«УОЛТ-ДИСНЕЙДI» АРАЛАҒАН ҚАЗАҚ АНИМАТОРЛАРЫ

«УОЛТ-ДИСНЕЙДI» АРАЛАҒАН ҚАЗАҚ АНИМАТОРЛАРЫ

«УОЛТ-ДИСНЕЙДI» АРАЛАҒАН ҚАЗАҚ АНИМАТОРЛАРЫ
ашық дереккөзі
372

Бiр кездерi «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» атты туындысымен әлемге қазақ анимациясының атын шығарған Әмен Қайдар ағамыз болатын. Бүгiнде Әмен ағамыздың жолын қуған iзбасарларының да дүниеге әкелген туындылары жоқ емес. Бiрақ қазақ мультфильмiнiң көшi ұзақ жылдар бойы тоқтап қалды. Қазақ мультфильмi тоқырауға ұшырағандай. Ең бастысы мультфильмдi нағыз маман түсiрмесе, одан ешнәрсе шықпайды. Қазiр ақпараттандыру мен технологияның заманы. Кез келген дүниенi заманауи технологияның арқасында жасап шығаруға да болады. Дегенмен де қазiр мультфильм түсiру үшiн Үкiмет жеткiлiктi мөлшерде қаржы бөлiп отырған жоқ Сондықтан да түсiрiлiп жатқан анимациялық фильмдер саусақпен санарлықтай.

Ауызды қу шөппен сүрте беруге де болмас. Шымкентте дүниеге келген «Сақ» киностудиясы соңғы жылдары бірнеше айтулы анимациялық фильмдер түсіріп, көрермен назарына ұсынып та үлгерді. Жекеменшік студияда дүниеге келген «Алдар көсе мен шайтандар» «Сақтың» алғашқы жемісі. Бұдан кейін де аталмыш студия бірқатар мультфильмдерді дүниеге әкелді. Олардың арасында «Мұңлық-Зарлық» та бар. Аңыз-әңгімеге негізделіп түсірілген «Мұңлық-Зарлық» мультфильмін көпшілік жылы қабылдаған еді. 2001 жылы дүниеге келген студияның өнімдері көпшіліктің назарына жиі ілігіп жүр. «Сақ» киностудиясында бүгінге дейін 20-дан астам анимациялық фильмдер дүниеге келіпті. Осы орайда, біз аталмыш студияның директоры Нұриддин Паттеевке бірер сауал қойған едік. – Нұриддин аға, қазақ мультфильмі десе, көпшілік Әмен Қайдарды еске алатыны белгілі. Қазақ анимациясының атасы Әмен Қайдар дүниеге әкелген мультфильм­дерден кейін, бірлі-жарым аниматорлар болмаса, жекелеген анимациялық студия­лар болған жоқ. Қазақ мультфильмінің кеш дамуының сыры неде? – Кеңес дәуірі құлдыраған соң ешқандай мультфильмге ақша бөлінген жоқ. Сондықтан да он жыл көлемінде бірде-бір мульт­фильм түсірілмепті. Тәуелсіздік алып, шығармашылығымызға еркіндік алған кезде, суретші жігіттер бірігіп, мәдениетіміздің осы бір саласын көтеруге ат салысайық деп шештік. Осылай «Жебе» студиясы 2001 жылы қазан айында құрылды. 2008 жылы киностудиямыздың атын «САҚ» деп қайта өзгерттік. Жалпы біздің мәдениетіміз бен өнеріміздің өркендеген кезі САҚ дәуіріне тура келеді. Сол кездегі біздің ата-бабаларымыздың алтын мен күмістен жасаған әшекей бұйымдары күні бүгінге дейін әлемді таңқалдырып келеді. Және де «САҚ» сөзі сапалы анимациялық қойылым дегенді білдіреді. Біз де өзіміздің сапалы өнімдерімізбен ұлттық анимацияда өз қолтаңбамызды қалдырғымыз келеді. Алғашқыда анимациялық жарнамалық роликтер жасаудан бастадық. 2004 жылы «Алдар көсе мен шайтандар» деген мультфильміміз шығып, ел арасына тез тарап та кетті. Әлі күнге дейін жалғасын сұраушылар да бар. Әр мультфильм жасау барысында техникалық жағынан дамып, кәсіби деңгейіміз біршама өсуде. Одан кейін «Аңқау қасқыр» деген он минуттық жоба жасалынды. «Қошқар мен теке», «Толағай» атты ертегі бойынша түсірілген мультфильміміз де бар. Осы күнге дейін біз жиырмадан астам қысқа метражды мультфильмдер түсіріппіз. – Сізді қазақ тілі мен әдебиетінің маманы деп естіген едік. Анимация саласына бет бұруыңыздың сыры неде? – Негізінде мен Әбілхан Қастеев атындағы көркем-сурет училищесін бітіргем. Анимацияға қызығушылық сол кезден бас­талды. – «Мұңлық-Зарлықты», «Қошқар мен текені» көпшіліктің қабылдауы қалай болды? – Бұл мультфильмдерді халық өте тамаша қабылдады. Арыс қаласының халқы «Мұңлық-Зарлық» оқиғасының өз ауылдарында болғанына дән риза. Ал «Қошқар мен теке» мультфильмінің жалғасын күтіп жүргендер де өте көп. – «Сақ» киностудиясы «Қазақфильм» киностудиясымен бірігіп жұмыс істей ме? Киностудияда қанша қызметкер бар? – Біз қазір «Қазақфильм» киностудиясымен бірігіп, төрт бірдей мультфильмді, яғни «Қошқар мен теке», «Момын мен қарақшы», «Маймақ қаз», «Толағайды» жасадық. Қазіргі кезде студиямызда 25 аниматор жұмыс істеуде. – Өз өнімдеріңізді дайындау үшін қаржыны қалай табасыздар? – Біз тек анимациямен ғана емес, басқа да кішігірім жұмыстармен айналысамыз. Жарнамалық роликтер, деректі фильмдер, музыкалық клиптер шығарып, басқа да қосымша жұмыстар жасаймыз. Сол арқылы студиямызды қаржыландырамыз. – Бұған дейінгі түсірілген анимациялық фильмдердің барлығы тапсырыспен жасалды ма? – Қазіргі уақытқа дейін жасалған мультфильмдердің жартысына жуығы тапсырыспен жасалды. – «Сақ» киностудиясының қызметкерлері Уолт-Дисней киностудиясында тәжірибе алмасып қайтқан екен. Әлемдік киностудиядан не үйрендіңіздер? – Иә, соңғы жылдардағы біздің нақты жетістіктерімізге тоқталатын болсақ, 2008 жылы, үш ұйықтасақ түсімізге кірмейтін Америкадағы ең үлкен анимациялық студия «Уолт Дисней» мен «Дрим Ворксқа» барып, тәжірибе алмасып қайттық. Мультфильм жасалатын жаңа бағдарламаларды, жаңа технологияларды үйрендік. Кетерімізде біз оларға домбыра мен қазақ тақиясын сыйладық. – Әлемдік анимация саласының дамып отырғаны белгілі. Бүгінгі қазақ бүлдіршіндері Шрэкті, Спанчбобты, Өрмекші адамды, Бэтманды, яғни Уолт-Дисней өнімдерінің көпшілігін жатқа біледі. Ал қазақ балаларының танымына лайық қазақ кейіпкерлері неге жоқ? – Қазіргі кезде теледидарда тек қана шетелдің мультфильмдерін көптеп көрсетуде. Көбісі мән-мағынасы жоқ, балаға теріс тәрбие береді. Біздің халық ауыз әдебиетімізде, аңыз-ертегілерімізде танымал кейіпкерлеріміз, батырларымыз өте көп. Таусоғар, Желаяқ, Көлтаусар сияқты кейіпкерлер тек қана қазақ ертегілерінде ғана кездеседі. Ал Ертарғын, Алпамыс, Қобыланды сынды батырларымыз өз алдына бір төбе. Осыншама бай фольклорымыз бола тұра, «қолымыз қысқа» болып тұрған жоқ па? – «Қазақия» атты жаңа жобаның тұсауы кесілді. Бұл фильмнің жаңалығы неде? – Біздің мақсатымыз Қазақстанның имиджін көтеру еді. Сосын өзіміздің көрермендердің патриоттық сезімін оята білу. Сондықтан да біз «Қазақия» деген сериалды бастадық. Біздің фильміміздің әр сериясында мақал-мәтелді, салт-дәстүрді, тарихымызды түсіндіреді. Бұл сериал арқылы балаларды ұлтжандылыққа, отансүйгіштікке, әке-шешеге деген құрметке үйретеміз. Бүған дейін қысқа метражды мультфильмдер жасап келдік қой, енді толық метражды фильм жасап, әлемдік прокатқа шығармақ ойымыз бар. Соған дайындалып жатырмыз. Қазір толықметражды фильмдердің сценариін жазу үстіндеміз. Біздің студиядағы аниматорларымыз 10 жылдың ішінде өте биік жетістіктерге қол жеткізді деп айта аламын. Олардың кәсіби деңгейлерінің өте жоғары екендігін көп жерлерде мойындайды. Түркия, Америка, Ресейдің аниматорларымен тығыз байланыстамыз. Мәскеуге жиі барып, Ресей анимациясының марқасқалары – Норштейн, Назаровтармен араласып тұрамыз. 2009 жылы жазда Түркияның анимациялық студиясына барып қайттық. Олармен де қоян-қолтық араласудамыз. Түркияда мемлекет тарапынан анимация саласына жақсы қолдау көрсетіліп отыр. Біз де ел болып, соған ұмтылуымыз керек. – Жалпы, бүгінгі қазақ анимация саласы туралы не айтар едіңіз? Қазақ мультфильмінің дамуына не кедергі деп ойлайсыз? – Біз өз есімімізді он жыл бұрын бастағанымызда, айлығымыз 7-10 мың теңге болды. Жігіттерге: «Шыдаңдар, еліміздің әл-ауқаты жақсарған кезде, мульт­фильмге көңіл бөледі?» деп сендірген едік. Ал қазір Аллаға шүкір, Еуропа дағдарысқа ұшырап жатқан кезде, еліміз даму үстінде. Тек бір өкініштісі, қазақ мультфильміне деген көзқарас сол баяғы күйде қалды. Мемлекетіміз тарапынан анимация саласын өркендетуге, яғни еліміздің келешегі – ұрпақ тәрбиесіне жете көңіл бөлінбей отырғаны көңіл жүдетеді.

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары