ЖАҢАЛЫҒЫ КӨП ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫ
ЖАҢАЛЫҒЫ КӨП ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫ
Бір-екі күнде жаңа оқу жылы басталып, еліміздің білім ұяларында күміс қоңыраудың үні сыңғырлайды. Білім күнінде 7 мың 960 мектеп 2,5 миллион оқушыға есігін айқара ашпақшы. Ал 270 мың бүлдіршін жаңа өмірге қадам басып, мектептің табалдырығын тұңғыш рет аттайды.
Әдеттегідей жаңа оқу жылы қарсаңында ұстаз қауымы Тамыз конференциясында бас қосып, білім саласындағы күрмеуі қиын мәселелерді талқыға салды. Бұл оқулық мәселесі, мұғалім мәртебесін көтеру, білім ұяларын 12 жылдық білім жүйесіне дайындау, тағысын тағы. Білім және ғылым министрлігі өткізген кеңесте жағымды әрі көңілге кірбің салатын мәліметтер де жария етілді. Мәселен республика бойынша 10 жаңа мектеп ашылса, болашағы жоқ деп табылған 10 елді мекендегі білім ошағы есігіне қара құлып салған. Бұған бала санының аздығы басты себеп болғанға ұқсайды. Оның үстіне соңғы кезде қолға алынған елді мекендер мен ауылдарды шағын қалалар маңайына шоғырландыру жұмысы да мектептердің жабылуына әсерін тигізсе керек.
Ал Тәуелсіздік алғалы бері даулы мәселеге айналған оқулық мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Білім ұялары оқулықпен түгелдей қамтамасыз етілмейтіні былай тұрсын, ондағы өрескел қателердің өзі үлкен әңгіме. Мұны Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұловтың өзі растап отыр. Ол Астанада өткен «Білім беру жүйесін жаңғырту – адами капиталдың сапалы өсуінің басты бағыты» республикалық педагогикалық тамыз конференциясында: «Шын мәнінде оқулық оқушы талабын қанағаттандыра алмай отыр. Қазіргі тарихи білім арқылы оқушының тұлға, азамат және отансүйгіш ретінде қалыптасуына күш салуымыз керек. Азаматтық ұлттық сана қалыптаспаған жағдайда ұрпағымыз тәуелсіз мемлекетіміздің тірегі бола алмайды. Оқулықтар ескірген әдістеме бойынша дайындалады. Осылайша, оқулық дайын ақпараттан ғана тұрады. Қазіргі заманғы талаптар сақталмайды. Мұғалім осындай оқулықтармен жеке тұлғаны қалай дамытады?» – деді. Айтпақшы, биыл ҰБТ тапсырған кейбір түлектер тестілеуде қойылған сұрақтарды мектепте өтпегендерін айтып жатты. Оның түбі орта білім ордалары жаңа оқулықтармен толықтай қамтамасыз етілмей жатыр ма деген сауалға келіп тіреледі. Бірақ та мұны жоққа шығарған Білім және ғылым министрі: «Биылғы жылы оқулықтармен, оқу құралдарымен қамтамасыз етуде ілгерілеушіліктер бар. Біз күні бұрын, сонау қаңтарда-ақ 2012-2013 жылдарға арналған оқулықтардың тізбесін бекіткенбіз. Содан кейін 1, 7 және 8-сыныптар үшін оқулықтар қайта басылды», – деді.
Министрдің айтуынша, 2012 жылы жергілікті атқарушы органдар оқу әдебиеттерін сатып алуға 7,5 миллиард теңге бөліпті. Оқулықтармен қамтамасыз етілу республика бойынша орташа алғанда бүгінде 95 пайыздан жоғары көрінеді.
Оқу-тәрбие үдерісін түбегейлі өзгерту керектігін айтып жүрген Елбасы білім беру жүйесіне «Қазақстан құқығы», «Өлкетану», «Акмеология» сынды пәндерді енгізуді ұсынған болатын. «Осындай пәндердің болмауы «әлеуметтік инфантилизмге» әкеледі дейді. Басқаша айтқанда, жастар ересек өмірге бейімделе алмай, келеңсіз жағдайларға душар болады. Бүгінгі оқушыдан ертең «тұлға» қалыптасу үшін не істеу керектігін «Акмеология» ілімі үйретеді. «Акме» грек тілінен аударғанда «шың» дегенді білдіреді. Демек, акмеология кәсіби шеберлік шыңына жету жолдарын, заңдылықтарын зерттейді.
Ал, «Өлкетану» пәні отан сүюге тәрбиелейді. Тарихшылар мектеп бағдарламасына мұндай пәннің енгізілуін құптап отыр. Олар туған өлке тарихын білген адам ғана елдің саналы азаматы болады дейді. Бірыңғай ұлттық тестілеу кезінде туындайтын даулы сұрақтардың дені – Қазақстан тарихы пәнінің еншісінде екені рас. Бұл мәселені шешу үшін Елбасы пән оқулықтарын, әдістемелік құралдарды қайта саралауды тапсырды. Әрине жаңа пәндерді оқу бағдарламасына енгізу әзірге ұсыныс қана.
Нақты ұсынысты Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов жасады. Әкім мектеп бағдарламасына «Логика» пәнін қайта енгізу керек дейді. «1917 жылға дейін логика мектеп бағдарламасында болды. 1918 жылғы революциядан кейін оны алып тастады. Сосын ол пәнді тек соғыс жылдарынан кейін ғана қайта бере бастады. Ал енді қараңызшы, ол бойынша соғысқа дейін сабақ бергенде ғой, адам шығыны аз болар еді. Себебі логиканың арқасында адам стратегияны құрастыруды үйренеді. Сөйтіп мектеп бағдарламасына соғыстан кейін енгізілген логиканы 1953 жылы қайтадан алып тастады. Демек XX ғасырда бұл пән тек он жылдай ғана берілді», – деді Астана қаласының әкімі. Ол сондай-ақ білім беру мекемелерінің басым бөлігі әлі күнге кеңестік жүйеден арыла алмай отырғандығын тілге тиек етті. Оқушы ертеңгі мамандығын мектеп табалдырығын аттаған күннен бастап таңдауы қажет. Сондықтан да бүгінгі білім беру жүйесі баланы өзгенің ой-идеяларын жаттауға емес, өз бетімен ойлауға үйретуі тиіс. «Баланың ойлау қабілетін дамытатын осындай әмбебап әдістемелердің бірі – эссе. Біздің жаттанды шығармаларымызға қарағанда, эссе баланы өз бетімен ойлауға үйретеді. Ол бойынша берілетін тақырыптар сан алуан әрі өзекті болып келеді. Бізде болса, шығармалардың тақырыбы соңғы 20 жылда бірде-бір рет өзгермеген. Олар сонау XX ғасырдың 60-70 жылдарынан бері келе жатыр», – деген И.Тасмағамбетов Батыс елдерінде тарих пәні бойынша жазылатын эссені мысал ретінде келтірді. «Ол жақта оқушыларға «Әрбір азаматтың ел алдындағы міндеті қандай?» деген тақырып беріледі. Осылайша, балалар мектеп жасынан бастап адамның азаматтық борышы мен ел алдындағы міндеті төңірегінде ой қозғап, патриот болып қалыптасады».
МҰҒАЛІМ МӘРТЕБЕСІ ЕСЕЛЕП АРТАДЫ
Елімізде 2015 жылға дейін 500-ден астам мектеп салынады. Биылдың өзінде 146 жаңа мектеп пайдалануға берілмек. Ол үшін алдағы үш жылда Қазақстанда білім мен ғылымға 1,2 трлн. теңге жұмсалады деп болжануда. «Бұл – ТМД елдеріндегі бірегей қарқын. Мысалы халық саны бізден 10 есе көп Ресей осы кезеңде 670 мектеп салуды жоспарлап отыр. Осылайша, біз 10 есе жылдам келеміз. Бұл 12 жылдық оқытуға көшер алдында аса маңызды шаруа», – деді министр.
Білім саласындағы тағы бір мәселе – мұғалімнің беделін көтеру. Бұл жұмыс үш бағыт бойынша жүргізілуде. «Бірінші, мұғалімдерге лайықты еңбекақы төлеу. Мемлекеттік бағдарламада 2015 жылға қарай педагог жалақысы жеке сектордағы деңгейге жақындайтыны қарастырылған. Бұл – бүгінгі деңгеймен салыстырғанда екі немесе үш есе артады деген сөз. Екінші бағыт – мұғалімдердің біліктілігін арттыру. Бұл тұрғыда жоғары оқу орындарында мұғалімдер даярлау жүйесін түбегейлі арттыру керек. Елбасының тапсырмасына сәйкес, 2012 жылдан бастап педагогтардың біліктілігін арттыру жүйесі түбегейлі өзгерді», – деді Б.Жұмағұлов.
Кәсіби біліктілігін арттырған педагогтардың да жалақысы көбейеді. Мысалы үшінші базалық деңгейден өткен мұғалімнің жалақысына 30 пайыздық үстемақы қосылса, бүгінде осы үстемақыны алатын мұғалімдер қатары үш мыңға жеткен. Ал екінші деңгей сертификатын алған оқытушылардың лауазымдық қызметақысына 70 пайыз, бірінші деңгейдегі мұғалімдер лауазымдық қызметақысына жүз пайыз үстемақы қосылады.
ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТЕН НЕ КҮТУГЕ БОЛАДЫ?
Қазақстанда білім беру саласындағы қоғаммен байланыс жөніндегі алғашқы Қоғамдық кеңес құрылды. Мақсат – білім беру саласын жаңғыртуға жұртшылықты тарту. Кеңес құрамына Парламент депутаттары, танымал ғалымдар мен қоғам қайраткерлері, халықаралық ұйымдар мен үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕҰ), ата-аналар қоғамдастығының, бұқаралық ақпарат құралдарының (БАҚ) өкілдері, білім беру ұйымдарының, кәсіподақ ұйымдарының, қоғамдық қозғалыстардың басшылары кірді.
Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, дамыған елдерде азаматтық қоғам білім саласын дамыту мәселесіне өте белсенді қатысады. Әртүрлі қоғамдық кеңестер мемлекеттік органдардың азаматтық қоғаммен байланысын орната отырып, қоғам ұсынған ескертулер мен ұсыныстарды назарға алып, мемлекеттік білім беру саясатына өзгерістер енгізеді. Мысалы АҚШ-тағы ірі қоғамдық ұйымдар ретінде ата-аналар мен ұстаздардың ұлттық қоғамдастығын және отбасы мен мектептердің қоғаммен байланыс жөніндегі ұлттық орталығын айтуға болады. Тек Нью-Йорк қаласының өзінде білім саласына арналған 32 қоғамдық кеңес жұмыс істейді екен. Әр кеңес муниципалдық, бастауыш, аралық, сондай-ақ кіші және орта мектептерді қамтитын аймақтың мүддесін қорғайды. Қоғамдық кеңестің барлық мүшелері аймақ мектептерінің ата-аналар мен ұстаздар қоғамдастығы өкілдері арқылы екі жылға сайланады. Бұл үрдіс Ресейде де бар. Мұндағы қоғамдық кеңес тұрақты жұмыс істейтін қоғамдық институт болып табылады.
Қоғамдық кеңес не үшін құрылды? Біріншіден, білім мен ғылым саласын жаңарту туралы қоғамның пікірін білу. Екіншіден, нақты мәселелерді анықтап, олардың шешу жолдарын қарастыру. 70 танымал адамнан құрылған Кеңес білім беру реформаларына негіз болып, қоғаммен байланыс орнату арқылы республика тұрғындары арасында ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізетін алқалық орган болып табылмақ.
Еліміз жаңа оқу жылын жаңа леппен бастамақ. Бұдан былай мұғалім мамандығына деген құрмет те арта түседі. Жыл сайын жаңа мектеп пен балабақшалар құрылысы да қарқын алып келеді. Мұның бәрі бүгінгі ұрпақтың білім нәрімен сусындап, өмірден өз орнын таба білетін білімді, сауатты маман болып шығуы үшін жасалған қадам.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ