ҚАЗАҚТЫҢ ЖЕТІ ҚАСІРЕТІ
ҚАЗАҚТЫҢ ЖЕТІ ҚАСІРЕТІ
Әрине, біз арғы-бергі тарихымызда орыстан ешнәрсе үйренген жоқпыз дей алмаймыз. Ал орыстар: «Бір кезде біз орманда аң қуалап, тұз балық жеп жүрген жартылай жабайы болдық. Бүкіл ілім-білімді Шығыстан, қала берді Еуропадан үйрендік» – дегенді ешқашан да айтпайды. Қазақ «адамның күні адаммен» дейді. Сол айтқандай, осынау жұмыршардың бетінде қатар ғұмыр кешіп жатқаннан соң «халықтың күні халықпен» десеңіз де қателеспейсіз. Жер бетіндегі алуан текті халықтардың тіршілік, тұрмыстық қажеттіліктері де, ілім-білімі де бірін-бірі толықтырып отырады. Мұны да Абай «… жетпесе біріңдікін бірің жеткіз» деп кеткен. Өкінішке қарай, біз ғана бәрін орыстан үйрендік деуден жағымыз талмайды. Ал орыстардың кешегі Алтын Орданы былай қойғанда, бүтін түркі жұртынан алған ілім-білімін, тағлым-тәрбиесін тізбелеп отырудың өзі оңай емес. Орыс көршілеріміз өздері айта беретін «великий русский языктың», яғни «Тургенев тілі» мен «Толстой тілінің» ішінде түркі тілінен ауысқан сөздер өріп жүргенін іштері біледі. Әңгіме бір ұлтты артық, екіншісін кем қып көрсетуде емес. Әңгіме жалған дүниеде жарық пен қараңғының, ақ пен қараның, шапағат пен кесапаттың қатар жүретіні сияқты қай халықтың да жақсы мен жаман үрдістері болатындығында. Біз қазақ елін отарлаумен бірге келген және бір ғана қазаққа емес, адамзат атаулыға залалы мол кейбір жағымсыз қылықтар туралы айтуды жөн көрдік.
Кешегі Кеңес кезінде қазақты кемсітудің неше түрлі амал-айласы ойлап табылды. «Қазақ жалқау», «қазақтың 2 пайызы ғана хат танитын еді», «қазақ мал бағудан басқаны білмейді», «ол жартылай жабайы халық еді» дегеннің бәріне қазақтың да, басқаның да құлағы үйреніп, соған әбден иланып келді. Тіпті, қазекеңнің өзі солай дейтін болды. «Қазақ жалқау» дегенді дәлелдеу үшін жолдың екі бетіне орналасқан ауылдың орыстар тұратын жағына электр жарығы, су құбыры тартылып, көшелеріне асфальт төселді. Клубтар, спорт алаңдары ашылды. Әрине, электр, су келіп тұрғасын олар шарбағына, көшелерге ағаш отырғызды, бау-бақша салды, жолдың мына бетіндегі қазақ ауылдарында соның бірі де жоқ. Содан кейбіреулер әдейі, енді біреулер өзінің ақымақтығымен: «Ананы қарашы! Орыстардың үйінің алдында ағаш өсіп тұр, бау-бақша, үйлері әппақ! Ал есігінің алдында бір тал ағашы жоқ анау азып-тозған үйлер қазақтікі. Жалқау ғой», – дейтін болды. Шындығын айтсақ, сол кезде қыста арқасын аяз қарып, жазда күн ыстаған құлан өтпес, құс ұшпас қу медиен далада тұрмыстың ең ауырын тартып, бәдәуи болып жүргендер тек қазақтар ғана болатын. Оны айтасыз-ау, күні бүгінге шейін сахараның ең бір күн райы қолайсыз, табиғаты сұрықсыз, замана керуенінен шалғайда күнін кешіп жүргендердің де басым бөлігі қазақтар. Олардың қалаға келген ұлдары біреудің дүкені мен кеңсесінің есігін күзетіп, қыздары әркімнің кафесінің еденін жуып күнелтіп жүр. Ал «қазақтың 2-ақ пайызы хат танитын еді, орыстар келіп көзін ашты» дегенде олар біздің араб, парсы тілін білген, бүкіл шығыс мәдениеті мен әдебиетінен сусындаған ұлт екенімізді әдейі ескермей, орысша оқыған-тоқығаны, орысша «нан сұрап жерлігі» бар қазақтарды ғана адам санатына алып айтқан. Бұл надандық «мобильный телефонды тастап, юртаға қайтадан кіруіміз керек пе, сонда» деп тапқырсып сөйлейтін Данияр Әшімбаев сияқты орысша оқыған, орыстілді қазақтар арасында әлі де жиі кездеседі. Кеңестік орыс отаршыларының қазақтың жүрген-тұрғанын кемсітуінің жүздеген, мыңдаған түрлерін мысалға келтіруге болады. Соның бірі – «біз қазақтарға түрегеп тұрып дәрет сындыруды үйреттік» дейтіні. Оны айтасыз-ау, олар біздің ақсақалдардың дәрет алғанын, тіпті төсек қатынасынан кейін жуынатынын да келекеге айналдырды. Қазір осының бәрін жоққа шығармақ болып, Кеңес Одағы кезінде ешқандай отаршылдық болған жоқ дейтіндер де бар. Ол – ол ма, Сергей Дуванов деген тәуелсіз журналист: «орыстар қазақтарға қалалар, зауыттар, жолдар, мектептер, кеніштер салып берді. Осылайша өркениет әкелді» деген сияқты баяғы «ұлыорыстық» аурудың «әлқиссасын» тағы қайталай бастады. О заманда, бұ заман, отаршылдықтың жағымды жақтары болды дегенді де сол Дувановтан естіп отырмыз. («Жас қазақ». № 18. 11.05.2012). Бұл енді не тарихты білмеу, не әдейі қазақты кемсітудің бір түрі. Әнебір жылы бір орыс журналисі қытай азаматынан «Сіздерде бұрын мәдениет болған ба?» деп сұрады. Сонда әлгі қытай: «Сіздер жалаңаш етіңізге тері жамылып, орманда таяқпен аң қуалап жүргенде біздің ата-бабаларымыз кілең жібек пен шәйі шапан киіп, алтын сарайлардағы алтын тақтың үстінде отырған», – деп жауап берген еді. Ал Дуванов Ресейдің қазақ даласын әртүрлі амал-айламен, қала берді қазақ ауылдарын өртеу, малын айдап әкету, қырып-жою арқылы басып алып, бекіністер салғанын жақсы біле тұра осылай аузына ерік беріп отыр. Егер осы Дуванов Қазақстаннан өзге бір елде осылай десе, қандай күйге түсер еді… Отаршылдар сол бекіністерде өздері көшіріп әкелген орыс поселениелеріне арнап қана мектептер салды. Патшалық Ресей түгіл осы күнгі «демократияшыл», «өркениетшіл» Ресейдің өзі де қалың қазақ тұратын Астрахань (Хажы Тархан), Орынбор, Саратов (Сарытау) облыстарында бастауыш қазақ мектебін онша ашпай отыр. Орыс отаршылары кеніштерді де қазақтың игілігі үшін емес, қазақтың бүкіл жер асты байлығын өздеріне алу үшін ашты ғой. Мәскеу Қазақстанда құжынаған қорғасын, аллюминий, мырыш, фосфор, цемент, химфарм және басқа зауыттарды қазақтар үшін емес, тек қана Ресей империясының күш-қуатын арттырып, соның қазынасын молайту үшін салды. Бұл орайда Президенттің кеңесшісі Ермұхамед Ертісбаев: «Орыстар Қазақстанға өркениет әкелді деу дұрыс емес. Оларға орыс мемлекеті қалыптасуына ең алдымен викингтер, сонан кейін татарлар басты рөл атқарды десең, өкпелейді»,– деуі нағыз шындықтың шамшырағы дерсің. Бірақ Шындық, Ақиқат, Әділет деген үш бейбақтың үшеуі де ұдайы қамқорлықты, қорғауды, Әлпеш пен Көркешті қажет ететін жан-дүниесі нәзік, жүрегі сезімтал бір сәби сияқты. Бұл үш перизатқа ұдайы қамқорлық көрсетіп, қорған болып отыруға кім көрінгеннің жүрегі дауалай бермейді. Бір ғұлама «Әйтеуір бір өзгеріс болғанын жұрттың бәрі қалайды, бірақ бір бәлеге ұшырап қалармыз деп үндемейтін де сол жұрттың өзі» деген екен. Олай болмаған күнде қазақтар әспеттеген не бір жазушының, не бір ғалымның, не ел басқарған бір көсем мен көсемшелердің орыс отаршылары әкелген жаман әдеттер немесе орыс отаршылары қазақ санасын қалай улады деп бір алқалы жиын, шарай топта шамырқанып сөйлегенін, «Правда» мен «Известия» түгіл «Социалистік Қазақстанда» ең болмаса мақала жариялағанын көрдіңіз бе?! Жоқ! Шынында да қазақтар орыс отаршыларынан адамды азғындататын небір жиренішті әдеттерді үйренді десек, оған саналы пенде қарсы бола қоймас. Біріншіден, орыстар христиандықты 10-шы ғасырда ғана қабылдаса, қазақтар қасиетті ислам дінін олардан екі ғасыр ертерек, 8-ші ғасырда қабылдаған. Орыс отаршылдары ең әуелі қазақты сол қасиетті дінінен айыруға күш салды. Талай қазақты алдап та, қорқытып та шоқындырды. Талай мешіт қиратылды, орнына шіркеулер салды. Олар Қожа Ахмет Иссауйдің кесенесін бір кездері атқораға айналдырды. Сөйтіп, қазақ дін сыйламауды, Құдайдан қорықпауды үйренді. Ұтыры келгенде айта кетейік, Шыңғыс хан да, жарты әлемді билеген ағылшындар да өздері басып алған жерлерде орыс отаршылдарына ұқсап мұндай жабайылық, мұндай озбырлық жасаған емес. Шыңғыс та, Бату да орыстың бір шіркеуін бүлдірген жоқ. Екіншіден, орыстар қазаққа арақ ішуді үйретті. Қазақ халқы шөлдесе шөл қандыратын, әрі дертке дауа болатын қымыз, шұбат, айран, қымыран, шалап, әрі кетсе шай ғана ішкені болмаса, аузына арақ алмаған, оның адамды азғындатып, малдың бір түріне айналдыратынын және арақ ішу күнә екенін жақсы білген және өзін мұсылман деп білгендіктен оны қолына да ұстамаған. Өздері жаулап алған елді ең әуелі араққа үйрету орыстың ежелгі сұрқия саясатының бірі. Сөйтіп, арақ ішуді үйренген қазақ ұлттық намысынан, ұлттық рухынан, ұлттық санасынан айрыла бастады. Ал мұндай басты қасиеттерінен айрылған ұлт құлдық бұғауына тез түседі, санасызданады. Оның тұла бойында әлгі қасиеттер мүлде өшіп, құлмінез қалыптаса береді, яғни тұқым қуалайды. Құлмінез ұрпақ өз ұлтын үстем ұлттан кем санайды. Отарлаушы, яғни колонизатор ұлт не істесе, не десе сонікі дұрыс, содан үйрену керек деп есептейді. Құлмінез әбден бойына сіңген ұрпақ сөйте-сөйте өз ана тілін, ұлттық мәдениетін сыйламайтын, өзге тілде сөйлесем мықты, білімді боламын деп ойлайтын рухани мүгедекке айналады. Үшіншіден, қазақта бұрын кісі өлтіру өте сирек кездесетін жайт еді. Ғайыптан біреуді біреу өлтіріпті деген хабар шықса, бұл хабар аржағы Алтайға, мына жағы Атырауға жетіп, қалың елдің тұла бойы тітіркенетін болған. Кейін арақ ішу қазақ арасына сіңісті болып кеткеннен кейін кісі өлтіру, ұрлық-қарлық оқиғалары жиілей берді, ақыры ол да үйреншікті нәрсеге айналды. Төртінші, қыз алып қашу ертеден бар нәрсе, бірақ оның өзі қыз бен жігіттің өзара келісімімен ара-тұра ғана болатын. Ал пәлен жерде қыз зорлап кетіпті, біреудің әйелін зорлапты дегенді қазақ бұрын естімеген десе де болады. Өйтпек түгіл, айдалада қапшығын арқалап тезек теруге, бүлдірген теруге, бота-бұзауға барған бойжеткенге байдың ерке-шолжың баласы қылжақтап, дөрекі мінез көрсетсе, бұл да ел ішінде ерсі қылықты гу-гу әңгіме арқауына айналған. Қазақ араққа үйренгесін, әсіресе кешегі кеңес заманында қазақ арасында қыз, әйел зорлап сотталушылар көбейді. Яки бұл да қазақ халқына отаршылардан келген «өркениеттің» бір түрі. Отаршылдар қазаққа әкелген бесінші қасірет – түрлі жыныстық аурулары. Бұл аурулар көбіне тазалық сақтамаудан, нас жыныстық қатынастардан болады. Ислам дінін ұстанған қазақ күніге дәрет алуды, әйелімен төсек қатынасынан кейін де жуынып-шайынуды берік тұтынған. Оның үстіне еркек атаулысы түгелдей сүндетке отырғызылған халықтарда мұндай ауру болмайтыны ғылымда дәлелденген. Соңғы жылдары америкалықтардың көпшілігі сүндетке отыруды үрдіске айналдыруда. Қазақ атын естіп көрмеген жыныстық аурулар, әсіресе, тың көтеруді сылтау етіп 3 миллионға жуық адамды, қылмыскерлер мен әртүрлі моральдық азғындарды Қазақстанға қойша тоғытқан 1950 жылдары обадай жайлап кетті. Қазір оған СПИД қосылды. Осының бәрі Қазақстанға жұрттың көбі таңдай қағып, үлгі ретінде ұстанатын Батыстан келіп жатыр. Алтыншыдан, қазақ ата-ана, ақсақал сыйламауды да кеңес отаршыларынан үйренді. Өйткені сол кезде сенің ата-бабаң надан, сауатсыз, қараңғы болған, әке-шешең де сол ескіліктің сарқыншағы, олардың айтқанын тыңдама деген уағыз, насихат жүргізілді. Ақылы толыспаған жас тән, жас сана еліктегіш келеді. Олар ораза-намаздың орнына ойын-сауық, жиын-тойға жиналып, арақ-шарап ішіп, темекі тартуды шен көретін болды. Сөйтіп, анадан безіп –қыз, атадан безіп – ұл кетті. Олар үлкеннің алдында ізет, иба сақтамақ түгіл оларды беттен алып, төске шабатын, болды. Бұл көргенсіздік, яғни әке, ата-ана сыйламау көркем әдебиеттің де «өзекті тақырыбына» айналды. Кейін байдың құйыршығы деп өз әкесін, өз бауырларын ұстап беретін азғын, санасыз, намыссыз ұрпақ келді дүниеге. Қазір біз ара-тұра неге ұлтыңды, тіліңді, салт-дәстүріңді сыйламай, 300 жыл бойы құлдыққа салғандарды пір тұтасың деп өкпемізді айтып жүрген мәңгүрттердің ішінде міне, сол құлмінездердің ұрпақтары көптеп кездеседі. Бұл да сол отаршылдар қалдырған мәңгүрттік аурудың басты белгісінің бірі. Біз бұл жерде қазақтың ана тілінен айрылып, бір-бірімен орысша сөйлесуге қалай көшкені, ол зымияндық қалай жүзеге асырылғаны туралы әңгіме қозғасақ, оның «мойны ұзаққа түсіп кетер» еді. Жетіншіден, өз-өзіне қол салу, өзін-өзі өлтіру мұсылман атаулыға жат нәрсе. Өзін-өзі өлтірген адамның жаназасын шығарудың өзі күнә, исламда. Қазір қазақтың қаршадай ұл-қыздары арасында өзін-өзі өлтіру үйреншікті оқиғаға айналды. Иә, бір ел екінші елдің, бір ұлт екінші ұлттың мәдениетін, әдебиетін, өнерін дамытып отыратыны рас дей қоялық. Бірақ соның өзінде қай ел күшті, қай ұлт сан жағынан басымдау болса, соның мәдениеті мен өнері, тілі саны аздау ұлттың мәдениетін де, өнерін де, ең сұмдығы, тілін де жұтып қояды, жойып жібереді. Ал мұндай киелілерінен айрылған, әсіресе өз тілінен аулақтап, алшақ қалған ұлт отаршыл елдің жақсысын да, жаманын да талғамай бойына сіңіре бергенін өзі де байқамай қалады. Отаршылдық саясат жүргізген ел өзінің қарамағындағы отарланған елді, отарланған ұлтты азғындататын, санасыздандыратын, намыссыздандыратын небір амал-айланың қай-қайсысын да қолданудан аянып қалмайды. Енді олар глобализация – жаһандану дегенді ойлап тапты. Алла сақтап, қазақ ұлты бүгінге дейін түгелдей санасыз, намыссыз ұлтқа айналудан аман қалып келеді. Әйтсе де Құдай сақтанғанды ғана сақтайтынын әр қазақ естен шығармағаны дұрыс-ау!