ЯДРОЛЫҚ СЫНАҚТАН БАС ТАРТУ БАСТЫ МАҚСАТ

ЯДРОЛЫҚ СЫНАҚТАН БАС ТАРТУ БАСТЫ МАҚСАТ

ЯДРОЛЫҚ СЫНАҚТАН БАС ТАРТУ БАСТЫ МАҚСАТ
ашық дереккөзі
215

Осыдан жиырма бір жыл бұрын ядролық сынақтан өз еркімен бас тартқан Қазақстанды үлгі тұтатындар көп. Қоршаған орта мен адамзат біткенді аздырып-тоздыратын полигонның зардабы бірнеше ондаған жылдарға созылады. Семей полигонының салдары – бүгінгі жарымжан ұрпақ, мүгедек бала. Астанада бас қосқан 70 елдің өкілдері ядролық сынақ пен жаппай қырып-жоятын қару-жарақтың зиянын сөз етті.

Кеше Астанадағы Тәуелсіздік сарайында ҚР Президенті Н.Назарбаевтың қатысуымен «Ядролық сынақтарға тыйым салудан – ядролық қарусыз әлемге» атты халықаралық конференция басталды. Дүние жүзінің 70-тен астам елінің депутаттары мен үкімет мүшелері, 20-ға жуық халықаралық ұйымдар, отандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бас қосқан бұл шараға қатысушылар Жер шарын ядролық қарудан азат етудің жолдарын жан-жақты талқыға салды.

Үш панельдік сессияға бөлінген конференция шеңберінде Семейдегі Полковничий аралында Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 21 жыл толуына арналған 13 мың адам қатысқан митингі өтті. Шеруде Жапония Парламентінің депутаты Хироюки Мирояма Қазақ президенті Н.Назарбаевтың кандидатурасын ядролық қарудан бас тартып, полигонды жабудағы батыл шешімі үшін бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығына ұсынды.

Конференция барысында аталған шараның Сеул саммитінде талқыланған маңызды міндеттерді жүзеге асырудағы Қазақстанның жаңа қадамы болып табылатынын мәлімдеген Нұрсұлтан Әбішұлы: «Бүгінгі алқалы жиынға 70-тен астам елден Парламент басшылары мен депутаттары, үкімет мүшелері, белді халықаралық ұйымдар өкілдері, танымал сая­саткерлер мен белгілі ғалымдар қатынасып отыр. Осыншама танымал тұлғалардың Астана төрінде бас қосуы бүгінгі форумда көтерілетін мәселенің – адамзатты ядролық қарудан, алапат қарудың қаупінен құтқарудың мейлінше өзекті екенін көрсетеді. Биыл нау­рыз айында Сеулде ядролық қауіпсіздік жөніндегі екінші жаһандық саммит өткені баршаға мәлім. Бүгінгі халықаралық конференция көктемгі Саммитте талқыланған маңызды міндеттерді жүзеге асыру жөніндегі Қазақстанның жаңа қадамы болып табылады», – деп мәлімдей келе, адамзатты жаппай қырып-жоюға бағытталатын қарудан азат етуге үлес қосу кез келген мемелкеттің, кез келген азаматтың парызы екендігін көлденең тартты: «Адамзат баласын ядролық қауіптен құтқаруға шешуші үлес қосатын жаһандық деңгейдегі антиядролық қозғалыс құру – біздің парызымыз. Біздің осындай ауқымды мәселелерді көтеруге моральдық жағдайымыз да, құқымыз да бар. Себебі біз осынау зұлматтың, ядролық қарудың зардабын бас­тан кешкен елміз. Әлі күнге дейін соның салдарынан, ауру-сырқаттан ажырай алмай келе жатқан халқымыз бар».

Сәрсенбі күні бүкіл әлем Ядролық сынақтарға қарсы күрес күнін үшінші рет атап өтті. Н.Назарбаевтың айтуынша, Біріккен Ұлттар ұйымы ресми түрде бекіткен бұл қадам да ядролық сынақ алаңынан өз еркімен бас тартқан Қазақстанның бастамасы: «Осыдан дәл 21 жыл бұрын, дәл бүгінгі 29 тамыз күні ел халқының ерік-жігерімен жасалған бұл тарихи акт аса зор өркениетті мәнге ие болып отыр».

Ядролық қару адамзат баласын өзін-өзі өлтіруге апаратындығын, ал суицид жасаушыларды бүкіл әлем жұртшылығы айыптайтындығын жеткізген Қазақ президенті: «Осы тұрғыдан алып қарағанда, әскери, ядролық қуатқа ие болуға ұмтылу – бұл түбегейлі қорлаушылық. Ядролық қарусыз әлем – бұл адамзат баласы ұмтылуы тиісті біздің баршамыздың ортақ мақсатымыз. Тек қана бірлесіп іс-қимыл жасаған кезде ғана баршамызға ортақ әлемді қауіпсіз қылып, жақсарта аламыз. Сондықтан да әлем жұртшылығына тағы бір мәрте ядролық қарудың зардаптарын еске салып, оған түбегейлі әрі еш бұрылыссыз шектеу қою үшін жаһандық қоғамдастықты шешімді қадамға аяқ басуға жетелеу қажет».

Осыдан 21 жыл бұрын еліміздің өз еркімен бас тартқаны – Жер шарының кез келген нүктесін тап басатын 110 баллистикалық зымыран мен 1 200 ядролық қару-жарағы. Уран өндіруде әлем бойынша екінші орынды алған Қазақстанның экономикалық әлеуеті мығым. КСРО ыдырағаннан кейін де алысқа ұшатын ядролық зымырандар мен қару-жараққа қатысты әскери ядролық бағдарламалар жасауға қабілетті мамандар көп болатын. Семей полигонының жабылуы Қазақстан тарихындағы жаңа кезеңнің басталуына сеп болды. Бұл туралы Елбасы «1991 жылдың 29 тамызына дейін ядролық қауіпсіздік саласына қатысты шаралар негізінен шектеулі еді. Он алты жыл бұрын Біріккен Ұлттар ұйымы тарапынан Ядролық сынақтарды толығымен жою туралы келісімді ұсынғанда Қазақстан алғашқылардың бірі болып қабылдаған. Аталған құжатқа ендігі 180 мемлекет қол қойды, ал 157-сі жүзеге асыруда. Ядролық клубқа мүше бүкіл алпауыт ел сынаққа жарияланған мораторийді сақтайды. Семей полигонын жапқаннан кейін Жер шарының басқа да ең ірі полигондары үнсіз қалды», – деп мәлімдеді.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары