ТҮТІНГЕ ТҰНШЫҚҚАН ҚАЛА

ТҮТІНГЕ ТҰНШЫҚҚАН ҚАЛА

ТҮТІНГЕ ТҰНШЫҚҚАН ҚАЛА
ашық дереккөзі
506

Елдегi үшiншi қала мәртебесiн иелену үшiн жанталасып жүрген қала басшылығы Шымкенттiң көркiне көрiк қосу үшiн қолда бар мүмкiндiктерiн пайдаланып-ақ жатыр. Қызды-қыздымен былтырғы жылы посткеңестiк елдер арасындағы ең шырайлы шаһар деген атақты қанжығасына байлап алғанда, Мәскеудiң өзiн шаң қаптырған бұл қандай «таза» қала екен деп таң қалғандар көп болыпты. Бiлетiндердiң айтуынша, Шымкент бұл атаққа «шымкентшелеп» қол жеткiзген. Менменсiген Мәскеудiң өзiн таң қалдырдық деп жергiлiктi баспасөз бен телеарналар шуласып жатты. Бiр ғажабы, қала басшылығы осы атақтың эйфориясынан күнi бүгiнге дейiн арыла алмай жүрген секiлдi. Өкiнiшке қарай, мақтап жүрген қаланы қалың шаң басып, шағынаудандары күл-қоқыстан көз аша алмай отырғаны мәлiм болды. Тiптi елiмiздiң Экология және қоршаған ортаны қорғау министрлiгi жағдайды мұқият тексере келе, Шымкенттi елдегi ең лас қалалардың тiзiмiне тоғытып та жiберiптi. Шытырман оқиғаларға толы Шымкенттiң «шындығы» көп ұзамай осылайша ашылып қалды.

Жыл өткен сайын Оңтүстік Қазақстан облысында автокөліктер саны еселеп артып келе жатқаны бірден білінеді. Қазір ресми мәлімет бойынша, өңірдегі көліктер саны 400 мыңның үстіне шыққан. Халықтың әл-ауқаты артып, шетінен көлікті болып жатыр деп қуанғанымыз болмаса, шетелде жарамдылық мерзімі әлдеқашан өтіп, «екінші отанын» тапқан көліктерден келетін қауіп алаңдатарлықтай шекке жете бастаған.

Біріншіден, техникалық ахуалын керемет деп айту қиын. Қоршаған ортаға келтірер зияны шаш-етектен. Оған қоса Шымкенттің ішінде қатынап жүрген көліктердің де сапасы сын көтермейді. Оңтүстік өңіраралық көліктік бақылау инспекциясы жыл басынан бері көліктеріндегі ақауы үшін жеке тұлғаларға 168 мың теңге, ал заңды тұлғаларға 32 мың 306 теңге көлемінде айыппұл салыпты. Бар-жоғы 1500 әкімшілік хаттама толтырылған көрінеді. Осы мекеменің бөлім бастығы Асылбек Қаныбековтің айтуынша, бұл мәселеге қатысты жоспарлы түрде рейд өткізіліп тұрады екен. Дегенмен ауқымды бір өзгерісті байқау қиын.

Мамандар бүгіндері қаланы көк түтін еткен көліктерден келетін зиянның қаншалықты қауіпті екенін айтудан шаршай бастаған. Расымен де, күнделікті куә болып жүрсек те мән бере қоймайтын бұл жәйттің зардабы орасан екенін байқамау мүмкін емес. Соңғы жылдары облыс көлемінде күрт асқынып бара жатқан қатерлі ісік пен аллергиялық, жүрек қан тамырлары ауруларына көп жағдайда дәл осы ескі-құсқы көліктерден шығатын улы түтіндер себепші болатыны аян. Эколог Әбілқасым Бөртебаев «әр машина жылына 4 мың тонна оттегіні жұтып, 8 тоннадай зиянды, улы заттар шығарады. Ескі көліктердің әсіресе карбюраторынан кеткен ақау улы газдың көзі», – дегенді айтады. Ал Оңтүстік Қазақстан облыстық мамандандырылған табиғат қорғау прокурорлары былтырғы тексеру жұмыстарына ғана марқайып, қол қусырып қарап отыр. Айтар сылтаулары да дайын. ОҚ мамандандырылған табиғат қорғау прокурорының көмекшісі Ердос Найманбаевтың айтуынша, Шу-Талас экология департаменті ОҚОФ-мен және транспорт инспекциясымен бірігіп, былтырғы жылдың күзінде рейд ұйымдастырыпты. Ал биыл ешқандай тексеру жұмыстарын жүргізбеген. Өйткені техникалық байқауға байланысты заң шыққан. «Енді тексеріске келер күзде кірісетін боламыз», – дейді прокурор көмекшісі жайбарақат. Табиғат қорғау прокурорлары қол қусырып отырғанда, қала көліктен шыққан көк түтіннің құшағында тұншығуда.

Мамандардың пікірінше, көліктер­ден­ шығып жатқан түтінде көмір қышқыл газы көп. Бір жүк кө­лігінен шығатын мұн­дай газ мөлшері белгіленген шектен аспауы керек, ал бізде ол бірнеше есеге дейін асып түседі. Ұшақпен жоғары көте­ріл­ген адам Шым­кенттің төбесінде шаң-тозаңның бұлты тұтасып тұрғанын көре алады. Сол тозаңның барлығы өзіміз жей­тін тағамдарға қо­нып жатыр. Сол шаңмен өзі­міз тыныс аламыз. Улы газ алдымен адамның тыныс жолдары мен жүйкесін уласа, содан сезім жұқарып, тіпті түйсік жоғалуы да мүмкін. Улы газдардың көбеюі созылмалы тыныс жолы ауруларының асқынуына да алып келеді екен. Аллергиялық аурулардың пайда болуының басты себебі де осы улы газдар. Ол аллергиялық бронхит, тері ауруына ұшыратып қана қоймай, түрлі жаралардың пайда болуына соқтырады, адамдар «аллергик», «конъюктивит» сырқатына ұшырайтын көрінеді.

Бір сөзбен айтсақ, Шымкент ауасының ластығы жөнінен еліміз бойынша Алматы мен Өскемен қалаларынан кейінгі үшінші орында тұр. Расымен де, үшінші қала деген атаққа ие екендігін осының өзі ағартатындай. Шымкенттегі ауаның 80 пайызы формальдегид деп аталатын улы қоспадан тұрады. Ол негізінен автокөліктерден шығатын зиянды газдардан құралған. Сонымен бірге ауа температурасы неғұрлым жоғарылаған сайын, оның адам ағзасына тигізетін кері әсері де ұлғая түседі дейді мамандар. Мұнан өзге біздің өкпемізге аммиак та, шаң-тозаң да кіріп жатыр. Бұл айтылғандарға қатысты дәрігерлердің түсініктемесіне құлақ түрсек, онша көңіл толарлық емес. Мұның дәлелі соңғы 10 жыл көлемінде атмосфераның ластануынан бірнеше жүздеген шымкенттіктер түрлі ауруға шалдыққан. Экологтардың мәлімдеуінше, қаламыздағы Ордабасы алаңы мен Қорғасын зауыты аумағындағы ауаның зияндылығы өзге жақтағыдан гөрі мол саналады.

Шу-Талас экологиялық департаментi облыстық филиалы экологиялық инспекция бөлiмiнiң бас маманы Әбiлқасым Бөртебаевтың ойынша, қаланың ауыр ауасын тазартудың бiрнеше тәсiлдерi бар. Соның бiрi – қоғамдық көлiктердi газбен жүруге ауыстыру болса, екiншi жолы – электр қуатымен қозғалатын троллейбустарды қалпына келтiру керек. Алайда соңғысының қаншалықты жүзеге асатыны беймәлiм. Сондай-ақ көлiктердiң түтiнтартқышына катализатор қою қажет. Себебi, олардың бәрi техникалық байқаудан бiр өтiп алған соң жыл бойына қадағаланбайды. Ал үнемi тексерiп отыруға экологиялық инспектордың пiкiрiнше, шама жоқ. Шаһардың ауасын жақсартудың тағы бiр жолы ретiнде велосипедке көшудi атады. Бiрақ тұрғындардың ә дегеннен көлiгiн тастап, «шайтан арбаға» отыра кетуi қиын екенi түсiнiктi. Сондықтан әуелi экологиялық сауатты арттыру арқылы адамды iштей соған дайындау қажет деп есептейдi.

Ауаны ластап, елді тұншықтырып жатқан тек ескі көліктер ғана емес. Шымкент елдегі өнеркәсіп орындарының көптігімен де ерекшеленетін қала екендігін көпшілік жақсы біледі. Сондай нысандардың бірі – Қорғасын зауыты. Бұл зауыттың қоршаған ортаға залалы туралы мәселе ондаған жылдардан бері көтеріліп, әлі күнге дейін шешімін таппай келеді. Зауыт маңындағы шағынаудандардың тұрғындары қолқаны қабатын түтін мен жағымсыз иістерден әбден зәрезап болғандарын айтып жыларман күй көшуде. Шымкентті талай жылдардан бері шошытып, халықтың денсаулығын белгілі бір дәрежеде бұзып келе жатқан өндіріс ошағының маңындағы 14 шаршы шақырым аймақ түгелдей зиянды аумаққа жатады дейді мамандар. Шымкенттегі ең үлкен Абай ауданы түгелімен осы аймаққа енетінін ескерсек, онда тұратын 300 мыңнан аса халық зиянды ауамен тыныстап, дертіне дерт жамап жатқанын түсіну қиын емес. Адам денсаулығы үшін қорғасыннан келетін қатер ұшан-теңіз. Миды улап, тіпті психикаға да әсер ететін көрінеді. Әсіресе балалар үшін зиян. Педагогтар осы маңда тұратын балақайлардың оқу үлгерімі мен есте сақтау қабілеттері тым нашарлап кеткенін айтып, дабыл қағып жүр.

Ташкент тас жолының бойындағы алыстан менмұндалап тұрған осы зауыттан шығатын күлден тұрғызылған «Шымкент пирамидасы» деген лақап атқа ие қоқыс үйіндісі де сан жылдардан бері қала тұрғындары үшін қорқынышты төбеге айналған. Зауыт басшылығы одан келер титтей де қауіп жоқ деп халықты алдаусыратқысы келеді. Сол маңда тұратын халық оған жақындаған сайын тынысың тарылып, басың айналып, құса бастайсың дейді. Бүгіндері Қорғасын зауытынан шыққан өндіріс қалдықтарының жалпы салмағы 2 млн. 414 мың 850 тоннадан асып кетіпті. Тағы бір айта кететін жәйт,

сонау 1934 жылы салынған Қорғасын зауыты соңғы 50 жылда бір рет қана күрделі жөндеуден өткен екен. 2007 жылы зауыт белгісіз себептермен жұмысын тоқтатып, қала тұрғындары ерекше қуанғаны бар. Дегенмен қуанышы ұзаққа созылмай, зауыт қайта жұмысын бастаған-ды. Қазір мұнда аккумулятор мен электр желілері жасалады. Зауыттың зиянды екенін беске білетін облыс әкімі Асқар Мырзахметов оны қаладан тыс жерге көшіру туралы мәселені таяуда Үкімет алдында көтерді. Халықтың ендігі бар тілейтіні осы мәселенің аяқсыз қалмауы.

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

Серіктес жаңалықтары