Ғабдұл-Ғани ЫСҚАҚОВ: БАЛА АНАНЫҢ ҚҰРСАҒЫНАН БАСТАП ТӘРБИЕЛЕНЕДІ
Ғабдұл-Ғани ЫСҚАҚОВ: БАЛА АНАНЫҢ ҚҰРСАҒЫНАН БАСТАП ТӘРБИЕЛЕНЕДІ
Әрбір отбасында қазақы ділге негізделген ұлттық тәрбиенің жөні бөлек. Тарихтан тағлым ала отырып, болашақ ұрпақ бойына қазақы рух беру, ұлттық құндылықтар арқылы жігерін жану, биік мақсаттармен алысқа ұмтылдыру – әке мен шешенің, сондай-ақ, ұстаздың міндеті. Алматы облысындағы «Алатау» қайырымдылық мекемесінің директоры Ысқақов Ғабдұл-Ғани мырзамен болған бүгінгі әңгімеден көңілге түйгеніміз көп. Ең бастысы, жақсылық пен қайырымдылыққа, мейірімділік пен ізгілікке жаны құмар жігіттің қазақты сүйген ұлтшылдығына тәнті болдық.
«ҚАДАҒАЛАМАСА БАЛА БЕТІМЕН КЕТЕДІ»
– Ғабдұл-Ғани Бүркітбайұлы, әңгімемізді «Алатау» қайырымдылық мекемесінен бастасақ.
– Іргетасы 2010 жылы қаланған «Алатау» қайырымдылық мекемесі негізінен әлеуметтік ахуалы төмен отбасылардың балаларына арналған. Жатақхана қызметін атқаратын мекемемізде 60 бала тәрбиеленуде. Олар Алматы қаласындағы әртүрлі мектептердің 8-11 сыныптарында білім алады. Жататын орны мен 3 мезгіл берілетін тамақ тегін. Өскелең ұрпақтың тәрбие жұмысымен айналысатын біздің мекемеде ұлттық, рухани тұрғыда келешекке бағыт-бағдар сілтеуге ұмтыламыз. Жалпы бала біткенді бақылауда ұстап, оларға тиісінше көңіл бөлу өте маңызды. Осы себепті балалар күнделікті үй тапсырмасын орындаумен қатар үнемі тәрбиешілердің қадағалауында болады. Джон Локк айтқандай, «баланың жүрегі таза тақта сияқты. Не жазсаң, сол қалады». Әрі атам қазақ «не ексең, соны орасың» деп бекер айтпаса керек. «Әй дейтін ажа, қой дейтін қожа» болмағасын кейбір бала жат әдеттерге бой ұрып, түрлі діни ағымдардың қақпанына түсуде. Мұндай келеңсіздіктің алдын алу үшін балалар жатақхана есігінен шыққаннан бастап мектепке дейін және мектептен кейін жатақханаға жеткенше біз бақылап отырамыз. Қазір қалтасы қалың азаматтар көп, бірақ қайырымды азаматтар саусақпен санарлықтай. «Алатау» қайырымдылық мекемесіндегі 60 балаға тиесілі барлық шығынды көтеруші – сол қайырым сүйер жандар. Біздің міндет – мекеме жұмысын үйлестіре білу. Негізі Алматы облысында «Алатау» сияқты 12 мекеме бар. Мектеп оқушылары, студент жастар, колледждегі жасөспірімдер жастарына қарай бөлек-бөлек орналастырылған. Мекемеміздегі балалардың көпшілігі – әлеуметтік мүмкіндігі шектеулі отбасылардан шыққандарымен өте талантты жастар. Сабақ үлгерімі жақсы, жаман әдеттерден бойларын аулақ салады. Мекемеміз құрылған алғашқы жылдардан бастап біз санға емес, сапаға баса назар аударамыз. Осының нәтижесінде биылғы Жалпыұлттық бірыңғай сынақтан өткен 7 баланың 1-еуі 110 балл, 4-еуі 90-нан жоғары балл алды. Мектеп бітірушілердің сынағы биыл қалай күрделі де қиын өткенін өздеріңіз жақсы білесіздер. Меніңше, шәкірттеріміздің үмітімізді ақтай білуі – тәрбиешілердің де еңбегі.
– Ұстаздың алдына келетін әр бала – әр үйдің еркесі. Сіздіңше, бала тәрбиесінде жиі кездесетін қиындықтар қайсы?
– Мекемеміз қайырымдылық жасау бағытында жұмыс істейтіндіктен бізге жалғызбасты аналар көбірек келеді. Мақсаттары – ұлдарын ер-азаматтың тәрбиесінен қағыс қалдырмау. Бауыр еті – баласын біздің тәрбиемізге сеніп тапсыратын аналар қауымы қазақы тәрбиенің арқасында бала бойындағы өршіл рухты қалыптастыруды көздейді. Осындай балаларды тәрбиелеу, күнделікті сабаққа дайындау барысында анасының көлеңкесінде жүруге дағдыланып қалған еркетотайлардың айтқанға көнгісі келмейтін, яғни сабақ оқуға аса құлшынбайтын кездері болады. Олар бір орында тапжылмай отыруға дағдыланбаған, есіл-дерті сыртқа қарай ауа береді. Үйлерінде үй тапсырмасын тұрақты орындап үйренбегендерінің біздің мекемедегі арнайы бөлінген уақытты тиімді пайдалануға аса құлшынбайтыны бар кейде. Бірақ біздің тәрбиеленушілеріміз басқа мектептерде оқитын балалардан өзін-өзі ұстауымен, ойлау қабілетімен ерекшеленеді. Шығыстық тәрбиеде «балаңды 7 жасқа дейін төбеңе хан көтер, 14 жасқа дейін құлыңдай жұмса, 14 жастан кейін өзіңмен терезесі тең сана, досыңдай сыйлас» деген қағида бар ғой. Біздің сүйенетініміз – осы қағида. Тәрбиеленушілерімізге әрі әке, әрі шешенің рөлін атқаратындықтан олармен біте қайнасып, арман-мақсатымыз, жететін мұратымыз бір болады.
– Мекемедегі ұстаздар қауымы туралы айтсаңыз. Байқауымша, көпшілігі жастар сияқты?
– Тәрбиешілеріміз негізінен жергілікті жоғары оқу орнын бітіргендер. Араларында Түркияда оқып келгендері де бар. «Қой асығы демеңдер, қолыңа жақса, сақа ғой» демекші, тәрбиеленуші балалар да, олардың ата-аналары да ұстаздардың жастығына байланысты ешқашан сын не ескертпе айтқан емес. Керісінше, балалармен тіл табысуда олар өте тәжірибелі.
– Рухани тұрғыда тәрбиелеуде тағы қандай қосымша шараларды жүзеге асырасыздар?
– Негізінен ұлттық құндылықтарға баса назар аударамыз. Жас шыбықтай өсіп келе жатқан 60 бала қазір әр үйдің әлпештеген құрағы болса, ертең әр шаңырақтың арқа сүйер азаматына айналады. Отбасын құрып, өсіп-өнеді. «Ұяңда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген халық даналығы бекер емес. Демек әр ұланның санасына тіл, діл, имандылық, яғни ұлттық және адамгершілік құндылықтарды қоса сіңіріп, ертеңгі күнге үмітпен жетелейміз. Олардың бойындағы өз күшіне деген сенімділікті арттыруға ықпал етеміз. Мысалы әр топта 10 не 12-ден бала бар. Мен өз тобымдағы балалардан, айталық, Мұрагерден не Әбдірахманнан, немесе кез келген басқа баладан «Сен ертең кім боласың?», – деп сұраймын. Олардың бірі архитектор болғысы келетінін айтса, «Сен жай архитектор емес, осы облыстың бас архитекторы боласың», – деймін. Ғалым болғысы келген шәкіртіме «Сен жай ғалым емес, сол саланың майын ішкен ғылым докторы боласың», – деймін. Осылайша баланың ертеңгі күнге деген сенімін нығайтып, алға қарай ұмтылуына көмектесеміз. Мұнымен де шектелмей, әр балаға өздерінің жеке визиткаларын да шығарттық. Таңдаған әрі көңілдері қалаған мамандықтарын жазғыздық. Мысалы 8-сыныптағы ғалым болуды армандайтын бір баламыз визиткасына өзін «филология ғылымдарының докторы, профессор», – деп көрсетті. Міне осындай шаралар бала көңіліне дем беріп, алға айқын мақсат қойғызып, жарқын болашаққа ұмтылдыратыны сөзсіз. Егер бала Алатаудың биік шыңына шығам деп ниеттенсе, асау асқарды бағындыра алмаған күннің өзінде бағыты – айқын, мақсаты биік болады. Арман мен мұрат биіктеген сайын алатын асулар да жоғарылай бермек. Осыған байланысты аңыз-әңгіме де бар. Бір тасбақа биік тауға шығуға талаптаныпты. Сөйтсе бүкіл туған-туысы, жақын достары етегінен тартып, «әліңе қара, биікке шығуға шамаң жетпейді» деп кеңес беріпті. Оның мақсатына қызыққан кейбір тасбақа «мен де шығам тауға» деп ізіне ілесіпті. Әлгі арманшыл тасбақа етегінен тартқандардың, кедергі жасауға тырысқандардың сөзіне құлақ аспай, барған сайын биіктей берген. Ақыры таудың шырқау шыңына көтеріліпті. Ол тауға қалай шықты, жанындағылардың айтқанын неге тыңдаған жоқ, білесіз бе? Өйткені құлағы естімейтін керең екен. Жолын кес-кестеп, арман-мақсатына жетер жолда көлденең шыққандарды естімегені де, жігерінің құм болмағаны да сондықтан. Алдымызға мақсат қойғанда біз кежегемізді кері тартатындардан бойды аулақ салғанымыз жөн. Алдымыздағы 60 баланы тәрбиелеуде де ұстанатын қағидамыз осы. Бұл еліміздің дамуына, Отанымыздың көркеюіне қосқан кішкентай ғана үлесіміз.
«МАҚСАТЫМЫЗ – ЖАН ТАЗАЛЫҒЫ МЕН ТӘН ТАЗАЛЫҒЫНА ҮНДЕУ»
– Қыз балаға қарағанда ер бала арақ ішу, темекі тарту, тіпті кейде есірткіге бой ұру сияқты жаман әдеттерге үйір келетіні бар. Оған қоғамдағы саналуан еліктіргіш, желіктіргіш нәрселер де ықпал етері сөзсіз. Осы тұрғыдан алғанда сіздерге шешуі қиынға соғатын проблемалар бар ма?
– «Алатау» қайырымдылық мекемесіне қабылданатын балалар ғимаратымыздың табалдырығын аттамас бұрын іштей психологиялық дайындықтан өтеді. Біз ешкімді мұнда зорлап не қыспаққа алып ұстай алмаймыз. Әр баланың өз еркі. Бірақ мұнда келген екен, жалпы тәртіпке мойынсұнуға міндетті. Біз адамгершілікті дәріптеу, басына іс түскен жандарға көмектесу, біреудің ала жібін аттамау, мейірімді болу сияқты қасиеттерді сақтауға шақырамыз. Арақ ішу не шылым шегу біз үшін қылмыспен тең. Балалар жақсыдан үйренеді, жаманнан жиренеді. Бұл орайда ұстаздарымыз да сөзі мен ісі қабысатын азаматтар екені сөзсіз. Өйткені арақ ішпейтін, темекі тартпайтын тәрбиешілеріміздің сөзі балаларға ақыл айтуда сенімді шығады. Ары таза адамның ғана сөзі мығым, рухы бекем. Кейде ата-аналардың өзі балаларының жақсы жаққа қарай өзгергенін байқап, «балам адам танымастай өзгеріп кетіпті ғой, оған не істедіңіздер?», – деп риза болысып жатады. Бала тәрбиесі – өте күрделі де қиын міндет. Мысалы бір дәннен өнім алу үшін – бір маусым, бір ағаштан жеміс алу үшін – 5-10 жыл күтесіз. Ал бір адамнан жеміс алу үшін бүкіл өміріңді сарп етуің ғажап емес. Тәрбие дегеніңіз осы.
– Тәрбиеленуші балалар мектепті бітіргенен кейін қайда барады? Егер жоғары оқу орнына түскенмен, жататын жері жоқ болса қайтпек?
– Жоғары оқу орнында оқитын студент жастарға арналған дәл осындай жатақханалар бар, соларға қарай бағыттаймыз. Егер шет елдердегі жоғары оқу орындарында оқығысы келсе, шамамыз жеткенше жәрдемдесуге тырысамыз. Бүгінде Малайзия, Түркия, АҚШ-та білім алып жатқан шәкірттеріміз бар. Кейде тіпті жұмыс тауып беруге де қолымыздан келгенше көмектесеміз. «Мектепті бітірдің, біз міндетімізден құтылдық» деген немқұрайдылық жоқ бізде. Былайша айтқанда, өмірге деген қанатын қатайтып, топшысын бекітіп шығарамыз. Өйткені біз әр балаға аманат ретінде қараймыз. Қайырымдылық мекемесінің табалдырығын аттарда балалардың ата-анасы бізге бауыр еттерін аманат етіп тапсырады. Ұлттық және рухани тәрбие берумен қатар оларды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, ер жеткізу, көзіміздің қарашығындай сақтау – басты міндетіміз.
– Демеушілеріңіз кімдер?
– Сіз бен біз, яғни халық. Кім қанша үлес қосқысы келсе, сонша қосады. «Көп түкірсе, көл» деген нақыл сөз бар. Кейде «осынша үлкен мекемені халықтың қаражаты, демеушілердің қолдауына сүйене отырып жүргізу мүмкін емес» деп күмән келтіретіндер де табылады. Бірақ қайырым сүйер ағайынның басын қосып, қайырымдылық жұмыстарын ұтымды үйлестіре білу – міндетіміз.
– Қазір балалар өте қағілез. 8-сыныптағы емес, 8-дегі баланың өмір туралы түсінігі, танымы осыдан 20-30 жыл бұрынғы түсінікке сәйкес келмейді. Сіздіңше, бала тәрбиесінде өкініп қалмас үшін әке-шеше не істеуі керек?
– Біздің мекемемізде жазғы айларда 1-5-сыныптарда оқитын балаларға демалыс лагері ашылады. Негізгі мақсатымыз – қарадомалақтарды тән тазалығымен бірге жан тазалығына үндеу. Әсіресе ата-ананы сыйлау, жанындағы адамдармен сыпайы қарым-қатынас сияқты мәселелерге баса назар аударамыз. Өкінішке қарай, бүгінгі қоғамда ата-анасын сыйламайтын, сөзін тыңдамайтын балалар кездеседі. Ал қазақы тәрбиеде бала үшін әке мен шеше – қасиетті ұғым. Олардың айтқандары заң. Жазғы лагерьде балаларға осыны үйретеміз. Тарихтан сабақ алуға ұмтыламыз. Өтірік айтпау, ғайбат сөз сөйлемеу, біреудің ала жібін аттамау деген сияқты нәрселерді баланың кішкентай күнінен құлағына құя беру қажет. Қазір әке мен шешенің көпшілігі нан табу мен күнкөріс қамымен жүріп бала тәрбиесін уыстан шығарып алып жатады. Қазақ «баланы – бесіктен» деп бекер айтпаған ғой. Тағы да бір алтын сөз: «Бала Ананың құрсағында, әкенің белінде тәрбиеленеді» деген бар. «Сүті бұзық» деген керемет тіркесті білесіз бе? Ұлы Абайдың әкесі Құнанбай қажыны Ұлжан анамыз дәретсіз емізбеген. Бұл келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілікті сезіне білудің дәлелі. Осыған қатысты бір аңыз әңгіме естіген едім. Бір ауылдағы көп оқыған ғұлама кісінің ұлы бұлақ басына су ала келгендердің торсығын тесіп тастайды екен. Ақыл айтқанды тыңдамайды, бала ғой деп алдағанға көнбейді. Не істерін білмей тығырыққа тірелген ауылдастары баланың әкесіне шағымдануға мәжбүр болады. Мұны естігенде ғұлама кісі әйелінен: «Балаға аяғың ауыр кезде қателік жіберіп пе едің, күнә жасап па едің?» деп сұрайды. Анасы басын шайқайды. Ерлі-зайыптылар әрі ойланады, бері ойланады, бірақ түйткілдің жауабын таба алмайды. Әбден тығырыққа тірелдік-ау деген кезде шешесі жүкті кезінде көрші үйдің дастарқанында тұрған шырынды жеміске аңсары ауып, үй иелерінен рұқсат сұрамастан-ақ оны инемен тесіп жіберіп, шырынын ішкенін есіне түсіреді. Сонда баланың әкесі: «Сен жасаған күнәнің өтеуі – баламыздың ауылдастарға жасаған қиянаты. Сол көршіге бар да, кешірім сұра» дейді. Анасы көршісінің кешірімін алғаннан кейін бала торсық тесетін жаман әдетінен сап тыйылыпты. Сіз «тәрбиеге көнбейтін балалар кездесе ме?» деп сұрадыңыз. Әлбетте кездеседі. Біз ондай қиын балаларды белгілі бір кезеңге дейін шыдамдылық таныта отырып, алға қарай жетелеуге тырысамыз. Егер бұдан нәтиже шықпаса, жанындағыларға зиянын тигізбес үшін ата-анаға қайтаруға мәжбүр боламыз. Бірақ біздің тәрбиемізді, ықыласымызды көрген бала осал болмайтынына сенімдімін. Өйткені жүрегіне түскен имандылықтың, ұлттық тәрбиенің дәні түбі гүл жарып, көктейтіні анық.
«ҮЛГІ ТҰТАТЫН БАБАЛАРЫМЫЗ КӨП»
– Халықты атеизмге үндеген Кеңестер Одағы кезінде ислам дінін ашық насихаттауға қазақтар бата алмады. Бірақ әрбір отбасы балаларын мейірімділік, адалдық, әділдік, ғайбат сөз айтпау, біреудің ала жібін аттамау сияқты шариғат заңына ұйи отырып, тәрбиеледі. Қазір қай дінді таңдаймын десе, әркімнің өз еркі. Өкініштісі, қоғамда өзге дінге, секталарға бой ұру етек алған. Не істеу керек?
– Менің байқағаным, ислам діні қазақи ұлттық тәрбиемен ұштасып жатыр. Салт-дәстүріміз, ырым-тыйымдарымыз да исламдық қағидаларға сәйкес. Бала кезімізде, яғни 90-жылдардың басында атамыз бен апамыз «Олай етпе, былай етпе, жаман болады» үнемі үйретіп отыратын. Кейін көзіміз жеткен нәрсе, мұның бәрі Құран Кәрімде немесе Хадисте жазылған әрі медициналық тұрғыда дәлелденген дүниелер екен. Мысалы бізге «тамақты үрлеп ішпе» деп үйретті. Ал бұл Хадисте тыйым салынған әдет. Өйткені ағзаға зиян. Асты үрлеп ішкенде ауыздан микроб көбірек бөлінетінін ғалымдар да анықтаған. Тағы бір ырым «Нан қиқымын тастамаңдар, бей-берекет шашпаңдар, жеп қойсаңдар, бай боласыңдар» дейтін. Бұл да Хадисте бар дүние. Қазақ қоғамындағы керітартпа әдеттерге, түрлі діни ағымдарға бой ұруға келсек, көбінесе орыстілді жастарымыз Йегова, кришнаит, уахабист сияқты өзге ағымдарды қабылдауға бейім келеді. Мұның себебі олардың ұлттық тарихымыздан тамыр тартатын рухани құндылықтарымыздан қағыс қалуы болса керек. «Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» демекші, табиғатымызға жат діни ағымдарға бет бұруы 90-жылдардың басында белең алды. Осы жылдары адамдар бойында, әсіресе жастарда дінді үйренуге деген құлшыныс болды. Ол кезде ислам туралы ақпарат аз болғандықтан кеудедегі рухани бос кеңістікті әркім өз бетінше толтыруға кірісті. Бір қандасымыз іздегенін Йеговадан тапса, енді бірі кришнаиттерден не басқа діни секталардан тапты. Өкінішке қарай, «ислам дінін таптық» дегендердің кейбірі жаңсақтыққа ұрынып, басқа ағымдардың арбауына түскен. «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» демекші, неге екенін қайдам біз тозығы жеткендерді бойымызға тез сіңіріп аламыз. Бәлкім ұлтымыздың қанында бар аңғалдығы, дос пен дұшпанның аражігін ажыратып алмай жатып, кез келгенге айқара құшақ ашатын сенгіштігі де әсер ететін болса керек. Діни сауатсыздыққа қатысты кезінде жіберген кемшіліктер мен қателіктер қазір ащы жемісін беруде. Егер бабадан балаға мұра болған салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды, ұлттық құндылықтарымызды терең зерделесек, түп қайнарында ислам діні жатқанын да байқаймыз. Қазақтың ауыз әдебиеті де керемет. Мысалы атақты ақын Ақыт қажы Үлімжіұлының дастандарын, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы бабамыздың шығармаларын оқысақ, әрі ислами, әрі ұлттық құндылықтарымызбен ұштасып жатыр. Өскелең ұрпақтың бойына осындай жауһарларымызды сіңіре отырып, Отанын сүйген патриот ретінде тәрбиелесек, құба-құп. Мәселен қазір кішкентай балаларымыз көретін мультфильмдер – шетелдік дүниелер. Жатжұрттың табиғатына, менталитеті мен дініне негізделген туындылар. Осының салдарынан балаларымыз Қобыланды, Алпамыс не Қажымұқан сияқты батыр болуды армандамайды, керісінше, оларға «Өрмекші адам» болып жарға өрмелеп, «Бэтмен» сияқты әділетсіздікпен күрескен ұнайды. Есесіне, «Ертөстік», «Алтын сақа», «Алдар көселер» сөрелерде шаң басады. Ұлттық идеологияны насихаттау мәселесінде Ресей, яғни орыс халқы есін бізден әлдеқайда ерте жинады. Бір ғана «Змей Горыныч» ертегісін бала санасына жағымды әсер ететін керемет шығарма етіп жасаған. Ат үстінде жүріп толарсақтан қан кешкен батыр аталарының ерлігін мақтан тұтуы үшін қазақтың қарадомалақтарын рухы биік, намысы өр етіп өсіруіміз қажет. Ол үшін балаларға арналған көркем фильмдер, мультфильмдер ұлттық сарында дайындалуы шарт. Жапон халқында бала тәрбиесінің негізгі бөлігі саналатын бір салт бар: әрбір ата-ана баласын Хиросимо мен Нагасакиге апарып, 1945 жылы болған қанды қырғынды көз алдарына елестетуге мүмкіндік береді. АҚШ-тың жазықсыз мыңдаған адамды қырып салған қантөгісін баласына айтып берумен қатар «сенің ұлтыңның басынан осындай қайғылы жай өткен, дұшпандарың жасаған қысастықты ешқашан ұмытпа, есіңе сақта. Ертең оқымай қалсаң, тағы да осындай қасіретке тап боласың», – деп үйретеді. Бұл балаға рух беріп, алға ұмтылуына, өмірде жетістікке жетуіне сеп. Қазір ғұлама ғалымдарының өзі: «Америка сол кезде жапондардың дамуын 50 жылға кері шегеріп тастады» деген наразылығын ашық айтады. Осының нәтижесінде Жер шарында өзінің ұлттық болмысын сақтап қалған бірден бір ұлт – жапондар. Бүгінде Корея, Таиланд, Тайвань, тіпті қытайлардың өзі жапондарға қарап бой түзейді. Ал қазақтың басынан қанша қырғын өтті, жазықсыз миллиондаған халық қырылды. Сол қырғынның барлығын бүгінгі ұрпақ түгел біле ме? Тарихынан хабардар ма? Бүкіләлемдік деңгейде мақтануға лайықты бабаларымыз көп. Соларды неге насихаттамасқа? Әрісі Әл-Фараби, әл-Хорезми, Ибн Синаны алыңыз. Мысалы медицина саласына келсек, Ибн Сина «Дәрігерлік ғылымның заңы» деген еңбек жазған. Кітаптың әрбір тарауын зиялы қауым «Мәдәт Сина» деп атаған. «Мәдәт» сөзі парсы тілінен аударғанда «көмек» деген ұғымды білдіреді. Сол «Мәдәт Синадан» «медицина» термині қалыптасты. Әл-Хорезми «Әл-Жәбр уә-әл-мұқабаллә» деген ғылыми трактат жазады. «Әл джебру»-дан «алгебра» термині қалыптасты. «Химия» – араб тілінде «түрлендіруші» деген сөз. Айта берсек, мысалдар таусылмайды. Демек қазіргі және болашақ ұрпаққа насихаттауға лайық тұлғаларымыз көп. Махмұд Қашқаридің «Диуани-Лұғат-ат-Түрік» кітабы, Йассауидің «Диуани хикметі» мен Сүлеймен Бақырғани, Хакім Ата «Ақиқат сыйы» тағы бар. Бұлардың барлығы – қазақтың рухани мұрасы. Біз балаларға бабаларымыздың кім болғанын таныта білуіміз қажет.
– Ұрпақ тәрбиесіне кеңестік империя кезіндегі солақай саясат та кері әсер еткені анық…
– Әрине, әсер етті! Мысалы қазақ әдебиетіндегі ертегі не аңыздарды «Ертеде бір әділ хан болыпты» деп бастау мүмкін емес еді. Қалыптасқан ереже: «Ертеде бір хан болыпты». Сол себепті хан мен би, болыс біткен – «залым», «қанағатсыз». Жәңгір ханды халықты қанаған, жауыз, қатігез адам ретінде көрсеткен. Махамбеттің «Хан емессің, қасқырсың! Қас албасты басқырсың! Достарың келіп табалап, дұшпаның сені басқа ұрсын!» деп келетін өлең жолдары есіңізде ме? Шындығына келгенде, олай емес. Махамбетті ұлт батыры етіп көрсету арқылы Жәңгір ханның елге, халыққа жасаған еңбегін жоққа шығаруға тырысқан әрекет бұл. Тіпті Махамбет – ханның шашбауын көтеретін сарай ақыны болған кісі. Ал Жәңгір хан оқыған, көзі ашық, қазақ, орыс тілдерімен бірге сол кезде үлкен мәртебе саналған француз тілін жетік меңгерген. Сол кездегі патша үкіметінің ең танымал университетінің профессоры атағын алған. Тіпті қазақ даласында 1840 жылы тұңғыш орыс-қазақ мектебін ашқан адам. Жәңгір хан – қазақты отырықшы ете отырып, халықты сауаттылыққа, оқуға үндеген азамат. Ұлтының терезесін басқалармен тең етуге тырысқан. Төрт әйелі, бірнеше баласы бар қырық жастағы хан қастандықпен өлтіріледі. Татар малайы шашын алып тұрып «байқаусызда» құйқасын кесіп алғанда, ұстараның жүзіне жағылған у ханның ажалына себепші болады. Махамбет те, Жәңгір хан да ұзақ жасай алмады. Бүкіл қазақ даласын, бүкіл қазақ баласын оқуға шақырған Ыбырай Алтынсарин де өмірден ерте озды. Ғалымдығымен, алғырлығымен аты шыққан Шоқан Уәлиханов пен Сұлтанмахмұт Торайғыровтың қалай көз жұмғаны әлі күнге жұмбақ. Неге? Өйткені патшаға да, кеңестік империяға да оқыған азаматтардан келетін зиян көп еді. Бабаларымыздың ерен еңбегін балаларымызға үлгі етумен бірге «Мен – қазақпын» деген мақтаныш сезімін қалыптастыру аса маңызды. «Сен – қазақсың, сайын далада еркін өмір сүрген бостандықсүйгіш ұлттың ұрпағысың, ертең еліңе ие болатын – сенсің» деген сөздерді құлақтарына құя беру керек.
«ҰЛТЫН СҮЮ, ҰЛТШЫЛ БОЛУ – ҰЛАҒАТТЫ ІС»
– «Алатау» қайырымдылық мекемесіндегі тәрбиеленушілер тек қазақ тілінде оқитындар ма?
– Иә, негізінен қазақтілділер. Кейбір ата-ана Ана тілін білмейтін балаларын қазақша үйренсін деп әкелетін жағдайлар да кездеседі. Мысалы жазғы лагерімізде ондай балалар өте көп болды. Байқағаным, бастапқыда бірауыз қазақша білмейтіндер лагерь аяқталар кезде ойын еркін жеткізе алмаса да, былдырлап сөйлеуге көшеді. Тіл – қазір Қазақстандағы түйткілді мәселелердің бірі. Кеңестер Одағы кезінде орыс тілін білу міндет болатын. Жоғары оқу орнына түсуде, жалақысы жақсы жұмысқа тұруда, мансап баспалдағымен жоғары өрлеуде орыс тілінсіз күніміз қараң болды. Тіпті орыс тілін білмегеніне ұялатын, арланатын да. Мұның бәрі – «ұртоқпағы күшті» кеңестік идеологияның ықпалы. Елбасымыз бір сөзінде: «Өзбекстан президенті өзбекше сөйлейді, Тәжікстан президенті тәжікше сөйлейді, Түркіменстан президенті түркіменше сөйлейді, ал мен ғана қазақша және орысша қатар сөйлеймін. Халқым екі тілді болса, мен қайтейін?» деген еді ғой. Шынында да, Қазақстан халқы – екітілді. Меніңше, мемлекеттік тілге қатысты талапты әу баста-ақ қатаң қою керек еді. Яғни Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген заңдарын билік, яғни шенеуніктер өздері қатаң сақтауға міндетті. Тағы бір мәселе, аралас мектептерден бас тарту керек. Аралас мектеп дегеніңіз – орыс мектебі. Өйткені сыныпта қазақша сөйлегенмен, балалар есіктен шыға бере орысша шүлдірлейді. Кезінде Павлодардағы қазақ мектебінде сабақ бергенмін. Байқағаным, қазақ тілін тереңдете оқытатын гимназиялардың өзінде ауылдан келген балалар 2-3 тоқсаннан кейін орысша сөйлей бастайды. Өкініштісі сол, осындай келеңсіздіктердің кесірінен қазақ тілі өзінің мемлекеттік тіл мәртебесіне шындап көтеріле алмай отыр. Өткенде бір танысым: «Ауруханаға барғанда дәрігерлерге наразылығымды қазақша айтсам, құлақ асқан жан болмады. Сосын бір-екі рет орысша қаттырақ айтып едім, проблемамды тез арада шешіп берді», – деді. Бұл да қазақ тілінің өз елінде аса бағаланбайтындығының көрінісі. Негізі мемлекеттік тіл мәселесі – қазіргі Қазақ қоғамында айтыла-айтыла таптаурын болған мәселе ғой. Тәуелсіздік алғалы 20 жыл өтті, мемлекеттік тілге қатысты талаптарды жоғары жақтан төтесінен қою керек те, заңды орындауды талап етіп, қатаң қадағалау керек.
– Ұлттық тәрбие дегеніміз – ұлттық саясат. «Ұлтшылдарға қарсы күресеміз» деп құлшынған Антифашистік комитет туралы пікіріңіз қандай?
– Ұлтын шексіз сүю, ұлтқа қызмет ету, ұлтшыл болу – қылмыс емес. Қазір «ұлтжандылық» пен «ұлтшылдық» ұғымдарын бөле қарастыру үрдісі пайда болған. Мен осы екі ұғымды егіз деп білем. Ұлтшыл болудан ұлтқа, мемлекетке келер зиян жоқ, төнетін қауіп те жоқ. Ұлтшылдықты кейбіреулер шовинизммен шатастырады. Кезінде Ахмет Байтұрсынұлы, Мұстафа Шоқай, Міржақып Дулатұлы, Әлихан Бөкейханұлы секілді арыстарымыз ұлтын шексіз сүйгені үшін, ұлтшыл болғаны үшін қудаланды. 1928 бен 1937 жылдардағы репрессия кезінде қазақ ұлтының қаймақтары тұтас қырылды. Қазаққа деген саяси қысастық одан кейін де толастаған жоқ. Қандастар бойындағы үрей, құлдық психология – осындай солақай саясаттың сарқыншағы. Қазір Қазақстанда тұратын қазақтан басқа ұлт пен ұлыс өкілдерінің ұпайы түгел: әркім өз тілінде сөйлейді, салт-дәстүрін сақтауға құқылы. Арнайы құрылған Ассамблея бар. Тек қазақтың ғана мүддесі аяққа тапталады. Даладан қалаға ағылып, жұмыссыз сенделетін – қазақ, базарда арба сүйреп, қара терге түсетін – қазақ, қаладан үй алмақ түгілі, ресми тіркеуге отыра алмайтын – тағы да қазақ… Антифашистік комитеттің ұстанымы туралы ештеңе айта алмаймын, өйткені хабарым жоқ. Бірақ ұлтшылдыққа қарсы күресу – жаңсақ әрекет деп білем. Ұлтшыл болудан ұтылмаймыз. Геосаяси ахуалы күрделі Қазақстанның бір жағында – алып аждаһа, бір жағында – алып аю. Қазір Қытайдағы мектептерде Қазақстанның бір бөлігін Қытайға тиесілі жер деп оқытады. Ал біз мемлекетаралық дау тудыратын мәселелерге аса сақ қараймыз, ешқашан біреудің жеріне не тарихи, ұлттық құндылықтарына көз алартқан емеспіз. Өкінішке қарай, ананың көңіліне бір қарау, мынаның көңіліне бір қарау сияқты жалпақшешейлігіміздің кесірін тартып келеміз. Сонда ұлттың мүддесін қашан жоғары қоямыз? Ұлым деген ұлт болмаса, ұлтым дейтін ұлан қайдан болсын? Елдің ертеңін жақын ету үшін ұрпағымызды ұлтын сүюге үндеп, ұлтшыл патриот етіп өсіру керек.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгiмелескен Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ