БЕЙБІТШІЛІКТІҢ АУЫЛЫ АЛЫС ЖАТЫР

БЕЙБІТШІЛІКТІҢ АУЫЛЫ АЛЫС ЖАТЫР

БЕЙБІТШІЛІКТІҢ АУЫЛЫ АЛЫС ЖАТЫР
ашық дереккөзі
237

Қарулы қақтығыстарда жеңген жақ болмайтыны белгілі. Өйткені адам шығыны, босқындар санының артуы, аяққа тапталған тарихи және адами құндылықтар – бейбіт заманның көрінісі емес. Төрт жыл бұрын болған соғыс соңы қазір қалай өрбуде? Әлемдік қауымдастық тараптарды татуластыруға мүдделі ме? Грузиндер мен орыстар арасындағы текетірес қашан аяқталады?

Осыдан төрт жыл бұрын Грузия мен Ресей арасында болған қарулы қақтығыс соңы ақпараттық қырғи-қабақ соғысқа ұласты. Тараптарды татуластырушылардың бірі – АҚШ Хельсинкилік комиссиясы жуырда Ресейді «Кавказ-2012» стратегиялық командалық-штабтық жаттығуларды өткізуден бас тартуға шақырды. Қыркүйектің 17-23 аралығында елдің оңтүстік бөлігінде ұйымдастырылатын бұл шараға жеке құрамның 8 мың сарбазы тартылмақ. Сондай-ақ 200-ге жуық әскери қару мен техника, түрлі деңгейдегі 100 артиллериялық қару-жарақ, 10 кеме мен катер сыналады. РФ Қарулы күштері Бас штабының бастығы, армия генералы Николай Макаров әскери жаттығулардан басқа мемлекеттерге ешқандай зиян келмейтінін бірнеше рет мәлімдеген: «Кейбір көрші елдер арасында пайда болған ширығуды бәсеңдету мақсатында жаттығуға Армения, Оңтүстік Осетия, Абхазияның әскери бөлімшелері тартылмайды және қатысушылар арасында басқа мемлекеттер жоқ. «Кавказ-2012» РФ аумағында болады».

Генералдың «кейбір көрші ел» деген сөзінің астарында Грузия тұр. Өйткені 2008 жылы Грузия мен Ресей арасындағы тұтанған соғыстан кейін қырғи-қабақ соғысқа көшкен екі ел бір-біріне күмәнмен қарайды. Жуырда ғана Грузияның сыртқы істер министрлігінің өкілдері «Кавказ-2012» жаттығулары Ресейдің ұрдажық сыртқы саясатының әлі өзгермегенін, күш қолдану арқылы ықпал етуді көздейтінін айтып, әлемдік қауымдастыққа шағымданған. Негізі тамыз басталса-ақ, грузиндер мен орыстардың кикілжіңі мен қырғи-қабақтығы артады. Бұл сол соғыстан кейінгі үдеріс. Екі жақтың мүддесін көздегендер мен бейтарап сарапшылар пікірі де саналуан. Мәселен Халықаралық кикілжіңдер мен келісімдер жөніндегі орталықтың (ICCN) қызметкері Тина Гогелиани 2008 жылғы қарулы қақтығыстан кейін Грузия жеңіліске ұшырады дейді: «Тамыздағы соғысқа дейін Грузия мен Ресей арасындағы текетірес жасырын болатын. Бірақ 2008 жылғы 8 тамыздағы оқиғаның нәтижесінде Ресей өзінің Абхазия мен Оңтүстік Осетиядағы әскери ықпалын заңдастырып алды. Ал Грузия жерінің 20 пайызынан айырылды». Сарапшының пікірінше, Кремльдің арандату әрекеттеріне төтеп бере алмаған Грузия Абхазия мен Оңтүстік Осетия қатысқан ұрысқа бекер араласты: «Бұл Мәскеудің Оңтүстік Кавказдағы ұзақмерзімдік ықпалын сақтап қалу жоспарын жүзеге асыруға мүмкіндік берді». Америкалық сыртқы саясат кеңесінің (American Foreign Policy Council) ғылыми қызметкері Уэйн Мерри керісінше соғыста ешкім жеңген жоқ дейді: «Бейбіт өмірді ешкім жеңіп алмады, өйткені бейбітшілік жоқ. Соғыстың қалай өрбитіні және немен аяқталатыны о бастан белгілі еді. Алайда Грузия үшін де, Ресей мен Абхазия, Оңтүстік Осетия үшін де бейбітшіліктің ауылы алыс жатыр».

Араларынан қара мысық жүгіріп өткен Тбилиси мен Мәскеудің көңілдері енді жараса қоюы да неғайбіл. Себебі қарулы қақтығыстардан басталған кикілжің ендігі ақпараттық соғысқа ұласқан. Бүгінде ресейлік БАҚ Кремльдің нұсқауымен дайындалған арнайы зерттеуде Оңтүстік Осетиядағы 2008 жылғы соғыста Грузия тарапынан қысым болды деген айыппен, Халықаралық қылмыстық сотқа арыз берді. «Қылмыстық істі тексеру барысында грузин билігінің ресейлік әскерді саптан шығаруға тырысқан әрекеттері анықталды» делінген құжаттың астарында бар кінәні Тбилисиге артуға тырысқан әрекет бар. Әлбетте екі тарап та өздерін ақтап алу әрі қоғамдық пікір тудыру мақсатында текетіресті енді ақпараттық кеңістік арқылы жалғастыруда. Апта басында Грузияның сыртқы істер министрлігі Ресей премьері Дмитрий Медведевтің 2012 жылдың 8 тамызындағы Оңтүстік Осетияға жасаған сапарын заңсыз деп мәлімдеді: «Жаулап алынған Цхинвали Грузияның тәуелді аумағы болып табылатындықтан Медведев Грузия мемлекетіне заңсыз аяқ басты. Заңымызды бұзды. Халықаралық қауымдастықтың Грузия аумағының тұтастығына қатысты ұстанымы еш өзгермегенін Кремль түсінуі тиіс». Грузия заңына салсақ, жаулап алған аймаққа заңсыз барғандарға айыппұл салынады немесе абақтыға қамалады. Бүгінде грузиндер елінде Ресей жақтан келетін туристерге құшақты айқара ашқанмен, кремльдік саясатқа тоңтеріс.

Өткен сәрсенбіде Путин журналистерге: «Оңтүстік Осетиядағы қарулы қақтығыс бас­талмай тұрып, ұзақ уақыт бойы Ресей арнайы жоспар құрған болатын. 2008 жылы 8 тамызда біз осы алдын ала түзілген жос­пар бойынша әрекет еттік және осы жос­пар шеңберінде оңтүстікосетиндік сарбаздарды ұрысқа алдын ала дайындадық», – деп мәлімдеді. Осы мәлімдемеден кейін грузиндердің сыртқы істер министрі Серги Капанадзе 10 тамыз күні Грузияда тіркелген дипломатиялық корпус өкілдерін жинап алып, арнайы кездесу өткізді. Кездесу барысында грузиндік тарап Абхазия мен Оңтүстік Осетиядағы соғысқа Ресей 2006-2007 жылдары дайындалғанын, демек қарулы қақтығысты Ресей Грузияға қарсы арнайы ұйымдастырғанын жеткізді. Шетелдік дипломаттар бұл мәлімдемеге қатысты ресми түрде пікір білдірген жоқ. Есесіне, Путиннің сөзін шетелдік БАҚ іліп әкетті. Ал халықаралық қатынастарды реттеуде өзін араша түсуші сезінетін Кремль «Грузия халықаралық келісімдерге бағынған жоқ, Оңтүстік Осетия мен Абхазиядағы қақтығысқа амалсыздан араластық. 2004 жылдың мамыры мен тамызында халықаралық міндеттемелерін бұзған Грузия Цхинвалиді күштеп басып алу мақсатында ірі ауқымда шара жүргізді. Мәскеуде қабылданған қару қолдануды тоқтату туралы келісімге қарамастан 2006 жылдың шілдесінде Абхазия аумағына грузин әскерлерін кіргізді», – деп мәлімдеген РФ сыртқы істер министрлігі әлем алдында ақталып әлек. Түсініксізі, Путин «2008 жылдың 8 тамызында бірнеше жыл бұрын дайындалған жоспар бойынша әрекет еттік» деп мәлімдесе, сыртқы істер министрлігіндегілер «соғысты Грузия бастады, бәріне кінәлі – Грузия» деп аттандап, Халықаралық қылмыстық сотқа шағым жолдады… Грузия президенті Саакашвили сейсенбі күні халқына: «Ресейдің агрессиялық әрекеті мен арандатушылығына қарсылық ретінде біз елді үздіксіз дамыта береміз. Соғыстан кейін қирап қалған құрылыс нысандары мен аймақтарды қайта қалпына келтірудеміз», – деп мәлімдеді. Халықаралық сарапшылар пікірінше, алақандай ғана Грузияны Саакашвили Еуропадағы елдердің деңгейіне жеткізуге күш салуда. Есесіне, Оңтүстік Осетияда сыбайлас жемқорлық дендеп, Ресей тарапынан елді дамытуға бөлінген қыруар қаражат қымқырылуда. Осыған байланысты 2010 жылы 11 қылмыстық іс бойынша сот болды. РФ қаржы министрлігі мен Аймақтық дамыту министрлігі Оңтүстік Осетияда арнайы тексеру жұмыстарын жүргізіп, біраз былықтың бетін ашты. Мұнда қазір сіңірі шыққан кедейлер де көп. Осыған байланысты В.Путин аймақтағы әлеуметтік-экономикалық пробеламаларды шешуге байланысты бөлінген 9 млрд. рубльдің аздық ететінін, 2011-2013 жж. аралығында 8,5 млрд. рубль көлемінде тағы да қосымша қаражат құю арқылы дамыту жоспарын Ресей өзі түзетінін жеткізген.

Негізі төрт жыл бұрын қарулы қақтығыстың күшімен тәуелсіздігін жариялаған Оңтүстік Осетияны дербес ел ретінде бүгінде тек Ресей, Никарагуа, Науру, Тувалу мен Венесуэла ғана таныған. Қазір саяси бағытта да Оңтүстік Осетияның аса мақтанатын жайы жоқ. 2011 жылы болған президенттік сайлауда оппозициялық үміткер жеңіске жеткенде сайлау қорытындысы жоққа шығарылды. Осының салдарынан елде біраз дүрлігу орын алып, оппозицияның жақтастары үздіксіз наразылық шараларын өткізді. Осылайша елдің жаңа президенттігіне бұрынғы «КГБ» қызметкері Леонид Тибилов сайланды. Ресейден бөлінген қыруар қаражатқа қарамастан Оңтүстік Осетия әлі күнге үйінділер арасында жатыр.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары