8 мың адам жұмысқа орналасты

8 мың адам жұмысқа орналасты

8 мың адам жұмысқа орналасты
ашық дереккөзі
237

А.Оспанбай

Алматы облысында «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасына 8 мыңнан астам адам қатысты. Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды ұйымдастыру басқармасы бұл игі іс тек бастамасы ғана деп отыр.

2011 жылы облыс бойынша 5 мыңнан астам адам бағдарламаға қатысып, 1,2 миллиард теңге игерілген. «Ал 2012 жылы мемлекеттік бағдарламаға бөлінген қаржы көлемі үш есеге артып, оған қатысушылар саны 8 мың адамнан асты», – дейді облыстық мәслихаттың XV кезекті сессиясында басқарма бастығы Ұ.Балабиева. «Қолға алынған шаралар нәтижесінде республикалық және жергілікті бюджет қаржысы есебінен халық арасында жұмыссыздық деңгейі азайтылды», – деді ол.

«Жұмыспен қамту» мемлекеттік бағдарламасы қолға алынғанға дейін жұмыссыздық деңгейі 5,6 пайыз болса, 2012 жыл қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 5 пайызға дейін төмендеген. Сондай-ақ өз бетінше жұмыс тапқандар саны 2011 жылы 44,1 пайыз, өткен жылы 42,8 пайызды құраған. «Бағдарламаның кәсіптік дайындық, қайта даярлау және біліктілікті арттыру бағытымен 35 оқу орнында 50 мамандық бойынша курстар ашылған. Үш жарым мыңнан астам адам оқуға жіберіліп, 1643-і жұмысқа орналасты. Оқып шыққандардың жұмысқа орналасу деңгейі 82,2 пайыз», – дейді басқарма бастығы.

Облыста жастар тәжірибесі аясында 451 ұйым және кәсіпорындармен келісімшарт жасалып, жас мамандар тәжірибеден өткен. Олардың үштен бірі сол жерлерде жұмысқа қалған. Бағдарламаның екінші бағыты шағын несиелеу бойынша «Жетісу» ӘКК-нің байқауынан екі шағын несиелеу ұйымы өткен. Соңғы бір жарым жылдың ішінде екі жүзден астам жетісулық 475 миллион теңге көлемінде несие алған.

Бағдарламаның үшінші бағыты бойынша өткен жылы 53 үй пайдалануға берілген, олардың құрылысына республикалық бюджеттен 715,9 миллион теңге, ал облыстық бюджеттен 300 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінген. Сонымен қатар 48 ауылдық елді мекенде 26 инфрақұрылымдық жоба іске қосылған. Қосымша 731 жұмыс орны ашылып, жұмыспен қамту орталығы арқылы үш жүзге жуық адам еңбекпен қамтылды.

Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының сөзіне қарағанда, кейбір қалалар мен аудандарда «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасын жүзеге асыруда бірқатар кедергілер қалыптасқан. Бұл кәсіптік дайындықтан өткен адамдарды жұмыспен қамту, жұмыс берушілердің белсенділік танытпауы және шағын несие алуға үміткерлердің жылжымайтын мүлігінің жарамсыздығы.

Серіктес жаңалықтары