ТАҢ БИШІЛЕРІ ЕЛІНДЕ
ТАҢ БИШІЛЕРІ ЕЛІНДЕ
Тұрсын ЖҰРТБАЙ
Бүгін сенбі. Мұхтар бауырым бейнетаспасын алып, асай-мүсейін асынып-тартынып келіпті. Тянь ань мин сарайына – Үкімет үйіне апарды. Бұл – Құбылай іргесін көтерген патша сарайы. Қытайдың ұлттық нысанасы. Қытай осы «Аспан асты сарайынан» басталады. Әуелі көпшіліктің көңкесіне отырдық, содан кейін жерсты жолымен жүрдік. Жер бетіне көтеріле бере кеудеміз құжынаған адамға тірелді. Алдымызда қыбырлаған қыл-қыбыр, жыбырлаған жүн-жыбыр, яғни, адамның шашты бастары. Әр тұстан сидиып, қылқиып шетелдіктердің желкесі, жауырыны көрінеді. Алаңның ішін былай қойып, алаңға баратын жолдың өзі «тірі кептеліс». Әйтеуір бойымыздың сәл еңселі болғанына шүкір, Мұхтардың молынан пішілген басындағы бұйра шашы адастырар емес. Бұл адамдардың тоғысы емес, кәдімгі құмырсқаның илеуі. Табандай баспалап алаңға өттік. Тыныс сәл кеңіді. Ауыл-қыстақтан келген адамдар бірден белгілі. Майжолға отыра қалып аяқ асты демей тамақтанып жатқандар да бар. Алыстан келсе керек.
Танысуды Мао цзе дуньнің мавзолейінен бастадық. Дүниені төңкерген ХХ ғасырдың халықтар көсемінің әйнектің ішіндегі бальзамдалған мәйіті тура Мәскеудегі Лениннің мәйіті сияқты сәл сарғыштанып, сартап боп қалыпты. Өңі, яғни, бет терісі құрғап, ескіріңкі тартыпты. Халық көп. Бірінің өкшесін бірі басып тұр. Тоқтауға болмайды екен. Сырт айнала беріп әшекей-үшекейлерге мойын бұрдық. Қызыл коммунистердің көсемдері мен маршалдарының мүсіндерінен, олардың тарихи суреттерінен көз қамалады. Несіпбекке арнап атасының бейнесі бар пионерлердің белгішесін алдым. Ол қайбір жарыған пионер болды дейсің. Елуге келгенде кеудесіне тағып, арманынан бір шықсын. Мавзолейден жылап шығып жатқандар да бар. Дені ересек ауыл адамдары. Олардың көсемге деген махаббаты әлі сарқылмапты. Біздегі Сталин өлгенде жылағандардың һал-күйі көз алдыма келді. Бұл елде отыруға, тамақ ішуге, киім ауыстыруға, қақырынып-түкірінуге орын таңдамайды. Сондықтан да алаңда алқақотан үйіріліп отырғандарға назар аударудың өзі ыңғайсыздық тудырады екен (Алты жылдан кейін барғанымда бұл әдеттің сап тиылғанын көріп таң қалдым – Т.Ж.). Тағы да көптеген ойлар оралды, бірақ оны ашық айтып, пікір бөлісу әдепсіздікке жатса керек. Ол – тағдырдың еншісіндегі тақырып.
Алаң ішіндегі сеңдей соғылысқан адамдардың арасынан бір тізбек толқынға ілесіп Халық құрылтайының үйіне бет алдық. Ол 1954 жылы қазанда салыныпты. Көлемі 15 гектар. Мәжіліс залының көлемі 3 600 шаршы метр. Мәжіліс залының ішін араладық. Маодан – Сұлтан ағаға, одан Задыханға дейінгі ел ағалары отырған тарихи зал. Шығыс Түркістан өкілдері отыратын тұсты шамамен межелеп барып сәл тынығып алдым. Тура осы залда, міне, елу жылдан бері әлемді дүрліктіріп басылған қаншама шешім қабылданды. Соның ішінде 1959-1989 жылдар арасындағы тұңғиық отыз жылды айтсаңшы. Сол кезеңге тура келіп туралып кеткен қайран жас өмірлер! Бейжіңдіктер өзгелерге қарағанда еркін пікірлі келеді. Соның өзінде сол жылдарды еске алғанда басын шайқап, қабағы түйіліп: «Ол тарихтың жабылған беттері» – деп қолын сермей жөнеледі. Кинохроникалардан көрген осы залдағы көріністер көз алдыңды еріксіз қамап алады. Ал қазір сондай тыныш, ұрандатқан дауыс, шартылдаған шапалақ, дуылдаған бет жоқ. Момақан ғана кеңістік. Алда қандай қарбаластардың куәсі болар екен деші – деген ойлы күдікпен орынымнан көтерілдім.
Бұл зал – миллиардтардың Мұхит толқынын 12 баллға көтеріп, түсіретін тылсым иірім. Бүгін тыныш. Тәубә.
Сондай ауыр салмақтан еңсемді түзеп атақты Тянь ань мин мінбесіне көтерілдім. Әрине, билет алдық. Халық құрылтайы үйі, жаңылмасам, аптасына екі рет бұқараға есігін ашады. Сонда кемінде ай сайын жүз мың адам осы мінбеге көтеріледі. Солардан түскен қаржының өзі ғимаратты күтуге жетіп-артылатын шығар. Мінбер Шығыс қақпаның үстінде.1949 жылы 1 қазан күні Мао цзе дунь осы мінберде көк шапкісін қолына алып, сермеп тұрып: – Жуңхуа Халық республикасы құрылды. Жуңхуа ұлты бүгіннен бастап белін көтерді!.. Жуң-хуа халық республикасы жасасын! Жұңго рэмен вәнсүй! – деп сөйлеген жерінен 3 елі ары, не 5 елі бері тұрып суретке түстім (Сол араны қоршап қойыпты. Демек дұрыс!).
Міне, тура осы арада тұрып, 1949 жылы 1 қазанда Мао цзе дунь: « Қытай халық республикасы құрылды», – деп жариялаған. Алыста сол жақта көрініп тұрған Маоның мавзолейі, оң жақтағы ұзын ғимарат мұражай.
Сол мінберден алаңға қарадым. Қалың халық легі ағылып келіп жатыр, ағылып кетіп жатыр, ағылып сеңдей соғылысып жүр. Менің ойыма 1989 жылғы Пекин оқиғасы оралды. Студенттердің ереуілі, шынжыр табанды танкілер, қызыл жоса алаң. Кинохроникадан көрген көріністер қалпына келе қалды. Шығыс шеттегі Мемлекеттік мұражайдың қасында тұрған бір қазақ баласының тақ маңдайына «қаңғыған оқ келіп тиген». Халық қаһарманының қатарына қосыла ма, жоқ па, білмеймін, бірақ неге мекзегенін кім білсін, өзінің әкесінің ырымдап қойған аты – Қаһарман екен. Ұмытпасам, 1969 жылы 4 айдың 6 күні туып, 1989 жылы 4 айдың 6 күні (не 6-айдың 4-і күні, күнделіктен толық ажырата алмадым – Т.Ж.) оққа ұшқан. Алтайдың Шіңгіл ауданынан. Осы «оқ» десе шіңгілдіктердің ерекше «салымы» бар, қашанда солардың кеудесімен «қалжыңдасады» да жүреді. Бұл жолы да қаңғыған оқтың өзі «қаңғып жүріп» шіңгілдің Қаһарманын іздеп тауыпты. Сүйегі жасырын түрде Бейжіңдегі мұсылмандар зиратына жерленген. Әке-шешесі ұлының «ауырып өлгенін» кейін естіген. Бұл да тағдырдың тәлкегі. Кенет менің де маңдайымның ортасы тыз ете қалды. Сипап көрдім, бір тамшы тер екен. Оған да шүкір. Үнсіз күрсініп ішкі қорғанға қарай беттедім.
Тарихтың еншісіне кеткен сол бір қасірет күндерінің шежіресінің беті кейін ашылар. Сонда еске түсірер бірер сөзді жазып қойдым. Дүниеге жария оқиғаны, қорғанның ішінде қайталағанның шамы жоқ шығар.
Енді тарихи ғимарат – Гу гыңның, патша сарайының ішіне кірдік. Мұндағы әсер мүлдем басқаша. Негізін 1470 жылы Құбылай хан қалаған. Булян-янь бектігінің жері. Үйсін қағанты кезі. Ұлы қорғанның салынуы тегін емес. Ол осы арадан 80 шақырым. Гу гыңның 4 жағын су қоршап тұр. Жалпы 4 бұрыш қытайдың ойлау жүйесінің өлшемі болса керек. Сол 4 бұрыштың іші лабиринт. Соны шешкен адам ғана қытайды түсіне алады. Қақпаның табан тасы 60-70 сантиметр. Тақ тұрған үйге дейін баспалдақ биіктей береді. Үйдің салмақ түсетін ұстындары тек жуан діңгектерден тұрады. «Балқы сарай» – әлемдегі 18 мың ғаламның тепе-теңдігін сақтайды-мыс» – деген сенім бар. Сондықтан да, «Аспан асты сарайы» – Жер кіндігі, жер кіндігі дегеніміз – билік кіндігі – деген емеуірін. Сарайдың ішінде 9999 бөлме бар екен. Қытайлар санды 9 жеткізбейді, мыңнан асырмайды. Сарайларында 9, не 99, не 999 бөлме болады. Төрт санына жоламайды, нольге және тоқтамайды. 4 – оларда – өлімнің белгісі, ал 10, не 1000, не 10 000 тек тәңірге ғана тән сан.
Тақсарайдағы алтын қазанның, алтын тақтың алтындарын «8 қарақшы», яғни, жұңгоны ХІХ ғасырда жаулап алған 8 мемлекет (ағылшын, француз, португалия, испания, жапония т.б.) қырып жеткен (Жалпы жұңгодегі барлық пұтхананың да да алтындарын жонып әкетіпті). Ал канизактардың құжырасын Мұхтар екеуміз сүйсіне араладық. Әсіресе, Сы чи ханымның бөлмесін, өзіміз білетін әтек оқиғасымен байланыстырып қызыға көрдік. Оның сырын Мұхтар айтқан. Сы чидің 1911 жылғы жұмбақ өлімі осы құжырада өткен.
Оның сырын Мұхтар екеуміз білеміз! Бір-бірімізге жымыңдасып қойдық.
Түс ауа Оңтүстік қақпадан сыртқа шықтық. Дүнген асханасына барып ес жиып, таңдай жібіттік. Мұхтар өзінің Бейжіңдегі бұлаң кезеңде өткен бұла жігіттігінің хикаяларын әңгімеледі: Осы асханадан 10-15 тиынға то-йып тамақтанушы едік – деді. Сенеміз. Сенбеске, қарсы қояр куә қайсы.
Содан кейін немересінің туған күнін жасаған Құрман ақсақалдың тойына бардым. Бұл Бейжіңдегі бұрын көрмеген үлкендердің қалғанымен танысу кеші болды. Әуелі Мұхтардың келіншегі, Сұлтан ағаның қарындасы Майрамен, жазушы Әкбармен және Жарқынмен жарқын таныстым. Бурылтоғайдың әкімімен жүздестім. Тұрсын тәтенің «саусағын» көрдім (бұл өзі тәп-тәуір игілікті әңгіменің арқауы). Жігітімен жете таныстым. Отанбек ән айтты. Біздің балалар – Камизат, Жұпар, Пакизат биледі. Буындары былқылдап, қазақы әдепті сақтап биледі. Жарқын ысылған дипломат-аудармашы. Пекиндегі қазақтардың гүл-гүлі де, бұлбұлы да, естісі де, еркесі де осында.
Бір той аздық еткендей, сол күні кешке қырғыздардың наурызына бардық. Бәрі алдын ала кесіліп, пішіліп қойған. Бас тартуға болмайды. Қызық басталды… Сол баяғы Отанбек дәулен ән айтты. Біздегі Нұргүлдің жігіті, қырғыздардың күйеу баласы, бұрынғы атақты биші, қазір би мектебінің ұстазы Әнуәрмен жақын таныстым. Тоқтарбүбінің жігіті Әділ көңілді азамат екен. Ғылым докторы. «Манастың» маманы. Айтуларына қарағанда, Манасты компартияның қатарына өткізуден басқа шараның бәрін жүзеге асырыпты. Қызылсудың әкімінің орынбасары қырғыз емес екен. Ой, қырғыздарға ішін қампитып, кеудесін керіп, қоқиланып баққаны-ай! Байқаймын, мына қырғыздардың тілі ұйғыршаланып кеткен екен. Бір дүнген қызы Хазар мемлекетінің тарихын зерттейді екен. Өзім білген мағлұматтарды, хазар тарихы туралы айналымнан түспей келе жатқан жалған хаттардың жөнін түсіндірдім. Артамоновты білмейді. Онда қалай хазар мемлекеті туралы жазуға болады?
Тағы бір дүнген келіншек қырғызға тиіпті. Өзі тәрбиелі екен. Әй, десеңші, бір сарттанған қырғыз мазасын алды-ау! Адамның жыны келеді. Кезінде мен де сөйтіп жүрдім бе? Әй, ұят-ай! Ол ұялмады, ұялтты.
Жарқынның айтуынша: оңтүстікте өсетін бармақтай бұршақты «жертүйнек» дейді екен.
19.03.06. Бұл бір ерекше күн болды. Пекиндегі бар қазақ зиялыларына арнап «Ұлттар баспасының» қазақ редакциясы наурыз өткізді. Сонау елуінші жылдардың ортасында Қытайдағы аз ұлттардың баспасы мен аударма редакциясы үшін салынған бұл бес қабатты үй – бүкіл пекиндік қазақтардың орда – отауы екен. Іші кең. Төріне осы ғимаратты ашқан кезде қатысқан компартия көсемдерінің суреті үлкейтіліп ілініпті.Талай тығырықта сол сурет ғимаратты аман алып қалыпты. Былайша айтқанда кепілге ілінгендей. Наурызға Пекиндегі ақсақалдар мен сонда оқитын барлық қазақ студенттері жиналды. Концерт қойды. Тойды Еркін профессор ашты. Мен бата бердім. Жазушы Әкбармен қатар отырып тереңірек таныстым. Әлімжан екінші жағымда отырды. Бір жайлы жігіт екен. Әкбар екеуміз еркін сөйлестік. Шешен, нақ-нақ, қадап-қадап айтады. Тұрақты сөз тіркестерін орынды пайдаланады. Одан бүгінгі қытай әдебиетінің жай-күйін сұрадым. Әкбар:
– Осыдан бұрын: қытай жазушылары «мәдени майданнан» соң авангрард, символизм, тақырып еркіндігі деп 15-20 жылдай босып та, бөсіп те жүрді. Сөйтіп, ескінің соңы, жаңаның алды болғысы келді. Көне көздер кітапты қалыңдатып, жастар бейпілбеттетіп жазды. Олар тағдырлар тоғысындағы толқынға ұрынды. Мысалы:
Маған қара түн қара жанарлы қос көзін берді,
Мен сол жанарлы қара көзіммен дүниенің жарығын іздеймін, – деп жазған Гу шың мәдениет революциясы тұсында таяқ жеген ақын.
Кейін шет елге кетіп қалды. Онда жалғыздықтан құсаланып, әйелін өлтіріп, ақыры істі боп тынды. Соңғы жылдары олардың арасы алшақ тартты. Қазір өздерінің ұлттық дәстүріне көше бастады. Проза да, поэзия да белеске шықты. Сыни ой, эссе жазу әдеби шеберліктің үлгісі болып бара жатыр. Әлемді қарататын қаламгерлер мойындалмай келеді. Халықаралық көркем талғам да саясаттанып барады. Біз мойындамайтын жазушылар түрлі әдеби сыйлыққа ілігіп кетіп жатыр. Шығарма өлмейді, ал аударманың күні өлшеулі. Өлмейтін аударма жоқ. Қарттардың ішінен тоқсаннан асып дүниеден қайтқан көне көз Заң кы жан ақынды ертеңге ілесіп барады деп айтуға болады. Қазақ жазушылары шығармаларында мақалдап кетеді. Жаңа дәстүрге үйлесушілер де бар, – деп қысқаша мағлұмат берді.
Шығыс Түркістандағы қазақ жазушыларының дауасы мен дауасыз дертінен хабарым бар. Ал Гу шыңның өлеңіндегі емеуірінді де, теңеуді де, тұрлаусыз тағдырын да түсінуге болады. Мен Әкбардан: біраз уақыт қалың қытайдың ішінде әр түрлі ортада болуым мүмкін. Сондықтан да кез-келген ортада, кез-келген жағдайға үйлесе кететін бір шумақ өлең тауып, соны ләмімен жаттатып үйретіп беруін өтіндім. Ол ауырып барып өз ажалымен өлген (ал бұл осы өлеңді кез-келген ортада ашық айта беруге болады – деген сөз) кәрі қытай ақыны Заң кы жаның:
Қолым алып қайта қойғаным – сенің жазған хатың.
Қолыма алып қайта қоя алмайтыным – сенің көңілің, –
деген жолдарын жазып берді.
Ұнады. Ең бастысы қандай ортада болсын осы шумақты қытай тілінде оқып жіберіп: Менің де қолыма алып, қайта орынына қойып отырғаным – мына тостаған, ал қолыма алып қайта қоя алмайтыным – сендердің көңілдерің, – деп тәфсірлеуге оңтайлы екен. Қуана-қуана қытайдың төрт түрлі дыбыс екпініне сап жаттап алдым. Әкбар күліп: «Саған қатып тұр», – деді. Жан дин жин де құптады. Кәдімгідей еңселеніп қалдым.
Бейжіңнен шыққан «Кетбұға» атты кітапшамды көрдім. Мұқабасы сүйкімді екен.
Жазушы, етбауырласқан Жұмабай Біләлдің ұлы Қанатбекпен бұл жолы етене таныстым: «Жаманды жамандауға болмайды, жақсыны жамандауға болмайды. Екеуі де одан өзгермейді», – деуіне қарағанда өр, өжет, еркін мінезді және бетті жігіт көрінді. Өздерінше айтқанда «Бейжіңдегі қазақ радиосын ұстап тұр» екен. Өлең жазады. Бала кезінде әкесінен ұрланып талдың басына шығып алып қандай да бір жолмен Шәуешекке жеткен, әкесі үйге әкелген «Жұлдыз» журналы мен қазақ кітаптарын тығып оқып жүріп сөзге үйір болып кетіпті. Қазақстан Тәуелсіздік алғанда қатты қуаныпты.
Наурыздан шыққан соң Бақытбек, Мұнай, Әнуар, Нұргүл, Әлімжан, Қанатбек бәрі бізді – Әкбар, Мұхтар үшеумізді «самауыр сорпаға» апарды. Етті таңдаған жеріңнен жонып алып көз алдыңда қуырып та, пісіріп те, түшпара етіп түйіп те береді. Ұзақ әрі еркөңілді отырыс болды. Сол арада Шәуешектен Жүкең – Жұмабай ағамыз «шайтанқұлақтатып» ұлына мені жалғызсыратпау туралы тапсырма беріп жатты. Кеш қарая шыққан «самауыр сорпадан» соң Қанатбек мені бөліп алып кетіп тағы бір ресторанға апарды… Демалыс күндері болғандықтан да ауыздықты тартқамын жоқ. Бейжіңге бойды да үйрету керек қой.
20-23/03-06. Дәріс жалғасты. Күн сайын Нұрбақанмен қытай тарихы, ондағы түркі мен қазаққа қатысты көне деректер жөнінде талмай әңгімелесеміз. Нұрбақан: «Мектепте қытайша оқып, қытай балаларына қосылып қазақ балаларын «сауатсыз, жабайы» деп мазақтап, олармен төбелесіп өстім. Кейін Ләнжудегі университетте сол жабайының бірі өзім екенін біліп, қатты өкіндім. Сол жылдардағы кемдігімді толтырғым келеді. Жыраулар поэзиясы қатты қызықтырады. Екі жыл болды докторантураға дайындалып жүрмін. Бір жарым миллиардтың арасынан әдебиеттануға он шақты ғана орын беріледі. Ондай сынақтан сүзіліп өту оңай емес. Бірақ қалайда мақсатыма жетемін», – дейді. Жетсін.
Шәкірт балалар да жақындай бастады. Лекцияға басқа университеттерден, Бейжіңдегі қызмет орындарынан адамдар келіп тыңдап жүр. Етенелері: Еркінжан, Бақытбек, Өмірбек, Құрмангүл және Тілек. Бар мақсаттары:
1. Жұңғода жүріп Қазақстанның бір керегіне жарасақ. 2. Қазақстан! Сол аман болсын! 3. Қазақстанды тереңірек білсек екен. Шіркін, екі елдің студенттерінің кездесуін өткізсе!
Орынды тілектер. Әдебиетке сусап тұр. Өздері таңғы 600-де оянып дәріске дайындалады. Сабақтары таңғы 800-де басталады. 2100 -де аяқталады. Содан кейін тағы екі сағат тәкірәлайды. Неткен шыдам! Армандары – орыс, ағылшын, қытай тілін еркін игеру, сөйтіп, «іске жарау!».
Әрине, «іске жарайды».
24.03.06. Бүгін Қазақстан елшілігі наурыз тойын атап өтті. Үш қазақ үй тігіліпті. Райманды (бізде, «Отырар кітапханаы» ғылыми орталығыың орынбасары болған) көрдім. Күйеуі Серік – генрерал-майор, елшіліктегі әскери аттешада істейтін. Үш жыл осында болып, енді елге қайтудың қамында жүр екен. «Ерсайын» есімді ШОС-та істейтін жүзтаныс жігітпен шүйіркелестім. Сирек деректерді іздестіру барысында септігі тие ме деген дәмем болды. Елші Жәнібек Кәріпжановпен жүздестім. Бойын тартып сөйлейді екен. Мүмкін елшілерге тиесілі еңбек тәртібі шығар. Гугыңға (№1 мемлекеттік мұрағат) рұқсат алуға көмектесуін өтіндім. «Бұл өзі тұйық мемлекет қой. Әр нәрсеге рұқсат алу өте қиынға соғады. Көрейік», – деп кеңесшісіне иек қақты. Кеңесші құп алды. Мерекеден кейін хабарласатын болдық. Бірақ бір үмітсіздікті аңғардым.
Содан кейін тігілген қазақ үйлерді аралап өттік. Концерт көрдік. Елшілік маған бір түрлі жеңіл-желпі мекемедей көрінді. Әлде бәрі де – өзіміз, қазақтар, соның ішінде қазақстандық қазақтар болған соң ба? Біздің өзіміз десе сондай бір кісіркеніп тұратын ғадетіміз бар емес пе. Сол маған да жұққан сияқты. Әйтпесе, бәрі де өзімсіп-ақ жүр. Концертте өнер көрсеткен Қазақстан студентері, соның ішінде мұнайшы студенттер өте ұлтжанды көрінді. Олардың ұлттық қасиеттері шетелде ашылған сияқты. «Мұнайшы студенттер» ансамбілі «Алтын адам» биін, «Алдар көсенің» әзіл-қалжыңдарын көрсетті. Домбырамен ән айтылып, күй тартылды. Пекин студенттері де (біздің) өнерлі екен. «Қаражорғаны» билеп, бәрімізді былқылдатып қойды. Әлімжан мен Мұхтар үшеуіміз асханалатып көңілді қайттық.
Кешке мектепте және университетте қатар оқыған жерлесім, марқұм Абайбектің қызы Әлия іздеп келді. Өткенді еске түсірдік. Әлем тілдері университетінің түлегі, осында дүние жүзіндегі ең таңдаулы, дәрежесі жоғары оқу орындарының бірі – Пекин университетінің докторантурасында оқиды екен. Жеткен өресіне қуандым. Әкесінің орынына жүретіндіктен келіп тұруын өтіндім.
25.03.06. Екі нәрсеге алаңдап ояндым. Біріншісі, түс көрмеген түнім жоқ. Түн ортасында оянып алып, елегізіп барып қайта мызғысам, тағы да әлгі түстің жалғасын көремін. Бүгін түсіме әуелі Асқар (Егеубай) кірді. Қабағы кіртиіңкі. Содан кейін екінші курстас досым Құрманғазы кірді. Таңға жуық Нұрғазы аға, балалары Назигүл, Нұржан және оның балалары, Әмина кірді. Алматыдағы 9 қабатты үйдің 9-қабаты. Бүкіл Қазақстан көшіп келген келген бе? Іштерінде жеңгем Сәкеш жүр. Әйтеуір көңілсіз, жүрек тырнайтын көріністер. Екінші алаңым – бұл жердің тұзсыз, бірақ бұрышы тым ащы тамағына ауызым уылып кетті. Оның басты себебін кеше лағманның кеспесінің өзін ғана жеке жегенде білдім. Бұрышын ащылатқанымен асқа тұз салмайды екен. Тек бұрыш дәмін білдірмейді екен. Татымсыз дәм татқандай тыжырынып шәй қойып жүргенімде Мұхтар келді. Өңі жарқын: «Ал енді жас баланың ауызындай уылған аузыңыздың дәмі кіретін болды. Біз, бейжіңдіктер, қуырмаш пен шөп-шалаңға үйреніп алғамыз. Қазы-қартаңызды менсінбей, жылдап сүрлеп қоямыз. Мынау былтыр келген сүрі мен қазы. Биылғысы биылдық сізге жетеді. Шетінен Майра қарындасыңыз пісіріп беріп тұратын болды. Ал, қане», – деп дастарханға жайып үлгергенше мен де бәкімді жонып жіберіп, тұзы қанық сүрі қазы мен сүбеден бірді тіліп таңдайыма салып кеп жібергенде … Пах, шіркін! Көзім де жанып, аузымның дәмі де кіріп, қабағым да ашылып сала берді. Дәм алдында әлгі қазының бір тілімін таңдайымда ұзақ талғадым (Осы жолдарды жазып отырғанда таңдайыма кәдімгідей дәм кіріп қалғанына сезіндім). Оған да шүкір.
Күндіз оқылуға тиісті дәрістің жоспарын жасадым. Әрине, бұрынғы желіге ішкі құрылымдық өзгерістер енді, әсіресе, ұғым мен сөз мәнеріне баса назар аудардым. Мұндағы тыңдаушының аңсарын ескермеске болмайды. Олардың танымы мен көзқарасына өзгеріс кіргізетін тұстарда емеуірін мен астарды тереңдетіп, әсерлетіп жібермесе, діттеген мақсатқа жетпеуім мүмкін. Құрбангүл мен Нұрбақан келді. Шайға тісбасар, ең бастысы тұз алдырдым. Шіркін, қара тұз болса ғой! Құрбангүлдің дипломдық жұмысы Құнанбай бейнесі екен. Серуендеп жүріп қиялмен Шыңғыстауды аралап кеттік.
26.03.06. Бүгін Нұрбақан, Әлия үшеуміз Қытайдың Ұлттық музейіне бардық. Келуші аз. Есігінің алдындағы биік әрі кең баспалдақта тұрып Тянь ань мин сарайына ұзақ қарадым. Ат шаптырым алаңның қай тұсынан атылған оқ осы арада тұрған шіңгілдік бозбала Қаһарманның маңдайына келіп тиді екен? Кіреберістегі дүңгіршектен 14 кітаптан тұратын «Қытайдың қысқаша тарихы» атты басылымды алдым. Жинақы баяндалыпты әрі суреттері бар. Ішінен киіз үйдің мыстан құйылған шағын бедерін көргенде қатты қуанып кеттім. Осы үшін де Пекинге келуге болады (Сауытбек көргендерің мен түйгендеріңді «Егеменге» мақала етіп жазып тұр деп еді. Соған дерек ретінде мұражай туралы әсерім «Қатираға» дербес жазылды).
Кешке сатып алған «Қысқаша 24 тарихты» шолып шықтым. Қытай тарихын түсінуге, оның ішінде көшпелілерге қатысты деректерді сүзіп шығуға болатындай мағлұмат алатын жинақы жинақтар екен. Ішіндегі суреттердің түсінігін Еркінжанға аударуға бердім.
Нұрбақан, Әлия үшеуміз «Боғда» дәмханасынан тамақтандық. Бұл осы Вы гунь сунның (Ұйғыр қыстағы) батыс қақпасындағы мұсылмандарға арналған ең көпшілікқолды аспұзыл. Иесі ұйғыр.
28.03.06. Бүгін жұңго сапарындағы айтулы күн. Мейманханадан өзіме арналған екі бөлмелі, асханасы бар жаңа пәтерге көштім. «Боғданың» қарама қарсысындағы 14 қабат үйдің 10-қабаты. Кең. Нұргүл мен Тоқтарбүбі, Сәуле – Шау лянь керекті ыдыс-аяқтың бәрін әкепті. «Балалы үй – базар» деген. «Құнанбайшыл» Құрмангүл мен әңгімешіл Өмірбекті «Өкіл балам» – деп ресми түрде жариялап, үйдің бар мүкәммалын екеуінің дәргейіне өткізіп бердім. Еңбек бөлісі өз еріктерінде. Өмірбек сөзге де, кеспе кесуге де «жарап» тұр екен. Бірден тұз салған жіңішке кеспе дайындауды «бұйырдым». Құрмангүл шыжылға кіріскенде Өмірбектің әңгімесін «Қатирама» түртіп отырдым. Оған «Мәдениет әңгімелері» деп ат қойдым.
Өмірбек Қанайұлы: – Менің ауылымда (Құтыби ауданы Торғайты ауылы) Айт Мүлікұлы деген ертеде қазақ елінен оқып келген өнерлі, ел сөзін жиған, өлең жазатын адам болды. Екі ернінің асты-үсті қап-қара қал, кісіні қарғаса – қарғысы тура тиеді екен. Сондықтан өзі де қарғамайды, жұрт та қарғатпауға тырысады. Жиған кітаптарын «мәдениет төңкерісі» тұсында жайлаудағы жартастың қуысына тығыпты, қалғандарын ата зиратына көміпті. Соларды «тап» дегенде, зираттағы белгісін жасырынып барып алып тастап, «білмеймін» депті. Тергеуге қатысқан Шеризат деген кедейден шыққан «қызыл қорғаушы» Айттың басын «алатаяқпен» ұрып отырып сұраққа алыпты. Кейін сол жарақаттан қайтыс бопты. Айт зираттың басына барып, шөпті жұлып отырып, әлгі Шеризатты қарғапты. Содан Шеризат қол-аяғы сал боп, он тоғыз жыл жатты. Сол кісінің жамағаты, әкемнің апайы Күләш өлерінде балаларына: – Шеризатты қарғап еді. Қарызы мойынымызда қалмасын. Барып көңілін сұрап тұрыңдар,– депті. Әкем апайының өтінішін орындап, Шеризат өлгенше анда-санда барып тұрды.
Міне, кітап үшін құрбан болған тағы бір тағдыр иесі табылды. Өмірбек енді өз ауылының жер тарихы туралы әңгімеге көшті:
– Біздің жақта «Қызылтас», «Қызылжар» деген тарихи жер бар. Тұрланнан басталып, Сауан ауылынан үзіледі. Сауанға қарай Еренқабырғаның бауыры мен бөктердің арасын жағалап, бірте-бірте кертпештеніп биіктеп отырады. Быдырмақ адыр, жусаны қалың. Тасқа тас қиысып біткен. Жартастан әрі бұта-қарағанданып кетеді. Бұлақтың басындағы сол жартаста адамның, бұғының таңбасы бар. Тағы да сол жерде «Сайтан төбе» деген жер бар. Ақын Омарғазы Айтанның айтуынша, ол – көне зират. Түнде уілдеп, дауыс шығарып тұрады. Маңайынан қойыртпақ, құм-құм темірге айналмаған балқымалар да кездеседі (Қазір несі қалды дейсің?). Тағы да Есенасу – Тасбаспалдақ деген асу бар. Ертеде бір ханның алтын-күмісін 40 есекке артып, Еренқабырғадан асырып жасырып көмеді. Сол үшін тастан баспалдақ жасапты-мыс – деген аңыз бар (Көмейіне құбыр тығылған «Қызылтастыбұлақ» есіме түсіп кетті).
Тағы да Ақтұйық деген жер бар. Оған Құтыби ауданы Торғайты ауылының жайлауынан Тасбаспалдақты басып өтіп, Арғытау (Сыртқы тау) арқылы тек салт жігіттер барады. Асудан жылқы, ұсақ мал ғана өтеді. Сол Арғытауда «Сынап көл» деген көл бар. Екі көлдің ортасы бөлініп тұр. Бірі үйіріліп, толса – екіншісі құрып қалады. Сөйтіп алмасып тұрады. Оны «Көккөл» деп те атайды. Содан соң Тепшік, Кеңсай, Тоғызқалмақ, Тасүйден өтеді. Әкем Қанай жылқы баққан. 20 жыл. Содан кейін жақсы білемін. Жолда 2 үңгір бар. Жылқыға ащылататын тұз артып алғанда сол үңгірге қонады. Міндетті түрде қу отын алып барады. Ол отынды сонда тастап, бұрынғы қойған отынды жағады. Шәугімі бар. Шәй қайнатып ішіп, қайтадан құрым киізге орап, орынына қойып кетеді. Ол заң. «Тоғызқалмақтан» өткен соң (Ертеде 9 жігіт қыз алып қашып, осында бекінген екен. Олар бекінген тас үйді кейін өзен арнасын бұзғандар алып кеткен) − Ақтұйық басталады.
Бұраталамен екі ортадағы жасыл жазираны «Ақбұйрат» дейді, ол алыстан көрінеді. Әкем сол Ақбұйратқа бірнеше рет баруға ұмтылыпты. Қай жағынан барсаң да – тік құлама жартас екен. Тұйық. Содан «Ақтұйық» атанған. Біздің ауылдан Ақбұйратқа Жымпы деген кісі ғана барыпты. Аңшы болатын. Ол өзі сүйегі жеңіл адам екен, үнемі жаяу, ешкімді ертпей салт жүреді екен. Ортасын өзен тіліп ағып жатқан жартастың бір жағынан екінші жағына секіріп кетеді екен. Сол 30-жылдары «Ақбұйраттан» бұғы атыпты. Нағыз аңшы – жаралы аңды алмай жібермейді. Обалсынады. Жараланған бұғыны үш күн аңдыпты. Сөйтсе, жартасты жанамалап шығатын жол бар екен. Сол жолмен жотаға шығыпты. «Ақбұйраттың» ортасы көкпеңбек көл екен. Көлдің жағасындағы қалың бұғылардың ортасындағы жалғыз үйді көреді. Киіз үйге кіреді. Ешкім жоқ. Біраздан кейін кемпір мен шал кіреді. Бұған айран береді. «Осыны қанағат ет», – дейді. Мұның әңгімесін естіп: – Е, ындыныңды қуып келген екенсің ғой, ол бұғы саған жоқ, өлсең де таба алмайсың. Кейін қайт, – дейді. Түнде астына қара құрым киіз салып беріпті. Таңертең тұрса – өзі жатқан киіздің айналасын ойып әкетіпті. Үй де жоқ, кемпір мен шал да жоқ. Содан ауылына қайтып келген соң Жымпы аңшылықты қойыпты,– деп Өмірбек әңгімесін аяқтады.
Жә, бұл қазақ ертегілеріндегі Сарбас аңшы кезіктіретін және Мәшһүр Жүсіптің жазбаларындағы – «көшпелі дүние» болды. Жараланған бұғы – кәрі бұғы болған. Сондықтан Жымпыға кәрі шал мен кемпір жолыққан деп жорамалдауға болады. Демек, көрінген аңның жасына сәйкес – сол жастағы адам кейпіне түседі.
Дереу сол Арытауды көргім келіп кетті. Шығыс Түркістаннан қарасаң да, Қазақстаннан қарасаң да – Арғы тау, арғы тау. Әлгі «Ақбұйратты» біздің қазақтар ұмытпасам ««Бұғылысай», «Арқанкерген» деп атаса керек. «Бұғылысай» жұпар шөп өсетін қасиетті сай болса керек. Әйтеуір, сол сайға бұғы, дүнген, қытай үшеуі құмар. Ал мен − бұл үшеуі де, қазақ Жымпы да емеспін. Демек, көре алмаймын деген сөз.
«Шұрқылтай» деп – мойындағы өңеш қуысын айтады екен. Айттым ғой, Өмірбектің білмейтіні жоқ. Жасы жетпеген шал.
Қызып кетіп, бұл әңгімеге Нұрбақан да қосылды. Ол «Бөрінің құмалағы» – Мұнори ботайы туралы айтты. Ботаймыз – шолғын, яғни, қарауыл мұнарасы. Қазақтар «Балшықтөбе» дейді. Бір-бірінен көз көрім жерде мұнартып тұрады. Ел шетіне жау келсе, сол мұанарада арнайы сақталған бөрінің құмалағын тұтатады. Қыл-қыбыр құмалақтың қаракөк түтіні аспанға тік созылып шығады. Бұл атой салған белгі. Қытайлар оны «Лаң иән» – «бөрінің құмалағының түтіні» дейді екен. Бұл мұнаралар Құтби мен Санжіде қазір де бар көрінеді. Өмірбек:
«Шөп (мақта) – жүн болады, Сиыр – пұл болады. Қылшық – қыл (арқан) болады, Үйің толы жын болады» – дегенді қосып қойды. Расында да, радио, теледидар, білгесаяр, шайтанқұлақ, таспа, бейнетаспа бәрі қатар қосылса, «үйірлі жын» болмағанда не болады.
Содан кейін Нұрбақан монғолдың Теңір атты әншісі орындайтын «Теле жырының» шығу тарихы туралы әңгімеледі. «Ойыңа ой қосып, ойыңды дамытуға және қайта таразылап, қорытындылауға мүмкіндік беретін ең басты және жемісті тәсіл – өз ақылыңа жүгіне отырып өзгенің пікірін тыңдау» – деп тарихшы Тойиби айтқандай, «Дулығадағы» және Нұрбақанның жазбасындағы осы «Теле жырын» желіге тарта отырып арнайы дәріс дайындауға бекіндім.
«Өз үйім, өлең төсегімде» кеңінен көсіліп кең сөйлесіп, үйдің кеспесін ішіп қаужаңдасып қалдық. Бұл да болса бір құдайдың бергені. Өйткені, қытайда бәріне көндігуге болады, тек астың дәмі келіссе болды. Сондықтан да бұл басты мәселенің бірі. Басқа қалаға барарда мұндағы адамдар ең бірінші қай жерде дәмді мұсылман аспұзылы бар соны таңдайды, содан соң барып сол маңнан оңтайлы жатын орын қарастырады. Онсыз көшің де, өзің де қаңғырып қаласың.