңдақтың бiрi – қазақ халқының басына 1932 жылы түскен ашаршылық. Ежелден көшпендi халықты, зорлықпен отырықшыландыру, тәркiлеу, «азық даярлау», «мал даярлау», «жүн даярлау» деген науқанмен қазақтар барлық мал-мүлкiнен айыру табиғи-материалдық ресурстар мен мал шығынын айтпағанда, белгiлi демограф М. Тәтiмовтың есептеуiнше, қазақ халқының жартысына жуығы (3 млн-нан астам адам) аштан қырды. Бұл нәубет қазақ тарихының қасiреттi беттерiнiң бiрi ретiнде сақталып қалған «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламадан» да асып түскен зұлмат болды. Ерiксiз жаппай ұжымдастырудың, индустриалдандырудың нәтижесiнде күн көрiс көзiнен айрылған қазаққа қолдан жасалған бұл нәубеттi тұтас ұлтқа қарсы геноцид деп тұжырымдауға болады. Ол солай жарияланды да.
Ашаршылықтың 60-жылдығында, яғни 1992 жылы осы мәселенi арнайы зерттеген Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесi Төралқасының комиссиясы өзiнiң қорытындысында былай деп жазды: «Қазақ елi аштықтан және соған байланысты iндеттерден, сондай-ақ табиғи өлiм деңгейiнiң үнемi жоғары болуынан 2 млн. 200 мың адамнан, яғни барлық қазақ халқының 48 процентiнен айрылды». Ашаршылықтан Қазақстанда қазақтардың үштен бiрi ғана қалды. Шын мәнi саяси бүркемеленгенiмен бұл ашаршылық «қызыл қырғын», «голощекиндiк геноцид» деген атауға ие. Сол сияқты Украина үкiметi де 1932-33 жылдарда осы елде болған ашаршылықты БҰҰ деңгейiнде геноцид ретiнде танытуға тырысып келедi. Голодомор деген тұрақты терминге айналған бұл қырғынды отыздан астам ел геноцид ретiнде мойындаған.1932 мешiн жылы болған бұл зұлмат ХХ ғасырдағы адамзат баласына қарсы жасалған ең өрескел қылмыстардың бiрi болып саналады. Ел басына төнген бұл зобалаңды бастан кешпеген қазақ отбасы кем де кем шығар. Қазақстан Республикасының Президентi Нұрсұлтан Назарбаев та ашаршылықтың 80 жылдығын атап өту керектiгiн баса айтты. Егер ашаршылық болмағанда, қазiр iрi халықтардың бiрiнiң қатарында болатындығымызды айтып, өкiнiш бiлдiрдi.
Оның үстiне, қырғын ашаршылықпен сипатталатын бұл зұлмат жаппай қуғын-сүргiнмен қатар жүрдi. Кеңестiк идеология еркiндiк пен бөтен ойлаушылықты аяусыз жазалап, бодандық пен тоталитарлыққа көнбiс сананы тәрбиелеуге тырысты. Қуғын-сүргiн жылдары халықты ұлт ретiнде ұйытуға тырысқан қазақтың бетке ұстар қаймақтары қамауға алынып, жер айдалып, атылып кете барды. Кеңестiк саясатты жергiлiктi жерлерде кеше кiсi қолына су құюға жарамай жүрген сауатсыз жарлы-жалқыбайлардан шыққан шолақ белсендiлер жүзеге асырды. «Аша тұяқ қалмасын, асыра сiлтеу болмасын» деген ұранды жамылып, бұл ұрдажық белсендiлер өктемдiк пен зорлық-зомбылықтың, жалақорлық пен пәлеқорлықтың түр-түрiн көрсеттi.
Биыл осы қолдан жасалған Жұт – Ашаршылыққа 80 жыл толды. Оның бейкүнә құрбандарына Астанадан ескерткiш ашылды. Бұдан былай 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргiн және ашаршылық құрбандарын еске алу күнi ретiнде атап өтiлетiн болады. Иә, келер ұрпақты тәрбиелеу үшiн, кейiнгi қоғамға дұрыс, бұрмаланбаған тарихты қалдыру үшiн, тарихтың тақсыреттi тағылымынан сабақ алу үшiн бiздiң жазушылар, тарихшылар, режиссерлер мен ғылыми қызметкерлер осы ащы шындық туралы айтуы, жазуы, түсiруi керек. Үлкен қайғы-қасiретпен сипатталатын халқымыздың бұл қаралы күнiн жекелей адамшылық тұрғыда болсын, жалпы мемлекеттiк тұрғыда болсын аза тұта бiлуiмiз керек.
Бiр ғасырдың iшiнде, тарихи салыстырмалы түрде аз ғана уақыттың арасында бiрнеше соғыстармен, аштықтармен, қуғын-сүргiндермен сипатталатын орсан зор сiлкiнiстердi бастан өткiзiп, «мың өлiп, мың тiрiлген» халқымыздың мұндай нәубеттен қалай аман қалғанына таң қалмасқа шараң қалмайды. Мұның бiр себебiн қазақтың үнемi жақсы сөз айтып, амандық тiлеп, дұға қылатын дархан көңiлi мен кең пейiлiнен көрiп, бүгiнгi ысырап пен астамшылдық үшiн тәубеге келiп, үнем мен қанағатты, обал мен сауапты ойлап, тәуелсiздiгiмiз бен еркiндiгiмiз үшiн шүкiршiлiк еткен жөн болар.
философия ғылымдарының докторы