ТАЛАЙДЫ ЕСЕҢГІРЕТКЕН КӨЛЕҢКЕЛІ ЭКОНОМИКА

ТАЛАЙДЫ ЕСЕҢГІРЕТКЕН КӨЛЕҢКЕЛІ ЭКОНОМИКА

ТАЛАЙДЫ ЕСЕҢГІРЕТКЕН  КӨЛЕҢКЕЛІ ЭКОНОМИКА
ашық дереккөзі
233

қолма-қол ақшаның өсуі билікті де алаңдатуда

Үкіметтің сөзіне сенсек, алдағы уақытта жалпы ішкі өнім көлемі едәуір артып, инфляция деңгейі 6-8 пайызбен шектелмек. Есесіне, билік көлеңкелі экономикадағы миллиардтаған қаражатты «күнгейге» шығара алмай әлек.

ҚР Сауда және экономикалық даму министрі Бақытжан Сағынтаев Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 2013 жылы 6 пайызға өсетінін мәлімдеді. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жайлы 2013-2017 жылдарға орташа есептегі болжам жасаған министр: «2013 жылға арналған нақты ЖІӨ көлемі 6 пайыз болмақ. Ал 2014 жылы – 6,1 пайыз, 2015 жылы – 7,6 пайыз, 2016 жылы 6,6 пайыз, 2017 жылы 6,7 пайызға жетеді. Бұл көрсеткіштер орташа мерзімдік кезеңге шаққанда, экономиканың 7 пайыздық өсімін көрсетеді. ЖІӨ-нің негізгі көзі ішкі тұтынушылық сұранысты орташа есеппен алғанда, жылына 6,5-6,8 пайызға дейін арттырудың есебінен болмақ. Сонымен қатар қазақстандық өнімге деген сыртқы сұраныс көлемін де сақтап қалу маңызды. 2013 жылы 36,6 трлн. теңге болады деп болжанып отырған жалпы ішкі өнім деңгейі 2017 жылы 65,3 трлн. теңгеге дейін жетеді», – деп мәлімдей келе, 2013 жылы 14 мың АҚШ доллары болатын жан басына шаққандағы ЖІӨ 2017 жылға қарай 24 мың долларға өсетінін жеткізді.

Б.Сағынтаевтың айтуынша, алдағы уақытта өндірістің орташажылдық өсімі 5,5 пайызға жетсе, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі – 7,1 пайызға артып, әсіресе қызмет көрсету саласы қарқынды дамитын көрінеді. Келесі жылы 96 млрд. долларға өсетін экспорт көлемі 2017 жылы 116 млрд. долларға жетпек: «Импорт 2013 жылы – 56 млрд. доллар, ал 2017 жылы 92 млрд. доллар болады. 2013-2017 жылдарға арналған инфляция деңгейі 6-8 пайыз аралығымен шектеледі».

Бүгінде ресми мәліметтерге қайшы келетін бейресми мәліметтерде соңғы 5 жылда Қазақстанның көлеңкелі экономикасындағы ақша көлемі ондап емес, жүз миллиардтаған доллармен есептелуде. Бұл еліміздің жалпы ішкі өнімінің көлеміне теңгеріледі. Жуырда 2030 жылға дейінгі даму бағдарламасының жүзеге асырылу барысын сөз еткен ҚР Президенті Н.Назарбаев жалпы ішкі өнімді жедел арада екі есеге дейін көбейту керектігін айтқан болатын. Сарапшылар қауымы көлеңкелі экономикада жүрген қаражаттың көмегін пайдалануға болатынын айтады. Өйткені салық төленбейтін ақшаға мектеп, аурухана, емхана, балабақша салынбайды, көшелер жөнделмейді, жаңа жұмыс орындары ашылмайды, яғни елдің экономикалық-әлеуметтік дамуына үлес қосылмайды. Отандық БАҚ таратқан деректерге сүйенсек, Қазақстанның көлеңкелі экономикасындағы ақша 2007 жылы 18 млрд. долларға жеткен. Ал Халықаралық қаржы қоры 2011 жылы еліміздің жалпы ішкі өнімі 214,84 млрд. долларға жеткенін хабарлаған еді. Бұл Жер шарындағы 182 мемлекеттің ішіндегі 53-орын. Мамандар қауымы көлеңкелі бизнес пен экономикадағы қаржы көлемінің артуы қолма-қол ақшаның молдығынан дейді. ҚР Ұлттық банкі 2012 жылдың 1 қаңтарында елдегі қолма-қол қаражат көлемі 14 пайыз екенін айтқан. Дамыған елдердегі бұл көрсеткіш 2 есеге төмен. Негізі солай болуы тиіс. Қаражаттың ағыл-тегіл ағылуына екінші деңгейлі банктердің де қосқан «үлесі» мол. Мысалы 2011 жылы жекеменшік банктер141,9 млрд. теңгені ақшаға айналдырған. Бұл жерде ақшаға айналдырылған шетелдік валюта туралы айтудың өзі артық. Үкімет заңсыз ақша көлемін банктердегі ақшаға айналдыруға байланысты алынатын төлемді 10-15 есеге дейін (қазіргі төлем – 5 пайыз) көтеру арқылы төмендетуді жоспарлап отыр. Жуырда ғана Экономикалық және ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес агенттігі төрағасының орынбасары Айбар Боданов бұл шараны бір күндік және тұрақты жұмыс істейтін кәсіпкерліктің барлығына дерлік бірдей қолданатынын жеткізген. Әлбетте әзір бұл қағаз жүзіндегі жоспар. Оның үстіне қағаз ақшаның барлығын Еуропа мен Америкадағы секілді электорнды ақшаға айырбастау мәселесі қолға алынған. Демек оңай олжаға құныққандар қолдағы ақшасын өз еркімен жариялап, салықты ешкімнің қыспағынсыз төлей қоюы неғайбыл.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары