ҚАЗАҚСТАН ҚОРЖЫНЫНДА – 7 АЛТЫН

ҚАЗАҚСТАН ҚОРЖЫНЫНДА – 7 АЛТЫН

ҚАЗАҚСТАН ҚОРЖЫНЫНДА – 7 АЛТЫН
ашық дереккөзі
336

Қазақ үшiн жетi санынан қасиеттi нәрсе жоқ. Жер бетiн мекендеген халықтардың көбiсi жетi санын кие тұтады. Жетi санында сиқырлы күш бар деп есептейтiн елдер де бар. Ал бiздiң ата-бабаларымыз жетi санын атам заманнан қастерлеп, табиғат құбылыстары, аспан денелерi мен заң, кейбiр жүйелердi де жетi санымен белгiлеген. Жетi атасын қадiрлеп, жетi қазынасын ардақтаған, Жетi жарғысын белгiлеп, жетi суын құрметтеген халықтың қоржынына Лондон Олимпиадасында жетi алтын түстi. Жетi санын қадiрлейтiн ұлт өз еншiсiне Жетi алтын алқаның бұйыруын жақсы ырымға жорып жатты. Тәубә!

Биыл шымылдығын түрген Лондондағы ХХХ жазғы Олимпиаданың Қазақстан үшін орны бөлек. Пекинде өткен Олимпиадада біздің еліміз 29-орынға табан тірегенде де бөркімізді аспанға атып, қуанған едік. Енді араға төрт жыл салып, қазақ елінің он жеті сатыға жоғары көтерілгені – жақсылықтың белгісі емес пе? Сиднейдегі 22-орын да бізге аса қымбат болған. Оның өзі тарихтың еншісінде қалды. Ал биыл ондыққа енуге аз-ақ қалдық. 12 тамыз күні шымылдығын жапқан Олимпиада да 12 орынға табан тіреуіміз бұрын-соңды болмаған оқиға. Иә, 12 тамыз – 12 орын. Не деген сәйкестік десеңізші?! Қоржында жеті алтын бар. Бір күміс пен бес қоланың өзінің орны ерекше. Күмісті еншілеп, қоладан алқа таққандардың да жүлдесі – біз үшін алтынмен пара-пар.

АЛТЫННАН АЛҚА ТАҚҚАН

ДАРАБОЗДАР

Рас, Лондон ХХХ Олимпиадасының алғашқы күні қазақ спортшылары үшін сәтті басталды. Алғашқы болып, қоржынға Александр Винокуровтың алтыны түсті. Басы тәтті басталған Олимпиаданың соңы да сәтімен аяқталды. Ауыр атлеттерімізге деген елдің алғысы шексіз. Алексей Ни баптаған саңлақтарымыз Қазақстан қоржынына төрт бірдей алтынды салды. Тағы да тәубә дестік! Ауыр атлеттеріміздің алтын алып қана қоймай, әлем және Олимпиада рекордтарын жаңартуының өзі – әлем жұртшылығын ерекше таңдандырды. Қазір ғаламтордағы әлеуметтік желілердегі пікір сан алуан. Қазақстандық спортшылардың жеңісі туралы таңданыстарын білдіріп жатқандар өте көп. Лондон Олимпиадасында алтын алғандардың бәрі – батыр. Винокуров пен Рыпакованың алтыны да Алаш жұртына қымбат. Оның қымбат болатын да жөні бар. Біз он екі жыл бойы велоспорт пен жеңіл атлетикадан жүлдесіз келіппіз. Әсіресе, велошабандоздың алтын жүлдесінен кейін жанкүйерлердің арасында велоспортқа деген қызығушылық көбейді. Жасөспірім балалардың көбі екі аяқты велосипед тебуге құлшынып жүр.

БАРКЕР КУБОГЫНЫҢ ИЕСІ –

БІЗДІҢ СЕРІК!

ХХХ жазғы Олимпиаданың шымылдығы жабылуға санаулы сағаттар қалған сәтте қазақ жұртшылығын былғары қолғап шеберлері айрықша шаттыққа бөледі. Одан бөлек еркін күрестен соңғы сағаттарда қола жүлдені жеңіп алған Ақжүректің де жеңісі барша жұртты тәнті етті.

Ал Серік Сәпиевтің алтыны айта берсе таусылмайтын аңыз. Серік бұған дейін де Олимп шыңын бағындыру өзінің бас­ты арманы екенін баспасөз беттерінде жиі айтып жүрген еді. Әлемнің екі дүркін чемпионының Олимпиада шыңын осы жолы бағындыратынына жұртшылық та сенген. Бірден екінші айналымға шыққан Серік Сәпиев алғашқы қарсыластарын айқын басымдылықпен жеңген еді. Серіктің өзі де, бүкіл жанкүйерлер де былғары қолғап шеберінің жартылай финалдағы қарсыласы Андрей Замковойды азулы қарсылас санаған. Серік Сәпиев бұл қарсыласымен бұған дейін де талай рингке бірге шыққан. Бірде жеңіп, бірде жеңіліс тауып жүрген Андрей Замковой Серік үшін де оңай шағылар жаңғақ емес еді. Азулы қарсыласпен болған тартыста Серік Сәпиев айқын басымдықпен жеңіске жетіп, өз жанкүйерлерін тағы бір желпінтіп тастаған. Финалға екі бірдей жерлесіміздің шығуының өзі зор мәртебе болды. Серік Сәпиев пен Әділбек Ниязымбетов. Сондықтан болар, барша қазақ жұрты екі бірдей былғары қолғап шеберінің соңғы айқасын асыға күтті..

Серіктің финалдағы қарсыласы британдық Фредди Эванс болғаны белгілі. Олимпиада өткізіп жатқан елдің спортшысы болған соң, Фреддиден де қауіп күткен едік. Жоқ, Серік өзінің нағыз шеберлігін сын сағаттарда дәлелдей білді. Хас шебердің тура бағыттаған соққылары қарсыласын дәл тауып жатты. Серік алғашқы раундтарда-ақ, өзінің мықтылығын көрсете білді. Серік өзінің теңдессіз боксер екенін танытты. Көгілдір экранға телмірген жұртшылықтың да жаны жай таба бастаған. Соңғы шешуші сәттер, санаулы минуттарда Серік Сәпиев Қазақстан қоржынына жетінші алтынды салды. Жетінші алтын! Жеті санын кие тұтатын қазақ үшін бұл алтынның орны ерекше. Алғашқы сәттерде қазақ спортшылары бастаған жеңісті жолды Серік әдемі жалғай білді. Қазақ боксының тарихы тағы бір алтын жүлдемен толықты. Серік Сәпиев өзі армандаған Олимп шыңын бағындырып, Олимпиада чемпионы атанды. Әрі Баркер кубогының иесі.

Рас, 69 келі салмақ қазақтың негізгі меншігіне айналғандай. Бұл дәстүр Серікпен тоқтап қалмайды деген сенім бар. Білуімізше, Баркер кубогын иелену жағынан Кубаны артқа тастаған сияқтымыз. Бұл да қазақ боксерлерінің күрзі жұдырығының мықты екенін дәлелдесе керек.

Лондон Олимпиадасы өз мәресіне жетті. Олимпиаданың соңғы таратылған жүлделерін қоржынға басқан боксшыларымыз елге оралды. Астана жұртшылығы жеңімпаздарымызды Астана әуежайынан күтіп алды.

Әуежайда тұрып, жетінші алтынның иесі Серік Сәпиев: «Менің Олимпиада чемпионы атану дейтін басты арманым орындалды. Жеңісімді барша қазақстандықтарға арнаймын. Бокстағы болашағым туралы әлі бір нақты шешімге келген жоқпын. Кәсіпқой боксқа бет бұрып, әуесқой бокспен қоштасам деп кесіп айта алмаймын. Олимпиада сынды қиын әрі қызықты спорт додасынан кейін, енді аздап тынықсам деп ойлаймын», – деген екен БАҚ өкілдерімен кездесу сәтінде. Әрине, чемпионның келешегі туралы айтылар әңгіме әлі алда. Ең бастысы, күрзі жұдырықтың иесі Қазақстанның, барша жанкүйердің өзіне деген сенімін ақтай білді. Қазақтың батыр баласының чемпион атанып, Лондон төрінде қазақтың әнұранын асқақтатып жатқанының өзі – зор мәртебе. Қуансаң, осыған қуан, Алаш жұрты!

Серік Сәпиев – Қазақстанның Олимпиада чемпионы болған алтыншы боксшысы. Бұған дейін бұл салмақта Бақтияр Артаев пен Бақыт Сәрсекбаев жеңіске жеткен еді. 69 келі салмақтың қазақтың меншігіне айналды деуіміздің де сыры осында. Серік те Бақтияр мен Бақыттың жеңісті жолын тура осы салмақта қайталады.

КҮМІС АЛҚАНЫҢ ЖӨНІ ДЕ,

ЖОЛЫ ДА БӨЛЕК

Маңғыстаулық боксшы Әділбек Ниязымбетовтің күміс жүлдесі де алтынмен пара-пар. Ақтық сынға дейін қарсыластарынан басым түскен Әділбектен жүлде күткеніміз рас. Күрзі жұдырық иесінің финалдағы қарсыласы да осал болған жоқ. Соған қарамастан, Әділбек өз қарсыласы Егор Мехонцевпен теңбе-тең дәрежеде жұдырықтасты. Екеуінің де ұпайы тең болып, ақырында төрешілер сәл жылдамдық танытқан Егор Мехонцевтің қолын көтерді. Біздің жерлесіміз күмісті қанжығасына байлады. Әділбектің күмісінің өзі үлкен жеңіс. Өйткені Әділбек жеңілген жоқ. Соңғы секундтарға дейін тең дәрежеде жұдырықтаса білді. Мойыған жоқ. «Әттең, алтын болғанда ғой» деген өкініші ішінде кеткен де болар, бәлкім! Әділбектің алғашқы олимпиадасы болғандықтан, оның келешекте де небір дүбірлі додаларда атой саларына сенім мол.

Олимпиадада күмістен алқа таққан Әділбек Ниязымбетовтің табысына бүкіл қазақ жұртшылығы қуанып жүр. Оның ішінде, былғары қолғап шеберінің жерлестері де бар. Тіптен маңғыстаулық аналар сәбилеріне Әділбек деп ат қоюды да бастап кетіпті. Мұның бәрі жеңімпаз оғланына деген елдің ыстық ықыласы, ерекше ілтипаты болса керек.

АҚЖҮРЕК ЖЕҢІЛГЕН ЖОҚ

Ғаламтордағы сан пікір осыны дәлелдейді. Еркін күрестен жарысқа шыққан Ақжүректің қарсыластарын қалай жеңгеніне төрткүл дүние куә. Өйткені Ақжүрек Таңатаровтың еншісіне жоқ дегенде күміс тиесілі еді. Оның қарсыласы Сушил Кумар Ақжүректің құлағын шайнап жатса да, төрешілер көргісі келген жоқ. Көрсе де, көрмегенсіді. Бұл жағдай Ақжүректің жігерін құм етіп жүре ме деп қауіптенген едік. Бірақ абыройлы жігіт өзінің беделін сақтай отырып, «қола» жүлде үшін өткен сында ел намысын қорғай білді. Ақжүрек Таңатаров Лондон кілемінде өзінің мүмкіндігін тамаша көрсетті, әрі дәлелдей алды. Балуанның қола жүлде үшін болған тартыста түрік балуанын қалай ұтқаны – әрбір Алаш баласына үлгі болуға тиіс. Талантты жігіт өзінің даралығын таныта білді. Сөйтіп, еркін күрестің дәрежесін бір сатыға болса да жоғарылатты. Осыған дейінгі еркін күрестегі «әттеген-айларға» өзінің біліктілігімен, қабілет-қарымымен жауап бере білді. Ақжүректің қалай күрескенін көзіміз көрді, көңіліміз сенді. Әрі Ақжүрек өзінің мықты екенін тамаша дәлелдей білді.

«ҰЙҚЫДАҒЫ» СПОРТТЫ ЖАНДАНДЫРСАҚ…

Лондон Олимпиадасы спорт тарихына тың есімдерді қосты. Лондон Алаш жұртынан екі дүркін Олимпиада чемпионын шығарды. Илья Ильиннің толағай табысы – Қазақстанды айдай әлемге айрықша паш етті. Одан бөлек, біздің елімізден ескек есушілер, бессайысшылар, гимнастика шеберлері қатысты. Жүзуден алдына жан салмайтынын АҚШ спортшылары қалай дәлелдегенін телеэкраннан барша әлем жұртшылығы тамашалады. Бір Майкл Фелпстің өзі қаншама мәрте олимпиада рекордын жаңартты. Он бес жасар америкалық қыздың 3 мың метрге жүзуден алдына жан салмағанын көргенде, «әттең-ай, осындай жүзгіштер бізде неге болмады екен?» дестік іштей. Жүзу спортынан Қазақстаннан Олимпиадада ешкімнің болмағаны жанымызға батады. Әттеген-ай, дестік тағы да…

Жеңіл атлетикадан Ольга қыз атой салмағанда, биыл да жүлдесіз қалар ма едік, кім білсін?! Әрине, Лондонға барып, Олимпиадаға қатыстым деп мақтанатындар да бар шығар. Су добынан «ұпай таратушы» ретінде қатысқанымызды да естен шығармаған абзал. Ендігі кезекте бізге «ұйықтап» жатқан, тоқырап қалған спорт түрлерін жандандыру қажет. Сонда ғана екі аяғымызды тең басар едік. Сонда ғана біз өзге спорт түрлерінен жіберген есемізді түгелдер едік.

Құбаш Сағидоллаұлы,

журналист, саясаттанушы:

– Қазақ халқының спорттық потенциалы орасан зор екеніне Лондон Олимпиадасындағы біз үшін қасиетті сандармен өрнектелген (7 алтын, барлығы 13 медаль) толағай табыстарымыз көз жеткізді. Алаш жұртының мәртебесі асқақтай берсін! Олимпиада – ұлттардың интеллектуалдық және физикалық қабілеті сыналатын, шыңдалатын аламан. Сондықтан Лондондағы жетістіктерден кейін халықтың бұқаралық һәм кәсіпқой спортқа қарай бетбұрысы басталуы керек деп ойлаймын. Әрбір Алаш баласы спортшы болуға тиісті. 90-жылдары спортқа деген құштарлық керемет-тұғын, алайда бізде спорттың салиқалы философиясы болмағандықтан және тәрбиелік миссиясы айқындалмағандықтан спортқа бейім жастарымыз бұзақылыққа бет бұрып, ұрда-жық топтардың жетегінде кетіп, криминалдық әлемге бой алдырып алды. Сол себепті де ата-аналар балаларын спортқа бау­лудан аяғын тартып қалған еді. 2011жылғы қысқы Азиядадағы көшбасшылығымыздан кейінгі, одан соң Лондондағы керемет жетістігімізден кейін спортқа деген дұрыс көзқарас қалыптасады деп сенемін. Қоғамға қауіпті нашақорлық пен ішкілікке қарсы спорттан мықты құрал жоқ. Спорт – ұлттың имиджі мен генофондының кепілі, өте құдіретті идео­логия және дүниетаным. Ендігі жерде бізге спорттық дүниетанымды қалыптастыратын кез жетті. Лондон олимпиадасынан шығатын қорытынды – қазақ баласы игеруге тиісті спорттың жаңа және бізге бейтаныс түрлеріне бетбұрыс жасау қажет. Қазақ спортшыларын физикалық-психологиялық жағынан шыңдау жағы жетіспей тұрды. Спортшыларымыз жаттығу кезінде өзін қинамайтыны додада байқалып қалды. Артық-кем тұстарымызды дұрыс сараласақ, Рио-де-Жанейро Олимпиадасында бұдан да биіктерді бағындыра аламыз.

Азамат Қасым, журналист:

– Отызыншы Олимпиадада Алаш жұртының айы оңынан туды. Әбдісалан мен Ермаханның інілері айды аспаннан бір-ақ шығарып, қазақты төрткүл дүниеге паш етті. Әсіресе, ауыр атлеттеріміз зіл батпан темірді ғана емес, ел намысын да жоғары көтеріп, еліміздің абыройын асқақтатты. Бір сөзбен айтқанда, бұл Олимпиада бізді «Шпион Бораттың елі» деп танитын батыс жұртына «чемпиондар елі» ретінде танытқаны анық. Ең үлкен жеңісіміз де – осы болар.

Бақытбек Бәмішұлы,

ақын:

– Алтын киген бабамыз,

Алтын ел деген бар аңыз

Алтыннан тақты алқасын,

Арысқа түскен баламыз!

Алтыннан санам жаралған,

Алтыннан далам жаралған.

Алтын ал, қазақ, алтын ал,

Алтыннан тәнің нәр алған.

Алтын ғой бүгін бар арман!..

Бақтияр Қабасов, спорт журналисі:

– Күні кеше ғана аяқталған ХХХ Жазғы Олимпиада ойындарын Қазақ елі аса зор жетістікпен аяқтады. Аталмыш Олимпиадада 7 алтын, 1 күміс, 5 қола медальға қол жеткізген сайдың тасындай сайыпқырандарымыз намысты қолдан бермей, ел сенімін толық ақтады десек, артық айтқанымыз емес. Сөз жоқ тарихи жеңіс! Командалық есепте 204 мемлекеттің ішінен суырылып шығып, 12 орынға табан тіреу – біз үшін зор мәртебе. Бұл – өте керемет көрсеткіш! Бұрын-соңды біз осындай ғаламат нәтижеге қол жеткізген жоқ едік. Алла тіл-көзден сақтасын! Қазіргі уақытта еліміздің спортшыларына барлық жағдай жасалған. «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры арқылы отандық спорт федерация­лары қаржыландырылуда. Жағдай жасалып, жүйелі жаттығу мен мол еңбек бар жерде, әрине нәтиже болады. Міне, Лондонда жеткен жетістігіміз – сол айтып отырған нәтижеміз екені сөзсіз. Алайда келесі Олимпиада ойындарында мол олжаға оп-оңай кенелеміз деп арқаны кеңге салудың реті жоқ. Еңбектене беру керек!

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары