АНА ТIЛIМ – АЙБАРЫМ
АНА ТIЛIМ – АЙБАРЫМ
«Адамның екi нәрсе тiрек – тегi,
Бiрi – тiл, бiрi – дiл жүректегi»
(Жүсiп Баласағұн)
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Он бес жылда аюға да тiл үйретуге болады ғой!» деп ашынған сөзiн естiп қуанышқа бөленгенiмiзге де бес жылдай уақыт болыпты. Елбасы екi сөйлемесе керек деп, бұдан былай қазақ тiлiнiң мәселесi тез шешiлетiнiне шындап сенгенбiз. Өйткенi қолымызда Заңызым бар, президенттiң тапсырма iспеттес сөзi бар, алдағы уақытта қазақ тiлiне тұмсығын шүйiрiп қарайтын шенеунiктерге аяусыз соққы берiледi, мемлекеттiк тiлдi бiлмейтiн сырттан келгендерге ел азаматтығы оңай берiлмейтiн, лауазымды қызметтерге тағайындалмайтын, президенттiк сайлауға түсудi түсiнде де көрмейтiн болды ғой деп үмiттенгенбiз. Өкiнiшке қарай, мұның бәрi бiз күткендей болмай отыр.
Бiзден басқа посткеңестiк елдерде ұлттық тiлдiң арнайы мәселе етiп қойылуы тоқталғаны қашан?! Оған негiзгi себеп, бiз алғашқы «Тiл туралы» Заңды қабылдаған кезде солқылдақтық таныттық. ТМД мемлекеттерiнiң көпшiлiгi тәуелсiздiкке ие бола салысымен мемлекеттiк тiл мәртебесiн бiрден, өзге ұлт өкiлдерi қыңқ етпейтiндей етiп заңдастырып алды. Мысалы, жартылай орыстанып кеткен Балтық жағалауы мемлекеттерi «Бiздiң тiл ұнамаса, өз Ресейлерiңе кетiңдер, еш кедергi жоқ» деген талап қойды. Мұндай шешiмге ешкiм қарсылық көрсете алмады. Ол ол ма, iргемiздегi Ресейде, Өзбекстанда, Түркияда т.б. көптеген мемлекеттерде мемлекеттiк тiлдi бiлмесең ел азаматтығын ала алмайсың.
Кез келген ұлттық мүдденi қорғаудың бастауында тiл жатыр. Ендеше, қазақтың ұлттық мүддесiн, тәуелсiздiгiн қорғаудың жалғыз жолы – өз елiнде қазақ тiлiнiң үстемдiгiн орнату, оны дамытуға бар мүмкiндiктi пайдалану.
Рас, ұлттық тiл жайында мәселе қозғап, оны үйрету жолында нанын та-уып жүргендер аз емес. Әр облыс, аудан орталығында жеткiлiктi. Десек те, өздерiнiң ұсыныс-пiкiрлерiн қолында билiгi барларға тiкелей шығып, жандарына бататындай етiп, батыл айтатын нағыз ұлтжанды адамдар болмаса, басқа зиялы қауымның бетке тұтарлары не сөзiмен, не қаржылай көмектесiп жатқандары санаулы ғана.
Азаттықтың таңы атқан 20 жылдың көлемiнде тiл тағдыры туралы жазылған осы үшiншi жанайқайым. Айналамдағылардың кейбiрi: «Жазылып, әбден айтылып жауыр болған сөздердi қайталай бергенiңнен не шығады?! Құлақ асып жатқан кiм бар», – дейдi. Мен қарсылық бiлдiрем: «Сонда қалай, тiл мәселесi қазақтардың өмiр бойғы шешiлмейтiн арманы болып қала бермек пе? Ана тiлiне жаны ашитын әрбiр азаматтың қолынан қаламы түскенше жазудан да, айтудан да жалықпайтын қасиеттi парызы. Өйткенi қазақтың болашақта бiржола жойылуы, не өмiр сүруi тек тiлiне байланысты».
Тiлiн дамытамын, оның абыройын асырамын деген ел ең алдымен баспасөзiне қамқорлық жасайды, ал тiлiне сенген қоғам – болашағына да сенiммен қарайды, өзiн әлемге таныта бiледi. Ал Қазақстан билiгi қазақ тiлiнiң қолдану аясын кеңейту, оны игерту мәселесiн тағы да 10 жылға шегерiп тастады. Бұдан асқан немқұрайлылық болмайтын шығар. Осы тұста «үш тұғырлы тiл» деп айдар тағып жүрген мәселеге орай өз пiкiрiмдi де айта кетпекпiн.
Әлбетте, жастарымыздың ағылшын, араб, қытай т.б. тiлдердi игеру арқылы әлем мәдениетiне, ғылым-бiлiмiне есiк ашуы үлкен абырой. Десек те, ең алдымен тiлiн ана тiлiнде сындырып, ана тiлiнде жазып үйренбеген жасөспiрiмге басқа тiлдердi тықпалау қылмысқа барабар iс. Сонда ана тiлiн жете бiлмейтiн сәбиге қазақ тiлiнiң қыры мен сырын бойына қашан сiңiртемiз? Кеңес Одағының өзiнде бiздерге шет тiлiн бастауыш кластан кейiн ғана үйрете бастаған. Бүгiнгi Жапонияда т.б. өркениеттi елдерде бүлдiршiндерiн 12 жастан кейiн ғана өзге тiлде оқыту дәстүрi қалыптасқан. Одан жапондардың ғылымы, iлiмi, техникасы ешкiмнен кем қалмағанын бiздiң шенеунiктердiң көрмей, бiлмей отыруы мүмкiн емес. Ендеше сол үрдiстен неге үлгi алмаймыз, неге бiз жөнсiз ұрандауға құмармыз?!
«Бiздiң мiндетiмiз – 2017 жылға қарай мемлекеттiк тiлдi бiлетiн қазақстандықтар санын 80 пайызға жеткiзу. Ал, 2020 жылға қарай олар кемiнде 95 пайызды құрауы тиiс», –деген болатын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзiнiң Қазақстан халқына 2011 жылғы жолдауында.
Бұл айтуға жеңiл болғанымен, жауапкершiлiк жүгi ауыр мiндеттердiң бiрi екендiгiн ескерген жөн. Өйткенi 2020 жылға дейiн қоғамда қандай өзгерiстердiң болатынын ешкiм болжай алмайтыны шындық. Әлi талай шалажансар бағдарламалар түзiлiп, оған милиардтаған қаржы ысырап болуы ықтимал.
Тiл – ұлттың ар-намысы, еркiндiгi мен үстемдiгi. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов тiлдiң дамып, өркендеуiнiң шартын: «Оқыту – оқу-жазу – зерттеу және қолдану», – деп соқырға таяқ ұстатқандай көрсетiп кеткен болатын.
Осы жоғарыда жазылған мiндет-нұсқауды iске асыру үшiн нақты қандай шараларды басшылыққа алу керек деген түйiндi сөзiмiздi айтар болсақ:
Бiрiншiден, қазақ тiлiнiң қоғамдағы қажеттiлiгiн күшейту керек. Мемлекеттiк тiлге деген бүкiлхалықтық қажеттiлiктi тудырмай ұшпаққа шығамыз деу бекершiлiк. Тiлге қажеттiлiк, сұраныс болған жерде кез келген тiлдi қысқа уақытта-ақ меңгеруге болатыны әлемдiк тәжiрибеде дәлелденген. Алысқа бармай-ақ, елiмiзде ағылшын тiлiн 3-4 айда-ақ үйренiп алғандар баршылық. Осыған орай қосымша айтарымыз, парламент, үкiмет отырыстары тек қазақ тiлiнде өтiлуi заң тұрғысынан бекiтiлуi тиiс.
Екiншiден, тiлдi тез үйрену үшiн оқып немесе жаттап алу жеткiлiксiз. Бұл тұжырымымызға Бернард Шоудың «Тәжiрибеде қолданылмаса, тек оқу арқылы тiл үйрену мүмкiн емес» деген сөзi дәлел. Ол үшiн қазақ тiлiнде сөйлеп,араласатын орта қажет. Оны iске асырудың жолы – қалаларда қазақ мектептерi мен балабақшалардың санын көбейту керек. Бұл iсте жасқаншақтық, оралымсыздық таныту ұлт алдында кешiрiлмес күнә.
Үшiншiден, мемлекеттiк тiлдi бiлу әсiре марапатқа негiзделмеуi тиiс. Кезiнде орыс тiлiн үйренгенiмiз үшiн бiзге ешкiм көк тиын берген емес. Керiсiнше, орысша жазып, сөйлей алмайтындар ЖОО-на түсе алмады, жоғары лауазымды қызметке тағайындалмады. Елiмiзде бүгiнгi таңда қазақ тiлiн тегiн оқыту орталықтары 2005 жылдағы 8-ден 2010 жылы олардың саны 101-ге жетiптi. Осы оқу орталықтарының партасына жалынып отырғызғандардың жағдайын айтар болсақ, жасамыстары: «Қарағым, бiздi қинап не қыласың, зейнеткерлiкке шығуға көп қалған жоқ» десе, жастар жағы: «Бiзден қазақ тiлiндегi бiлiктiлiгiмiздi талап етiп жатқан ешкiм жоқ, орыс тiлi мен ағылшын тiлiн қаншалықты бiлетiнiмiздi сұрайды», – дейдi. Тегiн оқыту орталықтарын түбегейлi қайта құруға тиiспiз.
Төртiншiден, «Мемлекеттiк тiл туралы» жаңа тұрпатты Заң қабылдау керек. Сол заңда мемлекеттiк тiл нормаларының сақталуын қатаң қадағалайтын Бақылау комиссиясы ашылса құба-құп болар едi. Ол комиссияның құзыретi өте жоғары болуы керек, тек ҚР Бас прокурорына ғана бағынуы тиiс. Өз халқынан құқықтық қолдау таппаған қай құжаттың да күшi әлсiз болмақ.
Бесiншiден, күллi қазақ тiлi жанашырларының зор құрметiне бөленген «Қазақ тiлi» қоғамының бүгiнде бар, жоғы белгiсiз. Оның себебi бiреу-ақ: Қолдарында тiл заңнамаларын бұзғандарға қарсы шара қолдану тетiгi жоқ. Жаңа қабылданатын Заңда осы қоғамның заңдық құқығын жоғары дәрежеге көтеру мәселесi қарастырылуы қажет-ақ.
Көпшiлiктiң көптен берi көкейiнде жүрген осы түйткiлдi мәселелер «ұзын арқау, кең тұсауға» салынбай өз шешiмiн тапса, қазақ тiлi 10 жылда емес, 2-3 жылда-ақ проблема болудан қалар едi. Тек бәрi де қатаң заңдылық тұрғыда iске асырылуын естен шығармаған абзал.
Сөздiң қорытындысын ҚР Президентi Н.Назарбаевтың БАҚ өкiлдерiмен болған сұхбатында айтқан сөзiмен аяқтауды жөн көрiп отырмын:
«Бiз бүкiл қазақстандықтардың басын бiрiктiретiн басты фактор – мемлекеттiк тiл, қазақтардың туған тiлiн дамыту үшiн барлық күш-жiгерiмiздi жұмсауымыз керек».
еңбек ардагерi