АРҒЫМАҚТАН ШЫҚҚАН ДАУ

АРҒЫМАҚТАН ШЫҚҚАН ДАУ

АРҒЫМАҚТАН ШЫҚҚАН ДАУ
ашық дереккөзі
270

Ораза айын әдетте ынтымақтың, бірліктің, татуластықтың айы дейміз. Егемендіктің алғашқы жылдарында Қырғызстанның тұңғыш Президенті Асқар Ақаев ораза айында тәжік билігі мен оппозициясының ымыраға келуіне жәрдемдесіп, жақсы ісімен де тарихта қалған еді. Биылғы ораза қырғыз атқамінерлерінің саяси додасымен есте қалатын түрі бар.

Даудың басы үкімет басшысы Бабанов Өмірбектің Түркиядан қымбат бағалы арғымақты сатып алғандығынан басталды. Қырғыз Республикасының Жоғарғы Кеңешіндегі Өмірбек Текебаев бастаған «Ата Мекен» фракциясы және Феликс Құлов басқарған «Ар-Намыс» фракциялары демалыста жүрген әріптестерін жинап, Үкіметке сенбеушілігін танытқан кезектен тыс жиналыстарын өткізді. «Атамекеншілер» «Өмірбек Бабанов Бішкектің «Манас» әуежайына аэронавигациялық мұнара тұрғызу үшін бөлінген америкалық инвес­тицияны түрік кәсіпкері Хюнкар Адалыға бұрып бергені үшін одан ризашылыққа, дәлірек айтқанда, параға құны 1 миллион 300 мың долларлық арғымақты алды» деген мәліметті таратты.

Үкіметтің баспасөз хатшысы С.Қана­за­ров, сосын Ө.Бабановтың өзі де жауап ре­тінде арғымақтың 20 мың долларға сатылып алынғандығын білдірісті. Өмірбек Тоқ­тағұлұлы «Сәйгүліктерді сатып алып жатқаным – бірінші не ақырғы рет емес» деп, бұдан басқа 13 асыл тұқымды жылқысы барын ашық айтты. Айтуын айтқанмен, осы сөзі арқылы үкімет басшысы қарсыластарының қақпанына тұтылды. Өйткені көктемде толтырған Кіріс декларациясында ол өзіне тиесілі жылдық 800 мың сом еңбекақысымен өмір сүріп жатқанын, артық дүние-мүлкінің жоқ екенін жазған болатын.

«Айлэндэрван» атты бұл бесті ирлан­дия­лық «Монтжо» деген айғырдың немістің «Стар­лайн» деген биесімен будандасуы­нан туылған таза қанды арғымақ. Жас үкі­мет­басының қызуланып, «Ата Мекен»­ партиясының көкжал жетекшісі Өмірбек Теке­баевқа «Текебаев іші күйсе, өз есектерін менің аттарымның жанына алып барып қой­сын» дегені отқа одан сайын май құйғандай әсер етті.

«Атамекеншілердің» анықтауынша, арғы­мақ­ты ұшақпен Қырғызстанға жеткізуге 50 мың доллар қаржы жұмсалыпты. Олардың уәжі – 50 мың долларға 20 мың доллардың аты әкелінбейді.

Премьер-министр Өмірбек Бабанов­ не­гіз­деген «Республика» партиясы қарап отырсын ба, Жоғарғы Кеңештегі фракция депутаттары үдере көтеріліп, кезексіз отырысында «атамекеншілер» мен «арнамысшылардың» үкі­метті отставкаға кетіру жөніндегі бастама­ла­рының орынсыз екенін білдірді. Республикашылар «Ө.Бабановқа жала жабылып жатыр» деп есептеуде. Жоғарғы Кеңештегі елдің экономикасын дамыту бойынша комитетінің мүшесі, республикашыл депутат­ Нұрбек Әлімбеков АҚШ-тың 30 миллион долларлық инвестициясына 35 метрлік мұнара салуға комитеттің рұқсат бермегенін хабарлады. Соған қарамастан, «атамекенші» депутат Еркін Алымбековтің інісі әрі партияласы, азаматтық авиацияның директоры Ақылбек Жұмабаев мұнараны тұрғызуға бұйрық берген. Депутаттың айтуынша, «рес­публикашыл» вице-премьер-министр Жомарт Отарбаев құрылыс агенттігінің директоры Қаныбек Нарбаевқа «Бір күннің ішінде құрылысқа рұқсат бермесең, қызметіңнен алынасың», – депті. Республика партиясының қазіргі лидері Алтынбек Сулайманов отырыс­та: «Олар өздерінің күнәсін үкімет басшысына аудара салуға әрекеттенуде. Ө. Бабанов атты сатып ала ма, сыйлыққа ала ма, оның не жаманшылығы бар. Манас атамызға да қымбат бағалы «Тайбурылды» сыйға берген. Сондықтан үкіметті отставкаға кетіреміз деп елді дүрбелеңге түсірген кейбір депутаттарды жауапкершілікке тарту керек», – деп үкімет басшысын ақтап шықты.

«Манас» әуежайында ұшып-қонатын алаң­ды қайта құру бойынша тендерді жеңіп алған Хюнкар Адалы Түркиядағы ірі­ құрылыс компаниясының басшысы ғана емес, меншігіндегі 230 сәйгүлігін дүние­жүзілік ат шабыстарға қатыстырып жүр­ген белгілі атбегі де екен. Оқиғаға орай Қырғызстанның үкіметтік «Кабар» агент­тігі Түркияның SERKА компаниясының жетек­шісі Хюнкар Адалының: «Маған 2012 жыл­дың 1 мамырында Бішкекте «Көктемгі жарыс» ат бәйгесінің өтетіні мәлім болған соң, түрік атбегілерінің атынан «Islander One» лақап атындағы сәйгүлігімді арнайы алып келдім. Қолым тимегендіктен, өзім жарысты көре алмай, біздің жанұямыздан оған балам Батур Адали қатысты. Өкінішке орай, атым мәреге бірінші болып келген жоқ. Жарысқа дейін-ақ, одан кейін де қырғыз тараптың атқұмарларының асыл тұқымды атқа қызығушылығын байқап, мен ол атты сыйға бергім келді. Менің сыйлығымнан бас тартты. Қырғыз жылқы шаруашылығының дамуына Қырғызстанда жоқ бұл жылқының тұқымы пайдалы болады деп ойлап, оны Өмірбек Бабановқа саттым. 50 жылдан астам істеп келе жатқан менің компаниямның беделі мен үшін өте мәнді екенін атап айтқым келеді және мен өзімнің тегім-есімімді құрмет тұтамын. Туындаған жағдайға қатты қапа болдым. Бұған байланысты менің атымды және компаниямды Қырғызстанда болып жатқан әртүрлі саяси үдерістерге араластырмауды өтінемін. Қырғыз жұртшылығына құрметімді білдіремін», – деген мәлімдемесін жариялады.

Арада бірнеше күн өткен соң Қырғыз­стан­ның «НТС» телеканалы тергеу абағында отыр­ған Абдулла Юсупов деген азаматтың 2010 жылдың 7 сәуіріндегі төңкеріс кезінде Бакиевтердің үй-мүлкін тонауға «Ата Мекен» партиясы мүшелерінің қалай қатысқандығын «әшкерелеп» сөйлеген бейнетаспасын көрсетті. «Біз Бішкектің Мәскеу және Ибраимов көшелерінің қиылысындағы Жәнібек Бакиевтың (Қысқаша аты – Жаныш, Құрманбек Бакиевтің інісі, мемлекеттік күзет қызметінің сол кездегі бастығы – Н. Б)­ ұлы Искендерге қарасты мекемеге келсек, оны мемлекеттік күзет қызметінің жігіттері қа­рауы­лдап тұрған екен, біз олардың алты авто­матын тартып алып, қуалап шыққанбыз. Сосын мекеменің ішінен винчестер сияқты қару-жарақтарды тауып алып, көлікке тиеп бердік. Одан кейін арнайы тапсырмамен «Шампанкомбинат» жақтағы Жаныбек Бакиевтің мекемесін сосын Адыл Бакиевтің, Марат Бакиевтің үйлерін басып алып, жалпы отыздан көп нысанды қолға алғанбыз. Олардың ішіндегі дүние-мүліктің барлығын «Ата Мекен» партиясының лидерінің бірі Райхан Төлегенов айтқан арнайы базарларға жеткізіп тұрғанбыз. Қытайлық зертханалардың бірінен бір жарым тоннаға жақын қорытылмаған алтын қоспасын алып шығып, оны да тиеп жібергенбіз. Олар бізге осы мүліктерді мемлекеттің мүддесі үшін жоғалтпай сақтап қалғанымызға мүліктердің құнының 25 пайызын сыйлық ретінде береміз деген еді», – деді Абдулла Юсупов.

Бұл сөздер оразаның аптапты ақырғы күндерінде қаулап жанған оттай өршіп, Қырғызстанның шартарабын тез шарпып, халықтың Үкіметке де, Жоғарғы Кеңешке де азды-көпті сеніміне селкеу түсірді. «Ата Мекен» партиясынан Жоғарғы Кеңешке депутат, «басты кейіпкер» Райхан Төлегенов Абдулла Юсуповтың айтқандарын жалған, оны үкімет басшысы саяси сойыл ретінде пайдаланып отыр деп бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбат берді.

Жоғарғы Кеңештің төрағасы Асылбек Жээнбеков қыркүйекте депутаттардың сессиясы бастала салысымен мәселелердің тез қаралып, істің анық-қанығы анықталу қажеттілігін мәлімдеп отыр. Оқырмандардың есіне сала кетсек, қырғыз парламенті бес партиядан тұрады. Көпшіліктің коалициясына кірген төртеу – Қырғызстан социал-демократиялық партиясы (ҚСДП), «Ата Мекен», «Ар-Намыс», «Республика» және оппозициядағы «Ата Жұрт». Оппозицияда болу «Ата Жұрттың» «міндеті» дейік, басқаларын айтпай-ақ қояйық, билік партиялары – бұрын А.Атамбаев басқарған ҚСДП да, бұрын Ө. Бабанов басқарған «Республика» да коалиция ішін былай қойғанда, өз іштерінде де толық ауызбірлікке қол жеткізе алмай отыр.

Ал Мемлекет басшысының аппара­ты­ және Қырғыз Үкіметі Қазақстан Респуб­ли­касының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты және Түркі тілді мемлекеттер кеңесіне қатысатын Түркия Президенті бастаған жоғары дәрежелі қонақтарды күту, мәжілістерді өткізу әзірліктерімен әлек.

Түркі тектес бауырлас елдердің басшы­ла­рының Бішкекке келер сапарының алдында Қырғызстан үшін жағымды оқиға да болып өтті. Ыстықкөл жиегіндегі Шолпаната мемлекеттік резиденциясында Президент Алмазбек Атамбаев Ресей Федерациясы Үкіметі төрағасының бірінші орынбасары Игорь Шувалов бастаған делегациямен кездесті. Екі тарап Қырғызстанның «Қамбарата-1» су-электр станциясын және Жоғарғы Нарын су тоспасын құру және пайдалануға беру бойынша келісімнің мәтінін мақұлдасты. Оған сәйкес алдымыздағы 15 қыркүйекке дейін келісімге қол қойылып, құрылыс 1 қарашаға дейін басталатын болды. Сондай-ақ, Ресей Қырғызстанның қарызын 15 қазанға дейін жаңа келісім түзу арқылы толық кешіру туралы уағдаласты.

Қырғызстанның «Қамбарата-1» су-электр станциясын және Жоғарғы Нарын су тос­пасын салу кеше, 22 тамызда басталған Қазақстан мен Қырғызстанның мемлекет басшыларының деңгейіндегі Мемлекет аралық Жоғарғы Кеңестің жиынының күн тәртібіне де қойылған.

Әлбетте, Ресей өкілдерінің Қазақстан де­ле­га­циясынан ертерек келіп-кетуі кездей­соқ­тық емес, бүгінгі таңда су стратегиялық ре­сурс болумен қатар саяси ресурсқа да айна­лып отыр.

Қырғызстандағы саяси текетірестің салдарынан ба, хаттама бойынша солай ма, қырғыз үкіметінің басшысы Өмірбек Бабанов ресейлік әріптестерімен жолыққан жоқ. Шол­панатада қырғыз-ресей құжаттарына Рес­­публика Президентінің қатысуымен қыр­ғыз тараптан бірінші вице-премьер-министр Аалы Қарашев қол қойды.

Назарбек БАЙЖІГІТОВ,

“Түркістанның” Қырғызстандағы тілшісі

Серіктес жаңалықтары