АРЗАН ДӘРІМЕН «АЛДАП» КЕЛІПТІ

АРЗАН ДӘРІМЕН «АЛДАП» КЕЛІПТІ

АРЗАН ДӘРІМЕН «АЛДАП» КЕЛІПТІ
ашық дереккөзі
331

Шымкентте ВИЧ індетіне қатысты тағы да шу шықты. Осыдан 6 жыл бұрын дәрігерлердің салақтығынан аты жаман ауруды жұқтырып алған өрімдей сәбилердің ата-аналары «мемлекет бізді тым арзан дәрілермен ғана қамтып отыр» деп наразылық білдірді. Салдарынан науқас балалардың дерті асқынып, аурудың беті қайтпай тұрғанға ұқсайды. Ал дәрігерлер қауымы болса ата-аналардікі құр байбалам деп азар да безер. Осылайша Оңтүстіктегі 200-ден астам бала жазықсыз жапа шегуде. Балаларының өміріне араша сұрап, көз жасы көл болған ата-аналардың айтуынша қажетті дәрілерді өздері сатып алып жатса керек. Дәрігерлердің тегін тарататыны арзанқол, ем-домға жарамайтын препараттар екен. Ата-аналардың бірі: «Менің балам 2006 жылы, қаламыздағы №1 ауруханада жатқан кезде Вич инфекциясын жұқтырды. Сондықтан ең болмағанда дәрі-дәрмекпен лайықты қамтамасыз етілгенін қалаймын. Күні бүгінге дейін өзім қосымша қымбат дәрілердің барлығын балам үшін сатып алып келдім. Тіпті дәрі сатып алған түбіртектерге дейін сақтап жүрмін. Себебі, мен сияқты көп балалы анаға қымбат дәрі сатып алу деген өте қиын. Тамағымыздан жырып, сол балаға дәрі әпереміз. Көз алдымда көктей солғанын қаламаймын перзентімнің. Ал мемлекет –бауыр еті баламды осындай айықпас дертке шалдықтырып алып, енді келіп дәрі беруден де бас тартып отыр. Ендеше, мен мемлекеттен баламның денсаулығын талап етемін. Қашанғы көз жасымыз көл болып, есік-тесіктерді аңдып жүреміз. Жуырда ғана облыс әкімінің алдына арнайы бардық. 6-7 ай сайын кездесіп тұрамын деген әкімнің сөзі құрғақ уәде болып шықты. Кімге барып, не айтырымызды білмей дал болып жүрміз, көмектесіңіздерші», – деп жыларман болды.

Тағы бір ата-ана: «Баламның денсаулығы жанымды жегідей жеп жүр. Себебі, дәрі-дәрмектерді қосымша өзіміз сатып аламыз. Тапқан табысымыз осы баланың дәрмектеріне кетеді. Таңданатыным сол – мемлекет көмек қолын созудан қашады. Сонда перзентім қоғамнан шет қалуы тиіс пе?! Әлде бұл өмірмен қош айтысқанын өзім тамашалап тұруым керек пе?! Қашанғы мұндай бассыздыққа шыдап жүре бермекпіз?! Сондықтан, ең болмаса сапалы дәрілер беріп, баламның денсаулығына назар аударса екен деймін», – деді. Айдың, күннің аманында кәсіби міндетіне жауапсыз ақ халаттылардың кесірінен жапа шеккен 200-ден аса отбасының басындағы бас­ты қайғы осы. Ал дәрігерлер болса мұны жоққа шығарады. Күшті дәрілермен қамтып отырмыз, тіпті ТМД елдеріндегі ең сапалы дәрі тек Қазақстанда ғана бар дейді.

Еркін Құрманбеков, Ана мен бала облыстық оңалту орталығының бас дәрігері:

«Ата-аналарды түсінбеймін, қосымша қажет болған дәрілерді неге бізден келіп сұрамайды. Адамның иммундық тапшылық вирусына шалдыққан бұл балалардың ешқайсысын дәріден қағып отырған жоқпыз. Францияның ең сапалы деген түпнұсқаларымен емдеудеміз. Шымкенттегі фармкомпанияның ұсынып отырған дәрілері халықаралық стандарттарға жауап беретіндіктен, оларды да қолданысқа енгізгенімізді жасырмаймыз. Ата-аналардың жайын түсінемін, әрине, балаларының сапалы дәрілермен айыққанын қалайды. Бірақ қуатты дәрілерді бірден қолдансақ, кейін ағза үйреніп кетеді де әсері болмай қалады».

Ата-аналардың мұндай қиындыққа тап болғанын балалаларды СПИД-тен қорғау ұйымы да растап отыр. Тіпті дәрігерлер 5-6 айлық балаға арналған дәруменді 7 жасар балаға беріп, мазақ етіпті.

Жаннета Жазықбаева, ОҚО балаларды СПИД-тен қорғау ұйымының төрайымы: «Мемлекет әрине, дәрі-дәрмектерді беріп отыр. Алайда арзанқол дәрілермен ғана қамтамасыз етіп отырғанын жасырмаймын. Мәселен, 50 доллар тұратын дәріні беруде. Ал бренд – түпнұсқа дәрмектердің құны 500 доллар. Енді ойлап қараңызшы, 5-6 айлық балаға арналған дәрумендерді де осы балаларға ұсынуда. Бұдан кейін не уәж айтарымды білмеймін мен. Көздерін бақырайтып қойып, осындай дәрілермен ем-дом жасаңдар дейді олар. Алайда, ата-аналар перзенттерінің қамы үшін өте қымбат тұратын дәрілерді өздері арнайы тапсырыс­пен алдыртуда. Бұл ата-аналардың қолында тіпті дәрілерді сатып алған түбіртек те бар. Айта өтейін, әр жылы әкім ауысқан сайын бізде бір «жыр» пайда болады. Себебі, жаңа әкім келіп, «дәрі мәселесін шешемін, біржолата дәрілермен қамтамасыз етемін» дейді де, онысы құрғақ уәде болып қала береді. Салдарынан, жазықсыз балақайлар жапа шегуде. Ендеше, ата-аналардың да, біздің де талап ететініміз біреу – мемлекет осы дәрі-дәрмек мәселесін біржолата тұрақты шешіп берсе екен. Аты жаман ауруды жұқтырған балалардың қоғамнан шет қалғанын қаламаймын. Денсаулықтары да жіті қадағалауға алынса екен. Себебі, бұлардың еш жазығы жоқ қой».

Мамандар науқас балаларға Шымкентте шығарылған дәрілердің беріліп жатқанын растап отыр. Бірақ оның сапасы нашар деп дабыра қағудың қажеті жоқ дейді. Ал қайғыға тап болған аналардың бұған сенгісі жоқ. Қымбат дәрілерді сатып алып, қалтасы әбден қағылған олар енді жергілікті биліктен көмек күтуде. Ал жергілікті билік болса әлі үнсіз. Не болса да жазықсыз жапа шеккен балалардың тағдыры қыл үстінде тұрғанда мемлекет жәрдем көрсетсе екен дейміз. Тұрмыс-тіршілігі, әл-ауқаты төмен ата-аналар үшін бағасы удай дәрілерді сатып алу оңайға түспейтіні белгілі ғой. Енді бұларды осылайша тағдырдың талқысына тастап қойсақ бір қазақты екі ете алмай отырғанда елдігімізге, біртұтастығымызға әжептеуір сын болмақ. Осыны естіген биліктегі шен-шекпенділер белсенділік танытып, мәселені науқас балалар мен оның ата-аналарының пайдасына қарай шешіп беруге күш салуға тиіс. Ақыры қайғылы аяқталды. Енді ештеңе болмағандай жылы жауып қоя салуға әсте болмайды. Себебі, қыл үстінде бір емес, екі емес 200 ден астам баланың тағдыры тұр.

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

Оңтүстік Қазақстан облысы

Серіктес жаңалықтары