«Арманыңа қадам бас»

«Арманыңа қадам бас»

«Арманыңа қадам бас»
ашық дереккөзі
199

Еліміздегі 16 мыңнан астам жетім балалар арасында өткізілетін футболдан республикалық турнир талай қарадомалақтың көңіліне үміт отын жақты. Жеңіске жеткен команда құрамында Италияға сапар шегіп, «Барселона» ойыншыларымен кездесетін, армандарына айналған Мессидің ақ батасын алатын балақайлар жеңіске жету жолындағы күреске тас-түйін дайын отыр.

Көзінде үнемі мұң жүретін, жанары жастан құрғамайтын жетімді басынан сипау, көңілін демеу, қолдау көрсету – сауапты іс. Ананың аялы алақаны, әкенің мейіріміне зәру балақайлар адамдардан жақсылық күтеді жаутаңдай. Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда ата-ананың қамқорлығы мен қарауынсыз қалған 16 мыңнан астам бала бар. Әлбетте, шама-шарқы жеткенше тырысатын қайырымды жандар көп. Солардың бірі – «Бауыржан» қайырымдылық қорының өкілдері. Мәселен, осы аптада Қордың бастамасын қолдаған «Нұр Отан» ХДП, ҚР Білім және ғылым министрлігі Балалар құқығын қорғау комитетінің өкілдері еліміздегі барлық жетім балаларға арналған «Арманыңа қадам бас» атты футболдан республикалық турнирдің басталғанын хабарлады. «Бауыржан» қайырымдылық қорының жетекшісі Жұлдыз Омарбекованың айтуынша, доп додасына Алматы, Астана, Қостанай, Павлодар, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарындағы жетімдер үйінен 18 команданың 11-16 жас аралығындағы тәрбиеленушілері бақ сынасатын көрінеді. «Футбол» – командалық ойын. Оны «отбасылық ойындар» қатарына жатқызуы тегін емес. Өйткені футбол командаларының мүшелері ең ұзақ уақытты туған-туысқандарымен емес, бір-бірімен өткізеді. Ең бастысы, адал тер төгу», – деп балаларға дем берген Жұлдыз Омарбекова аталған жобаны жүзеге асыру тынымсыз еңбек пен күш-қайратты талап ететінін, алайда, балаларға арнайы форма, аяқ-киім мен ішетін ауызсумен қамтамасыз еткен, жақсылыққа негізделген игі істен шет қалмаған демеушілерге алғыс айта келе, шеберлік пен біліктілік сыналатын әрі шыңдалатын сайыста балаларға төзімділік пен жеңіс тіледі. Ұйымдастырушылар қауымы турнирде Бас жүлдені қанжығаға байлаған команданың Италияға он күнге демалысқа саяхаттайтынын, «барселоналық» ойыншылармен, атап айтқанда, кез келген қарадомалақтың арманына айналған Мессимен кездесуге мүмкіндік барын айтады. Ең бастысы, футболға қабілеті бар қазақстандық тума таланттардың «Барселона» бап­кер­­­лерінің көзіне түсіп, әлемге аты шыққан ең мықты команда құрамына қабылдануына мүмкіндігі бар.

Сейсенбі күні Алматыдағы Орталық стадионда қаладағы №1 балалар үйінің «Тарлан» және №2 балалар үйінің «Парасат» командалары алаңда бақ сынасуы керек еді. Өкінішке қарай, толассыз жауған жауын оған мүмкінідк бермеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, күннің көзі ашылысымен, командалар кездесуі өткізіледі.

Турнирге қатысты ұйым­дас­тырылған баспасөз мәслихатында «Нұр Отан» ХДП қоғамдық-саяси жұмыс бөлімінің меңгерушісі Табеев Қайым–Мұнар да балаларға ақ жол тілеп, жеңіске жетуге тілектестік білдірсе, Алматы қалалық Мәслихатының депутаты Котенев Артур «Бауыржан» қайырымдылық қорына он жыл бойғы еліміздің әлеуметтік дамуына арналған қызметі үшін алғыс білдірді. Ал «Қайрат» футбол клубының екінші құрамасының үздік футболшыларының бірі, жартылай қорғаушы Ғалым Райханов балалардың сұрақтарына жауап берді.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары