ҚАРАҒАНДЫ АЖАРЫ:
ҚАРАҒАНДЫ АЖАРЫ:
Қарағанды әкiмшiлiгiнiң баспасөз қызметiнiң хабарлауы бойынша, бұған дейiн жермен-жексен болған «Бесоба» тұрғын үй кешенiнiң орнына салынатын жаңа тұрғын үй кешенiнiң эскиздi жобасы жасалынған.
«Жаңа тұрғын үй эскиздi жобасы дайын болды. Оны қалай атауды кейiнге қалдырдық делiнген», – баспасөз мәлiметiнде.
Қарағанды қаласының әкiмi Бауыржан Әбдешевтiң айтуына қарағанда, билiк қала әкiмшiлiгiнiң жаңа үйлер құрылысына арналған қордан қаржы бөлу туралы өтiнiшiне құлақ асқан көрiнедi. Қазiргi сәтте қала бюджетiнiң қаржысына жобалау-сметалық құжат жасалып жатыр. Құжат Мемлекеттiк сараптамадан өткеннен кейiн, қазан айының соңына қарай жаңа үйлер құрылысына арналған қордан 5,6,7 үйлер тұрғындарына арналған тұрғын үй құрылысы бой көтере бастайды. Сонымен қатар, үлескерлерге арналған, алайда құрылысы аяқталмаған 3,4 үйлердiң де құрылысына қаржы бөлiнiп отыр. Пәтерлердiң көлемi сақталатын болады.
«Бесоба» шағын ауданындағы үйлердi апатты жағдайда деп тану үшiн ведомствоаралық комиссия өз жұмысын бастағалы бiраз уақыт болды. Тұрғындарға пәтерлердi босату үшiн бiр ай уақыт берiледi. Олар уақытша 14 шағын ауданның №45,47 үйлерiнде тұратын болады. Ал мүлдем құлап қалған 7-шi үйдiң тұрғындарына Шахтерлар көшесiнде жаңадан бой көтерген 35 үйден пәтерлер ұсынылып отыр, бұл үйдi 10 тамызда аяқтау жоспарланған.
Лондонда Олимпиада ойындары басталысымен, қарағандылықтар қазақстандық спортшыларды қолдау мақсатында флэш-моб ұйымдастырды. Мыңдаған қарағандылықтар Тәуелсiздiк ескерткiшiне келiп, олимпиаданың бес сақинасының белгiсiн салып, бес шеңбер жасап тұра бастады. Олар бұл шеңбердi кезек-кезек жасап отырды. Флэш-мобқа қатысушыларға көк, қара, қызыл, сары және жасыл түстi бандандар таратылып берiлдi. Соңында бұл түстер Қазақ елiнiң туының түсi – Көкке ауысып отырды.
Қарағандыда iшкi iстер департаментiнде IIБ-ның қызметкерлерiн кезектен тыс аттестаттаудан өткiзу бойынша өңiрлiк аттестациялық комиссияның бiрiншi отырысы өттi, деп хабарлады Қарағанды облысы IIД-нiң баспасөз қызметi. Қарағанды қаласы iшкi iстер басқармасының 122 қызметкерi әңгiмелесуден өттi.
Жүргiзiлген тексеру мен сынақтардың нәтижелерi бойынша 4 қызметкер қызметтерiн жоғарылатуға ұсынылды, 99-ы – қызметтерiне сай деп танылды, ал 16 қызметкер iшкi iстер органдарынан шығарылуға ұсынылды. Олардың кәсiби дайындықтары талаптарға сай келмейдi.
Кезектен тыс аттестаттау жалғасуда.
Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданы Көкпектi ауылдық округiнiң әкiмi Мейрам Қарасартов былапыт сөздердi қолданғаны үшiн қызметiнен босатылды. Бұқар жырау ауданы әкiмдiгiндегi жиналысқа кешiккен шенеунiк есiк алдында отырған күзетшiмен сөзге келiп қалады. Ол ол ма, ауылдық округ басшысы маңызды жиналысқа араққа сылқия тойып келген екен. Мұндай дөрекiлiктi байқаған аудан әкiмшiлiгiнiң мамандары Қарасартовтан ауруханаға барып, медициналық тексеруден өтуiн сұрайды. Бұған көнбеген әкiм былапыт сөздi қарша боратады.
Бұқар жырау ауданы әкiмшiлiгiнiң мамандары әкiмнiң аузынан шыққан сөздердi жазу құралына түсiрiп, полицияға шағымданған. Аудандық соттың мәлiмдемесiне жүгiнсек, мұндай жағдайда полиция өкiлдерi айыптыға қатысты қылмыстық iс қозғамайды. Десек те, Көкпектi ауылдық округiнiң әкiмi Мейрам Қарасартов сот алдында жауап берген. Бұқар жырау аудандық соты мәдениетсiздiк танытып, өзге адамдардың ар-ожданына кiр келтiретiн сөздер айтқаны үшiн шенеунiкке 48540 теңге көлемiнде айыппұл салады. Әйтсе де, бұл шешiмге келiспеген әкiм облыстық сотқа аппеляциялық шағым түсiрген. Бiрақ Бұқар жырау ауданының әкiмдiгi Мейрам Қарасартов өз қызметiнен босатылатынын айтады. Өйткенi ел заңнамасына сәйкес сотталған азамат мемлекеттiк қызметкер атана алмайды.