МІНЕ ҚАЗАҚТЫҢ ҚАРУ-ЖАРАҒЫ!
МІНЕ ҚАЗАҚТЫҢ ҚАРУ-ЖАРАҒЫ!
Бiрiншi тыныс
Қазақтың бейнелеу әлемiнiң есiгiн қағып «Кiм бар-ау?» деп келгенге масаттанып көрсетер, кемерiнен асып, төгiлiп жатқан рухани байлықтың сапында Қалекең, суретшi Қалиолла Ахметжановтың бүкiл еңбегi тұрар едi. Түрлi әдiстермен жазған түсжазбалары да, Абай өлеңдерiне арнап салған акварель-графикалары да, қазақ қару-жарағына арналған кiтаптардың iшiне түскен иллюстрациялары да көрермен шiркiндi жалықтырмай, қайта сұқтандыра түсiп, «апырай, осының бәрiне қайтiп уақыт табады екен?!» дейтiн таңданысты тудырар едi.
Бұрынғы жылдары «Жараған темiр кигендер» кiтабына бiр ауыз пiкiр бiлдiргенде таңданышымыз таусылып қалды десек, бұл жолы «Қазақтың дәстүрлi қару-жарағының этнографиясын» көрiп тынысымыз бiтiп қалғандай болды. Қолымызға алып парақтап шыққанымызда суретшiнiң тiптi шығандап, тереңдеп кеткенiн сездiк.
«Алтын шыққан жердi белiңнен қаз» деседi өткен шақ. Әсiресе, «Жараған темiр кигендер» тақырыбын «ашық карьер» етiп тастау обал-ды. Ондағы уақыты келмеген, зерттеудiң кейбiр таптырмаған тұстарын тауып, кемелдендiрiп, екiншi кiтаптың жүгi етiп шығару, Ахметжановтың бiр шыққан биiгiне тоқмейiлсiп, отыра бермейтiн жан екенiн көрсетсе керек.
Халқымыздың көне сақ дәуiрiнен тартып күнi кешеге дейiнгi дәстүрлi қару-жарағын тәптiштеп зерттеп, суретiн түсiрiп, осы саладағы ғалымдар еңбектерiн саралап-салыстырып, «Алпамыс батыр», «Қырымның қырық батыры» секiлдi қазақтың не бiр эпостық iнжу-маржан жырларынан қару-жараққа қатысты бүкiл ақпаратты түгел сүзiп, тың деректермен байытып, ауырлатып, көпшiлiктiң назарына ұсыныпты. Өзгесiн айтпағанда, бiр ғана садақтың адырнасы қайтiп жасалды, қалай күшейтiлдi, жебесi неден, жақ дегенi қайсы, иiнi, тобыршағы, кiрiсi, оғы, кезi, қанаты, жетесi ше, қайтiп алып жүрдi, қорамсағына не пайдаланды, қай ғасырда қандай түрге ендi дейтiн қым қиғаш сұрақтардың барлығына дерлiк жауап бере алатын бұл кiтап аса тәптiштеп айтылатын салмақты, өзге құнарлы әңгiменiң жүгi. Бiз салмақ салып айтқымыз келгенi – ендi, елiмiздiң бiлiм беретiн барлық мекемелерi оқулықтарына таптырмас материал бола алатын бұл кiтаптың жатып қалмай, дереу өз бағасын алып, халықтың кәдесiне жараса екен дейтiн ақ тiлек.
Барымызды бағалай бiлмей, байыбына жетiп, кәдеге жарата алмай тұрған шақта – бiр басында суретшiлiкпен қоса тарихшы, этнограф-ғалымдығы қатар жүрген Қалекең секiлдi азаматтар арамызда көбейе берсе қазақтың жоғалтқаны тездетiп орнына келер едi. Әттең, бұл кiсiлер саны әзiрге некен-саяқ.
Жанынан ыңғай бiр шуақ шашып тұрған, әрлi де нәрлi «Асқақтаған Алатау», «Сарқырама», «Тауыс», «Шарын», «Күз әуенi», «Тас жол», «Дала қожайындары», «Жылқылар», «Көктем», «Айлы түн мен тастар» картиналары сөз жоқ автордың даңғайыр суретшi екенiнiң куәсi.
Алтынды егеп керегiне жаратқаннан соң да, әлгiгi егелген ұнтақ кәдеге асады. Ұнтақты сексеуiлдiң қозына немесе қайнап тұрған майға төгiп келiп жiберсе, диаметрi 1-1,5 мм шариктер пайда болады. Әлгi шариктердi ерiнбей жалықпай бiр-бiрлеп жинап, сырғаның көзi дейсiз бе, семсердiң балдағы дейсiз бе, керек жерiне дәл тауып-көркемдеп, жапсырып, дәнекерлеудi Қазақ зергерлерi «сiркелеу» деп айтады екен. Оған қанша көз майы, ерiк-жiгер, шыдам, шеберлiк керек десеңiзшi!
Қалекеңнiң картиналарын да сондай зергердiң сiркелеп iстеген жауһар бұйымы дерсiз. Жанына жетсең фон-рең, композиция, колорит дейтiн сурет сұраныстарымен ымыраға келiп, картина жүгiн жеке дара көтерiп тұрғандай көрiнетiн әлгi бытырадайын шарик-бояу дақтар картинадан бес-алты қадам шегiнсең, айтатын оймен тұтаса кетiп, картинамен сiңiсе, жымдаса қалады-ей құдырет! Әсiресе, «Түстер галактикасын» айтсаңызшы!
Эмоция дегеннiң алып-ұшпалығы бойында жоқ, осынау өнер иесi қашанда бiр тоға, көмпiс, қайсар мiнезбен, асқан шыдамдылықпен мұндай картиналардың бұған дейiн неше атасын iстедi десеңiзшi?! Сурет өнерi кеңiстiгiнде пуантилизм дейтiн сала бар. Қалекеңнiң творчествосы ағындап, күш ала келе сол әдiстiң арнасына құйылғандай…
Сұқ саусақтың ұшымен барып қана қойғандай, дөңгелек, бояу-дақтармен түстердi мыңдап, он мыңдап, дәлдеп қондыра беру Қалекең сияқты мықтылардың ғана маңдайына Жаратқан Ие жазған несiбе.
(Қалекеңнiң маған ыстық болатын жөнi бар. Менi мектепте сурет салуға баулыған Сәкен Шүйкеевпен көркем-сурет училищесiнде бiрге оқыса, творчествосын төбеме көтеретiн Жұмақын Қайрамбаевпен сонау Петерборда сурет академиясын бiрге тауысқан кiсi. Ол аз десеңiз, мына, «Қазақтың дәстүрлi қару-жарағының этнографиясын» кiтабының көркемдеушi редакторы – менiң газет-журналдар безендiру жұмысын бастаған кезiмде ұстаз болған Шахан Махамбетов екен. Кездейсоқ ештеме жоқ, ә?)
Қалекеңнiң жары Райгүл жеңгемiз қазақ апа, әжелерiнiң дәстүрiн жалғап, шым-ши тәсiлiмен жасаған, сымбаты мен сыршылдығы жан жадыратар ауан сыйлайтын «Үш бұрыштар би», «Қараша», «Шашу», «Жiбек жолы» атты еңбектерiмен көрiнiп жүр. Халықтың дәстүрлi қол өнерiн өсiрiп, жетiлдiрiп, замана сұранысына сәйкес пiшiн тауып, жасанып, ерi жасаған картиналармен йықтасып тұрған бұл еңбектер де мақтауға-мақтануға әбден лайық. Жарына, өнерге адалдығы үшiн де.
Екiншi тыныс
Қалекеңнiң шығармалары әр алуандылығымен ерекше десек, олардың өзi де сала-салаға бөлiнiп кететiнiн айтуға тиiспiз. Мысалы, сексенiншi жылдары салынған «Желтоқсан» картинасымен күнi кеше салған «Боз қырау» картинасы бiлмеген адамға екi түрлi қолдан шыққандай әсер етедi. «Келiн» атты шығарма мен «Кәсiпкер» дейтiн портреттiң де жазылу техникасы екi түрлi. Бұл да болса суретшiнiң әмбебап, көрерменнiң қашанда сонышыл, жаңалық тiлеп тұрғыш көңiлiн тап баса бiлгендiгi. Тағы бiр ерекшелiк, түрлi-түрлi қабылданатын сол картиналардың бәрiбiр «Ахметжанов» дейтiн қолтаңбаны әйгiлеп тұратындығы.
Суретшiнiң соңғы кезде кеңiнен шарлап жүрген өрiсiнiң бiрi – ХIХ ғасырдың соңы, ХХ ғасырдың басында еуропа суретшiлерiнiң кеңiнен пайдаланған импрессионизм және пуантилизм әдiстерi. Бұл әдiс – бiрiншi қабатта тұтас-жалпы жазылған суреттiң үстiне түрлi түс дақтарын жеке-жеке, араластырмай қойып шығу. Көрермен картинадан бiр-екi адым шегiнiп кеткенде-ақ әлгi дақтар бiрiмен-бiрi оптикалық араласуға түседi де, астыңғы қабаттағы түстермен астасып, әсер ету мүмкiндiгi күшейе түседi. Картина жанданып, қозғалысқа түскендей болып, әлгi мың-сан дақ бояулар сөнiп-жанғандай әсер қалдырады. Тереңдiк сезiлiп, көлем пайда болып, адамды бiр сиқырымен арбап тұрғаны. Көздiң көру, қабылдау ерекшелiгiн әбден зерттеген суретшiлер көрермендi өзiне «байлап қоюдың» осындай әдiсiн жетiк меңгерген.
Күн нұрының жер бетiндегi түрлi нәрселерге шағылып, жанарды арбап ойнағанын, оның мың түрлi құлпырған түсiн өз картинасына көшiруге талпыну сонау Қайта өрлеу дәуiрiнен-ақ суретшiлердiң басты арманына айналған. Талай мықтылар кенептерiне мөлдiр, бiрнеше қабат түстер жаға отырып, оларды өзара шағылыстырып, күннiң сәулесi ең астыңғы қабатқа үстiңгi қабаттағы дақтардан сүзiлiп барып түскенде жаңаша бiр рең пайда болатынын зерттеп бiлген. Сол мүмкiндiктерi арқылы картиналарына iштей «жанып» тұратын қасиет берген.
Батыс суретшiлерi негiзiн қалап кеткен бұл ғажайып әдiс – Қалекеңнiң талай картиналарына жан салып, түскен жарықтың қуатына орай кеңiстiгiн өзгертiп, жалпы колоритi, тiнi құбыла түсiп, көрерменге ерекше әсермен барып сiңедi. Күннiң шақырайған ашық кезiнде бiр әсер берсе, томсарып-тұмандана қалған сәтте басқаша көңiл күй сыйлап, картинадан қанша қадам алыс тұрғанына дейiн өзгере қалып, оптикалық сиқырға айналып, көрерменнiң тап өзiндей «айнымалы-ауыспалы мiнезге» ие бола қалады.
Қалағаның бытырадайын домалақ, әр келкi, әр түрлi дақтары – кенебiнiң астыңғы қабатындағы жұқа бояулармен өзгеше бiр туыстық тауып, суретшi бойындағы қазақы қанмен будандасып, шығыстың дәстүрлi сурет салу әдiстемелерiнiң жылғасына түсiп, ағып келiп, көрерменнiң ашқарақ жанарына «күмп» ете түседi!
1988 жылы жазылған, бiр құлаш шаршыдай кенепке жазылған «Қарборай» картинасындағы түрлi пiшiндегi қара дақтар ақ фонның үсiне барып қонғанда – аппақ қардың тазалығы мен борап тұрғандай, қозғалыс әсерiн қабат бередi. Картинаның қалпы көрерменнiң көру нүктесiне орай, тiптi, суреттен алыс жақындығына қарай өзгерiп тұрады. Жақыннан қарасаңыз орман мен ағаш дiңдерi ұсақ бояу дақтарымен астасып көрiнбей кетедi дағы, үш-төрт адым кейiн шегiнсеңiз айқындала қалады.
«Шомбалтас» дейтiн картинасын көрдiңiз бе? Мұнда шығыстың табиғат образын адаммен шенестiру фәлсафасы жатыр. Жартас, шомбалтас – қашан да адам баласы берiктiгiнiң, iрiлiгiнiң, тұтас-мызғымастығының символы. Шомбал тас таудың бiр бөлшегi бола тұра, анау қой тастардан, кесек тастардан, құмнан қашан да iрi. Басынан бағы тайған күнi өзi де әлгiлердей ұсақталып, уатылып кете барар едi, тап адам баласының тағдырындай. Тәлейiндей…
***
Қазақтың тiлi поэтикалық бай тiл. Тiлге кемел бiр ғалым:
– Қалеке, сiз Монбланды алдыңыз, Хан Тәңiрге шықтыңыз.(Монблан қашан да Хан Тәңiрден аласа). Сiз ендi Эверестi бағындырасыз, бiз оған кәмiл сенемiз, – дегенi бар.
Әсiрелесе де айтқанының негiзi тура.
Аға буын өкiл Қалиолла Саматұлының биiктердi бiрiнен соң бiрiн бағындырып жатқаны үшiн мақтан тұтып жүргенiмiз аз. Бiздер, өкше басар iнiлерi де қамау терiмiз алынып, қашан да бабымызда жүргенiмiз керек-ақ. Әйтпесе дәстүр сабақтаса ма?