ӘЛЕМДІ БАҒЫНДЫРҒАН БАТЫР ҰЛ

ӘЛЕМДІ БАҒЫНДЫРҒАН БАТЫР ҰЛ

ӘЛЕМДІ БАҒЫНДЫРҒАН БАТЫР ҰЛ
ашық дереккөзі
549

Әсiлi, батырларды еске алғанда көбiне халқы үшiн iстеген жақсылығын, елiн қорғау жолында пида еткен жанының асқақтығын айтып, ерлiктерiн тiзбектеуден әрiге бара бермейтiнiмiз рас. Батырлар да бiр кездерi бала едi. Қызға ғашық болды, асыр салып ойнады, жылады, қайғырды, төбелестi, дос болды. Бұл секiлдi өмiрдiң шартты – шартсыз тiршiлiгi кез келген адамның басынан өтетiнi үйреншiктi жағдай.

Түркістанның тумасы Бекзат Саттар­ханов­тың олимпиададағы ерлігі мен спорт­тағы өзге де жетістіктері турасында аз жазылып жүрген жоқ. Талай-талай жаныңды шымырлатар мақала жазылып, өлеңдер шығарылды, тіпті деректі фильм де түсірілді. Батырдың батылдығы туралы қанша айтсаң да аздық етпесі тағы бар. Тірі болғанда Бекзат биыл орда бұзар 30-ға келген болар еді. Сұм ажал жас батырымызды, хас батырымызды арамыздан ерте алып кетті. Өкінеміз, еске түсіреміз, жылаймыз, тірі болғанда туымызды талай биікке көтерер еді ғой деп армандаймыз. Алайда өткен іске не шара?!

Бекзаттың чемпион болмай тұрған кездегі өмірі қалай еді? Мектепте кімге хат жазды? Кіммен ойнады? Досы кім еді? Сабағы, мінезі қалай? Сотқар ма, жуас па? Бұл туралы әлі талай әдеби шығармалар жазылар, фильмдер түсірілер. Дегенмен қыршын кеткен, бірақ батыр атанып кеткен ұлымыз, ініміз, ағамыз, бауырымыз жайлы ата-анасының, мұғалімінің айтып берген, есінен кетпес естеліктері рухани қазынамыз. Сонымен біз білмейтін бала Бекзат кезінде қандай еді?

Сырлыкүл Шойбекова,

Бекзаттың анасы:

«БЕКЗАТЫМДЫ ДӘРІГЕРЛЕРДЕН

7 АЙ БОЙЫ ЖАСЫРДЫМ»

«Әркім өз баласының бойында айрықша дарын, өзгелерге ұқсамайтын даралығы барын айтып, еркелететіні заңдылық қой. Бекзатым да мен үшін ерекше жаратылған бала еді. Жұрттың балалары секілді асыр салып, доп қуалап, асық ойнап өсті. Бекзатты дүниеге әкелмес бұрын дәрігерлер саған енді бала көтеруге болмайды деп бірауыздан қарсылық білдірген. Себебі, менің денсаулығымда біраз кінарат бар екені анықталған болатын. Бірақ мен осы баламды қалайда туамын деп, алдыма мақсат қойдым. Бекзатым іште 7 айлық болғанша жүктілігім жайлы ауыз ашқаным жоқ, есепке де тұрмадым. Дәрігерім естіген кезде қатты ұрысты. «Сен өмір сүргің келе ме?» деп. «Алда-жалда босану үстінде бақилық болып кетсең, кеш қаралған өзім едім деген тілхат жазып бересің» деді. Жазып бердім. Өз баламды тумай жатып тұншықтырсам, ана атым өшсін деген ойда болдым. Қай ана болса да сөйтері белгілі ғой. Ол кезде қазіргідей емес, технологияның аса дами қоймаған шағы. УЗИ деген атымен жоқ. Іштегі баланың жүрек соғысын тыңдап көрген дәрігер: «Мына бала арыс­тандай қайратты болайын деп тұр екен, жүрек соғысы тура соныкіндей», – деп мәз-мейрам болғаны.

Бекзатым бала кезінде өте нәзік еді. Кейде отырып армандаушы едім, осы балам неге қыз болып туылмады екен деп. Алдындағы үш ағасына еркелеп өсер еді ғой деген қиялым. Олай ойлауымның себебі де жоқ емес. Қызым жоқ болатын. Алдында егіз қыз босанып, екеуі де шетінеп кеткен. Ашығын айтқанда, Бекзат қыз мінезді еді. Гүлге құмар-тұғын. Көшеден, ауладан гүл көре қалса, отыра қалып иіскеуші еді. Қатты қызығатын соған. Жүрегі арыстандыкіндей болады деген балам осылайша қыз мінезді болып көрінетін.

«БЕКЗАТ МЕЙІРІМДІ ЕДІ»

3-сыныпта оқып жүрген кезі. Бірге оқитын әке-шешесі жоқ, жетім балалар бар екен сыныбында. Бір күні әкесі екеумізге келіп: «Дене шынықтырудан беретін ағай мама-папасы жоқ балаларға неге спорттық киіммен келмейсіңдер деп әбден ұрысты. Жоқ болғанына олар кінәлі емес қой. Мақсаттардың (үлкен ағаларын меңзеп отыр) сыймай қалған киімдері болса соларға апарып берейікші», – деді. Бала болса да сезімталдығына, алақандай жүрегі әлгі балалардың аянышты халін көріп ауырғанына таң қалдық. Жетім көрсе, жебей жүретін халықпыз ғой, Бекзатқа «әлгі балаларды ертіп келе ғой, ертең базарға барып, киім әпереміз» дедім. Бикошымның қуанышында шек болмады. Бетінен мейірім мен шаттықты байқадым. Баламыздың осындай екеніне қатты қуандық. Қазіргі заманда бала түгілі үлкендерден шапағат күту мұң болып кетті ғой. Қанша бала көріп жүрмін, немерелерім де баршылық, алайда Бекзаттың бойындағыдай бегзадалықты, мейірімді байқай алмай жүрмін. Ол өсе келе қайырымдылықты бізге айтпай жасайтынды шығарды. Кейбіреулерін енді естіп-біліп жатырмыз ғой.

Спорттан аты шығып, әлемді аралаған, бірақ әлі олимпиада чемпионы атана қоймаған шағы, заманның құбылып тұрған кезі. Қаламызда жасөспірімдердің футбол командасы бар болатын. Елдегі әлеуметтік жағдай мәз емес еді ғой сол бір жылдары. Сол командада ойнайтын балаларға Бекзатым шетелге жарысқа барғанында жиған-терген, жарыстардан тапқан ақшасына судай жаңа формалар сатып алып, келген соң таратып беріпті.

Шымкентте тұратын туысымыз бар еді. Кішкентай баласы Бекзат ағам сияқты бокс­шы болам дейді екен. Ақыры боксқа барыпты. Өзі де бейімдеу болса керек. Бірақ қу ақшаның жоқтығынан кейде жарыстарға бара алмай жүреді екен. Соны көрген Бикошым жарыстардан қалып қоймасын деп, қолындағы бар ақшасын беріп, киімін әперіп көмектесетін көрінеді. Сол бала кейіннен талай жарыстарда оза шауып, жүлде алып жүрді. Оған біз де қуанатынбыз.

Бір күні дүкен аралап жүрсек Бекзат бір былғары допты ұстап алып: «Мама, мына допты алайықшы»,– деп жалынғандай кейіппен қарап тұр. Әпере салайын десем ақша шіркін жетіңкіремейді. «Бекзат, айналайын басқа ойыншық ала салшы» десем көнбей қойды. Амал жоқ, бар ақшамды төлеп, жетпей қалғанына қарызданып, былғары допты сатып әпердім. Үйге келіп, көшеде ойнап жүрген балаларға берді ғой соны. Сөйтсем көршіміздің баласы добын қызғанып, ойнауға бермейді екен. Сол балалар үшін алғаны белгілі болды. Бәрі ойнасыншы дегені ғой. Өзі өрімдей жас болса да, кейде Бекзаттың қайырымды істері кейбір үлкен азаматтарға үлгі боларлықтай еді…

Өмірінің соңғы кездерінде балам болашағына жоспар құрғыш болып алды. Күнделік арнап, соған алдағы атқаратын істерін, жоба-жоспарын жазып жүретін әдет шығарды. «Мама, мен әлі кем дегенде екі олимпиаданың чемпионы болам», – деуші еді. Бірдеңеге асығып жүргендей, бір нәрседен қалып кететіндей күйгелектеніп кететін. Халықта «болашаққа жоспар құра беруге болмайды» деген сөз бар ғой. Баламның асыл армандары, жоспарлары өзімен бірге бақилыққа кетті. Бірақ артынан ерген қазіргі інілері Бекзат жеткен биікке әлі талай жетеді деген сенімдемін.

Сейілхан Саттарханов,

Бекзаттың әкесі:

«ТАҢ НАМАЗЫН ТАСТАМАЙ

ОҚЫП ЖҮРІПТІ»

«Бекзат боксқа 15 жасында алаңсыз бет бұрды. Сол кезде мектепте бокс үйірмесі ашылыпты. Соны естіп алған Бикош: «Папа, мен боксқа қатысам», – деп қиғылықты салды. Жазғы демалыстың уақтысы-тұғын. «Мейлің, 3 ай бойы құр жүргенше, қатыссаң қатыса ғой», – деп келісім бердім. Қыркүйектің соңына таман турнирге қатысатын болды. Қуанып жүр. Мен отырмын, «Үш ай қатысқан бала қайбір қарық қылады дейсің» деп. Қатысты. «Мен кубокты жеңіп алдым!» – деп келіп тұр үйге үш күннен кейін. Алғашқы жеңісі біз үшін де, өзі үшін де өте ыстық еді. Сол кубогы үйде әлі тұр. Осыдан бастап ерекше құлшыныс пайда болды спортқа деген. Келе-келе жеңісі көбейе берді. Нұрлан Жұмабаев деген жас жаттықтырушы көңіліме ұнап, кейін баламды соның қолына бердім. Алыс қалалардағы жарыстарға жіберерде қатты қиналып қалатын едік, себебі спортшылар ол кезде өз қаражатымен баратын еді ғой. 5-10 мың теңге деген ол кезде әжептеуір ақша. Соны қарыздансақ та тауып беріп жүрдік. Жаттықтырушы Нұрлан да шыр-пыр болатын: «Өзім спонсор іздеп едім, таппай қойдым. Өздеріңіз бірдеңе қылыңыздаршы. Бекзат болашағынан көп үміт күттіреді», – деп қайта-қайта келетін. Бекзат жарыстардан қалмай жүрді. Үнемі 1 орын алып келетін. Елдің түкпір-түкпірінен келген жаттықтырушылар Бекзаттың боксқа кездейсоқ келмегенін аңғарып, жан жақтан сұраулар түсе бастады. «Маған берсеңіз, баланың бар жағдайын жасаймыз» деушілер тіпті көбейіп кетті. 1997 жылы шымкенттік Анатолий Петрович деген бапкер келді. «Балаңыздан мықты боксер шығады, маған берсеңіздер солай етуге уәде беремін» деді. Бекзаттың өзі де спортпен біржола шұғылданғысы келіп жүретін. Ақыры сол орысқа қосып жібердік. Туабітті дарыны бар адам әйтеуір тесіп шығады екен ғой. Бекзат небары 5 жыл ішінде олимпиада чемпиондығынан өзге бағындырмаған биігі қалмады.

Ол өсе келе аят жаттап, дінге бет бұра бастап еді. Сиднейге кеткенше намазын тас­тамады. Кетер алдында екі апта бойы үйге келіп, демалған болатын. Сонда «әй, балам-ау, өзің азаннан кешке дейін дайындаласың, жаттығуың бар, бес уақыт намаз оқисың. Әзірге таң намазын ғана оқысайшы», – деп өтініш айттым. Балам ештеңе демеді. Қазір сол айтқандарыма өкінем. Дінге бет бұрғанының, Алланың жолына түскенінің арқасы шығар сондай биікке көтерілгені. Ермаханның айтуынша Бекзат Сиднейге барғанда да таң намазын тастамай оқып жүріпті».

Әсия Қаппарова,

Бекзаттың мұғалімі:

«ОРЫС ТІЛІНЕ МҮЛДЕМ

ШОРҚАҚ БОЛАТЫН»

«Бекзат анау айтқандай керемет, үздік оқыды деп айта алмаймын. Байқасаңыз батыр тұлғалы азаматтардың, жазушылардың, өнер иелерінің мектепте өте жақсы оқығандары сирек қой. Бірақ Бекзат нашар оқыған жоқ. Оның үнемі үздік оқитын сабақтары қазақ тілі мен әдебиеті, Қазақстан тарихы еді. Орыс тіліне мүлдем шорқақ болатын. Мектепте орыс тілін жөндеп үйрене алмай кетті.

Тәрбиелі, тәртіпті-тұғын. Бала болып біреумен ерегісіп, төбелесіп қалғанын байқамаппын өз басым. Педагог ретінде байқағаным, спортқа бейім балалар құйма құлақ келеді және тәртіпке де мойынсұнғыш. Бекзат жоғары сыныптарда спортқа жан-тәнімен кірісті. Сол кездің өзінде-ақ мектебіміздің абыройын асырып, ұстаздардың мерейін өсіруші еді. Сыныптағы ер балалар өскен сайын топтарға бөліне бас­тады, бір топта өңшең бұзықтаулары болса, екіншісінде белсенді, жақсы оқитын, тәртіптілер жүретін. Бекзат екінші топтың мүшесі болды. Бірге жүрген достарының барлығы дерлік қазір үлкен азаматтарға айналған. Алайда біз үшін Бекзаттың орны ерекше ғой.

Бала болған соң қыздарға қырындайды. Бірақ естияр боп махаббат құруға, отбасылы болуға қысқа ғұмыры жетпей кетті ғой. Ол менің де балам еді. Бекзат өлді дегенде жүрегім тас төбеме шықты. Туған баламнан айрылғандай болдым. Уақыт шіркін емдейді екен. Қазір де мұғаліммін. Кейде сабақ үстінде кейбір балалардың бойынан Бекзатқа тән қылықтарды, мінездерді көрем. Жеңісі соныкіндей, тағдыры оған ұқсамаса екен деп тілеймін. Ғұмыры ұзақ болсын деп».

Бүгінде Түркістандағы даңғыл жол, спорт кешені, Қ.А.Яссауи атындағы ХҚТУ-дің жастар ұйымы, өзі тұрған мөлтек аудан да Бекзат атымен аталады. Батыр ұлын естен шығармаудың бір көрінісі ғой бұл. Алайда сағыныш шіркін бәрібір қылаң береді. Оны елі сағынады, киелі жері сағынады, ең бастысы, әлдилеп емізген, батыр қып өсірген анасы мен әкесі сағынады. Осы мақаланы жазу барысында Бекзаттың үйіне арнайы барып, сол кісілерден сұхбат алдық. Анасы байғұстың көз жасы әлі кеппепті. Әңгіме барысында бір жылайды, бір күрсінеді. Сейілхан ағаның да көзінде мұң, ішінде шер жатқандай көрінді. Айтпақшы, Бекзаттың Бекзат есімді інісі өсіп келе жатыр екен. Мақсат деген ағасының баласы. «Баламның аты өшпесін деп, имамдардан рұқсат сұрап барып атын қойдық», — дейді Сырлыкүл жеңгей.

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

Оңтүстік Қазақстан облысы

Серіктес жаңалықтары