АЛАШТЫ АЛАҢДАТҚАН АСТЫҚ

АЛАШТЫ АЛАҢДАТҚАН АСТЫҚ

АЛАШТЫ АЛАҢДАТҚАН АСТЫҚ
ашық дереккөзі
497

«Нан болса – ән де болады». Осы бір ұлағатты сөздің біздің халық үшін орны бөлек-ақ. Өткен ғасырдың отызыншы жылдар басындағы «қызыл қырғынды» бастан кешкендіктен де нан қадірін басқаларға қарағанда ерекше сезінеді. Үйіне тосыннан қонақ келсе: «Ауыз тиіңіз» деп отанасы табада қолымен пісірілген ыстық нанын ұсынады. Жалпы, исі мұсылманның кие тұтқан «Құран» кітабында да нанға деген құрмет ерекше. Ал еліміздің жер үстіндегі байлықтарының бірі – астық.

Өткен жылы елімізде жауын-шашын мол болды. Астық егумен айналысқан барлық облыс диқандары межеден жоғары өнім алған. Яғни 29,7 миллион тона сапалы астық жинап, рекордтық көрсеткішке қол жеткіздік. Бұдан бұрынғы рекордтық көрсеткіш 2009 жылы жасалынған болатын. Онда Отан қоймасына 20,8 миллион тонна астық құйылған еді. Арада екі жыл өткен соң бұл көрсеткіш 9 миллион тоннаға арттырылды. Алдыңғы жылы 6 миллион, былтыр 15 миллион тоннаға жуық астықтың экспортқа шығарылғаны баршаның есінде. Бір ғана Қостанай облысының өзі соңғы алты-жеті жылда 13,3 миллион тонна астық пен 3,3 миллион тонна жоғары сапалы ұн өнімдерін экспортқа шығарып, ауыл шаруашылығы саласында Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламаны жүзеге асыруда алдыңғы қатардан көрінген. Өткен жылы облыстың осы өнімдерін әлемнің отыз елі сатып алды. Ал биыл жағдай мүлдем өзгеше. Құрғақшылықтың салдарынан астық егумен айналысатын он төрт ауданның егіні бітік шықпай қалды. Өкініштісі сол, 94 мың гектар астық алқабы ыстық күннің әсерінен күйіп кетті. Атап айтар болсақ Оңтүстік Қазақстанда – 3, Батыс Қазақстанда – 4, Алматы облысында – 7, Орталық Қазақстанда – 9, Жамбыл облысында – 16, Ақтөбе облысында – 35 пайыз алқап мүлдем жарамсыз болып қалған. Үкімет жалпы жағдайды бағамдай келе, биыл барлық алқаптардан 12,8 миллион тонна астықты жинап алуға күш салып отыр.

Биылғы құрғақшылық тек біздің рес­публикада ғана емес, астық өсірумен айналысатын Америка, Аргентина, Ресей, Украина, Австралия елдерінде де болды. Осыған байланысты Халықаралық астық кеңесі әлем бойынша жиналатын астық көлемі 665 миллион тонна ғана болатынын алдын ала ескертіп отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 30 миллион тоннаға кем деген сөз. Құрғақшылық нарықтардағы астық бағасының өсуіне әкелуде. Қай кезде де астыққа деген сұраныс жоғары. Өткен шілде айында халықаралық биржада бидай бағасы 350 долларға дейін көтерілді. Мұның бізге де әсері болмай қалған жоқ. Ағымдағы жыл басындағы тоннасы 124 доллар тұратын біздегі астық бағасы қазір 200 долларға дейін жетті.

Астық түсімінің мардымсыздығы нарық­қа да әсер ететіні бесенеден белгілі жәй. Осыдан бір апта бұрын Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғындары ұн бағасының өсіп кеткенінен жарияға жар салған еді. Кейбір облыстарда нан бағасының да көтерілгенін ұзын құлақтан естіп қалдық. Алайда бұлардың бәрі дақпырттың салдарынан болып жатқан жәй. Өйткені «Азық-түлік корпорациясының» мемлекеттік қорында келер жылғы астық жинау науқанына дейін жететін астық жиынтығы бар. Осы жағдайға байланысты облыс әкімшіліктері қазірден бастап астықты тиімді пайдалану үшін қам-қаракеттер жасауда. Олар «Азық-түлік корпорациясына» алдын ала тапсырыстар беріп, сатып алған астықты тиімді әрі үнемді пайдалану жағын қарастырып жатыр. Солардың бірі Солтүстік Қазақстан облыс басшылары жуырда ғана «Азық-түлік корпорациясынан» нан шығаруға арналған жоғары сортты бидайдың әр тоннасын 28 мың теңгеден сатып алу жөніндегі екі жақты келісілген меморандумға қол қойды. Осы келісім ойдағыдай жүзеге асса, бір келі ұнның бағасы 45 теңгеден аспайды екен. Әкімшілік азық-түлік және жем қажеттерін өтейтін 42300 тонна астық сатып алып, нан және жем бағасын тұрақты ұстап тұруды мақсат тұтқан. Егер шаруа қожалықтары қыстық жем болмайтынын алдын ала сезсе, қолындағы әзірге қоңы бар малын сойып, етке өткізіп жіберулері де неғайбыл. Ал мал басын қайта көбейту оңай шаруа емес. Облыс басшылары бұл мәселеге де көңіл бөліп, тығырықтан шығар жолдарды қарастыруда. Дегенмен бұл шаруашылық үшін шешілмейтін шаруа емес. Осындай қуаңшылық жылдарда жинақтаған тәжірибелері бар. Аудан әкімдеріне әрбір қожалықтардың жағдайын біліп, мұқтаждықтарын өтеп, жәрдем беру жағын ойластыру міндеттелген. Бұған тек аудан басшылары ғана емес, қаржы институттары мен сақтандыру компаниялары да жұмылдырылуда. Алдыңғы жылы да осындай тәсіл қолданылған. Қазір мұны көрші облыстар да қолға алып жатыр. Солтүстік қазақстандықтар сол 42300 тонна астықтың үштен бірін ғана малға кебек-жем ретінде пайдаланбақ. Оның әр келісі 15 теңгеден айналып, фермерлерге 17-18 теңгеден сатылмақ. Облыс басшылары бұл мал басын сақтап қана қоймай, олардың қоңдылығын да төмендетпеуге тиімді шара деп қарауда. Осының арқасында облыстағы жемшөп сататын кәсіпкерлердің қоры сақталған элеваторлардағы баға әзірге бұрынғы қалпынан айныған жоқ. Дәп қазір 45 килограмм тартатын бір қап бидай – 1800, уатылғаны – 1500, сондай мөлшердегі арпа – 1800, аралас жем – 1600, тары – 2500, сұлы – 1200 теңгені құрап тұр.

Республиканың астықты облыстары – Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмолада өткен жылғы орақтан жиналған 6,1 миллион тонна астық бар. Мұның өзі еліміздегі барлық астық қоймалары сыйымдылығының 58 пайызын құрайды екен. Елорданы азық-түлікпен, әсіресе астықпен қамтамасыз ету астаналық облыс диқандарына жүктелген. Облыс әкімі Қайрат Қожамжаров: «Былтыр біздің облыс астық дақылын жинау науқанында рекордтық көрсеткішке қол жеткізіп, ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 1,8 есеге дейін өсіп, 236,6 миллиард теңгені құраған болатын. Алайда жаз жаңбырлы болғандықтан және тағы басқа себептемен қожалықтар біраз өнімді сақтап қала алмады. Әрине, бұл оларды едәуір қарызға батырды. Соның өзінде облыс 6 миллион тонна жоғары сапалы астықты қамбаларға құйып, оның 4 миллион тоннасын облыстан тыс жерлерге сатты. Ал биылғы құрғақшылық жылы да облыс диқандары ораққа ілінген астықтың бәрін шашпай-төкпей жинап алу үшін аянбай еңбектену үстінде»,– дейді.

Қуаңшылық Ақтөбе облысын да айналып өтпеді. Мамырдың соңғы онкүндігінен басталған ыстық ала жаз бойына табандап тұрып алды. Сирек жауған жауын ылғалы жерге сіңбей жатып-ақ аптап ыстық кептіріп жіберген. Облыстық ауылшаруашылығы басқармасының бастығы Мұхтар Жұмағазиев: «Біздің ендігі саясат – облыста нанның бағасын қалайда қымбаттатпау. Бірінші сортты бидай мен ұнның, нанның бағасын тұрақты ұстау болып отыр. Яғни бір бөлке нанның бағасын қазіргі уақыттағыдай 42-43 теңгеден асырмау қажет. Ол үшін «Азық-түлік корпорациясы» бізге биылғы жылы тоннасын 28 мың теңгеден астық бөліп жатыр. Біздің облысымыздың әкімі Қостанай облысына барып, сондай келісім-шарт жасасты. Биылғы 1 тамыздан бастап осы астық берілуде. Біз ұн тартатын үлкен диірмен комбинаттарымен тығыз байланыста жұмыс істеп, бәрін де бақылап отырмыз»,– дейді.

Табиғат – қатал сыншы. Бірде жауын-шашын шелектеп өтсе, бірде құрғақшылық қысып береді. Былтыр төгіп берген астықтың бәрін шашпай-төкпей жинап алу да оңай болған жоқ. Элеваторлардың астық сақтау сыйымдылығы мен қуаттылығы жетіспей сыр бергені баршаға аян. «Қазагро» ҰБХ АҚ-ның былтырғы мәліметіне қарағанда, елімізде 258 астық сақтау қоймасы бар екен. Оның 229-на астық сақтауға арнайы лицензия берілген. Оларда 14,7 миллион тонна астық сақтауға болады. Ал өткен жылы 546 мың тонна астық сақтауға мүмкіндік жасайтын тағы 31 қойма салынуы керек болатын. Солардың қаншасы пайдалануға берілгендігі туралы күні бүгінге дейін толық мәлімет жоқ. Солар түгел іске қосылғанның өзінде астық сақтау қоймаларының жалпы сыйымдылығы 15,2 миллион тоннаны құрай алады. Иә, астықты державаға айналған республикаға бұл да жеткіліксіз. Жүк тасымалы вагондарының жетімсіздігінен артық астық экспортқа дер кезінде шығарылмай қалды. Бары ірі компаниялардың астықтарымен толып қалған. Майда қожалықтар жинаған өнімдерін қайда сақтарын білмей, еріксіз түрде арзандатуға мәжбүр болған еді. Ал биылғы қуаңшылық бірнеше мыңдаған гектардың астығын мүлдем күйдіріп жіберген. Бұл әсіресе нәпақасын астықтан күтіп отырған диқаншылардың жанына батуда. Тек диқаншылар ғана емес астықтың қымбаттауы қарапайым ел тұрғындарын да қынжылтары анық. Осылай табиғат сыны молшылыққа да, қуаңшылыққа да, жалпы қай кезде де дайын болуды алға тартуда.

Көлбай Адырбекұлы

Серіктес жаңалықтары