ТӨЛ ЖАЗУЫМЫЗДЫ ТАБУ – ТҮПКІ МАҚСАТ

ТӨЛ ЖАЗУЫМЫЗДЫ ТАБУ – ТҮПКІ МАҚСАТ

ТӨЛ ЖАЗУЫМЫЗДЫ ТАБУ – ТҮПКІ МАҚСАТ
ашық дереккөзі
557

Қазіргі қазақ қоғамында қордаланып шешімін таппай, көп айтылып, тұйыққа тіреліп тұрған өзекті мәселелердің бірі – жазу мәселесі. Жазу болғанда қазіргі қазақ қоғамына қандай жазу керек деген мәселе? Осы төңіректе тілші ғалымдардан тартып, зиялы қауым, қарапайым халыққа дейін ой қозғап, пікірталас тудырып, ара-тұра басқарушы билікті де мазалайды. Мәселенің күн тәртібіне жиі-жиі шығуы, оған Елбасының өзі бірнеше мәрте төтенше мән беруі, жазудың мемлекеттік маңыздылығын аңғартады. Демек мемлекеттік нышан, Ата заңмен қорғалуға тиісті жетелі елдің жеті белгісінің (Ту, Елтаңба, Әнұран, Төлтұмар, Теңге, Елұран) бірі – Төлжазумыз.

Бұлар ұлттың, мемлекеттің бет-бейнесін, өзіндік ішкі күш-қуатын, болмыс нарқын, мәдениетін айқындайтын – Ұлттық рәміздеріміз. Бодандықтан бостандыққа қадам басқан жиырма жылда осы ұлттық рәміздерімізді түгендедік. Алайда төл жазуымыз жоқ. Болуға керек. Болған. Айрылып қалғанбыз. Басымыздан бақ ұшқан заманда. Дүние кезек. Қайтқан бақ қайта оралды. Кешегі басыңа әңгір таяқ ойнатқан отаршылардың қарасы батты, күні сөнді. Ендігі іркіліс неде? Іркіліс жан жаққа тартқан, бірін екіншісі жоққа шығарған, жарылған пікірлердің бір бағытқа, бір мақсатқа тоқайласпауында, бір нүктеде түйіспеуінде болып тұр. Бірі қазіргі қолданыстағы орыс жазуында қалуды көлденең тартса, екіншісі латын жазуына көшуді қалайды, араб жазуына бүйрегі бұратындардың саны тым аз, керісінше көне түркі жазуына көшуді көксейтіндердің қарасы мол.

Біздің орыс жазуы, «кириллица» деп ат беріп, айдар тағып жүргеніміз орыс тілінің заңдылықтарына сәйкес қосымша таңбалар қосып, кейбір латын қаріптерінің дыбысталуын өзгертіп жасаған латын алфавитінің бір нұсқасы ғана. Ешқандай жаңа алфавит емес. Мысалы, латын тіліндегі жұмсақ айтылатын «в» (бэ), орыс тілінде «в» (вэ), латын тіліндегі кіші «b» орыс тілінде жіңішкелік белгісі, латын тіліндегі «Н» (эйч) орыс тілінде «н» (эн), латын тіліндегі «п»(эн) орыс тілінде «п» (пэ), латын тіліндегі «р» (пэ) орыс тілінде «р» (эр), латын тіліндегі «u» (ou) орыс тілінде «и» (и), латын тіліндегі «s» (эс) орыс тілінде «г» (гэ), латын тіліндегі «R» (аа) орыс тілінде «Я» деген сияқты жалғаса береді. Сөйтіп орыс алфавитінің алпыс пайызы латын әріптерінен құралады. Сондықтан да ол латын жазуының бір түрі ғана болып есептелінеді. Ендеше латын жазуына көштің не, қазіргі орыс латыншасында қалдың не, бәрібір емес пе?

Ал қазақ кириллица әліпбиін орыстар бізге жасап берді. 1940 жылы. Қаласаң да осы, қаламасаң да осы деді. Бас көтеретіннің бәрі қырқылып қалған, бары айдауда, ол бір төтенше қиын заман еді. Амалсыздан қабылдадық. Түркі жұрты бірінің не жазғанын екіншісі түсінбейтін халге келдік. Солай келтірді. Бір-ақ күнде жазу-сызусыз сауатсыз халық болып шыға келсек те, қабылеттің күштілігінен өткен мың жылдық тарихымызды талақ етсек те жаман болмадық, біраз мәдени-әдеби, ғылыми құндылықтарды осы жазу арқылы дүниеге келтірдік. Бұл жазудан бүгінгі ұрпақ жамандық көрген жоқ. Бірақ өзінікі емес. Біреудің малы. Сондықтан да өгей. Осы өгейлікпен өмір бойы өтейік десек ең бастысы техникалық тұрғыдан өзгеріс жасау керек. Клавиатурадағы дыбыс таңбалардың орналасуын кері тартпай, бір ізге түсірсе көп жеңілдікке кезігеміз. Қазіргі қолданыстағы клавиатураларда латын әрпі бір жерде, оның орысша нұсқасы бір жерде шашырап жүр. Мәселен ағылшындар да, орыстар да ең көп керектенетін дыбыс таңбаларын клавиатураның орта тұсына шоғырландырған.

Жоғарыда аталғандарды ескере келе, жаңа әліпби іздеп ұзын сонар сарсаңға түсудің қажеті бар ма? деген сұрақ туындайды. Оның есесіне ұлттық бейнемізді әлемге жарқырата айғақтайтын, рухани һәм мәдени байлығымыз, байырғы бай мұрамыз түркі жазуын неге қазіргі алфавитпен қатар қолданысқа енгізбейміз. Бұл пікір-ұсынысқа да қарсы шығушылар бар. Олардың негізгі уәжі мынаған саяды. Олар Орхон, Енисей жазбаларын, «жырларын» жазу деп шатасып жүр дейді. Ол – жазу емес. Олар – сына жазумен жазылған жазбалар. Түрік хандарының ғұмырнамалық жырлары. Олардың өзін де қытай мамандары жазғандығы әбден анықталған ақиқат деп соғады. Бұл енді жаптым жала, жақтым күйе дегенге келеді. Жазу болмаса, жазба қайдан жазылады, жыр қалай жазылды? Осыған да оғаш логика керек пе еді? Сонау моңғол үстіртінен, Кентау қойнауынан бастап Қанғай, Алтай, Алатау бөктерлері мен Орхон, Керлің, Тамыр, Селеңгі, Енесай, Ертіс өзендері бойынан табылап жатқан үлкенді-кішілі жазбалар мен сақ қорғандарынан алынған мәтіні әлі анықталып, мағынасы шешілмеген жазуларды да қытайлар жазып кеткен бола ма? Түркі дүниесінің түгел кезінде сахара төріне сары алтындай шашырап, бүгінгі күнге дейін сайрап жатқан сына жазуларды қытай мамандары жазбақ түгіл оларға олардың қауырсын қаламының бір тал қылы да тимегені ғылымға аян емес пе? Тасқа таңбасын шегелеп, бітігін бәдіздеп, сыналап ойып жазу бізге – түркі жұртына тән, Тәңірі берген төтенше сый, күшті рух емес пе еді?! Түркі жазуы түркі жұртының адамзат қоғамына қосқан баға жетпес құндылық ғой. Өзіміздің өміршең мұрамыздан ат-тонымызды ала қашып, ата жазудан бас тартып, жатсынып, бөгденің қанжығасына бөктеріп бергеннен, жаттың жадын жамағаннан ұтарымыз не? Өзінің төл жазуын өзгерпей отырған қытай, жапон, корей, гүржі, армян, үнділер заман көшіне ілесе алмай, өркениеттен қалыс қалды ма?

Түркі жазуы – түркі тілінің табиғатына меншік, дыбыстық жүйесіне құрылған, әрбір қарпі әрбір дыбысты, фонеманы жазуға арналған тамыры тереңде жатқан, тарихы ежелгі дәуірден бастау алатын ұлы мұра. Егер түркі жазуын қытайлар ойлап тапқан болса, олар күні бүгінге дейін сан мыңдаған иероглифтерін жаттап жүрмей-ақ, баяғыда сына жазуды өзіне сіңіріп әкетер еді. Әкетпеді. Әкетпеген себебі түркі жазуы қытай тілінің табиғатына сәйкеспейді. Қытай тілінің лексикасы бір буынды сөздерден ғана құралған. Тақ-тұқ. Ал біздің тіл, түркі тілі жалғамалы, бірі біріне ұласып, байланысып, ұшы қиырсыз шексіздікке созылып жататын – туынды тіл. Болашағы кемел, өміршең тіл. Осы тілдің табиғатына сай жаратылған сына жазуы арқылы әлемнің қандай да бір тілін, ол мейлі буын жүйесіне құрылған болсын, мейлі дыбыстық жүйеге құрылған болсын, жазуға толық мүмкіндігі бар жазу. Бастаусыз, қайнарсыз дүние болмайды. Біздің бабаларымыз пиктографиялық жазуды (сурет жазуы) да қолданған, дамудың баспалдағын басып, табалдырығын аттаған. Оған жартастарға салынған түрлі мағынадағы суреттер мен таңбалар куә. Шындап келгенде, қытай иероглифтерінің түп төркіні бағзы түркі жазуы болуын да жоққа шығаруға болмайды.

Жазу әуелі көшпенді халықтарда пайда болмады ма, қатынас құралы үшін? Бек мүмкін. Отырықшы, ежелден егіншілікпен айналысқан халықтар шоғырланып, үйірленіп, аядай жерде аткөпір, топ-топ болып тайпалы ел сыйысып отырады. Бір үйден шықса келесі үй іргесінде, көрші, ұзағаны қолаң, қоңсы, бастау ақпараттың үшінші үйге – құлаққа жеткенінше бастапқы қалпын өзгерту мүмкіндігі шектеулі. Ал далалық халықтар шаруашылық жағдайының орамына байланысты тарап, бірі екіншісінің төбесін көріп отыратындай аралық сақтап, бытырау қоныстанғандықтан ақпарат алмасу ара қашықтығы ұзақ, сондықтан алғашқы хабардың келесі қабылдаушысына жеткенге дейінгі өзгеріп, құбылу ықтималдығы жоғары. Демек, қайнар көзден шыққан ақиқатты мәліметті қабылдаушысына қаз-қалпында, бұлжытпай жеткізу үшін өзгермейтін құрал ойлап табу қажеттілігі арта түседі. Нәтижесінде түркі тілінің ұланғайыр аймақта туа түп тұқиянын бірегей сақталуына негіз де болмай қойған жоқ. Атқа орнықты отыру үшін үзеңгіні өмірге әкелген бабаларымыз ақпаратты айна қатесіз жеткізу үшін неге жазу ойлап таппасын. Тапты, ол – сына жазуы. Ендеше әр жұрттың өзінің тіршілік ету икемі, тұрмыстық қам-қарекетіне сай, қажеттілігіне қарай ойланатын, одан нәтиже шығаратын бейім тұстары, қабылет-қарымы болуға керек. Бәрі де тұрмыстан туындайды. Мысалы, атақты тарихшы Лев Гумилев қазақтардың етіне түскен жараның қалай ізім-ғайып тез жазылып кететініне қайран қалып таңданады. Яғни, оның тұрмысын білмейді. Ойшылдардың өзі қандай бір нәрсенің қажеттілік негізін дұрыс анықтамағандықтан кей жағдайда жаңылыс тұжырым жасап жатады. Сол сияқты түркі жазуын әлде кімге телу де осындай іргесіздіктен туындайды.

Неге біз «өткен күнде белгі жоқ» деп өт­кен­ге өкінішпен қарай беруіміз керек? Оның есе­сіне, өткенге салауат айтып, құнарлы, құн­ды рухани байлығымыздан қол үзбей, неге қайта бастап, қайта түлемейміз? Құмға сіңіп, құрдымға кеткен дүние жоқ қой, тасқа басылып тапжылмай тұрған мұра, таны, оқы, тұтын деп тілеп тұрған жоқ па?! Түртіп қалсаң түмен жылдардың тарихы сорғалайды. Шоғы қоздап, оты маздайды. Мейлі біз сол тастағы тарихымызды оқи алмадық, оқытпады, бұлғақ замандардың бұралаң жолдарынан өттік, тағдырдың тауқыметін тарттық, жаз­мы­шымызға жаптық, көлденең тартар сылтауымыз көп. Енді ше?.. Тым болмаса тастағы таңбамызды неге пайдаланбасқа?! Соны неге бүгінгі санатымызға сай етіп, заман талабына икемдеп, өркениет өлшемдерімен өңдеп, түзеп, жөндеп қолданысқа енгізбейміз? Қазіргі қазақ ғылым мен техниканың заманауи жетістіктерінен құр алақан өмес. Өзі түгіл өзгеге ақыл айтып, үйрететін халге­ жетті. Мұхиттың арғы-бергі жағындағы, бес­ құрлықтың белді университеттерінен бі­лім алып, ғылымы шыңдалған елдерде оқып, түсінікті тілмен айтсам компьютердің құлағында ойнап, пістеше шағатын мамандар аз ба? Жетерлік. Бірақ соларда жетпейтіні ұлттық құлық. Ғасыр бұрын Ақаң – Ахмет Байтұрсынұлы айтыпты, білімді, бай, күшті мемлекет болуымыз керек. Білімді болу үшін оқу керек, бай болу үшін кәсіп керек, күшті болу үшін бірлік керек. Осы керектерді жүзеге асыру үшін іс-қимыл керек деп. Біз сол керек, керек деумен әлі келеміз. Керек екенін білеміз, бірақ керектенудің жөнін таппай жүрміз. Жатқа жалтақтаумен, жаттың жасап бергенін малданып, жаттың жазып бергенін оқудан шыға алмай, ойымыз күрделеніп, қолымыз күрмеліп отыр­мыз.

Жоғарыда атап өткен қолданыстағы орыс жауында қалуды қалаушылар да екі топқа жарылды. Біріншісі осы графиканы мүлдем өзгеріссіз қалдыралық десе, 2012 жылдың маусым айында Абай.кз сайтын пайдаланған бастамашыл топ қазіргі қолданыстағы криллицалық алфавиттен қазақ тілінің үндестік заңы мен заңдылықтарына сәйкес келмейтін, тек орыс тілінен енген кірме сөздерді орыстардың айтылымы бойынша қалыптастыру үшін күштеп қосылған басы артық әріптерді алып тас­тау жөнінде бастама көтеріп, қазақ тілінің емлесіне өзгертулер енгізуді ұсынды. Сана, идея дұрыс-ақ. Шындығында осы басы артық әріптер, яғни дыбыстар таза қазақ тілінде сөйлеушілердің ауыз екі тілінде айтылмайды да қолданылмайды, ал әдеби тілінде мектеп қабырғасынан бастап мына сөздер орыс тілінде қалай дыбысталса өзгертпей, түр-түсін бұзбай, солай жазасың деп ережелеп, бекіттіріп тастаған қасаң қағиданы құлақтарына құйып, үйретіп, машықтандырғандықтан қазақша жазғаны қате саналып, қазақ тіліне орыс тілінің бірнеше дыбысы сіңісті деген жалған тұжырымның кесірін қазақ тілі тартуын тартудай-ақ тартып отыр. Бұған сол социалистік қоғамда туып, қалыптасып, жетілген ғалымдар, соның ішінде тілші ғалымдар да, қазақтың орыстілді тобы да тап осы идеяны құптай қоймайды. Негізі көрсетілген он төрт әріпті алып тастағаннан қазақ тілі құтаймаса, жұтамайды. Әуелі жасампазданып, құлпырып, өз үндестігін тауып көріктене түседі. Мәселен, жуантық белгісі мен жіңішкерту белгісінің не қажеті бар? Щорс деген бір ғана сөзді жазу үшін «Щ» әрпін енгізудің пайдасы бар ма? Қазақ тілінде «и» дыбысы біреу-ақ. Ал екі бірдей (и және й) не үшін қажет болды? Хат, хабар, хан деген бірнеше сөзді жазу үшін «х» мүлдемге басы артық зат. Тап сондай әріптің бірі «һ» екені де дау туғызбайды. «Петров» қазақша «Петіроп» болып жазылса оның несі ерсі. Ағылшындар қазақ атауын жазса мың құбылтып жіберсе, қытайлар жазса өз атыңды өзің танымай қаласың емес пе? Ал біздің қазақша жазғанымыз неге өрескел ерсі болып шыға келуі керек. Бұның бәрі тек қазақ тілді кеңістік үшін айтылып отырған мәселе емес пе?! Әйтпегенде ешкім орыс тілінің, басқаның графикасын өзгертейін деп отырған жоқ қой. Біреулер айтады, «өткен жетпіс-сексен жылда жасаған бай мұраларымызды оқи алмай қаламыз» деп. Қалай оқи алмайды? Мысалы, бұрынғы емле бойынша «хат жазды» деп жазылған сөйлемді бүгін «қат жазды» деп жазсақ түсінбей қаламыз ба? «Баян» деп жазғанды «байан» деп жазсақ оқи алмаймыз ба? Бұл жай сылтау, қарадүрсін қарсылық болмақ. Қытай, орыс, моңғол, түріктің… барлығы да кірме сөздерді өз тілінің заңдылығына сәйкес икемдеп алған. Біздің ата-бабаларымыз да сөйткен. Ал соның ішінде бүйректен сирақ шығарып, империялық өктемдіктің темір құрсауына байланып қалған біз – мына бертіңгі қазақ! Бұл да құлдық сананың ең басты көрсеткіштерінің бірі. Өзіңді өзің түзей алмау деген сөз. Осы құлдық санадан құтылатын кез келгені әлдеқашан еді, бірақ әлі қозғалыс жоқ.

«Егер қазақ өзінің төл әліпбиін жасақтаса, қоғам екіге бөлінеді» деген сәуегей пікір де айтылып жүр. Қоғам онсыз да екіге бөлініп, орыс тілді, қазақ тілді болып, қазақ-орыс тілі тең дәрежеде қолданыста өмір сүріп жат­қан жоқ па? Ал сонда, әлгіндей ұшқары пікірлер қалайша өтімді болатыны түсініксіз. Сондықтан бастамашыл топтың ұсынысын халық болып қолдап, мемлекетке ұсыныс енгізіп, қазақ тілінің жаңа емлесін тездетіп жасап, қолданысқа енгізу қажет. Біз араб әліпбиін пайдаланбаймыз, біз Ахмет Байтұрсынұлы жасаған қазақ тілінің емлесін қолданысқа енгізуді қоштаймыз. Бұл экономикалық тұрғыдан өте-мөте ұтымды әрі үнемді, пайдасы шаш еткетен келетін іс болмақ. Біз он төрт әріпті қазақ тілінің әліпбиінен жою арқылы біріншіден, өзімізге тән ұлттық жазуымызға жақын жазуымызды жасаймыз, екіншіден қаражат тұрғысынан өте көп мөлшерде пайда табамыз.

Осыдан бір жыл бұрын Парламенттің төменгі палатасындағы үкімет сағаты барысында (06.06.2011ж) сөйлеген сөзінде сол кездегі Қазақстанның Мәдениет министрі, қазіргі мемлекеттік хатшы Мұхтар Құл-Мұхаммед мырза латын алфабиті негізіндегі әліпбиге көшу жөнінде өз пікірін білдірген-ді. М.Құл-Мұхаммед мырза әліпби ауыстыру саяси мәселе екенін, Президенттің өзі де әлде неше рет латыншаға көшу тақырыбын зерттеп, зерделеуді мәлімдегенін, бірақ бұл мәселе әлі шешілмегенін атап өткен-ді. Ал өзі болса, латыншаны құптайтынын жасырмады. Ол, қазіргі қазақ әліпбиінде 42 әріп, орыста – 33, арабтарда – 28, латында 25-26 әріп барын еске сала келіп, «латынша жазу әлде қайда жылдам болар еді» деген-ді. Қазіргі техникалық үдеріс заманында латынша жазудың қолайлы екенін де атап өткен болатын. Демек күн тәртібіндегі күйіп тұрған мәселелердің жазу мәселесі екені дау туғызбайды.

Жазу ауыстырудың саяси астары күрделі болса да, тап қазіргі кезде латын әріптерін пайдаланудың қоғамда етек алып бара жатқанымен қатар латынша жазудағы әр түрлілікті жою үшін үкімет тарапынан бейресми латынша әліпби жасап беруі қажет-ақ. Әліпби жасаудағы ең басты ұстаным: бір дыбысқа бір таңба сәйкес болу керек.

Ал түркінің сына жазуы негізінде нағыз ұлттық жазу жасау кемелденген ұрпақтың еншісіндегі мәселе болмақ. Тәңірдің таңдауы – біз екенбіз. Бүкіл дүние жаратылғаннан бері келе жатқан жазуды бізге сыйлап отыр. Жазудың ішіндегі құпияны біздің аталарымыз танып, өзіне қажетті рулық таңбаны алған. Рулық таңбалардың барлығы құпия ілімге баратын – кілт.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев былтыр (2011 ж.) Түрік академиясын ашу туралы нақты ұсыныс жасады ғой, елімізде ежелгі түркі жазуын жетік білетін маман-ғалымдар санының артуы таяу болашақта Қазақстанның түркология ғылымының орталығына айналуына мүмкіндік берері сөзсіз. Ал осы орталықтың түпкі мақсаты да төл жазуымызды табу болады деп ойлаймыз. Демек, төл жазуымыз түгел түріктік нышан болатыны сөзсіз.

Бақытбек БӘМІШҰЛЫ,

филология ғылымдарының кандидаты

Серіктес жаңалықтары