КЕЙ ШЕНЕУНІКТЕР ТҰТЫЛҒАН КҮН

КЕЙ ШЕНЕУНІКТЕР ТҰТЫЛҒАН КҮН

КЕЙ ШЕНЕУНІКТЕР  ТҰТЫЛҒАН КҮН
ашық дереккөзі
219

Созақ ауданында өткізілген түсініксіз тендерлер жайында

Өткен бейсенбіде Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімдігінде ҚР Мемлекеттік қызметтік істер жөніндегі агенттігі Тәртіптік кеңесінің мәжілісі болып өткен-ді. Күн тәртібінде Созақ ауданындағы бірнеше келеңсіз жәйттер қаралды. «Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» демекші, бұл жолғы мәселе де айналып келіп бәз-баяғы тендерге қатысты даудың маңайында өрбігенін айта кетейік.

Мемлекет соңғы жылдары мектептердегі әлеуметтік жағдайы төмен отбасы балаларын ыстық тамақпен қамтамасыз етуді қолға алғаны белгілі. Қамқорлық танытып отырған ел билігіне халықтың ықыласы мен ризашылығы ерекше. Дегенмен жергілікті жерлердегі әкім-қаралардың осының өзінен пайда тауып қалуды көздейтін фактілері жиі кездесіп қалуда. Дәл осындай жағдай Созақта да тіркеліпті.

Әңгімені әріден бастасақ, Созақ аудан­дық экономика және қаржы бөлімі бастығының 2012 жылғы 13 ақпандағы №10 бұйрығымен «Аудандық меткептердегі әлеуметтік жағдайы төмен отбасы балаларын ыстық тамақпен қамтамасыз ету» конкурсына тендер жария­ланып, комиссия төрағалығына Созақ ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Зейдулла белгіленіпті. Ал заң бойынша конкурс комиссиясының төрағалығына аудан әкімінің орынбасары емес, аудандық экономика және қаржы бөлімінің бастығы тағайындалуы керек екен. Белгіленген 34 лоттың тек біреуінде ғана конкурс өткізіліп, жеке кәсіпкер Г. Жұманова 641 мың теңгеге жеңімпаз боп танылыпты. Қалған 33 лот бойынша конкурс өткізілмеген.

Осы жерде шикіліктің барын сезген Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша қаржы бақылау инспекциясы тексеру жүргізіп, заң бұзушылықтың бар екенін анықтады. Атап айтсақ, конкурсқа рұқсат беруге «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңының 23 бабы және «Мемлекеттік сатып алу Ережесінің» 51 тармағы 5 тармақшасының талаптары сақталмай, жеңімпаз боп танылған Г. Жұманова кепіл жарна ретінде небары 8 мың теңге ғана аударған. Ал заң бойынша тендерді жеңіп алған кәсіпкер 1 пайыздық кепілдік қаражатты конкурс ұйымдастырушының есеп шотына аударуы тиіс екен. Осыны біле тұра Н.Зейдулла басқаратын комиссия өтінімді шеттетудің орнына оны жеңімпаз деп жариялап жіберген. Осы жіберген заңсыздығы үшін тексеру жүргізген аудандық прокуратура Н.Зейдулланың жеке кәсіпкер Г. Жұмановаға артықшылық көрсеткенін анықтап берді.

Тәртіптік кеңес барысында бұдан өзге созақтық «орынбасар» мырзаның қатысуымен болған тағы бір осындай факті әшкере болды. Нұрлан Зейдулланың басқаруымен конкурстық комиссия Созақ ауданына қарасты Т.Әлімқұлов атындағы №14 лицей-интернатын, «Созақ» орта мектебінің жанындағы интернат, «Ертөстік» және «Созақ» балабақшаларын қажетті азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін тендер жариялап, конкурс өткізген. Бұл жолы да аудандық экономика және қаржы бөлімінің бастығы конкурстық комиссияның төрағасы етіп шені өзінен жоғары тұрған аудан әкімінің орынбасары Н.Зейдулланы тағайындапты. Сонымен не керек, конкурсқа қатысқан жеке кәсіпкерлер Ереже талаптарына сай келмейді делініп, комиссия төрағасы тапсырыс беруші экономика және қаржы бөліміне конкурстың өтпей қалғандығы туралы хат жолдаған. Ал аудандық экономика және қаржы бөлімі құжаттары Ереже талаптарына дұрыс келмейтінін біліп тұрса да бірнеше әлеуетті өнім беруші кәсіпкерлерді жеңімпаз деп тапқан. Осылайша Созақ ауданы әкімінің орынбасары Н.Зейдулла ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңы 12 бабының жекелеген тармақтарына сәйкес құқық бұзушылық әрекет жасаған.

Тәртіптік кеңес мүшелері осы Созақ ауданы әкімі аппаратының басшысы Қ.Оразовқа да қатысты заңбұзушылықты күн тәртібінде қарады. Бұл шенеунік те кезекті бір мемлекеттік сатып алу комиссиясының төрағасы болған. Оның басшылығымен аудандағы бірнеше білім нысанының қазандықтарына, су жинайтын мұнарасына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін тендер жарияланған көрінеді. Екі конкурсты да «BR-construction company» ЖШС жеңіп алса керек. Сөйтсе бұл ЖШС-нің бұрындары салықтан қашып, жұмысшыларының зейнетақы, басқа да әлеуметтік жарналарын төлмегені былай тұрсын, конкурсқа қатысуға қажетті салық органынан берілетін анықтамада салық органы басшысының қолы да, мөрі де қойылмапты. Және де анықтаманың қосымшасы санды символдармен рәсімделген. Яғни алаяқ компания деген сөз. Осындай кемшіліктерді көре тұра, конкурстық комиссия бұл жолы да аталмыш компанияны белгіленген талапқа жа-уап бере алмаса да, жеңімпаз етіп жіберген. Осының негізінде Қ.Оразов ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңына сәйкес құқық бұзушы деп танылды.

Бұл екеуінен өзге Созақ аудандық экономика және қаржы бөлімі бастығының орынбасары М.Архарбековтың да шалыс басқанына Тәртіптік кеңес отырысында көзіміз жетті. Ол аудан әкімінің шешімімен бірнеше мемлекеттік сатып алу конкурсы комиссиясының төрағасы болып бекітілген екен. Жоғарыдағы екі шенеунік секілді бұл да конкурстық Ережеге сай келмейтін бірнеше жеке кәсіпкерді балабақша, мектеп және басқа да нысандардың құрылысын жүргізу үшін жеңімпаз деп жариялаған. Заң бұзушылық әрекеті білініп қалған бөлім бастығына жемқорлыққа барды деген айып тағылды.

Тәртіптік кеңес мүшелері өзара келісімді түрде Созақ ауданы әкімінің орынбасары Н.Зейдулланы, аппарат басшысы Қ.Оразовты, экономика және қаржы бөлімінің бастығы М.Архарбековты қызметінен шеттету туралы осы ауданның әкімі Аманғали Аймұрзаевқа ұсыныс жолдады.

Десек те, тәртіптік кеңес жазаның жеңіл түрін белгілеуді ұсынғандай әсер қалдырды бізге. Жиынға қатысқан бақылаушылардың бірі тіпті әлгі шенеуніктерді қорғаштағандай кейіппен: «Бұлай білмей қалған, түсінбей қалған тірліктері үшін жазалай берсек, мемлекеттік қызметте істейтін ешкім қалмайтын шығар», – деп қойып қалды. Әсілі, біздің елде сыбайлас жемқорлыққа қатысты жаза тағайындағанда кешірімшілдікке, мүмкін түзеліп кетер, жас екен дейтін көңілжықпастыққа көп баратын секілдіміз. Қытай, Араб елдеріндегідей өте қатаң жаза қолданбайынша біздегі әкім-қаралар мемлекеттің есіл ақшасын керегінше жымқырып қалудан бас тартпасы белгілі. Неге екенін қайдам, билік органдары әйтеуір осы тұсқа келгенде, жемқорларды аямай жазалайтын тұста бармақтарын тістеп, «мүмкін түзелер» деген ойдан арыла алмай жүр. Әлі күнге дейін тегін ақшаны бір жеп үйренген шенеуніктің екінші мәрте ол қылығын қойғанын көрген ешкім жоқ. Көптеген адамдардың тағдырын шешетін, халықпен қоян-қолтық жұмыс атқаратын биік лауазымды шенеуніктерді ақылсыз бала кейпіне түсіріп: «Білмей қалған ғой, түсінбей қалған шығар», – деп өтірік көлгірсудің өзі ызалы күлкі шақырмай ма?!

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

Оңтүстік Қазақстан облысы

Серіктес жаңалықтары