1980
«НАЗЕРКЕ» НЕГЕ ҰМЫТЫЛДЫ?
«НАЗЕРКЕ» НЕГЕ ҰМЫТЫЛДЫ?
ОЙҚАРАҒАЙ…
Қазақ жерінің ең биік шыңы – қасиетті Хантәңірінің бауырындағы Ойқарағай – жердің жұмағы… Қарағайы мен шыршалары жапатармағай шыңға жарыса ұмтыла жүгіріп бара жатқан қалың қол әскер сияқты, болмаса артынан әлдебір зұлмат пен зобалаң қатар келіп жансауғалай, жанталаса тұра қашқан, белден асарда туған жерін тастап кете алмай, сол жерде тамырын тереңге жіберіп, мәңгі жылжымастай тұрып қалған қалың нөпір секілді. Иә, әрідегі жоңғар шапқыншылығын бізге көзге елестету қиындау, ал енді 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістен кейін патшалық Ресей әскерінің зобалаңы – күні кеше болған тарих. Сол жылы қара халық «жиренсақал», «ақжелкелердің» өлім қылышы мен ажал мылтығынан, зеңбіректің ұңғысынан ұзата атқан доптан («доп» – зеңбіректің оғы) ұрпағын аман алып қалу үшін қашқан. Қашып бара жатып осы Ойқарағайдың әр бұтасымен жылап тұрып қоштасқан.., бәлки қоштасуға шамасы да болмаған… Патшалық Ресейдің үш солдаты бір кештегі жарты сағаттың ішінде 27 қазақты оққа ұшырған. Мұны «Тұзкөл қырғыны» дейді ел; Құрамында мұздай қаруланған 23 атты казак бар, поручик Иванов басқарған патша отряды 3 күннің ішінде Қарақолдан Текеске дейін 1110 қазақты атқан, асқан, шапқан, ойына не келсе, соны істеген. Ивановтың отрядынан кейін Фон Бергтің отряды жайпап өткен. Бұлардан кейін тағы бір жазалау отрядын жіберген. Олар да жаппай қырып, жою және тонаумен айналысты. Бұлардан қашып Текес өзеніне лап қойған қалың қазақтан судың беті көрінбей қалған. Жас бала, шал, кемпір ағынның бетінде сең болып аққан. Ол топалаң тарихта «Қарқара қырғыны» деген атпен қалды. Осы Ойқарағайдың айналасында он алтыншы жылдың ойранынан кейін де қаншама қырғын болды десеңші… 1919 жылы қызыл әскер Диқанбай болыстың бүкіл әулетін қуып әкеліп, әкесі Жанпейістің мазарының ішінде бесіктегі балаларына дейін қырып тастаған. Оны тарих «Шәлкөде қырғыны» деп атаған… Қызыл әскер 17 адамды жайлауға көшіп бара жатқан жерінде артынан қуып барып, алыстан көздеп баудай түсірген. Мұны тарих «Құсықтар қырғыны» атаған… Тапаның тал түсінде жүгін артып жатқан жерінен Буырылды деген жерде екі қызыл әскер 12 адамды пулеметпен баудай түсірген. Бұл тарихта «Жетібай қырғыны» деген атпен қалған… «Қызылжар-Семей» деп аталып кеткен қырда қызылдың солдаттары кеңестік саясатты қабылдамаған қазақтарды үйге қамап, сыртына сабан үйіп, тірідей өртеп жіберген. Мұны «Қызылжар-Семей қырғыны» атаған… Ол – ол ма Текес деген жерде 1928 жылы оққа ұшқан қазақтардың мәйіттерімен өзеннің суын бұрып, тоған тартқан. Ол «Қырғын тоған» аталған… Сол замандарда ғой қызылдың комотряды, НКВД-ның қанды қылышынан аман қалсам ба деп туған жерін қимай кетіп бара жатқандардың: «Ойқарағай!..Елім ауып барады-ай, Алланың добы – әз басым, Қай жырада қалады-ай?!» – деп сарындататыны. Осы тарихты тірі куәлардың өз аузынан естіп өскен ақын Мұқағали: Қалмағы шауып бір өтті, Қалғаны шауып бір өтті. Ұйыған сүттей қайран ел, Бас ауған жаққа дүр етті, – деген еді өзегі өртене. Кейін 1955-1962 жылдар аралығында сол амалсыз ауған арманды ел Ойқарағайына қайта оралды ғой. Сонда еді баяғы әнінің қайырмасын: «Ойқарағай! Шауып өттім аралай, сағынышым тарамай!» деп құбылтқаны. Сарыла жеткен елдің сағынышын қайтсін елеске сенген коммунистік кеңес?! Оған да көнді «жасампаз елдің» жәйін білетін жаны жаралы момын ел. Көнді де әлгі әнінің қайырмасын енді: «Ойқарағай! Шауып өткен маралдай, заман өтіп барады-ай!» деп өзгертті. Ал енді Тәуелсіздік алғаннан кейінгі Ойқарағай орнында тыныш жатты ма? Кеңес одағы кезінде Ойқарағайдың қойнында көмір жатқаны және ол көмірдің әлі толық жетілмегендігі, онымен қоса кен құрамындағы адам денсаулығына зиян келтіретін ауыр металдың көптігі, оның қалыптағы нормадан 7-10 есе артық екендігі, сондықтан да бұл жерді 80-90 жылға дейін қазуға болмайтындығы арнайы ғылыми экспедиция арқылы анықталып, хатталып, негізгі бақылау Мәскеудің еншісіне берілген еді. Бұл 1948 жылы болатын. Кеңес одағы ыдырап, оның құрамындағы республикалар дербестік алған соң бұрынғы құжаттар күші өзінен өзі жойылды. Әлі жеткендер мен қолы жеткендер бұрынғы байлықты бөліскенде осы Ойқарағай кені Геннадий Коренчук дегеннің уысына ілікті. Коренчук жер бетіне жақын жатқан көмірді ашық түрде ала бастады. Ауыл адамдарының, тиісті мамандардың сөзіне құлақ аспады. Кеннен сыртқа шыққан қалдықтардың өзі 20 мың тонна еді. Бұл ақ патшаның зеңбірегінен, қызылдың қылышынан да аса қауіпті болды. Өйткені зеңбіректің оғынан, қылыштың жүзінен бірлі-жарым адам тірі қалушы еді. Ал мынау ауа жұтқанның бәрін жалмай бастады. Бұл нағыз мылтықсыз майдан, қылышсыз қырғын еді. Аудан халқы жамырай түрегелді. Аудандық газетте «Көмір қымбат па, өмір қымбат па?» деген айдармен нөмір сайын дабыл қаққан мақалалар, пікірлер, зарлы жүректі жарып шыққан жанайқайлар жарық көріп жатты. Ел іші дүрлікті. Жалынды журналист Дәулет Желдікбаев қатарынан бірнеше рет Ойқарағай ойранын әшкерелейтін дәлелді де, дәйекті мақала жазды. Жастар ішінен ел алдына суырылып Естай Мәсімбайұлы деген мұғалім шықты. Бұл өзі ел мен жер тағдыры үшін басын бәйгеге тіккен, қайтпас қайсар патриот еді. Өзі дарынды ақын болатын. Тілге шешен, ойға көсем еді. Тағдыры талқыға түскен сәтте Елдің сөзін сол сөйлеп, Коренчук және онымен жең ұшынан жалғасқан атқамінерлермен ашық айқасқа шықты. Ойқарағай, Ойқарағай — орманым, Ойран еткен кім ошағын ордамның? Ойламасам қасиетімнің қайғысын, Оққа байлар опасыз ұл болғаным. Қайда адамдар, имандылық, ар-майдан, Қымбат болып кеткені ме жан пайдаң? Көз алдыңда көз жұмады көк өрім Қыз шыршалар бұрымдары сарғайған… Естай бұл өлеңдерін ел алдында да оқыды, газетке де жариялады. Сөйтіп, күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмеді. Үй-үйді аралап, келешек ұрпақтың денінің саулығы мен амандығы үшін бүгін күреспесе ертең кеш болатынын әр ауылдасқа түсіндірді. Осындай ашық күрес күндері Естай арнайы Алматыға келді. Ертесінде жедел кері кетуі керек еді, бірақ ауылға қайтпай қалды… Сол күннен бері одан еш хабар естілмеді. Іздеп шыққандар да еш дерек таба алмады. Не жұмыр жердің үстінде бар екені белгісіз, не жер қойнына берілгені беймағлұм?.. Опасыздардың ойранына айналған Ойқарағай орнында қалды. Ал соның бүгінгі тағдыры үшін жанын шүберекке түйіп жанұшыра шырылдаған ақын Естай жоқ! Қайда? Жұмбақ… Ойқарағай туралы осындай ойлардың орманынан шыға алмай жүргенімде талантты әнші Тілеулес Құрманғалиев інім қолыма «Ойқарағай» деген әндер жинағының дискісін ұстатты. Халық әндері мен халық композиторларының әндерін нәшіне келтіре ерекше үн, айрықша бояумен айтатын әншінің ешкімге ұқсамайтын қазақы иірімдерге үйіріп әкетер мәнерін аңсап жүргендіктен бе, әлде Ойқарағайдың кешегі және бүгінгі тарихы мен тағдыры ойымда болғандықтан ба, дереу тыңдауға көштім. Иә, ойлы азамат Тілеулес те Ойқарағайдың арғы-бергі тарихын біледі. Білетіні – ол да сол өңірде туып-өскен үлкендердің таңды таңға ұластырып айтқан тағдыр талқысына түскен туған ел тарихын жастайынан құлағына құйып, жүрегіне сіңіріп ержеткен. Оның мына ән жинағын «Ойқарағай» деп атауы да кездейсоқ емес. Тыңдап отырмын… «КЕРБЕЗ КЕРІМ-АЙ»… Бір әннен кейін бір ән сабақтасып, еліктіріп әкетіп барады. Кенет құлағыма бала күннен таныс сүйкімді әуез майдай жағып, ішімді жылытып, жандүниемді баурап әкетті. Бірақ мәтіні басқа: Дегенде, дүние шекер, дүние шекер, Болғанда сіз – қалайы, біз – дәнекер. Кездіктей ұста соққан аудармалап, Соңыңнан ала жаздай ердім бекер. Өз құлағыма өзім сенбеймін. Әдемі әнге одан әрі құлақ түрдім. Сөз бен саз жымдасып кеткен. Әнші әжелердің соза айтатын мәнеріне салып, құбылтып әкетеді. Бұл әнді оқушы кезімде, шамамен жетпісінші жылдары Қарқара клубының сахнасында Жұмабек Жүнісов деген ағайдың орындауында тыңдағанмын. Сонда клубтағы бүкіл ел қосыла айтқан болатын. Содан есімде сақталып калыпты. Бірақ ол вальс ырғағына жақын қылып айтушы еді. Тілеулес халықтық әрге салып айтады. Ойланып отырмын. Мұның мәтіні: Қырқаның гүлі қайда ырғалатын, Бұлбұлдың үні қайда тыңдалатын… деп басталып, қайырмасында: Тұр ғой шат мөлдір, Түнгі аспан сол бір, Қайдасың, қайда менің сағынышым?.. –деген жолдар болушы еді. Ойыма өткен шақтар елесі орала бастады. Бұл әнді Жұмабек ағадан кейін Ауыл шаруашылығы институтында оқыған досым Нұрақын Орманбеков деген әнші жігіттен естігенмін. Өзі Ұйғыр ауданының бір ауылынан. Әнді қоңыраулы даусымен әсерлі айтып еді. Бала күнімнен таныс ән болған соң жаныма жағып кеткен. «Бұл кімнің әні?» деп сұрағанымда ол «Мұқан» деді ме, «Мотан» деді ме, ауылындағы бір талантты әнші ағасын айтып, ерекше мақтанған. Бірақ әңгіме сол жерде қалды, өмір өз ағысымен алға жылжыды. Мына Тілеулеске осының бәрін күлбілтелетіп, күмәнімді ашық айта алмай, майдалап жеткіздім. Ол әншейіндегідей тіке айта салатын әдетімен: – Е, жоға, аға. Бұл – халық әні. Мен мұны Жамбыл облысында бір кемпірден үйренгем. «Бұл кімнің әні» деп сұрағанымда, «елдің бұрыннан айтып жүрген әні ғой» деген, – деді. Мен үнсіз қалдым. «Мүмкін емес… бәлки… мүмкін де шығар…» деген екіұшты ой көкейімде ойнап тұрды. Бірақ әнші Тілеулестің тұңғыш еңбегіне селкеу түсіріп алам ба деген ойым ішімде қалды да, жаны нәзік інімнің көңіліне титтей де қылау түсірмеуге тырыстым. «Әуелі өзім ақ-қарасын анықтап алайын» дедім әрі қарай ән тыңдауға көшіп. Дискіге айтылмай жүрген қаншама халық әні жазылған. Қаншама халық композиторларының елеусіз қалған әндері қосылған. Ел жадынан шығып қалған тұлғалардың қаншама әндері басылған. Тіпті біреуден біреуге ауысып кеткен әндердің аражігін ажыратқан, өз орнына қойған Тілеулес жәй әншейін көмейдің әншісі емес, жүректің әншісі екендігін, сезімнің ғана емес, ойдың да әншісі екенін дәлелдеген және азаматтық-патриоттық болмысын да айқын танытқан. – Тілеш, жаңағы әннің аты қалай аталады? – «Кербез керім-ай». Әжемнен үйренген қара өлеңдер ғой… Сөз осымен бітті. Біз қош айтыстық. Менің көкейімде адасқан әннің жолдары жаңғырып келеді: «…Қырқаның гүлі қайда ырғалатын, Бұлбұлдың үні қайда тыңдалатын?..» Ән әуезі көкейімнен кетпей қойды. Апырмай-ә? Мынадай тамаша ән сонау алпысыншы-жетпісінші жылдардан бері неге ұмыт қалған? Авторы болса, неге бұған дейін үнсіз? Әлде қайтыс болып кеткен бе? Әлде «ағамның әні» деп Нұрақын дос әншейін мақтан үшін айта салды ма? Осылай ойланып жүргенімде сол күндері арнайы шақырғандай ойда жоқта кабинетіме қазақтың талай халық әнін тірілткен, Сәдіқожаның әндерін бүкілхалықтық айналымға қосқан филология ғылымдарының докторы, профессор Құныпия Алпысбаев ағамыз кіріп келді. Астанадан келген ағаға атып тұрып сәлем беріп, амандықтан бұрын көкейімдегі сұрақты төтесінен қойдым: – Аға, «Қырқаның гүлі қайда ырғалатын» деп басталатын ән кімдікі? Ол кісі ойланған да жоқ: – Әуезі Мұқанбек Оразбаев деген композитор ағамыздікі. Мәтіні Әбдікерім Қасымбеков деген ақын ағамыздікі. – Мен бұл әнді оқушы кезімде естігем. Содан бері ұмытылып кеткеніне қарағанда авторы қазір өмірде жоқ-ау. – Жоооқ. Мұқанбек аға қазір Шонжыда тұрады. Ал Әбдікерім аға бұрынырақ қайтыс болып кетті. – Бұл ән қалай аталады? – «Назерке»… Күдігім де, күмәнім де сейілді. Мұқанбек Оразбаев деген кісіні көруге ынтықтығым оянды. Амандасуға асықтым. Сол күннен бастап халық иеленіп кеткен «Назерке» әні көңілімнен шықпай қойды. Міне, жақсы әннің халық жүрегін жаулап алатындығы және онда шекара болмайтындығының тағы бір дәлелі. Қазаққа тиесілі барлық халық әнінің тағдыры осындай болар. Әуелі бір адам шығарады. Жақсы болса, естіген ел іліп әкетеді. Бір ұрпақтан бір ұрпақ жалғастыра береді. Кімнің шығарғанын сұрамайды да. Уақыт өте келе авторы ұмытылады. Ел ішіндегі кей әнші, өлеңшілер әннің төлиесі мен халықтың арасына айташы болып жатпайды, өзі шығарғандай қылып та айта береді. Әнге ғашық, өлеңге іңкәр адамдар, бойында ақындығы я сазгерлігі бар кей өнерпаз өз жанынан да әсіре қосып, сөз жалғап, өз тағдыры мен көңіл күйіне байланыстыра, жаңғырта, жасарта құбылтып айтады. Сөйтіп, ол әннің екінші бір вариациясы немесе нұсқасы пайда болады. Мына ән де халықтың әніне айналып барады екен. Бірақ авторының көзі тұрғанда ән иесіне қиянат жасауға болмайды ғой. Ал енді Тілеулес ше? Оның қандай кінәсі бар? Ел ішіне тарап, тек үлкендердің ғана аузында жүрген, алып қалмаса жоғалып кетуі мүмкін сұлу сазды жаттап алып, жан бітіріп, жалпының игілігіне кәсіби деңгейде қайта тірілткені үшін айыпты ма? Жоқ! Тілеулестікі – ұлттық құндылыққа деген сүйіспеншілік; халық мұрасына деген іңкәрлік; ән өнеріне деген құштарлық; өз кәсібіне деген тазалық; ары мен ұятына және азаматтық намысына адалдық. Ал енді осыны елдің бәрі дәл біз секілді түсіне ме? Күні ертең көре алмаған көп дұшпанның бірі «Ойқарағай» дискісіндегі «Кербез керім-айдың» әні Мұқанбек Оразбаевтан ұрланған» деп ақиқаттың өңін айналдырып, әнші мен сазгердің ортасына от жағуы да мүмкін ғой. Осыны ойлағанда жүрегім ытқып аузыма тығылды. Мазам кетті. Ақиқатты Тілеулес ініме жеткіздім де, Шонжыға баруымыз керектігін айттым. Ол қуанып кетті. «Өткенде сіз күмән туғызған күннен бері менде ұйқы жоқ еді. Кеттік, аға», – деді бірден. Тілеулес қағылез. Ақиқатқа асығып тұрады. Ақиқатқа жетудің жолы – зерттеу. Көп әнші зерттеу ісіне жоламақ түгілі «зерттеу» десе, ат-тонын ала қашады. Тілеулес ән тарихын зерттейді. Сөз төркінін қарастырады. Ән әуезінің құпиясын іздейді. Әнші өмірі мен тағдырын қазбалайды… Дерек жинайды. Соларды жүрегіне балдай батырып, судай сіңіріп болып, содан соң ғана елге бір-ақ айтады. Оған дейін Тілеулестен ән сұрай алмайсың. Жүрегіне сіңіп болмаған ән сұрасаң, өңі сұрланып шыға келеді. Өз-өзіңнен райыңнан қайтасың, тіпті қаймығып қаласың. Ал енді жанына жағып, жүрегіне ұялаған, бабына келген әнді сұрашы, дәп бір көкейіндегісін дәл тауып бергеніңдей шат-шадыман кейіпке түсіп, жүзі нұрланып, жанарынан ұшқын ата саған бір сүйсіне қарап алып, домбыраға қол созады. Ал сосын барып шырқайды-ау дейсің… – Мынау, аға, Жаяу Мұсаның әні – «Сұрша қыз», – деді Тілеулес кезекті ән басталғанда. Сөзі де, әуезі де бала күннен сан рет радиодан да, концерттерден де естіп дағдыланған «Сұрша қыздан» бөлек ән. Біз естіп үйренген әннің: «Әндір-әндір, әндір-ай, Ішімді оттай жандырды-ай» деген жолдары бар еді, мынада ол сөздердің бірі жоқ. – Әу, мынау басқа ән ғой… Сонда Жаяу Мұсаның «Сұрша қызының» екі нұсқасы болған ба? – Жоқ. Бір-ақ нұсқа. Сіз естіп өскен «Сұрша қыз» Жаяу Мұсанікі емес, Балуан Шолақтікі. Борис Ерзакович үкіметтің тапсырмасымен Кенен атамның үйіне барып әндерін нотаға түсіреді. Сонда «мынау менің ұстазым – Балуан Шолақтың әндері, мен бұларды о кісіге барып тоғыз-он күн жатып үйренгенмін», – деп бірнеше ән жаздырады. Сол әндердің ішінде жаңағы «әндір-әндір-ай, ішімді отай жандырды-ай» да бар. Мұны кезінде Ерзаковичтің өзі де жазған екен. Бірақ біздің оқымай ортаға шыға беретін, танымы таңдайының астында қалған әншілер елемей кеткен. Ерзакович кеткеннен соң ешкім ерен санамаған да. Оған кінәлі журналистер де. Олар анықтап жатпайды. Бір автордың орнына екінші авторды елге хабарлап жіберіп, радио арқылы жұртты шатастырып жатады… «Мұзартты», «Жігіттерді», «Қоңырды», «Тұранды», «Серілерді» тағы осылар секілді ұлттық нақышты насихаттап жүрген қаншама топ бар, қаншама жеке жүрген әншілер бар, күйшілер бар, соларды айтудың орнына қай-қайдағы қойыртпақтардың қоясын қоздырасыздар да жатасыздар… Айтқан сайын олар көбейеді. Өйткені оларды қолдайтын өздері секілді қойыртпақтар көп. Олар әдейі, мақсатты түрде ұлттың тамырына балта жүзін салу үшін жанталаса әрекет етеді. Оларды қолдайтын сыртқы күштер қуатты… Ал бізді қазақтан басқа қолдайтын ешкім жоқ. Қазаққа қазақтан басқа дос жоқ… Абайдың: «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» дегенін есте ұстайтын естілер көбеймей болмайды, көбейтпесе тағы күн қараң… Тілеулес осыны айтты да, үнсіз қалды. Біз де демімізді ішімізге алған күйі ойға шомып кеткенбіз. Түнді тіліп немістің сүліктей темір тұлпары жүйткіп келеді. Дыбысы білінбейді. Көмейімізге баяғы әуез қайта оралды: «…Қырқаның гүлі қайда ырғалатын, Бұлбұлдың үні қайда тыңдалатын?..» «ШӘЛКӨДЕ, ЫСТЫҚСЫҢ СЕН МАҒАН» ҚАЛАЙ ТУҒАН? Ақсары келген жүзінен адамға деген мейірім шуағы шашыраған сұңғақ бойлы сұлу кісі бір қолын соза төрді нұсқады. Мұқанбек Оразбаев ағамыз осы. Арықтау келген ұртына, кең ашық маңдайына, күлімдеген көзінің айналасына түскен сызықтарға қарап бұ кісінің үнемі күліп жүретін ақкөңіл, жайдары мінез, жарқын пейілді адам екенін аңғардық. Аңғардық та қысылмай төргі бөлмеге оздық. Малдас құрып, қабырғаны жағалай дөңгелене отыра-отыра қалдық. Бізді бұл үйге осы ауданның қос қайраткер азаматы Мамытқан Құдайбергенов пен Жәнет Керімқұлов бастап келген болатын. Үй иесіне бізді Мамытқан таныстырды. –Аға, естуімізше Сіз Мұқағали Мақатаевпен бірге болыпсыз? – Иә. Шамамен 1964 жылдардан бастап ағалы-інілі бауырлардай, өмірінің соңғы жылдарына дейін бірге жүрген кездеріміз жиі болды. Алматыға барғанымызда, ол кісі елге келгенде міндетті түрде алдынан шығып амандасатынбыз. Мұқағали туралы көп айтылып жүр. Сол айтылғандарда аталмай жүрген адамның бірі – Сұраншы аға. Сұраншы – Мұқаңның ұстазы. Осы жерде сөзге Мамытқан араласты. – Сұраншы ағаның үйіндегі жеңгем айтып еді. Мұқағали аға мен Мәжит аға бір класта оқыған. Сұраншы аға сабақ береді. 6-7 сыныпта оқып жүрген кездері ғой деймін. Мұқаң мен Мәкең бір емес, бірнеше күн сабаққа бармайды. Сұраншы аға іздейді. Мектепте жоқ. Сұрастырады. Ауылда да жоқ. Үйге барады, онда да жоқ. Ол кезде Нақаң (Нағима шешей) апамыз сиыр сауады екен жайлауда. Сол жерге барса, екі дос ойында дәнеңе жоқ, көк жайлаудың қызығына батқан. Сұраншы аға екеуін бірдей ұстап алып, үйіне әкеліпті. Әкеліпті де жеңгемізге «арқан әкел, мен мыналарды асып тастаймын», – депті қаһарланып. Жеңгеміз сасқанынан сала құлаш арқанды апарып береді. Алғаш «қалжыңы шығар» деп ойлайды. Жоқ. Сұраншы аға шынымен екеуін де арқанмен шандып тастайды. Сөйтеді де, қораның бел ағашына көтеріп іліп қояды. Өзі ашуланғанда бет қаратпайтын. Қарсы сөйлеу мүмкін емес. Соғыс ардагері. Майданнан қайтқанына көп жыл болса да, әскери рухы қайтпаған, намысы жоғары адам. – Мен мына екеуін қазір өртеймін тура. Соғыста тіл алмағандарды немістердің қалай өртегенін көргем. Асып қойып, астына сабан жағып, тірідей шыжғырып өлтірген. Мен де сөйтем! Қара мыналарды. Басынуын. Сабақққа келмейді. Сабақ оқымайды. Сонда бұл екеуі оқымаса, бұлар үшін кім оқиды, а? Кім ертең елге ие болады?! Бұл ауылдың балалары сауатсыз болып өсуі керек пе, сонда, а?! Өйтіп жер басып жүргенше, өлгендері артық! Мен бұл екеуін қазір-ақ ертеңге күйік қылмай өртей салайын… Мұқағали аға мен Мәжит аға екеуінің зәресі кетеді. Жеңгеміз: «Ашуыңды бас. Жүрегі ұшып кетеді… Біреудің баласы», – дей берсе, «біреудің баласы» деп айттың деп жеңгемізге ұрсыпты. – Бұл екеуі де, ана мектептегі балалардың бәрі де менің балаларым. Менің балаларымның жаман оқуына жол бермеймін. Оқымады ма, сабаққа келмеді ме, мен осылай өртеймін. Әуелі осы екеуінен бастаймын. Әкел сабанды! – деп айғай салады. Жеңгеміз сабан әкеледі зәресі ұшып. Қолына қу сабан іліккен екен, Сұраншы аға оларды былай ысырып қойып: – Сендер жақсы жанатын сабанды білмейсіңдер, – депті де, өзі барып су сабан әкеліп, екі «тентектің» астына үйіпті. Үйіпті де от жағыпты. Сабан бірден жанбай түтіндеп, бықси бастағанда «шынымен жанып кетеді екенбіз» деп манадан бері сазарып ештеңе айтпаған Мұқағали мен Мәжит ағатайлай бастапты. Сұраншы аға сыр бермепті. Мұқағали: – Әкетай, оқимыз, сабақтан қалмаймыз, айтқаныңызды екі етпейміз, – депті. Сонда ғана Сұраншы аға: – Сендердің ендігі әкелерің – мен! Сабақты жақсы оқисыңдар ғой!? – Оқимыз, әкетай! – Сабақтан қалмайсыңдар ғой? – Қалмаймыз, әкетай! – Мұқаң өмірден озған соң бір-екі жылдан кейін туған күніне қарай мен мектепте еске алу кешін ұйымдастырмақ болдым, – деп әңгімесін әрі жалғады Мамытқан. – Сол күні Нағима шешемізді ертіп Сұраншы аға үлкен, жалпақ мұқабасы қапталған кітап ала келген еді. Өзі сөйлегенде сол кітапты жоғары көтеріп тұрып көрсетті мақтанып. Мұқағалиды мақтады. Шын жүрегімен жақсы көре сөйледі. Сол кітаптың бірінші бетіне «Әкеме!» деп жазыпты да, астына «Мұқағали» деп қол қойыпты. Енді қараңыз, Сұраншы ағаның көрегендігін. Мұқағали мен Мәжиттен бірдеңе шығатынын білген ғой. Ар жағында негіз барын көрген ғой, олар оқымаса құдай берген қабілеттің айдалада қалатынын сезген ғой. Мұқаң – әні, аты әлемге әйгілі ақын. Мәжит аға – осы ауданда спорттың негізін қалаушы, тұңғыш спорт мектебін, стадионды салдырушы, талай спортшылардың тұсауын кесуші. Ел азаматы болды. Аты тарихта қалды. Алматыдағы Мұқаңның барлық тұстастары Мәжит ағаның үйіне келетін. Тоқаш Бердияров «Фарида» деген кітабын сол Мәжит ағаның үйінде екі-үш ай жатып жазған… Осы кезде Мұқанбек аға мана бастаған әңгімесін қайта жалғады: – Кездесіп жүрген күндердің бірінде: «Мұқа, екеуміз де шәлкөделікпіз. Мен ән шығардым, соған өлең шығарып беріңізші», – деп ем: – Ой, Мұқатай, менің Шәлкөде туралы жазғаным «Атамекен» деген поэмамда бар ғой, соны ала бер, – деді жәйбарақат. – Онда қалай айтылушы еді? – дедім. Мұқағали аға іркілмеді: Жайлау деп жайлауын айт Шәлкөденің, Еңсесі мыңғырған мал әр төбенің. Су емес, суатынан қымыз аққан, Пай шіркін, қандай ғажап өлкем едің! Осыған салып айтып көрші, – деді. Салып айтып едім: – Мынау дәл келіп тұр, қайырмасын өзің тап, – деді. Сонымен «Шәлкөде» әні пайда болды. – Айтып көріңізші… Мұқанбек аға еш дайындықсыз, тамағын кенеместен, таңдайын жібітпестен бірден шырқай жөнелді. Осы соңғы жарты ғасырда жұрттың бәрі аузынан тастамай айтып жүрген, кейде халық әндерінің қатарында айтылатын «Шәлкөде, ыстықсың сен маған» әні: Айғайтас – Шәлкөденің шаңырағы, Ақ отау ақша бұлтты жамылады. Жат жаққа жұрт үдере көшкен кезде Жабырқап тас та болса аңырады. Қайырмасы: Шәлкөде, ыстықсың сен маған, Жайнай бер, жазира кең далам. Өзіңнен бел асып кетсем де, Шәлкөде, мен – сенің бел балаң… Әнді айтып болып, «қалай айтады екем» деген сыңайдағы сұрақты пішін болған жоқ Мұқанбек ағаның әлпетінде. Әуеннен кейін бірден әңгімеге ауысты: – Біздің ауданда Мүсілімов Шәймерден деген талантты әнші болды. Даусы ерекше еді. Алғаш ел алдында айтқан сол Мүсілімов Шәймерден деген әнші. Әбден нәшіне келтіріп айтқаны сондай, ел бірден қабылдады… Осы әңгімеден кейін менің есіме іздеген әнім орала кетті: Қырқаның гүлі қайда ырғалатын, Бұлбұлдың үні қайда тыңдалатын? «НАЗЕРКЕ» ӘНІМЕН ҚАЙТА ҚАУЫШУ – Мұқанбек аға, Сіздің ең мәшһүр әндеріңіздің мәтіндерін Әбдікерім Қасымбеков жазыпты… – Мен Әбдікерім Қасымбеков деген арқалы ақын, өзі жезтаңдай әнші, өзі сазгер, дарынды жігітпен бірге көп жүрдім. Оның «Ұршық» деген жыр жинағы бар. Одан кейін «Жас керуенге» Нұрлан Оразалинның, Әбдікерім Қасымбековтың және менің өлеңдерім бірге жарияланды. Оның жарыққа шығуы қызық. Екеуміз Мұқаңа бірге баратынбыз. Бір сапарда арнайы Жазушылар одағына бардық. Бізді күтіп тұрғандай алдымыздан Мұқаң кезіге қалды. – Ой, жақсы келдіңдер, жүріңдерші, – деп екеумізді «Жазушы» баспасына ертіп барды. Баспа үйдің астыңғы қабатында екен. Барғанда көрдік – жағалай Тұманбай Молдағалиев, Сағи Жиенбаев, Жұмекен Нәжімеденов, Шона Смаханұлы отыр. Мұқаң жайдары кіріп келіп: – Әй, Тұманбай, Сағи, Шона, егер мен сендердің орындарыңда отырсам, мына екі талантты інімнің тұңғышы ендігі елдің қолында жүретін еді, – деді. – Жұмекенді қоспадың ғой біздің қатарымызға, – деп қалды біреуі. Сонда Мұқаң күліп: – Жұмекен – менің өлеңдегі теңдесім, өмірдегі жолдасым. Сендердің кез келгеніңді қозғауға болады. Ал Жұмекенді жылжыта алмайды ешкім. Оның үстіне бұл екі бала Жұмекенге қарағанда сендерге бір елі жақындау. Жұмекен алыстап кеткен. Оны қуып жету бұлардың қолынан келе қоймас… – деді. Мұқағалидың астарлы сөзін ол кезде біз толық түсіне алмадық. Бірақ отырғандар тез түсінген болуы керек. Тұманбай: – Мұқа, бұл екеуі кезекте тұр. Көп ұзамай «Жас керуенге» кіргіземіз, – деді. Сөйтіп, ауылдан келген Әбдікерім екеуміздің өлеңдеріміз Мұқаңның арқасында кітапқа кірді. Өлеңдеріміз қазақтың ең талантты жас ақындарының жырларының қатарына қосылды. Алпысыншы жылдардың басы ғой деймін. Жаңа-жаңа ән шығарып, оны елге білдіруге ұялыңқырап жүрген кезім. Бір күні Әбдікерімнің қарындасы тұрмысқа шықты. «Соған ән керек» – деді. Соған Әбдікерімнің қарындасы Айшаханның тойына арнау болсын деп, Бұлбұл құсым-ай, қарлығашым-ай, Қайда барсаң аман жүр, қарындасым-ай! – деген қайырмасы бар ән шығарып ек, тойда Әбдікерім нәшіне келтіре айтып, елге бірден тарап кетті. Ол кезде елдің бәрінің әнге шөлдеп жүретін кезі ғой. – Сіздің «Назерке» деген де әніңіз бар екен ғой… – Иә, бар… – Қай жылы шығардыңыз? – 1964 жылдары ғой деймін. Өлеңін Әбдікерім жазған. Ол өте талғампаз ақын еді ғой… – Осы «Назерке» әніңіз халық әніне айналып бара жатқан көрінеді… – Біздің бір Сағыныш деген әнші баламыз бар. Сол келіпті бір күні – Аға, Жамбыл ауданында бір тойда бес-алты кемпір қосылып сіздің «Назеркеңізді» айтты. Мәтінін «Қырқаның гүлі қайда ырғалатын, Бұлбұлдың үні қайда тыңдалатын…» деп бастап алып, ары қарай қазақтың қара өлеңіне ауыстырып жіберді. «Мынау менің Мұқанбек деген ағамның әні» десем, «Ағаңның әні болса, өзің айтшы» деді. Мен білмей қалдым сөзін. Сөзін жазып беріңіз. Мен енді жүрген жерде осы әніңізді айтып жүремін, – деп алып кеткен. Кейін «Рахат» телеарнасынан орындапты. Содан көп ұзамай Алматыға шақырады. «Аға, әніңізге клип түсіреміз» деп. Бардым. Түсірді. Кейін көрсетті-ау деймін… – Сондай той-томалақта халық айтып жүрген бір нұсқасын мына Тілеулес ініңіз орындап жүр… Әніңіз халықтың меншігіне айналыпты, бұл жақсы ғой… – Қане, не деп орындап жүр екен, айтшы… Тілеулес әнді қалай үйренгенін қысқаша айтты да, әуендете жөнелді: Дегенде долы қарға, долы қарға, Салады қоян ізін соны қарға. Шынымен шын көңілің болса менде, Қолыңды бер, қалқатай, жолығарға… Кербез керім-ай, Бұраң белім-ай, Шалғайда жете алмадым Сенің еліңе-ай… – Нағыз халық әні болып шығыпты ғой… – Әніңіздің халықтың жүрегінен орын алғаны құтты болсын, аға. Сонау алпысыншы жалдардан бері жарты ғасырдан артық уақыт ел ұмытпай, сәл өзгертіп айтып жүрсе, ондай өшпес әнді шығарған сіз – бақыттысыз, аға. Енді сол «Назеркені» Әбдікерім жазған мәтінімен сіздің өз аузыңыздан естісек… Мұқанбек аға шаттыққа кенеліп, ақсары жүзі алқызыл тартып, көзінен ұшқын атып, езуіне қуаныш үйіріліп, еңсесін тіктеп алып, «Назеркені» бастап кетті: Қырқаның гүлі қайда ырғалатын, Бұлбұлдың үні қайда тыңдалатын? Қалар ма, ұмыт болып қызықты кеш, Бақшада пәк махаббат жырланатын. Қайырмасы: Тұр ғой шат мөлдір, Түнгі аспан сол бір, Қайдасың, қайда менің сағынышым? Жапырағын жастығымның жайқап отпен, Ақ таңын арманымның айтам өткен. Жүзіндей жаз еркенің, наз еркенің, Шіркін-ай, оралар ма қайта көктем?! Қайырмасы: Тұр ғой шат мөлдір Түнгі аспан сол бір, Қайдасың, қайда менің сағынышым? Сөне ме үмітімнің жалыны шын, Тек өзің жаралдың ба әнім үшін? Әлде сен маған мәңгі бақытпысың, Әлде сен бөгде жанның жарымысың? Қайырмасы: Тұр ғой шат мөлдір, Түнгі аспан сол бір, Қайдасың, қайда менің сағынышым?
Сағатбек МЕДЕУБЕКҰЛЫ,
Әл-Фараби атындағы
Қазақ ұлттық университетінің доценті, филология
ғылымдарының кандидаты