ҚАЛАМГЕРЛЕРМЕН ҚАУЫШТЫРҒАН АУЫЗАШАР

ҚАЛАМГЕРЛЕРМЕН ҚАУЫШТЫРҒАН АУЫЗАШАР

ҚАЛАМГЕРЛЕРМЕН ҚАУЫШТЫРҒАН АУЫЗАШАР
ашық дереккөзі
287

Қазақстан мұсылмандары дiни басқармасы асыл дiнiмiз Исламды ән арқылы насихаттап жүрген танымал әншiлер мен iзеттiлiк, iзгiлiк жайлы қалам тербейтiн қаламгер қауымға ауызашар бердi.

Ауызашар дастарханына белгiлi «Музарт» триосынан Сәкен Майғазиев, «Жiгiттер» квартетi, «Меломен», «Серiлер», «Раян» тобы, белгiлi сазгерлер – Жарылқасын Дәулет, Ерғали Әбдiрайымов, талантты журналистер қатысты.

Бас мүфтидің батасынан кейін қонақтар ауыз ашты. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі барша мұсылмандарды қасиетті Рамазан айымен құттықтады. Қазақстан қажылар қауымдастығының төрағасы Еркін қажы Дуанаевтың уағызынан кейін ораза жайлы бейне ролик ұсынылды. Берекелі басқосуға жиналғандар бейне роликті ықыласпен тамашалап, үлкен әсерде қалды.

Жазушы Әшірбек Көпішев: «Біз үшін иманнан асқан құндылық жоқ. Бізді тек Ислам ғана құтқарады. Сондықтан барша жақсылықтың бастауы саналатын асыл дінімізге ден қояйық, бауырлар», – деп сөзін өзі шығарған өлең-жырмен түйіндеді.

«Руза, намаз, зекет, хаж – талассыз іс,

Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс.

Бастапқы үшін бекітпей, соңғы төртті

Қылғанменен татымды бермес жеміс», – деп дана Абай жырлағандай, ауызашарда айтылған уағыз-насихаттан, ұсынылған бейне роликтен кейін қонақтар ораза ұстау – талассыз құлшылық екені жайлы пікір білдіріп жатты.

«Меломен», «Раян» тобының иман­ды­лыққа ұйыстыруға үндейтін әндері де көпшілікті терең ойға қалдырғанын айта кеткен абзал.

Берекелі де мерекелі рухани кештің қорытындысы Қаблиса жыраудың:

– Бақыт, қайда барасың?

Тарауық намаз оқыған,

Көңіліне аят тоқыған,

Ниетті елге барамын.

Бақыт, қайда барасың?

Сәресі, сахар ішетін,

Хақ жолына түсетін,

Сәресі ішуге барамын.

Бақыт, қайда барасың?

Соғысқа құмар ойы жоқ,

Ұлан асыр тойы көп,

Бейбіт елге барамын, – деген жыр-шумақтарымен түйінделді.

Ағабек Қонарбайұлы,

ҚМДБ-ның баспасөз хатшысы

Серіктес жаңалықтары