ЕСIРТКI ТАСЫМАЛЫ: БҰЛ – ТӘУЕЛСIЗДIККЕ ТӨНГЕН ҚАТЕР
ЕСIРТКI ТАСЫМАЛЫ: БҰЛ – ТӘУЕЛСIЗДIККЕ ТӨНГЕН ҚАТЕР
Жайшылықта көңiл бұрмағандықтан ба, Қырғызстанның iшкi iстер министрлiгiнiң «Көкнәр-12» бағдарламасының аясында жүргiзiлген «Қарақурай» арнайы операциясының нәтижесiмен танысқанымызда төбе шашымыз тiк тұрды. Құқық қорғау органдары рейд кезiнде 3 тонна 382 келi есiрткi заттарын тәркiлеген. Оның 3 тонна 330 келiсi каннабис (қарақурайдың бiр түрi), 50,9 келiсi марихуана болған. Бұдан тысқары 833,98 гектар аумақта өсiп тұрған жерiнен 121 тонна 560 келi қарақурай өртелген. Рейдке 2500 адам, оның iшiнде 1900 милиция қызметкерлерi тартылып, олар 180 бригадаға бөлiнiп жұмыс iстеген. Бұл қарақурай көп өскен Ыстықкөл облысында болған iс-шара.
Кеңес мезгiлiнде Қырғызстанда, оның iшiнде көбiрегi Ыстықкөл облысында, тек қана көкнар егумен және жинаумен айналысқан арнайы 98 кеңестiк және ұжымдық шаруашылық болған. Жыл са-йын жаздың осы мезгiлiнде 64 мың гектар шұрайлы жерге жайқалып суармалы көкнар өсiп тұрған. КСРОның дәрi-дәрмек өнеркәсiбiнiң 80 пайыз қажетiн Қырғызстан қамтамасыз етiптi. Сол кездерi дүние жүзiнде өндiрiлген апиынның 16 пайызы осы республиканың үлесiне тиген.
2009 жылғы Қырғызстандағы президенттiк сайлау науқанында медицина ғылымының докторы, белгiлi нарколог Жеңiшбек Назаралиевтың: «Мен президент болсам, Қырғызстанда апиын өндiрудi қайта қолға алам, бұл бағытта жылына миллиардтаған доллар пайда табуға болады», – деп шыққаны тегiннен-тегiн емес. «Қырғызстанның экономикасын көтеретiн ештеңе таппады ма, мұндай аумалы-төкпелi заманда бала-шағамызбен нашақор болып кетермiз, бұл «суға кетер – тал қармайдының» керi ғой» деген елдiң қарсылығына тап болған ол райынан қайтты ма, басқа себебi болды ма, талапкерлiктен бас тартты.
Жабайы көкнәр түрлерiн жинауға, оны пайдалануға немесе саудаға шығаруға, сондай-ақ есiрткi заттарын жасырын егiп, — өсiруге қарағанда есiрткi заттарының республика арқылы басқа елдерге тасымалдануы Қырғызстанда әлдеқайда зор түйткiлдi мәселелердiң бiрi болып отыр. Соның салдарынан, яғни есiрткiге қол жеткiзудiң оңайлығынан Республикалық наркологиялық орталықта ресми түрде тiркелген нашаға тәуелдi адамдардың саны 2011 жылдың аяғында 10 705 адамға жеткен.
Ал ендi есiрткi бизнесiмен шұғылданғандардың мәселесi өз алдына ұзын-сонар хикая болар едi. Есiрткi саудасына қатысы бар деп IIМ-нiң қылмысты iздеу бас басқармалығының бастығы және орынбасары, тағы бiр лауазымды қызметкерi қазiргi кезде тергеу үстiнде.
Өткен айдың 19 жұлдызында Қырғызстанның Қорғаныс кеңесiнiң ұсынысымен, Қырғызстанның Үкiметiне қарасты Есiрткiге бақылау бойынша мемлекеттiк қызметтiң төрағасы және оның екi орынбасары қызметiнен алынды. Кеңес оларға есiрткi заттарының және жүйкеге әсер ететiн заттардың заңсыз айналысына қарсы күрестi жеткiлiктi жүргiзе алмадыңдар деп кiнә қойған. Мемлекеттiк қызметтiң жетекшiлерi болса, бiздiң жұмыстан кетуiмiздiң талап етiлуiне ауған есiрткiсiн кең ауқымда таратумен айналысқан халықаралық есiрткi мафиясының әсерi тиiп отыр деп Кеңес мүшелерiн айыптаған.
Олардың мәлiмдеуiнше, Қырғызстанның есiрткiге бақылау бойынша мемлекеттiк қызметi ресейлiк әрiптестерiмен бiрге жыл басынан берi құны 25 миллион долларлық есiрткiнi тәркiлеп, белсендi iс жүргiзгенi мафияға соққы болып тиген. Үкiмет басшысының жетекшiлердi қызметтерiнен босату жөнiндегi бұйрығында себебi көрсетiлген емес.
3 тамызда Есiрткiге бақылау бойынша мемлекеттiк қызметтiң төрағалығына бұрынырақта Ұлттық қауiпсiздiктiң мемлекеттiк қызметiнiң төрағасы болып iстеген генерал Кеңешбек Дүшебаев тағайындалды.
Сарапшылардың айтуына қарағанда, Ауғанстаннан Қырғызстан арқылы Қазақстанға және Ресейге, одан әрi Еуропаға «солтүстiк маршрут» деген жолмен жылына жүздеген миллион доллардың «ауыр» есiрткiлерi өтуде.
Үстiмiздегi жылдың 18 мамырында Бiрiккен ұлттар ұйымының Есiрткi мен қылмысты бақылау бойынша басқармасының «Солтүстiк Ауғанстаннан Орта Азия арқылы апиын заттарының өтуi: қатердi бағалау» атты есебi жарияланды. Онда негiзiнен Қырғызстаннан (азырақ деңгейде Өзбекстаннан) Қазақстанға 2010 жылы 70-75 тонна героин тасымалданып өткенi жазылған. 2010 жылы Орта Азия арқылы тасылған есiрткiден саудагерлер 1,4 миллиард АҚШ доллары өлшемiнде таза пайда түсiрген. «Мұндай үлкен қаржы Қырғызстан және Тәжiкстан сияқты өлкелердiң экономикасын тұралатып тастай алады. Қырғызстандағы саяси тұрақсыздық және ұлтаралық жанжал есiрткi саудагерлерiнiң шырағына май тамызды. 2005 жылғы жауқазын революциясынан бастап, 2009 жылға дейiн есiрткi саудасы бандыларының бiрнеше басшысы өлтiрiлдi. Бұл қылмысты топтардың классикалық соғысы емес, жоғары саяси лауазым иелерiнiң есiрткi саудасының базарын иеленiп алуына ұқсайды. Содан соң қылмысты топтар жоғары дәрежелi тұлғалардың бақылауында қалды», – деп айтылған есепте.
Баяндама-есептi әзiрлегендер атын атап, түсiн түстемегенiмен, сөз бұрынғы президент Құрманбек Бакиевтiң iнiсi, сол кездегi Мемлекеттiк күзет қызметiнiң төрағасы Жаныш Бакиев жөнiнде болып жатқан сыңайлы. Ағасының оң қолы болып тұрған ол Есiрткiге бақылау бойынша мемлекеттiк қызметтi жойдыртып та жiберген болатын. Есепте «қырғыз қылмысты топтары есiрткi жолын бақылауға алу бойынша өзбек қылмысты топтарына үстемдiк көрсету үшiн 2010 жылы маусым айында Қырғызстанда болған ұлтаралық қақтығысты пайдаланған», – деп қосымша көрсетiлген.
Маусымның бас шенiнде Тәжiкстанның астанасы Душанбеде өткен осы елдiң, Қырғызстанның және Ауғанстанның есiрткiге қарсы күрес мекемелерiнiң басшыларының кездесуiнде ауғанстандық министр Зорар Ахмад Мокбелдiң айтқан мәлiметтерiне қарағанда, Ауғанстанда жыл сайын жасырын, заңсыз түрде 6,7 мың тонна апиын егiледi, одан 337 тонна героин дайындалады. Өндiрiлген есiрткiнiң 5 пайызы ғана өлке iшiнде пайдаланылып, қалғаны шетелдерге шығарылады. Оның үштен бiрi Орта Азия, үштен екiсi Иран арқылы тасымалданады. Ауған есiрткiсiнiң саудасымен айналысатындар жылына 67 миллиард доллар табыс түсiредi, диқандар оның 1,2 миллиардына ғана ие болады.
Қырғызстандағы тiлшiсi