ҚАЖЫМҰҚАНДЫ ҚАДІРЛЕМЕГЕН ҚАЗАҚ

ҚАЖЫМҰҚАНДЫ ҚАДІРЛЕМЕГЕН ҚАЗАҚ

ҚАЖЫМҰҚАНДЫ ҚАДІРЛЕМЕГЕН ҚАЗАҚ
ашық дереккөзі
1183

Алматы дейтін алып шаһардан Қажымұқан көшесін көп қиналып жүріп, бір қиыр-шиырдан әзер таба алатыныңызға бәс тіге аламын. Өзі жүз метрдің ар жақ, бер жағы. Белгілі тәртіп бойынша ескерткіш тақта да орнатылмаған. Негізінен екі көшенің арасын қосатын қылтаға ұқсайды. «Күш атасының» көшесі деуге қимайсыз.

Алматының қақ ортасында Абай көшесінің бойында үш спорт кешені бар. Біріне Балуан Шолақтың аты берілген. Екіншісі – Орталық стадион. Үшіншісі – цирк. Бұларға қайран Қажекеңнің есімі қажет болмай тұр. Ал шындығында Қажымұқан бабамыз кезінде жабық залдар­да, стадион­дарда, цирктерде өнер көрсеткен емес пе еді?! Оның үстіне Алматы қаласында бір­не­ше мәрте болғаны, табаны тигені де тарихта таңбаланып қалған. Таяуда кино түсіріп жүрген бір азамат Қажымұқан туралы жаңа туынды жасамақ болғанын көгілдір экранның бетінде айтып қалды. Біз, әрине, қуанып қалдық. Себебі бұған дейінгі түсірілген фильм «ұлы көршіміздің» ықпалынан шыға алмап еді. Осы арада менің есіме түсе кеткені «Күш атасының» ғұмырбаянында «ақтаңдақтардың» тіпті молдығы болды. Оның ең бастысы – қай жерде дүниеге келгендігі еді. Ресми деректер ұлы палуанның бір кезгі Ақмола облысының Сарытерек болысы, Құрама ауылында жарық дүние есігін ашқанын баяндайды. Бұл мекен біраз уақыт «Буденный» болып келіп, соңғы кездері «Қажымұқан ауылы» атаныпты. Ал енді 1996 жылы жарық көрген «Қазақ балуандары» деп аталатын кітапта бұл дерек басқаша беріледі. Кітаптың бас демеушісі – сол кезгі Парламент депутаты, әлем, Еуропа, Азия чемпионы Дәулет Тұрлыханов. Кітапты әзірлеген спорт тақырыбына қалам тартып жүрген Қыдырбек Рысбекұлы. Негізгі дерек Қажымұқан жөнінде кітап жазған М. Тәнекеевтен алынған. Бұрынғы Ақмола облысының Қараөткел дейтін жерін мекендейтін қазақ руы – алтыбас қыпшақ атанған. Қазақтың тұңғыш кәсіпқой спортшысы Мұқан осы Қараөткел дуанына қарасты Қоспада дүниеге келген. Мұқанның ата-бабалары шетінен батыр, ер жүрек, балуан болған. Атасы Ернақ балуан 1847 жылы дүние салған. Мұқанның өз әкесі Мұңайтпас балуанның қайтыс болған жылы–1914 жыл. «Аты шулы түйе палуанның жауырынын жерге жапсырғаннан соң Мұқанға Сарытерек төңірегінде тең келетін ешкім болмайды, көп балуандардың онымен күресуге жүрегі дауаламайды». 1996 жылы 2 наурыз, сенбі күнгі санында «Жас Алаш» газеті сол кезгі Шымкент қаласындағы Қажымұқан атындағы ұлттық спорт мектебінің директоры, қазіргі таңдағы белгілі спорт қайраткері Болат Қырықбаевтан сұхбат алып, оны «Қ. Мұңайтпасұлының туғанына 125 жыл» айдарымен, «Қажымұқанның әруағы қолдасын» деген тақырыппен жарияға жар салды. Осы сұхбатқа Қажымұқанның сүткенжесі Жәнәбіл Қажымұқанұлының суретін, айғақ сөзін қоса жариялады. Мәтіні мынадай: «Әкем Қажымұқан 1871 жылы қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы, Ақтөбе ұжымшарының маңында туылған. Атамыз Мұңайтпас бірбеткей, басынан сөз асырмайтын шақар кісі болған екен. Бірде ағайындарына көңілі қалып, бір жасар көкемді алып, Ташкенттен көтерілген керуенге ілесіп, Ақмоладан бір-ақ шығыпты. Сонда ержетіп, Ресейге кетіп, палуандық өнерді қуып, әлемнің түкпір-түкпірін аралап, жасы елуден асқасын, «Ер туған жеріне» демекші, кіндік қаны тамған бұрынғы Шәуілдір ауданы, Ақтөбе ұжымшарына көшіп келеді. Мұнда жиырма жылдай тұрып, соңғы төрт-бес қысын Темірлан селосының маңындағы Нұралы ақынның бейіті жатқан Көктөбеде, содан соң «Ленин туы» ұжымшарында өткізеді. Мен туылған 1948 жылы 12 тамызда әкем дүниеден өтіпті» 1971 жылы «Күш атасы» 100 жасқа толды, бір өкініштісі, атаусыз қалды. Сол кездері Шымкент педагогика институтының 3-курсында оқып жүрген кезім, республикалық газеттердің аужайын байқап жүріп, Қажекең жөнінде бір ауыз сөз таппаған соң, мамыр айының орта тұсында көлемді мақала жазып, облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетіне алып бардым. Бөлімдегілер басын шайқап, бас редактор Әмірсейіт Әлиевке аттандырды. Ол өте сабырлы, сақ адам еді. Оқып, ұзақ ойланып, басын шайқап, саусағын жоғары шошайтып: «Ана жақтағылар неге үнсіз?!» – деді менің бетіме үңіле қарап. – Мен қайдан білейін, әйтсе де балуанның сүйегі бізде жатыр, бір ауыз сөз айтпасақ болмайды ғой! – дедім беріспей. – Сен студентсің ғой… бір ғылыми атағы бар адамды фамилияңның алдына қойсаң, ойланып көрелік… Институтта Мардан Сапарбаев дейтін батыршалыс декан болушы еді. Кейіннен қарақшы атқан оқтан құрбан болды. Сол спорт бөлімінің деканы еді. Мақаламды оқып шығып, аз-кем толғанып: «Шынымен-ақ, жарықтық, Қажекең 100-ге келді ме?!» – деді де, қолын қойып берді. Сөйтіп қазақ даласында Қажекеңнің «ғасыр тойы» менің бір ғана мақаламмен атап өтілген сияқтанды… Мақалам облыстық газетке шыққан соң, «Дәндеген қарсақ құлағымен ін қазады» дегендей жер-көктен бабамыз туралы материал жиыстыра бастадым. 1975-1982 жылдар аралығында облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институтында Қажымұқанның сүткенжесі Жәнәбілмен бірге жұмыс істедім. Ол мені атажұртына бірнеше мәрте алып барды. Мінген көлігіңіз Шымкент-Түркістан тасжолындағы Төрткүлден өте бере Шәуілдірге кілт бұрылады. Темір стансасынан өткеннен кейін көп ұзамай «Жаңа Шілік» дейтін ауыл жолығады. Шамалы жер жүргеннен кейін тас жол тағы да кілт оңтүстікке, Арыс өзеніне қарай бұрылады. Он-он бес шақырымдай жерде «Ескі шілік» дейтін ауыл бар. Міне, сонда Жәнәбіл екеуміз барғанда Қажымұқан тұрған қоржын тамның тамтығы бар болатын. Дәл осы жерге ғұлама ғалым Әуелбек Қоңыратбаев пен «Қажымұқан» повесін жазуға материал алу үшін Қалмахан Әбдіқадыров арнайы іздеп келіпті. Әуелбек ағамыз кейіннен естелік етіп жазып та қалдырыпты. Мәтіні былай: «1946 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясы көркемөнер бөлімінің тапсыруы бойынша Оңтүстік Қазақстан облысы, Шәуілдір ауданы, Шілік жерінде (Ақтөбе колхозы) тұрған атақты палуан Қажымұқан Мұңайтпасовтың ауылына барып, оның өмірбаянына қатысты көптеген деректерді жазып алғаным бар еді. Сол естеліктерім көп жылдар бойы жарық көрмей келген еді. Одан бері Қажекең жайында көптеген кітап пен естелік шығып жатыр. Соған қарамастан, бұл естелікте тың деректер де баршылық. Олар Қажымұқанның өз аузынан жазып алынған еді. Сол естеліктердің Қажекеңнің ата-тегі, балалық шағы, ұрпағына қатысты тұстарын сұрыптап алып, оқырманға ұсынғалы отырмын. Қажымұқан – қазақ даласына абыройлы, әйгілі палуан. Ол бізге өткеннің ғана адамы емес, сонымен қатар бүгіннің де адамы. Оның 55 жылдық баһадүрлік істеріне иелік етіп, батырдың істерін халыққа танытқан-Кеңес үкіметі, Ленин партиясы, кеңес халқы. Қажымұқан өмірінің көп уақтын күреске арнап, ел кезіп жүрсе де, шежіреден құр алақан емес екен. Менің ол кісіге қойған тұңғыш сұрақтарымның бірі – ата-тегіне қатысты мәселелер еді. Палуан аз ғана ойланып отырғаннан кейін: – Шырағым, «жеті атасын білмеген жетесізден без» деген екен аталарымыз Шежірешіл қартың мен емес, білгенімді айтып көрейін, тыңда! – деді. Қажымұқан өзінің ата-тегін қыпшақтардың арғы атасы Тоқтарбайдан бастады. Тоқтарбайдан Қобыланды, одан Терлікбай, Терлікбайдан Ойбас, Ойбастан Ұзын, одан Алтыбас, Алтыбастан Қарыс, бұдан Жоламан, Жоламаннан Санай, Санайдан Шәді, одан Ернақы(Ержан), Ернақыдан Мұңайтпас, Мұңайтпастан Қажымұқан тарайды. Қажымұқанның төртінші атасы Сәді батыр болған адам екен. Ол Абылайдың замандасы және үзеңгілес батыры болыпты. Сәді тұқымында ірі болып туған ер Нақы (Ержан) ұрпағы екен. Ернақы батыр өлген соң, айналасы жұтап, кедейшілікке ұшырайды. 1947 жылдан соң үй іші Ақмола (Целиноград) Қараөткел жағына барып, жалшылықпен күн көреді. Мұңайтпас өзінің бар өмірін осындай ауыр кедейлікпен өткізген. Аузы тұщып ас ішкен, шекесі жылтырап киім киген жан емес екен. Ауыл ішіндегі той-домалақтарда жаурыны жерге тимеген палуан екен. Жұрт оны Жуанаяқ палуан деп атап кетіпті. Мұңайтпас 1914 жылы әбден қартайып, кедейлік босағасында өлген. «Жылым – жылқы деп отырушы еді» дейді Қажымұқан. Қажымұқанның серілігі: Жұрт Қажымұқанды тек қана күш иесі деп ойлап, оның басқа қасиеттеріне көңіл бөле бермейді. Расында Қажекең қазақтың қара сөзіне, әзіл-оспаққа асқан ұста еді. Есепсіз көп мақалдар, шежіре-әңгімелер білетін. Әсіресе, әзіл үстінде біреулерді түсіріп кетуге орасан зор ұста еді. Қажымұқан – әнші, өлеңші. Көбіне Бөрібай, Құлагер әндерін салады. Майра әндерін де жақсы біліп қадірлейді. Бірде үйінде ел жиналғанда Қажекең қымыз үстінде ән салады. Көптеген әндерді шырқатады. Олардың бірі серілікке байланыс­ты болса, бірі қазақтың терме сөздері. Бірде екі-үш айдан бері келмей, көрінбей жүрген колхоз басқармасы Мақан Мыңбайұлы келді. Қасында ауыл кеңес төрағасы Төле Талдыбайұлы, тағы да бірер белсенділер бар екен. Қажымұқан бір қойын сойып қонақ етті. Үстімізге сол ауылда мал санатып жүрген аудандық атқару комитетінің орынбасары келді. Ел жиналып, бір үйге лық толды. Сол жазда Қажекеңнің аз ғана бидайығына су жетпей қалып, еккен екі пұт бидайы, бір жарым гектар арпасы қурап қалған екен. Оның үстіне колхоз майдың ортасына дейін Қажекеңе қауындық жер бермей қысымдық жасапты. Осыны еске алып, ет алдынан қымыз ішкен жұрт күле бастағанда Қажекең де барт болып, терлеп өлең айтты: Сұрасаң арғы атам – Ұзын Қыпшақ, Тәңірім беріп еді өлшеусіз бақ. Шын бабам – Қара Қыпшақ Қобыланды, Тең келер біздей ерге қандай қазақ. Сұрасаң Қажымұқан менің атым, Болады Алтыбас Қыпшақ, асыл затым! Кешегі Ташкен қала цирігінде, Көтердім елу бес пұт кірдің тасын! Атандым Қажымұқан бала жастан, Ішінде жиырма төрт патша болдым астам. Ташкенде қырық төрт палуан ұстасқанда, Бәрін де жығып шықтым бір шалмастан. Дүниеге келер ме екен қайран күшім, Көтердім Қазақстан мәртебесін! Үстімнен автомобиль жүрген шақта, Сонда да қайыспаған қайран төсім. Қазақта палуан бар ма менен асқан, Менмін деген палуанның көңілін басқан?! Мұқанды қартайғанша топқа салып, Әруағын көтере гөр, Қазақстан! Қажымұқан тұлғасы: Ол қайда жүрсе де, соңынан бір қора жан жүретін еді. Қараөткелдегі Қоянды жәрмеңкесіне барғанда да, 1945 жылы Абайдың аулына барғанда да батырды көреміз деген халық үйді жығып жібере жаздайды. Осындай жойқын күш иесі Қажымұқан тұлғасы қандай болған деген сауал туады. 1946 жылы май айының ішінде Шәуілдір (Шілік) ауданындағы Қажекеңнің үйіне барғанымда, 75 жасар палуанның дене құрылысын өлшеп көрген едім. Балуанның үйінде 10 күн жатып, үйренісіп қалған соң, мұның ағаттығы болмас деп ойлаған едім. Палуан да қарсылық білдірмей жымиды. Сондағы анықтағандарым мынау болды. Қажымұқанның жалаңаш салмағы – 174 кг. Басқаша айтқанда 11 пұт. Шалбарының өзіне 3 метр мата, көйлегіне алты метр сұрып кетеді екен. Бойы – 195 см. Төбеден белге дейін – 77 см. Белінен аяғына дейін – 113 см. Кеудесінің ені – 146 см. Кіндіктің ені – 143 см. Жуан санының қалыңдығы – 71 см. Сан жілігі (ұзыны тізеге дейін) – 65 см. Балтыр ені – 49 см. Балтыр ұзындығы – 58 см. Табаны – 35 см. Аяқ киімі – 54 размер. Шалбарының белі – 220 см. Белбеулігі – 170 см. Жалпақ жауырыны – 60 см. Қолтық еттің жуандығы – 50 см. Қар еті – 47 см. Екі иықтың ені – 56 см. Мойнының жуандығы – 56 см. Жатқанда – 60 см. Басының айналасы – 65 см. Білек ұзындығы – саусақ басынан 25 см. Ортан қолдың ұзындығы – 14 см. Жуаны – 10 см. Білек жуандығы – 27, 5 см. Самайдың жалпақтығы – 9 см. Ернінің ұзыны – 10 см, асты да сондай. Төбесінің 55 см. жерінде шаш жоқ. Шашының ағы 60 пайыздай. Сақал-мұрты ақ. Мұртының әрбір қылы инедей жуан. Иегімен бас кескіні сыртынан қарағанда жұп-жұмыр. Иегі ұзыншалау келсе де, қалың тері етін шомбасып доп-домалақ етіп көрсетеді. Мұрны ұзын емес, бірақ мейлінше танаулы. Биік ұшы етпен шорланып, бөлшектеніп тұрады. Мойны тым жуан болғандықтан ұзындығы білінбей, арқа етімен бірігіп кетіпті. Оның қай тұстан басталатынын айыру қиын. Арқа тұсында жұмырланып тұтасқан екі қабат сіңір бар. Астына қол сиярлықтай. Мойнындағы бұлшық ет қоң болып қалған, қолмен түртсең тырс-тырс етеді. Аса майлы үлкен қой көзді. Үстіңгі қабақ еті мол. Көзді баса төмен шөккен. Маңдайы жалпақ, бас терісі екі елі. Жақын жерде сүйек білінбейді. Екі құлағының шеміршегі (қалқаны) бұзылып, жымырылып қалған. Еттен бөлініп тұрған қалқан қалыңдығы – 1, 5 елідей. Еріндегі жырық тартыңқы, кем. Қажекеңнің тістері түскен. Соңғысы 1945 жылы түскен екен. Тамағы нашарлаған. Көбіне айран, қымыз ішеді. Етті әбден пісіріп, баптап жейді. Бір жегенде 6-7 кг. шамасында жейді. Бұл Қажымұқанның 75 жастағы кезі болатын, естелік те сол кезде жазылған. Әуелбек Қоңыратбаев («Ақиқат» журналы, 1992 жыл, маусым, №6, 95-96-97 беттер). Енді қолда бар Қажымұқан бабамыздың өлеңдерін бергіміз келіп отыр. «Сұрасаң Мұқан палуан менің атым, Орта жүз, Ұзын Қыпшақ арғы затым. Арғы атам қара қыпшақ Қобыланды, Қолдайды күрескенде жұрағатым». Қадиша қызға арнағаны: «Қадиша қаза болды он жетіде, Қараса жан тойғысыз келбетіне. Ай жатып, айтысқан серт, алысқан қол, Арман боп шықпай кетті жер бетіне». Хайролла мен Абдолла сынды арыстай ұл тауып берген жары Патима (Полина, қайтыс болғанда шығарған өлеңі: «Патима Варшаваның поляк қызы, Қосылдым құдай қосып дәмі-тұзы. Қош айттым жылап тұрып қабіріне, Көзімнің сөнгендей боп бір жұлдызы». Өзін таныстыруы: «Жиырма төрт патшалықты араладым, Палуанды неше түрлі жараладым. Жүрегімді жылытқан қызуы мол, Туған жердей ыстықты таба алмадым». Бір есте болатын нәрсе, Қажекеңнің ғұмырбаянында қазақ баласына тән «бір атым насыбайдан көңілі қалатын» «өкпелеу феноменінің» болғандығы. Алғашқысын палуанның сүткенжесі Жәнәбілдің айтуымен білсек, екіншісін Социалистік Еңбек Ері Маржан Тасова дейтін апамыздан естіп едім. 1945 жылы Шәуілдірге, Қажекеңді іздеп семейлік Қажытай Шалабаев дейтін ұшқыш келеді. Ол палуанның соғыс кезінде ел-елді аралап, өнер көрсетіп, жиған ақшасына жасалынған ұшақпен ұшқан екен. Елге аман-сау оралған соң палуанға жолығып, алғыс айтуды мақсат тұтады. Қажекең болса да қан майданнан оралған азаматты көрген соң қуанып қалады. Қолдан келген күтімін жасап, шығарып салады. Палуан осынау ерекше іс-шараға аудан басшыларының мән бермегеніне қатты қапа болады. Ұшқышты шығарып салған соң, тезірек жиналып, бір түнде жиырма жылдай тұрған Отырар ауданын тастап кете барады. Маржан апамыздың айтуынша, Отырар ауданын соғыс жылдарында басқарып тұрған, палуанға көп көмектескен Алтынбеков деген азамат (фамилиясы басқа да болуы мүмкін) Арыс ауданына ауысып кеткен екен. Сөйтіп, «басқа қонған бақтан» – Қаже­кеңнен аудан айрылып қалады. Үшінші «өкпе» феноменін белгілі сатира сарбазы атанған Садықбек Адамбековтің өз аузынан есітіп едім. Қажекең 1945 жылы Семейге Абайдың 100 жылдық тойына қатысады. Сонда Абайды барынша ұлықтап жүрген Мұхтар Әуезовке жолығып, «Ана Сәбит Балуан Шолақты жазды. Сен неге мына мені жазбайсың?» дейді. 1961 жылы Мұхтар Әуезов «асқазан жарасымен»(полип) сырқаттанады да, бір жағы «Өскен өркен» атты роман жазам деп, екінші жағынан жаныма медеу болар ма екен деп әулие-әмбиелерді жағалайды. Әуелі Ленгер ауданы, «Шутөбеде» жатқан, КазЦИК-тің төрағасы болған Елтай Ерназаровқа соғып, зиярат жасайды. Осыдан кейін Қажекеңнің басына соғады. Бір сұмдығы сол, көпірден өте бере, күм­безге жете бере Әуезов шалынысып кетіп, етпетінен түседі. Денесі ауыр Мұқаң орнынан тәлтіректеп тұрып жатып: «Әй, шал, не жаздым. Неге айналаңа тас шашып жатырсың?!» – деп қалады. Біздің бір білетініміз, қазақ дейтін халық аман болса, оның әруағы асқан айбынды ұлдарының мәртебесі ешқашан төмендемек емес. Солардың арасында есімі батаға кірген, 1926 жылы Ташкенттің төрінде күрес майданында атой салып бүкіл орыс халқы үкілеп ұстаған Климентий Бульді тізе бүктірген, 1927 жылы Одақ көлемінде Орынборда өткен ең ірі чемпионатқа қатысып, алдына келгендердің бәрін шақ келтірмей бас бәйгені жеңіп алған соң Қазақстан Орталық Атқару Комитеті арнайы Қаулы қабылдап, «ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНЫҢ БАТЫРЫ» деген бұрын-соңды кездеспеген ұлы атақ береді. Ол бұған дейін 1909-1911 жылдар аралығында Шығыс елдерін аралап, жолай жолыққанның бәрін жеңіп, ертегілік кейіпке еніп, өз атына халықтың аузыменен «ҚАЖЫ» деген дәріптеуді қостырып алып еді. Аллатағаланың алдына да осы есіммен аттанды. Ол өз өмірінде 48 АЛТЫН, КҮМІС, ҚОЛА МЕДАЛЬ ЖЕҢІП АЛДЫ. Ол мемлекеттік награда «ҚҰРМЕТ БЕЛГІСІ» орденін де омырауға тақты. Дүниеден өтерінде өзі әрқашан сыйынып жүретін Бабай Түкті Шашты Әзіздің басына барып, «Жылыбұлаққа» жуынып, дұғасын қайырып, 18 күн түнеді. Көп ұзамай-ақ «Ұлттық батырымыз» Кара Қыпшақ Қобыландының «Қараспан тауын жайлаған, Қалың Қыпшақ елдері-ай», «Ел жайлауы Арысты, Бермеді ерлер намысты» деп аңсарына айналған қасиетті мекенде жаны мәңгілік жай тапты. Жақында ғана Адамзат баласының намысын жанитын кезекті Лондон Олимпиадасы дүркіреп өтті. Біз, тай-таласпен таң атырған, күреспен күн батырған тау көтерген Толағай халық күрестен алтын медальсіз қалдық. Қазақтың тіл шебері Сәкен Сейфуллин ұлы палуанның тірі кезінде-ақ «Бандыны қуған Хамит» әңгімесінде, жырынды, қандыбалақ қарақшымен ұзақ алысып, ақыры басым түсе алмай, айрылып қалғанда: «Қайран күш атасы Қажымұқан-ай!» – деп өзегі өртке толып, бір қиырда күңіренетіні бар еді. Мына Лондон Олимпиадасында тауымыз шағылғанда, солай демеске амалымыз қалмады. Қажекеңнің атын ардақтасақ, жастардың жадына жиі-жиі салып отырсақ, бәлкім әруағы қолдар ма еді деген өксікті ойлар осы мақаланы жаздырды. Сол сәттен бастап Қазақ халқы ғана емес, Түркі Әлемі де түлер ме еді дейсің ішіңнен…
Жарылқасын БОРАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары