295
«МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ – БІРЛІКТІҢ НЕГІЗІ»
«МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ – БІРЛІКТІҢ НЕГІЗІ»
Кез келген мемлекеттiң халқын айрандай ұйытатын – мемлекеттiк және ұлттық құндылықтар. Бұл дегенiңiз – тiл, дiл, дiн, мемлекеттiк рәмiздер. Достық үйiнде өткен шарада отандастар қауымы қазақ тiлiнiң мәртебесiн көтеруге атсалысты.
Өткен жұмада Алматыдағы Қазақстан халықтары ассамблеясының Достық үйінде ҚР Ақпарат және мәдениет министрлігінің тапсырысы бойынша Достық үйі мен Ассамблеядағы Мемлекеттік тілді үйрету орталығының ұйымдастыруымен, «Мемлекеттік тіл – бірліктің негізі» тақырыбында конференция болып өтті. Қазақ тілінің мәртебесін көтеру мәселесі, оны халыққа әсіресе, жас буынға меңгерту жолдарын қарастырған шараның жетістігі сол, өзге тілді отандастар мен Қазақстандағы шетелдік қонақтар арасында мемлекеттік тіл – қазақ тілін игеруге күш салып жүргендердің жетістігі сараланды. Достық үйіндегі Этносаралық проблемаларды зерттеу орталығы меңгерушісінің орынбасары Бақыт Таңатарова ханым мемлекеттік тілді дамытуға қатысты шаралардың алдағы уақытта да ұйымдастырыла беретінін жеткізді. Ал конференция тізгінін ұстаған Мемлекеттік тілді үйрету орталығының жетекшісі Асылы Осман апайымыз қазақ тілін білсем деген адамға ешқандай кедергі де, қиындық та жоқтығын айтты. Қазаққа, қазақ тіліне қашан да жанашыр Аслы апайдың сөзін оның қандасы Лариса Мудуарова да қостады. Бүгінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін ол: «Қазақстандағы мемлекеттік тілді өзге ұлт өкілдеріне үйрету үшін ең алдымен қызықтыру қажет. Мысалы Үкіметтің мемлекеттік іс-қағаздары тек мемлекеттік тілде болсын» деген бастамасы. Алматы облысы Қарасай ауданында үш жылдан бері іс-қағаздар тек қазақ тілінде жүргізілетіндіктен, әзірбайжан ұлтының өкілдері мемлекеттік тілді меңгеруге құлшына кірісті. Қалтасы қалың отандастарымыздың партаға қайта отыруы – еріккендіктен немесе қыспаққа түскендіктен емес, қажеттілік туғандықтан. Қазір Қарасай ауданындағы орта мектепте қазақ тілі пәнінен сабақ беремін. Ұстаз ретінде айтсам, қазақ тілін үйрену үшін түркітектес халықтар үшін 3 ай жеткілікті. Ал славяндарға келсек, 4-5 жылдан бері маған шәкірт болып, мемлекеттік тілді үйреніп жүргендер бар. Тіл үйрену қарқыны әрбір азаматтың араласатын ортасына да байланысты». Қазақшасы анау-мынау қазақты шаң қаптыратын ұлты түрік отандасымыз Мансур Милазов күні кеше ғана Лондондағы Олимпиадада Қазақстан туын көкке желбіретіп, әнұранын ағылшындар көгінде қалықтатқан, алтын, күміс, қоладан алқа тағынып, елімізді әлемге танытқан отандастардың жеңісімен бүкіл халықты құттықтады. Адамдар бойындағы патриоттық сезімді күшейту керектігін көлденең тартқан Мансур еліміздегі бүкіл халықты қазақ тілін білуге, үйренуге шақырды: «Мемлекеттік тіл – бірліктің негізі» деген тақырыпқа келсек, бүгінгі жастар қауымы аға буыннан, үлкен ғалымдардан алған білімімізді келешекке ұрпаққа аманат етіп жеткізуіміз керек. Қазақ жастары мен Қазақстандағы өзге ұлт пен ұлыс өкілдері «Мен – қазақпын!» немесе «Мен – қазақстандықпын» деп ауыз толтырып айту үшін қазақ халқының ұлттық құндылықтарын, салт-дәстүрін жетік меңгеріп, бойына сіңіруі қажет. Екіншіден, қазақ ұлтының Батыры Бауыржан Момышұлы айтпақшы, «Жеріңе тер төгіп, халқыңа қан төгіп қызмет ету». Бұл әрбір Қазақстан азаматының бойында болуы шарт. Ұлы Отан соғысы кезінде қан майданда жүріп халқына хат жіберген Бауыржан аға «Қазақ тілінің мәртебесін көтеріңдер!» деп баса айтыпты. Қазіргі Қазақ қоғамында «Қазақ тілінің мәртебесін көтеру керек» деген сөзді үлкен де, кіші де айтады. Меніңше, мемлекеттік тілдің деңгейі, мәртебесі Құдайға шүкір, көтеріліп келеді. Еліміздегі жоғары оқу орындарында бірінші курстан бастап аптасына екі сағаттан қазақ тілі пәні жүреді. Мектептер мен балабақшаларда да жыл сайын түрлі байқаулар ұйымдастырылады. Тіл апталықтары т.б шаралар тағы бар. Тағы бір маңызды жайт, Алматыдағы кейбір ағылшын, қытай, испан сияқты басқа да шет тілдерін үйрету орталықтарында бүгінде қосымша тіл ретінде қазақ тілін тегін үйрету қолға алынған. Бұл – үлкен көрсеткіш. Бұрын мұндай жоқ болатын. Әрине, мұнымен шектелмеген жөн. Меніңше, жастарға көбірек көңіл бөліп, оларға жағдай жасау керек. Қазір мемлекеттік тілді еркін меңгерген өзге ұлт өкілдері көп. Өкініштісі, жұмыс жоқ. Соларды алға сүйреп, жұмыспен қамтамасыз еткенде ғана мемлекетіміздің келешегі жарқын болары сөзсіз. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев ағамыз айтқандай, «Ең бірінші бақытым – халқым менің…». Осы құндылықтардың барлығының ұйытқысы – мемлекеттік тіл. Мемлекеттік тілге үлкен басымдық беріліп, баса назар аударылуы тиіс. Сондықтан құрметті ағайын, елімізде бірлік болуы үшін, халықтар достастығын арттыру үшін мемлекеттік тіл – қазақ тілін қолдайық!», – деді. Ал өз кезегінде армян ұлтының бір өкілі: «Мемлекеттік тілді білмейтін адам қалай өмір сүреді? Мен Арменияда туып, сонда жұмыс істедім. Армениядағы халықтың 99 пайызы армянша біледі. Жоғары оқу орнында шығыстану саласы бойынша сабақ бергендіктен араб, түрік, күрд, иран, әзірбайжан тілдерін жетік меңгергенмін. Асылы апай, сіздің Қазаққа, қазақ тіліне сіңірген еңбегіңіз зор. Сізді Елбасы да, қазақ халқы да өте жақсы көреді, сыйлайды. Бәріміз сізді мақтан тұтамыз». Конференция соңында қазақ тілін үйренушілер арасындағы белсенділік танытқандар мен мемлекеттік тілді насихаттауға атсалысқан отандастарға арнайы мақтау қағаздары табыс етілді. Салтанатты шара барысында Аслы апай: «Менің қазағым айтады: «Мың сіз-бізден бір шыж-быж артық» деп. Сол «шыж-быж» – мына мақтау қағаздары. Қазақстандағы мемлекеттік тілді үйренуге құлшынған өзге ұлт пен ұлыс өкілдерінің қызығушылығы арта береді деген үміттеміз», – деді. Марапатталғандар тізіміндегі отандас, орыс ұлтының өкілі – Татьяна Курилова конференцияға жиылған көшілікке қазақ тілін меңгерсем деген ұмтылысынан бас тартпайтынын, алдағы уақытта да қазақ тілінен алатын сабағын жалғастыра беретінін жеткізді. Лайым, мемлекеттің келешегі – мемлекеттік тілді дамытуға шынымен құлшынатын отандастар саны арта бергей!Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ