САЛТ АТТЫЛАР ӨРКЕНИЕТIНIҢ ЖЫРШЫСЫ

САЛТ АТТЫЛАР ӨРКЕНИЕТIНIҢ ЖЫРШЫСЫ

САЛТ АТТЫЛАР ӨРКЕНИЕТIНIҢ ЖЫРШЫСЫ
ашық дереккөзі
582

Жазмыш бойынша адам белгiлi бiр мұратпен жаратылады. Әулие-әмбие, пайғамбар, ғалым, би, хан, қолбасшы болары содан… Ақселеу аға да Алланың мұратты жаратылысының бiрi. Алла оған салт атты көшпелiлер өркениетiнiң жаршысы болуды ұйғарыпты.Салт атты көшпелiлердi өркениет ретiнде көзге iлмеушiлiкке ағаның қаны қас болатын. Шынында да, адамзаттың қолын ең үздiк жаңалықтарға жеткiзген үрдiстi қалайша қоғамдық дамудың сарабдал жолына жатқызбауға болады: тарихи төңкерiске баланатын мал шаруашылығын өркендету мен көлiк пайдалануды жолға қою; дөңгелектi, үзеңгiнi, темiр балқытуды, өзiмен бiрге көшiп жүрер баспананы, далалық даналық өнердi, музыка мен жазу-сызуды ойлап табу … әсiрi бұл жетiстiктер бiр өркениет «тақиясына» тарлық етпесi анық.

Сәуегейлікпен алдын болжай алу, жұдырықтай жұмылып, шапшаң қозғалысқа бейімділік, мүлтіксіздікке ұмтылу көшпелілерге тән ұстындар. Әрдайым жаңа кеңістікті игеру олардың қанында бар.

Отырықшылық, технократтық өркениет көшпелілер үрдісін біржолата, үзілді-кесілді тарих сахнасынан өшіріп жіберді дегеніміз туасы жаңсақ пікір болар. Жаһандық өлшемде бұл дағды өз жалғасын та­­уы­п жатыр. Өткен ХХ ғасырдағы 1961 жылдың 12 сәуірі мен 1969 жылдың 21 шілдесіндегі оқиғалар осыған бұлтартпас куә. Адамзаттың ғарышқа қанат қағуы, Ай бедеріне басқан алғашқы қадамы көшпелілер дәуірінің қайта өркендеуі, жаңғыруы.

Бұл көшпелілер рухымен тікелей байланысты. Нил Армстронг «жаңа көшпелілер шапанын» иығына ілді.

Салт аттан ғарыш кемесіне дейін, киіз туырлықты, аспан шаңырақ үйімізден орбитадағы ғарыш стансасына – міне, көшпелілердің құдыретті, қарымды қарышты қадамы. Өмір мәңгі қозғалыста. Ол оның болмыс өзегі, мәні, бәлкім шексіздік сыры осында болар.

Қозғалысты туғызатын қуат құрдымға кетпейді, түлеумен болады. Қозғалыс қанатын байлаған бір зат екінші денені қозғайды, сонымен қоса оған өз бойындағы қуатты сыйлайды, осылай бірінен-біріне өтіп, тізбектелген сабақтастық шексіздікке жалғасады.

Осыны зерделей білген бабаларымыздың даналығына таң қалмасқа болмайды, олар бейнебір шапшаңдыққа бейімділігін, жинақылығын Жаратқан Иемнің аманатындай ғасырлар көзінен сүріндірмей аман алып келе жатқаны. Аманатқа адалдықты қазаққа Алла өзі сыйлады емес пе?

Әр адамның ту сыртында әлемдік тарих тұр, бейнебір әр толқынның жалында мұхиттың алапат қуаты тұрғандай. «Әр адам – бір әлем». Осы сәтте біздің санамызда бар ғасырдың зейіні жиналып, салтанат құрады. Сондықтан әркімде ата-бабасынан нәр тартқан буырқанған тылсым күш бар.

Осы тұрғыдан келгенде Ақселеу ағаға Алла өр қасиеттерді үйіп-төгіп берген. Аға қазақ этномәдениетінің, ата-бабалар дәстүрінің, көшпелі рухты өркениетіміздің алтын жамбысы, сөнбес нышаны, табаны жерге тимес тарланы еді.

Ақселеу аға ойында туған жобаны «көкке ұшырған», аспан алқаған, ақжолтай ұл, алғадай азамат. Ойына оралғанды іске асыру – мыңнан біреудің маңдайына жазылады. «Қазақтың күй өнері», «Елтұтқа», «Қазақтың ауызша тарихы» сондай жобалар. «Қазақтың күй өнері» монографиясы ағаның қағазға түскен киесі, өрт ішіндегі бастаңғысы, маңдайына мамырлап қонған бағы, ұлттың өзгенің қолында кетпес сесі, олжалы несібесі. Нәсілінен дарып, арымас тұлпар болып туғанының айғағы.

Қазақта ел тарихын әйгілі тұлғалар арқылы тану мүмкіндігіне зер салынады. Ақселеу ағаның «Қазақ әлемі», «Елтұтқа» (өзгелермен бірге), «Қазақтың күй өнері» кітаптары соған айғақ. «Қазақтың шежірелі зердесінде» адам – тарихтың негізгі тұлғасы, ал адам сапасы – тарихтың қозғаушы күші. Халық дана көсемге қашанда зәру. Платон айтқандай, патша дана тұлға болғанда дүние шырайлана түспек. Ұлт маңдайының бағына біткен, ел іргесін бекемдеп, шаңырағын нығайтқан Керей, Жәнібек, Қасым, Есім, Тәуке, Абылай сияқты хандар; Төле, Қазыбек, Әйтеке сияқты қара қылды қақ жаратын ақылман билер; Асанқайғы, Қазтуған, Шалкиіз, Бұқар сияқты айыр көмей, жез таңдай абыз жыраулар; Бөгенбай, Қабанбай, Наурызбай сияқты ел тағдыры жолында жаумен санаспай соғысатын ержүрек батырлардың; Шоқан, Абай, Әлихан, Мұхтар, Қаныш, Әлкей сияқты ғұлама ұлы ғалымдардың, қазақ халқы есімдерін пір тұтар біртуар, «ақсұңқар» тұлғалардың, құдыреттердің сөз суреті қайталанбастай, мүлтіксіздік сатысына көтеріліп салынған.

Мүмкін бұл арна Ақселеу ағаның «қолы», төл жанры болар. Жартасты толқындардан «ұлы сілкіністер мен дәуірлік толғақтардан» туған көшпелілер әлемінің ең жарқын тұлғасы, XIX ғасырдағы рухани жаңғырудың қарлығашы, ұлт киесі – домбыраға тіл бітірген Құрманғазыға жасыннан от тартып, сөзден мұнара соқты. Бұл портрет әзірше сөз ескерткіштің қайталанбаған түрі. Ұлылығын танытып, көмбесін ашып, ұлылығын өнерге ұялатып салды. Концептуалды, философ күйші екеніне барша жұртты иландырды. «Дүниенің мың сан құбылысын Құрманғазы дыбыспен қабылдаған сияқты».

Біз Алланың ұлтқа берген ерекше сыйы – «арқалы ақындық» деп жүргенімізде, Ақаң қазақ халқының тарихтағы орны, жалпы адамзат мәдениетінің дамуына қосқан сүбелі үлесі – музыкалық мұрасы екенін айғақтап, бұлтартпастай етіп монографиялық еңбегімен дәлелдеді. Сөйтіп, «бар қазаққа бар әлемді қарата білді». Ақиық ақын Кәкімбек аға Салықовтың: «Күй – жүйріктің құс қанатты шабысы, Күй – сұлудың құштар қабақ қағысы» дегені Ақселеу ағаның көк тұмары секілді. Қытай – көбелекке жібек тоқытқан өнердің мекені болса, қазақ елі домбыра мен қобыздан күй сауғызған киелі ел екенін танытты.

Ел қуатының ұйытқысына баланған ұлттық идея туралы да Ақселеу аға ой салып кетті. Ұлттық идеяның – ұлтқа қызмет етер уақыт аясы ұзақ болғандықтан жүре келе қалыптасуы заңдылық та болар. Тәуелсіздік таңы атқалы біраз жылдар жүзі ауса да, басты мұрат ұстатпай тұрғаны өкінішті. «Ұстатпаған ой шыңдала түседі». Әйтседе сол ұлттық идея туралы ұйытқы ой Ақселеу ағаның зердесінде оянуы, оның ғалымдығының да, талантының да сапасын көрсетіп отыр.

Әманда «топ жарып сөз бастау қиын». Кешегі Ілияс Омаров, Өзбекәлі Жәнібеков аңдатқанмен, бүгінгі көзі тірі идеологтарымыз айта алмаған ұлттық аңсар мұратымызды Ақселеу аға зерделеген еді.

Ғалым ұлттық идеяның теориялық негіздерін айқындап, оның тінін, іргетасы, тіректері мен шаңырақ нысандарын зерделеп беріп кетті.

Ұлттық аңсар – жойдасыз күш-қуат, бейберекет шығындалмайтын құт. Көңілінің тереңіне тұндырылған ұлттық аңсары бар ел әманда құдыретті, әрі оңайлықпен қажымас. Ол – биік рухтың, рухани қуаттың ортаймас қоры, қайнар көзі.

Аға ата-ананың әруағын әулиедей қадірлеген ұлттың ұлы. Байғозы батыр бабамыздың басын қарайтудағы қайраткерлік ерен еңбегі елді тәнті етті. Жеткізбес армандай сағымданып, көзден ұшқан мұрат жанарға ілінді. Ағадырда Байғозы батыр бабаның басына күмбезді кесене тұрды. Бабаның үш ғасырлық мерей тойының жоғары деңгейде, халықтық мереке болып өтуін жұртшылық Ақселеу ағаның атымен байланыстырады.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мерейтойға қатысу­шыларға құттықтау хат жолдады. Батыр бабамыз туралы тағылымдық баяндаманы Қазақстанның халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлы жасады. Жақсылық Жұматаев, Асылхан Сейдімбек сынды көшелі азаматтардың батыр баба кесенесін тұрғызуға қосқан үлесі теңдессіз болды.

Ақтық сапарға Ақаңды арулап аттандырған, Ұлт рухын түлеткен Елбасы мен рух айналасынан табылған адамдарға тілегіміз алабөтен.

Алла разы болсын!?

Ағаның жанары да, жаны да таза болатын. Кеңестік тағдырдың жегенесінен аман қалған аға мамыражай тәуелсіздік аясында қапияда пәни жалғаннан өтіп кетті. Ұлттың төлтума мәдениетін мәртебе көретін аға жаһандануды жатсынды ма екен!

Ұлытаудың белі бүгіліп, Сарыарқаның сағы сынды-ау. Лайым ұлттың тірегі кетпесін. Ұлттың «Ұлы шоғыр» өрісі болды. Оның шығармашылығы – қазақ елі мен әлемдік мәдениеттің жұрнағы екені хақ.

Таудан да биік адамдар болады екен. Оған Ақселеу аға арқылы көзім жетті. Тірісінде пір тұттым. Кенже ұлыма ақ батасын алдым.

Күй шежіресі Ұлы далаға сыр айтқызса, сәулеткер ойынан озған құлпытасы тасқа жыр айтқызыпты. Алла разы болсын!

Тасанби ТОҚБЕРГЕНОВ

Серіктес жаңалықтары