ЯДРОЛЫҚ ҚАРУДАН АЗАТ ӘЛЕМ
ЯДРОЛЫҚ ҚАРУДАН АЗАТ ӘЛЕМ
Келесі жұмада әлемдегі жаһандық қозғалыстың беделді өкілдері әлемнің түкпір-түкпірінен елордаға ағылмақ. Бұл өкілдердің бәрі ядролық қаруға қарсы жаһандық қозғалыс иелері болып табылады. Еліміздің бас қаласында жиналуларының да өзіндік сыры бар. Өйткені 27-29 тамыз аралығында Астанада «Ядролық сынақтарға тыйым салудан — ядролық қарудан азат әлемге» атты халықаралық конференция өтеді. Аталмыш конференцияға Қазақстан басшысы да қатыспақ.
Бұл жөнінде Сыртқы Істер министрлігі мәлімдеп отыр. СІМ-нің ресми өкілі Алтай Абибуллаевтың пікіріне сүйенсек, бұл конференция екі бөлімнен тұрмақ. Келер жұманың алғашқы күні Елордаға табан тірейтін қадірменді қонақтарымыз 28 тамыз күні Курчатовқа аттанып, Ұлттық ядролық орталықтың нысандарын аралайтын көрінеді. Ары қарай қонақтар Семейге ат басын тіреп, ол жерде Семей полигонының жабылуына арналған арнайы митинг өткізеді. 29 тамыз күні Астанаға қайта оралып, Тәуелсіздік сарайында Елбасы Н.Назарбаевтың қатысуымен өтетін халықаралық конференцияға қатысады. Жиын соңында қорытынды құжат ретінде «Ядролық сынақтарға тыйым салудан – ядролық қарудан азат әлемге» атты үндеу қабылдануға тиіс.
Халықаралық конференцияға қатысу үшін әлемнің 60-қа жуық елінен депутаттар, сондай-ақ сыртқы саяси ведомстволарының өкілдері, отставкадағы ірі саясаткерлер, сарапшылар мен үкіметтік емес ұйым жетекшілері келеді деп күтілуде. Олардың арасында қарусыздану мен ядролық және жаппай қырып-жою қаруларын таратпау ісіне елеулі үлес қосқан тұлғалар да бар.
Бұл орайда, Елбасы Н.Назарбаевтың Семей полигонын жабуы да үлкен құбылыс болғаны сөзсіз. Прездиенттің бұл ісі болашақ көшбасшылар үшін де үлгі болар батыл қадам болғаны даусыз. Саяси ғылымдар докторы, профессор, ғалым Махмұт Қасымбековтің жетекшілігімен әзірленіп, жарыққа шыққан «Нұрсұлтан Назарбаев. Өмірбаян» атты жинақта Семей полигонына қатысты мәселелер де жазылған екен. Жинақта бұл жайында: «Ол Қазақстанның өз тәуелсіздігіне қарай қозғалысындағы «кері оралмау нүктесіне» айналды» деп бағаланады.
«Қазақ КСР территориясында Семипалатинск облысында 1949 жылдан бері ядролық қару сынақтары жүзеге асырылып келді, – деп басталады Жарлық, – Осы уақыт ішінде мұнда мыңдаған адамдардың өмірі мен денсаулығына зардап келтірген шамамен 500 ядролық жарылыс өткізілді. Қазақ КСР-і КСРО мен АҚШ арасындағы стратегиялық әскери паритетті қамтамасыз еткен ядролық потенциалды жасау бойынша өзінің борышын орындағанын ескере және республика қоғамының талаптарын назарға ала отырып, қаулы етемін: І. Семипалатинск сынақ ядролық полигоны жабылсын».
«Сондықтан да кеңестік ядролық мұраның тағдыры туралы мәселе еліміз үшін сол кезде ең бастыға, тіпті тағдырлыға айналды, – деп жазылады өмірбаянда,–
Н.Назарбаевқа Мемлекет басшысы ретінде орасан зор жауапкершілік жүктелді. Жүйелі дағдарыстың аса ауыр жағдайларында «Қазақстан ядролық держава бола ма, әлде жоқ па?» деген мәселеде шешім қабылдау керек болғаны белгілі». Бұл орайда Мемлекет басшысы оңтайлы шешім қабылдап, көптің көкейінде күпті болып жүрген мәселенің нүктесін қойды. Бұл – көпке үлгі болды.
Қоғам, тіпті әлем ядролық қарудан азат, бейбіт, берекелі өмір сүруді аңсайтыны белгілі. Сондықтан елорда төрінде өтетін халықаралық конференцияны «Ядролық сынақтарға тыйым салудан – ядролық қарудан азат әлем» деп атауының да өзіндік сыры болса керек. Ядролық сынақтарға тыйым салынған, ядролық қарудан азат елге айналуды армандамайтын ел болмас. Халықтың бейбіт тіршілігі үшін, жұртшылықтың азат ғұмыр кешуі үшін – ядролық сынақтардан азат болғаны абзал. Конференция соңында қорытынды құжат ретінде қабылданатын үндеу де осымен сарындас болары сөзсіз.
Гүлзина Бектасова