БҮГІНГЕ ЖЕТКЕН БАЙРАҚ

БҮГІНГЕ ЖЕТКЕН БАЙРАҚ

БҮГІНГЕ ЖЕТКЕН БАЙРАҚ
ашық дереккөзі
310

Қателеспесем, осыдан үш жыл бұрын үйге бір жігіт келді. Ол төре тұқымынан екенін айтып, өзінің ата-бабасы туралы ғылымда, тарихи әдебиетте не жазылғанын білгісі келетінін жеткізді. Дастарқан үстінде қонақпен таныса келе оның Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданы, Қараспандағы Төреарық елді мекенінде тұратыны, өзі Тоғай ханның ұрпағы екені белгілі болды. Есімі – Үсенхан Жамалханұлы Тұрсынбай. Сол кездескенде-ақ оның ата-баба тарихына деген шынайы қызығушылығын, жанашырлығын байқадым. Мені хандар ұрпағы қолында сақталып қалған жәдігерлер туралы әңгімесі, әсіресе бір отбасында ханның туы болғаны, өкінішке қарай, бүгінде байрақтың басы ғана жеткені туралы хабары қызықтырды.

Біз, археологтар, өткен тарихты негізінен заттай ескерткіштерді зерттеу арқылы танимыз. Сондықтан мені жігіттің ту басы туралы айтқандары ойландырды. Себебі байырғы заманнан сақталып қалған ту басы тек бізде ғана емес әлемде сирек кездесетін дүние. Қазақстанда тек Қожа Ахмет Яссауи ханакасында ғана Әмір Темірдің осы киелі орынға жасатқан ту басы сақтаулы. Ол 14-15 ғасырлардың туындысы. Ал қазақ ханының ту басы деген жәдігер бар дегенді не ғылыми әдебиетте, не музейлерде кездестірген емеспін. Рас, қолға түскен бір жоңғар туын – трофейді Абылай хан Жауғашты батырға сыйға тартқаны белгілі. Ол қазір батыр ұрпағы қолында сақтаулы болса керек. Ал төл қазақ ханы туының бөлігі бізге жетсе, ол – сенсация…

Тудың бөлігін зерттеуші ретінде көзімен көру, қолмен ұстау, оның байырғы заман заты екеніне көз жеткізу керек болды. Алайда сол кезде мұның сәті келмеді. Археолог болған соң түрлі аймақтардағы қазба мен зерттеушілік жұмыстардан қол босамады. Бірақ телефон арқылы Үсенханмен үнемі хабарласып тұрдым.

Ақыры Үсенхан Жамалханұлы Тұрсын­бай,­ Бекайдар Төлжанұлы Әміре және Жанысбек Оразханұлы Файзуллаев атты азаматтар, алып келген сирек, һәм киелі затты тәу етіп қолға ұстау сәті 2012 жылдың маусым айына бұйырды. Мұндай мүмкіншілік туғызған осы азаматтарға ризашылығым шексіз. Құнды жәдігерді көру, оның өлшемдерін қағазға және фотоаппаратқа тү­сіріп, ол жөнінде зерттеп білгенін зиялы қау­ымға жеткізу, ғылыми айналымға енгізу зерт­теушінің бір міндеті.

Ту басы металдан жасалған зат, түсі қою қоңыр, кейбір қырларында сарғыш түсті болып келеді. Оның құрамын арнайы құралдармен анықтау қажет-ақ. Жалпы биіктігі 22,5 см. Жоғарғы, үстіңгі бөлігі күмбез үлгісінде жасалған. «Күмбездің» ең кеңейген жерінің диаметрі 10 см. «Күмбез» тарылып барып, тудың ағаш сабына киілетін етіп жасалған ұңғыға отырғызылған. Осы арада жік те байқалады. Ұңғы пошымы цилиндрге немесе кесілген конусқа жақын, оның диаметрі 5,2 — 5,3 см. Ұңғының төменгі бөлігі деформацияланған. Ұңғының жиегі жуандатылған, ту басын ағаш сапқа шеге қағып бекітетін тесіктері бар. Бір тесіктің диаметрі 5-6 см. Одан басқа да майда тесіктері кездеседі.

Хан туының басы қазіргі таңда Әле­кен­ ханның ұрпағы Әміре Бекайдар Төл­жан­ұлы­ның отбасында сақтаулы тұр. Кейбір кісілердің айтуынша, тудың өзін кие тұтып, ауру-кеселден, жамандықтан қорғайды деп кейбір кісілер теберік ретінде бөліп алып отырғандықтан жойылып кеткен десе, кейбіреулер күйе жеп қойғаннан құрыған деседі. Әлекеннің ұрпағында мөр де болыпты. Қазір ол жоғалып кетіпті.

Хан туының басы сөз жоқ, аса қас­тер­лі құнды тарихи мұра. Мен өзім осы уа­қытқа дейін ғылыми әдебиетте қазақ ха­нының туы деп аталатын мұндай жәдігерді көрген емеспін. Оның жалпы пошымы ортағасырдағы Орта Азия, Иран, Түркия патшаларында болған ту бастарына жақын. Әміре Бекайдар Төлжанұлының отбасында сақтаулы тұрған ту басын ертеректегі ту басылармен салыстырғанда ою-өрнегінің жоқтығымен ерекшеленеді. Осыған қарағанда ол кейінгі ортағасырда жасалған болса керек деп топшылаймын.

Ту басы бетіндегі айныған, майысқан бөліктерге қарағанда ол талай дүрбелеңді бас­тан кешірді, түрлі соққылар алды. Бұл туды ұстаған қазақтың Әлекен атты ханы туралы не білеміз? Білетініміз көп емес. Кеңестік дәуірде азаттық үшін күрескен хандардың қызметтері жасырылып, есімдері көптомдық ғылыми басылымдарда да аталмады. Хандар туралы зерттеулер тек азаттық алған соң ғана қолға алына басталды. Сондықтан Әлекен туралы арнайы шағын болса да мақала таба алмадық. Кейбір қазақ хандарына арналған кітапшаларда, анықтамаларда бұл есім мүлде кезікпейді. Әлекен туралы шағын мәліметті біз тек белгілі зерттеуші И.В. Ерофееваның зерттеуінен ғана кезіктірдік.

Әлекен қазақ халқы үшін қиындығы мол ХІХ ғасырда өмір сүрді. Кейбір деректерде оның есімі Алиакбар, Джакелен деп те көрсетіледі. Оның әкесі ХVIII ғасырдың соңғы ширегінде қоңырат тайпаларын басқарған Қарабас сұлтан. Туған ағасы Тоғай Түркістан қаласында ХІХ ғасырдың басынан, яғни 1800 жылдардан бастап, 1816 жылға дейін билік жүргізген соңғы қазақ ханы болды. Тоғай ханның билігі Түркістан қаласымен қатар оның айналасындағы елді мекендерге, Ұлы жүздің сарыүйсін тайпасының бір бөлігіне және Орта жүздің қоңыраттарына жүрді деп санайды кейбір тарихшылар.

Кенеттен соғыс бастаған Қоқан хан­ды­ғының әскеріне Тоғай хан қатты қарсылық көр­сетеді. Бұл жөнінде орыс тілінде ба­сылған «Обозрение Кокандского ханства в нынешнем его состоянии» деген кітапта: «Түркістанды жаулап алуға қатысқан және бір кездері Ташкентті де билеген қазақ хандарының соңғы үрім-бұтақтарының бірі Тоғай төренің аса қажырлы және табанды қарсылығына қарамай, елінен кетуге мәжбүр болды», – деп айтылады. Қоқандықтар Түркістанды жаулап алғанда қала қатты өртенген деген пікір әдебиетте жиі кездеседі.

Тоғай хан Түркістан қаласын тастап кетсе­ де, қоңыраттарға хан болып қала бер­ген. ХІХ ғасырдың 20-шы жылдары қоқандықтар Тоғай ханның соңына түсіп алған соң ол Бұқара қаласына кетуге мәжбүр болыпты. 1826 жылы Бұқарада хан сарайы ішінде атыс барысында Тоғай төре оққа ұшып, қайтыс болды деген пікір бар. Ұрпақтарынан арасынан алынған мәліметтерге қарағанда, хан қазіргі Отырар ауданы, Қарақоңыр ауылына жақын жерде, Шейбан тоғай деген жерде дүние салыпты.

ХІХ ғасырдың ортасында Мырзахмет­ деген әкім басқарған қоқандықтар жергілікті ха­лықты аяусыз қанады. Зекет төлей алмаған қазақтардың балаларын тартып алып, құлдыққа сатты. Мұсылмандыққа жат осындай езгіге шыдай алмаған халық көтеріліске шықты. Жергілікті халық, дәлірек айтсақ, Ұлы жүздің сарыүйсін руының кейбір топтары, Орта жүздің қоңыраты және қыпшақтардың бір бөлігі 1858 жылдың мамыр айында Тоғай ханның туған інісін – сұлтан Әлекенді хан етіп көтереді. Осылай Әлекен қоқандықтарға қарсы оңтүстік қазақтардың ұлт-азаттық көтерілісін басқарды.

Әлекен басқарған әскер қоқан әскер­ле­рімен бірнеше мәрте соғысып, 1858 жылы Түркістан қаласын қоқандықтардан азат етуге әрекет жасады. Жаңа сайланған хан өзінің туған ағасы Тоғайдың Түркістанда хан болғанын, қаланы 35 жыл бұрын қоқандықтар басып алғанын Түркістан қаласын қазақтарға қайтаруды талап етеді. Алайда қаланы тіке басып алуға Түркістан ішінде қазақтың белгілі азаматтарын аманатқа алу да кедергі етті. Қоқандықтар Қожа Ахмет Яссауи басына зиярат жасауға келген қоңыраттың билері Қоңыс датқа мен Ақсақ датқаны, Ұлы жүзден келген Қарақұл датқаны, қыпшақтың Тубақабыл атты жақсыларын аманат ретінде ұстап отырды.

Әлекен басқарған көтерілісшілер 15 мамырда қала бекіністеріне шабуыл жасады. Алайда қоқандықтар әскери тұрғыдан басым болды. Зеңбіректерден от шашып, көтерілісшілерді атқылап отырды. Қазақ әскері бір айдай Түркістанды қоршап тұрды. Бірақ оны басып ала алмады.

3 маусым күні Мырза Нияз бас­шы­лы­ғымен Түркістандағы қоқан әскері қазақтарды жарып өтуге әрекет етеді. Алайда қоқандықтар үлкен шығынға ұшырайды. Кейбір мәліметтерге қарағанда, қоқандықтар жағынан 500-800 адам шығыны болады. 1858 жылғы 20 маусымдағы орыс хабарламасында «хан конградский с своим ополчением и стоит еще под стенами Туркестана», яғни «қоңырат ханы» Әлекен әлі де Түркістанды қоршап тұр деген хабар кездеседі.

Таяу арада қоқандықтарды жеңіп, олар­дың қамалдарын басып алуға мүмкіншілігі жоқ­ екенін түсінген Әлекен хан өзіне қарасты халықпен Сырдарияның төменгі ағысына көшіп барып, одақтастар іздейді. Орыстың генерал-губернаторы М.А. Катенинмен келіссөздер жүргізеді. Ал 1858 жылдың тамыз айында Бұқара әмірі Насрулламен кездесіп, одан көмек сұрады. Алайда Бұқара билеушісі көмек беремін дегенмен ғана шектеледі. Өкінішке қарай, Әлекеннің кейінгі өмірі тарихшыларға беймәлім болып отыр. Кейбір тарихшылар ол бір-екі жылда дүние салды деп санайды. Қалай дегенде оның есімі 1859 жылдан кейінгі тарихи құжаттарда кездеспейді. Әлекен хронологиялық тұрғыдан алып қарағанда қазақ тайпаларының сайлаған ең соңғы ханы болып тұр.

Кейбір тарихшылардың пікірінше, 1858 жылғы қозғалыс қоқандықтарға қарсы ең ірі көтеріліс болған. Көтерілісшілер хан етіп көтерген Әлекен қоқандықтарға қарсы күресті басқарған тарихи тұлға екені күмән туғызбайды.

Әлекен ханның ту басына тіл бітсе, Түр­кістан қаласы түбіндегі шайқастар туралы, қазақ хандары тарихы туралы сыр шертері күмәнсіз. Бұл ту басы Әлекен ханға Түркістанда біраз жыл билік еткен ағасы Тоғай ханнан немесе арғы бабаларынан мұра болып жетуі мүмкін. Хан сайланып, қоқандықтарға қарсы ұрыстарға кірісіп кеткен Әлекен ту басын жасатуға да уақыты болмаса керек. Жалпы пошымына қарап хан туының басы шамамен ХVІІІ-ХІХ ғасырларда жасалған деп болжауға болады. Ол қазірше бізге жеткен жалғыз хан туының басы болып тұр. Осы тұрғыдан қарағанда құнды тарихи жәдігер болып табылады.

Мұхтар ҚОЖА,

тарих ғылымдарының докторы

Серіктес жаңалықтары