ҚЫТАЙДАН ҚАУІПТЕНУ КЕРЕК ПЕ?

ҚЫТАЙДАН ҚАУІПТЕНУ КЕРЕК ПЕ?

ҚЫТАЙДАН ҚАУІПТЕНУ КЕРЕК ПЕ?
ашық дереккөзі
292

Жуырда Қытайдың интернет сайттарында алдағы 20 жылда Қазақстанда 20 миллион ханзу мекендейтін болады деген қорқынышты мәлімет жарияланды.

Б.д.д. III-II-ғасырда 100 миллион ханзу жұртына қорған салдырған 1 миллион ғұн бабаларымыздың даңқты рухымен қазіргі таңда 1 миллиард 365 миллион болған қытайға қарсы тұруымыз мүмкін емес.

Шартарапқа ат шаптырған түркі баласы қағанатқа бөліп, қоныс тепкен Орталық Азия ХIV ғасырдың аяғында керегесі сөгіліп, ту-талақай бөліске түсті. Содан соң-ақ Орталық Азияны Ресей әй-шәйына қарамай, қырып-жойып, тұтастай өзіне қаратып алды. Оңтүстікте Үндістанды жаулаған ағылшындарды Термез қаласына жеткенше тоқтататын тегеурінді күш болмады. Парсы жұртына ағылшындардың тісі батпады, дегенін істете алмады.

Жартылай отарға айналған Қытай да құр жатпады, Петербург келісімі бойынша, Шығыс Түркістанды қарпып қалды. Оған Шыңжанның Іле, Алтай таулары жатады. 751 жылы әйгілі Атлах шайқасында түркі-араб біріккен күшінен күйрей жеңілген қытай бірнеше жүздеген жылдар бойы Орталық Азияға қарай беттеуге жүрегі дауаламап еді. Қытайға 5650 шақырым қорған салдырған сол бабалардың қажымас батырлығының айғағы. Тарихта талай тар жол тайғақ кешкен түркінің ұрпағы – қазақтар шөкелеп жығылса да, тірсегі қиылмаған. Еңсесін тіктеген бүгінгі Қазақ жері Атырау мен Алтайдың арасы, баяғы үлкен Түрік қағанатының бір бөлігі –ат сауырынан қан кешкен бабалар аманаты. Сондықтан жан-жақтан қаумалаған АҚШ, Ресей мен Қытайдан шегінерге жол жоқ. 1980-90 жылдары әлеуметтік ауыртпалықтарды бас­тан өткізген Қытай, енді геостратегиялық дамуды бастан кешуде.

Әуелі шекарасын кеңітіп, етек-жеңін жапты. Ағылшындарға 100 жылға жалға берген Гонконгты қайтарып, 1998 жылы Алынды қосып алды. Даулы территориялар мәселесі бойынша, Ресей 1992 жылы Амур мен Уссури аймағындағы 600-ге жуық кішігірім аралды және 10 шаршы шақырым жерді Қытайға беру туралы келісім шартқа қол қойды. 1995 жылы Гримфильдегі шекараны анықтауда Ресей талай жерінен айрылып қалды. Тек баяғы гоминданшылардың ақсүйек ұрпағы қоныс тепкен Тайвань аралы ғана әзірге бой бермей отыр. Бірақ болашақта оны бәрібір Қытай жұтып жіберуі күмәнсіз.

Ұйқысынан оянған айдаһардың араны үлкен. Көршілеріне енді бұрынғыдай ысылдап емес, ысқырып жақындай түспек. 2002 жылы Шанхайда басылып шыққан 8-сынып оқулығы бойынша, Қазақстанның 510 мың шаршы шақырым аумағын Қытайдың жері деп оқытудың ар жағында нені меңзейтіні көрініп тұр. Діни экстремизм, лаңкестік және ұлтшылдықтың өрістеу қаупін алға тартқан Қытай 1996 жылы «Шанхай бестігін» құру жөнінде ұсыныс жасады. 2001 жылы мау­сым айында Шанхай Ынтымақтастық ұйымы құрылды. Ұйымның басты мақсаты өзара сенім, достық, бейбітшілік, тату көршілік қатынастарды қолдау, аймақтардағы қауіпсіздікті сақтау болып табылады. ШЫҰ арқылы Қытай өзінің біртұтастығын, Тайвань оның құрамы екенін толық мойындатты. Қытайдың АҚШ пен Ресейден айырмашылығы–еңбек миграциясы, сауда-саттық, жылжымайтын мүлік, мейрамхана экспанциясы арқылы кез келген елдің нарығын жаулап алады және тізе бүктіруге шамасы жетеді.

Қытай капиталы кішкентай Қырғызстанда 500-ден аса жобаны қаржыландырып отыр. 2010 жылы еліміз 81 млн. тонна мұнай өндірді. Ал Қазақстандағы «Ақтөбемұнайгаз», «Петро-Қазақстан» мұнай компанияларының акция пакеттері Қытай ұлттық мұнай компаниясының уысында екенін ескерсек, геосаяси ойында ұтылып қалмауға ұмтылған жөн. Өйткені Қазақстан неғұрлым мол мұнай өндірген сайын, Қытайдың қорегі де соғұрлым көбеймек және бармақ тістеп қалуымыз әбден мүмкін. Басқаны былай қойғанда, қазірдің өзінде АҚШ пен Еуропаның нарығын Қытайдың арзан тауарлары жаулап алды.

Әлемнің 500-ден астам трансұлттық компаниясы Қытайда жұмыс істейді. Сондықтан, жаһанданудың АҚШ, Еуропа секілді көшбасшылары қытайланудан зәресі қалмай қорқады. Әлемнің 174 елінде 60-100 миллион аралығында Қытайдың хуацяосы өріп жүр. «Хуацяо» дегеніміз – Жұңғо мүддесіне адал қызмет ететін, арнайы жоғары оқу орындарында дайындалған отаншыл қытай кәсіпкері. Әлгі хуацяолар жұмыс істеген елінде үйленіп, сол елдің азаматтығын алып тастай батып, судай сіңуге тырысады.

Одан соң, әлемдегі көптеген ірі қалалардың маңына қытай кварталдары бар. Санақ бойынша АҚШ-та 30 млн., Канадада 3 млн., Еуропа-да 30 млн., Австралияда 2 млн.-нан асып түсетін қытайлардың кварталдары бар. Нью-Йорктің ортасынан Чайнатаун тұрғызған Қытайға АҚШ қарсылық білдіріп, «тәйт» дей алмады, өйткені ақшасы төленген. Аузын айға білеген Қытай жалпы ішкі өнім көлемі жағынан 2010 жылы Ұлыбританияны басып озды, 2020 жылы Жапонияны қуып жетіп, АҚШ-пен және үзеңгі қағыстырмақ. Әскери қуаты жағынан Ресейді басып озды, АҚШ пен Франциядан кейінгі үшінші орында. Оның экономикалық-қаржылық қуатына келсек, ол бір «жыр мен жұмбақ». «Жыр» болатыны – Қытай қаржылық-валюталық қоры жөнінен АҚШ пен Жапонияны өкшелеп келеді. Есті де епті қытайлар АҚШ секілді ашық басқыншылыққа бармайды. Тек экономикалық-қаржылық жағынан «жаулап алып», діңкені құртпаса…

Компартияда 70 миллионнан астам мүшесі бар, орталықтанған Қытайда экономиканы басқарудың жоспарлы орталықтық және нарықтық жүйесі қатар дамып келеді.

Ресейдің Приморск өлкесінде орыс әйелдерімен отасып үлгерген қытайдың қарасы 800 мыңға жетіпті-мыс. Ресми деректер 30 мың, бейресми мәліметтер 300 мыңнан астам Қытай азаматының Қазақстанда өз шаруасын дөңгелетіп жүргенін алға тартады. Қытай өз экономикасын барынша дамытуға бет алды, егер халықтың сұранысын қанағаттандыра алмайтын болса, елде бүліншілік басталып, өздері биліктен айырылып қалуы мүмкін екенін Қытайдағы лауазымды тұлғалар өте жақсы түсінеді. Бірақ Қытайды қинайтыны – экономиканы дамытуға қажет табиғи шикізат көздерінің жеткіліксіздігі. Қазірдің өзінде Қытайдың ірі қалаларының үштен екісі су тапшылығын көріп отыр. Үлкен қалалардың маңайы тақыр далаларға айналуда. Егер бұған Қытайды ауыз сумен біршама қамтамасыз етіп отырған Гималай мұздақтарының соңғы кездері күрт ери бастағанын қоссақ, жақын арада Қытай таза судан көп қиындық көретін болады. Мұның соңы экономикалық апатқа әкеліп соқтыруы ықтимал. Сондықтан да Қытайдың жанары дәл қазір әлемнің қай-қай бұрышына да жіті тігулі. Қандай болсын, табиғи ресурстардың шеті шықса тарпа бас салуға дайын отыр.

Сондай-ақ, таяуда Қытайдың тек тұщы суға емес, мұнайға да сұранысы күрт өсе түспек. Өйткені елдегі шағын электр стансаларын қамтамасыз етіп отырған төмен сапалы жергілікті көмір кендерінің өзі де таусылуға таяу. Мұндай сәтте Қытай секілді сұранысы көп алып империяның «тәбетін» қанағаттандыру өте қиынға түспек. Рас, таяу жылдары әлем елдері мұнайдан тапшылық көре қоймайды. Алайда оның бағасы бұрынғыдай тиынға бағалана қоймайтыны да шындық. Осыны ескере отырып, мұнайды қалағанынша молынан қарпып қалу, мүмкіндігі болса, қор жинау қай-қай мемлекеттің үйреншікті дағдысына айналмақ.

Әлемді шарпыған дағдарыс Қазақстан – Қытай мұнай құбыры құрылысының салынуына бөгет бола алған жоқ. 988 шақырымға созылатын, өткізгіш мүмкіндігі 10 миллион тоннаға дейін жеткен «Атасу-Алашаңқай» бөлігі пайдаға берілсе, үш жылдан бері Кеңқияқ–Құмкөл бөлігі ауыздан түспей тұр. Құбырдың қуаты 20 млн. тоннаға жетеді. Демек, Қытай Қазақстанның бүкіл жер асты байлығын сорып алатын мүмкіндікке ие. Әрі Бейжің Қазақстанның бай уран кеніштеріне де мүдделілік танытып отырғандығы байқалады. Қытай АЭС салу жөнінде мемлекеттік бағдарлама қабылдаған. Иіркөл және Семізбай кеніштерінен жылына 1250 тонна уран өндіруде.

Қытайдағы қазақтардың қоныстанған жерлері –Тәңір тауының (Тянь-Шань) солтүстігіндегі Еренқабырға, Алтай, Тарбағатай таулары, Іле өңірі секілді аса көркем жерлер.Онда Іле, Ертіс өзендері, Қанас, Үліңгір, Сайрам көлдері бар.

Бір сөзбен айтқанда, тез арада Қытайда қалған 2 миллионға жуық қандастарымыздың соңғы көшін Қазақстанға көшіру керек сияқты. Қытайдағы қазақ мектептері 2005 жылдан бастап, түгелдей қытай мектептеріне айналып, қазақ тілі пән ретінде ғана жүретін болған. Осылай, енді 5-10 жылда қазақтар түгелімен қытайланып кетуі әбден мүмкін. Бұрын Қытайдағы қазақтардың тағдырына мемлекеттік деңгейде болысып тұрудың мүмкіндігі бар еді. Алайда Қазақстан кезінде Қытай тарапынан қитұрқылықпен ұсынылған құжатқа қол қойып жіберген. Сол құжат бойынша, олардың ішкі саясатына Қазақстан араласа алмайды. Сондықтан да күн озған сайын қытай азаматтарының елімізге енуі ұлғайып келеді. Ел болып сақтанбасақ, ертең ханзудың құрбаны болып кете баруымыз ғажап емес. Алты басты аждаһаның өңешінен өтсең, асқазаннан бір-ақ шығарсың. Мың өліп, мың тірілген қазақ содан кейін қайта тірілуі неғайбыл.

Жұмамұрат ШӘМШІ

тарих ғылымдарының кандидаты

Серіктес жаңалықтары