ЕНДІ БЕСТІК БАҒА АЛМАЙМЫЗ
ЕНДІ БЕСТІК БАҒА АЛМАЙМЫЗ
Кеше Астанада Республика мұғалімдерінің Тамыз конференциясы басталған еді. Осы конференция аясында Білім және ғылым вице-министрі Махметқали Сарыбеков журналистермен сұхбат барысында бес деген баға болмайтынын мәлім етті.
Вице-министр: «Баланың білімін енді «бестікпен» емес, ұпаймен бағалайтын боламыз. Оқушының білімін «бестік» жүйемен бағалау дәстүрі бізде бұрыннан қалыптасқан. Ал шетелдерде бүгінде мүлдем басқа жүйе қолданылады. Қазір шетелдік жүйені Назарбаев зияткерлік мектептері қолға алып, баланың білімін 10-12 ұпайлық жүйемен бағалау тәжірибесін зерделеп жатыр. Ол әзірше қанатқақты жоба ретінде іске асып жатқанын айта кетуім керек. Меніңше, біз 12 жылдық білім беруге көшу барысында бірте-бірте осы жүйеге көшетін боламыз», – дейді.
Сонымен, енді балалар «бес алу» үшін емес, 10-12 ұпай жинау үшін жанталаса оқитын болады. Ең жоғары үздік ұпайды жинаған баланың білімі де «бестік» бағамен бірдей болады деген сөз. Бұл әсіресе, үздік оқыған баласын, «менің балам беспен оқиды» деп мақтанатын ата-анаға қиын болды. «Балам 10-12 балл алады» деп айта ма, әлде «баламның ұпайлық балы жоғары» деп айта ма, кім білсін?! Әйтеуір, білім жүйесінде жыл сайын жаңалықтар көбейіп-ақ тұр.